Жәндіктер мен паразиттердің пайда болуын қарапайым ережелерді орындау және тазалықты ұстау арқылы болдырмауға болады. Бірақ та бұл олардың пайда болуының алдын алмайды, себебі бұл жеткіліксіз болады. Олармен күресудің және алдын-алу жолдарына химиялық және биологиялық әдістер қолданылады. Бірақ буынаяқтылармен күресуде қоршаған орта, сонымен қатар ауыл шаруашылығына және адамзатқа қауіпсіз тәсілі биологиялық әдіс болып саналады. Себебі зиянкестермен күресудің биологиялық әдісі – жәндіктердің табиғи жауларын қолдану, басқаша айтқанда, жер теліміне қажетсіз жәндіктермен, олардың дернәсілдері және жұмыртқаларымен қоректенетін омыртқасыздар мен құстарды миграциялау.
Оқу құралында биологиялық әдістердің қолданылу реті мен тарихы берілген. Қансорғыш қосқанаттылардың санын реттеудегі инеліктердің, су қандалаларының рөлі өте зор, олардың биологиясы мен қоректенуі бойынша кейбір далалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері көрсетілген. Стафилинид қоңыздары жәндіктер дернәсілдері мен имаголарымен қоректенетіндіктен, оларды пайдалану биологиялық әдістердің бірі болып саналады. Стафилинидтердің биологиясы мен экологиясы, зақымдайтын жәндіктер топтары берілген. Вирустық және бактериалды аурулардың буынаяқтылар санын азайтуда алатын орны да – ерекше, себебі вирустармен және бактериялармен зақымданған жәндіктер тобы өздерінің тіршілігін тоқтатады. Жәндіктерді зақымдайтын вирустар мен бактериялар туыстары мен түрлері берілген. Сонымен қатар, буынаяқтылармен күресудегі тағы бір тәсілі – гельминттермен зақымдану, гельминттер ішінде мермитидтердің биологиясы мен олардың жәндіктер топтарында тудыратын мермитоз ауруы қарастырылған.
Оқу құралы биология мамандығының студенттеріне, магистранттарына және оқытушыларға арналған.