2 Риториканың ғылым ретінде қалыптасуы


Шешендікті – риторика, риториканы – шешендік деген ұғым қалыптасқан. Риториканың түбірі – антикалық мәдениетте. Антикалық мәдениеттің шешендік үлгісі риторика ғылымының негізін қалыптастырады. Біздің дәуірімізге дейін грек жерінде, грек елінде шешендік өнер ретінде, білімнің саласы ретінде қарастыру дәстүр тамыр жайды, өз үлгісін қалдырды. Сонымен шешендікті түсіндіру мен қолданудың антикалық үлгісі бар. Ол кең аумақта қолдау тапты, өмірдің әр саласында жалғасып жатты. Бұдан шешендік бір халықтың ғана жеңісі, мәдниеттің бір түрінің жемісі деген біржақты ұғым қалыптаспау керек.

Адамзат мәдениеті мен өркениетінің түрлері, жетілу кезеңдері бірдей емес. Олар сатылмалы, сапалы, бірақ сабақтас. Олай болса шешендіктің түп-тамырын біркелкі, біртекті деуге болмайды.

Әр заманда шешендер саны, шешендік өнер динамикасы және шешендік өнер туралы түсініктер әрқалай өрбіген. Шешендіктің өткен жолын тану-ой жарыстарудың үрдіс тұңғиығына терең бойлау, оның қызметіне қисындау. Ол дегеніміз шешендік туралы білім бір деңгейде қалып, шектеліп қалды деген емес. Әл-Фараби риторикалық тәсілдерді мынадай он екіге топтайды: энтимемдер менмысалдарды пайдалану; шешеннің ізгілігі, адамгершілігі; қарсыласының ойын бекерге шығару; тыңдаушыларының сезімін ояту; көркемділік, бейнелеу, әсірелеу, сілетемелер жасау; дәлелдемелер келтіру; сөйлеушінің ниеті; болжау; ант-су ішу; сөйлеушінің бет-жүзі, қимыл-әрекеті; дауыс сазы; сөйлеу мәнері.

Бұдан нендей ой-тұжырым туындамақ?

- Әл-Фараби антикалық риторикаға, Аристотель іліміне сүйенгені, соларды негізге алғаны даусыз;

- Шешендік тәсілдердің саны мен тізімі, құрылымы мен қызметі шығыстық дәстүр мен деңгейді ескеру барысында жасалынған;

- Әл-Фараби шешендік тәсідердің жаңа қызметін, жетілу қарқынын және құрылымын өзінше талдайды, түсіндіреді, тоқтам жасайды. Табиға жай, заңды бетбұрыс.

Риториканың ежелгі сипаты ел басқарудың айнасындай, адам мәдениетінің айғағындай көрінед. Содан риторика – шындықтың өтімді құралы ретінде танылған.

Тарихи мәліметтерге қарағанда, сонау көне дәуірдегі үйсін қауымдастығында ел басқарып, абырой-атағын арттырғандарды «гуно го», «гунь ми», яғни «күнбиі» деп марапаттаған. «Күнбиі» өзінің қабілет-қасиетімен өзгеден бөлек, биік, әрі беделін жүргізе білген қайратты қолбасшылар болған сияқты. Олар елін мекенге топтастырумен, мекенде тұрақтануымен көзге түскен, көптің көңілінен шыққан. Беделдінің айтқанында алғыс та, қарғыс та болған, ол кесіп айтар біржақты шешімімен құнды болған.

Тағылымсыз талдау немесе талдаусыз таңдау шешендік дәстүрлерді бір-бірімен ыңғайластыруға, үйлестіруге жарамды. Көзқарастағы олқылықтан әдіснамалық тұйықтық орнықты. Ойдағы тұйықтық қарым-қатынастағы жүйесіздікті ушықтырды, жігерлілерді жүйкелетті. Тұйықтың жалғасы – жалтақтыққа.                      Жалтақтық – екіұштылық, сынаржақтылық. Жартылықтан өнерлі жарымады. Жалтақтық өнерді үйретіп жарытпады, өмірде құлықсыздықты қағындырды. Құлқыны ашылған немесе құлықсыздығы қатайған ортада «бір өлшемді адам» бейнесі жасалды немесе «тобырдың үйірінен шығуға болмайды» деген ұстаным үстем болды.

Қоғамдағы келенсіздік пен іштей іркілушілік тіл мен ойды күрмеді, тіпті естілер еңбегі мен өнер жарысын тоқыратты. Адам белсенділігі ойда өрісін таба бермейді, керісінше, бұлыңғыр ой тіл табысын елемеді,ескермеді. Танымсыз жандар мен тыңғылықты адамның зеректікке, зейінділікке, алғырлыққа, ұғымталдыққа, ұққыштыққа, ұғымпаздыққа деген сұранысы іріктелінді, іріленді.

Риторика – ұстанымды айқын көзқарас, шебер сөлеу және ой жүйріктігі. Ол дегеніміз, біріншіден, күделі танымдық үдерісі, көркемдік және философиялық деңгейі бар ілгерлемелі, тұта үрдісті білдіреді. Мұндай шешендіктің ауқымы халақтық дүниетанымының деңгейіне және көркемдік-философиялық ойланудың дәрежесіне қатысты. Шешендік ойлану жүйелі танымның, азық ойдың, тартыды тілдің, мәнді сөздің жиынтығын білдіреді, соларға сүйенеді. Шешендікте, бір жағы, «таным-ой-тіл-сөз» ерекше үйлестікте, ширатылған ықыласта болады. Ділмарлар шешендік өнерге ықыласты келеді. Ділмарлар «шешендік-шешен-шешендік өнер» үйлестігі айқын қолданылады. Философиялық тұрғыдан «шешен мен шешендік танымның», ал көркемдік тұрғыдан – «шешен өнері мен шешендік өнердің» байланысын, кері ықпалдарын басыңқырақ қарастыруға болады.

Бұл – сабақтастықтың қабаттары мен қазығы.

Екіншіден, шешендік – тарихи құбылыстың формасы, яғни әлеуметтік мәдени сипаттағы нақты көріністер. Мұнда шешендік тіл мен дәстүрдің ағымы, рухани құндылықтардың бағдары және          «діл – руханилық» тұтастығының ықпалы ретінеде тіілге тиек болады, сондай-ақ «шешен – шешендік өнер шешендік» немесе үштік арақатынас ерекшелігі ағартушылық және инновациялық бағыттарында қарастырылды. Ұлттық мәдениетте шешендік өнердің қос факторы әрқарай және әр қарқында  өтетінін мойындаушылық орны алады. Ол дұрыс та.

Шешендіктің рухани құндылығын қабылдаған және қолданған ортада таланттылар мен тапқырлар суырылып алға шығады, үштік құрылым қоғамдық қарым-қатынастың құралына айналды.                Ел-жұртында беделді шешендер биілкке араласты, билер болса, шешендіктің өнердің жауаптың түрі деп бағалады. Рухани жаңарудың мұндай арнасы мен бағыты- өнегелі өмірдің даму жолдарына айналды. Би – шешендер қос бағытта – елдік пен ерлік, бітім мен ынтымақ, жарастық пен өркендеу үшін қызмет етті. Осы қозғалыс тарихымызда әлденеше рет жалпылама сипттан өтті.

Үшіншіден, шешендік – тұлғалық қабілкетке, кісілік қасиетке тәуелді. Шешендік өнер – танымдық және шығармашылық белсенділіктің жүйесінде жаңарды, жеке ортаның, жеке тұлғаның ділмарлығынан тұтас көрініс табады.

Ойлау желісінің көріністері, сөйлеу мәдениетінің көрсеткіштері ежелгі шығыс ойшылдарының сөз саптауында, тиянақты ойында айшықталынды. Жинақы ой: енжар, инертті, икемсіз көзқарастанжәне дағдылы, қалыпты, машықты әдеттен арылуға; тәнті, зауықты бастаманы анық, айқын тани білуге түрткі болды. Ол дәлелді, дәйекті ойлану жүйесін қалыптастырды. Сөйлесудегі тың, өтімді бастаманы жігер-шабыт жеңісі, даналық көрінісі, қарым-қатынастағы сапалы кезеңдер деуге болады. Ұмтылыс іштен, үлкен талпыныстан туындады. Талғампаз талпыныс, үлкен үмтылыс ойлану жүйесін дәйектеді, іздену бағдарын нақтылай түсті. Дәлелді ой адам белсенділігінде, ұғымтал ортада, кәсіби салада сараланды, қоғамдық қажеттіліктен туындады. Мәдениеттің осы жоғары деңгейі ежелгі тарихтың, әсіресе шығыс өркениетінің жаңа дәстүрінде демеулік тапты.

Адамзаттық құндылық қашан да мәнді, тартымды, ұтымды. Өйткені ол шындыққа жол көрсетеді, адамның мәртебесін көтереді. Мысалығы, Будданың мына өсиеттеріне назар аударып, оларды ой санатынан өткізелік:

- өмірді қор қылма, сыйла;

- еңбегіңнің пайдасын әркімге тигіз;

- арамдықтан сақтан, өтірік айтпа;

- шындықты айтудан қорықпа;

- ойыңнан өсек шығарма, өсекті қайталама;

- бос сөзге уақыт бөлме, істі сөйле, әйтпесе үндеме;

- мақтан қума, күндеме;

- жүрегінді ашудан тазарт;

- сенімсіздіктен құтыл, халықты ұғуға тырыс;

- ант ішпе;

Қытайдың көне дәуірдегі ойшылдарының бірі Лао Шэ өзінің «Мысығы қаптаған қала туралы түртпелер» деген еңбегін қоғамның кемшіліктеріне, оларды айқара көрсетуге арналған. Ашынған ой халқын жақсы көркендіктен, оны жақын тұтқандықтан туған ащы шындық ұшқыны деп ұғынған абзал. Лаоның пайымдауынша, қоғамдағы қалың жұрттың берекесінеден кетеді? Алдымен, өзінше ойлай алмағанда; экономикалық құрылымды білмегенде; проблеманы кұшпен шешуге ғана бейімделгенде; іштей бұзылғанда; кемшілікпен кұреспей, оған бейімделгенде; қара халықтың сауатсыздығы мен басшылардың надандығында; мәдениеттің, тәрбиенің, білімнің, ағартушылықтың әлсіздігінен; ұлттық байлықты сыртқа сатып талан-таражға ұшыратқанда; билікке ғылымның керегі болмағанда; жеке меншіктік және бюрократиялық эгоизм кұшейгенде; халық саясаттаң, биліктен, мәдениеттен шеттегенде; рухсыздық, идеясыздық күшейгенде; қоғамдық өмірде еңбектің құндылығы жоғалғанда; халық алаңдап әр нәрсеге нанып алданған тобырға айналады.

Тобыр басымдық етсе, ел беделінен жұрдай болды. Кемшіліктен сақтанатын не? Тамыр қуған дерт, тұсаулы мерт. Мінез шымырлығын шыңдау – серт. Кемшілікке көлденең тұратын көп салалы ізденіс  сана-сезімге кіріс; сезім тарауға, бейне қарауға, құндылықты талдауға, өнерді қалауға үрдіс.

Лао бұл идеялардың біріншісіне үлкен мән берген. Шаруашылығын жүргізе алмаған жалтақ, шегіншек келеді. Себебі     у-шу мен төбелесте экономикаға көңіл бөлінбеген жіптен халықтың әл-ауқаты нашарлай бермек. Өсек пен жала-жабаға белден батқандар экономика туралы, әсіресе тәрбие туралы ешқандай түсінігі болмайды.

Қадірлі адам ғана сыйлауға лайықты, ал арынан да, намысынан да арылған мысықтай еңкіс те көнбіс адамды бөтендер аямай талап-таптап жатса, ол таңқаларлық емес. Өйткені, жек көру надандықтан туындайды, енжар санадан қуылмайды; ойдағы және бойдағы бірлікті бекіте алмайды. Бөгделікке сүрінген, төтелікке жете алмай тұтылады. Ал қоғамда күрес емес, жағымпаздану үстемдік етсе, жастар қарттардан да көне, кәрі көрінеді; ақша алдымен шайтанды да жолдан тайдырады. Қоғамдық қажетті дер кезінде ұққан, оны қолдауға бейім, дайын болу керек. Онсыз өзіндік ойды сақтап қалу, жаттың сөзін тез ұғу қабілеті ақсайды. Жаттанды мәліметтерден біз өзімізше ойлануды үйрене алмаймыз. Үлгіден үйренбеген, ұмтылысын сүйремеген ғылымды бұрмалайды, бұрмалаушылық білімді жоюға әкеледі. Ғылымды бұрмалаушылықтан мемлекеттік күйретудің арасы тым жақын. Намысына ергендер ғана бәле-жаланы көреді және сөгеді, озықтарға ереді, сөйтіп қыдырын тереді. Бүліну мен бүлдіру жолы алуан. Ол іштен де, сырттан да адамның өкпесі мен ойын қыспаққа алады. Қысым ентіктіреді, алқындырады, деміктіреді. Аптыққандар беделден асқанда өмірдің адамгершілік бастауы да, білім жүйесі де күйрейді.

Күйзелісте адамзат прогресі баяу өрбиді, өзгерістің бәрі бірдей прогресс болмайды, ал регресі кенеттен келеді. Қаққан қанат талмасын, тұсаукесер жалғасын десек, ғылымдағы пайда үшін жүгіну тәрбиенің түбегейлі негізін зақымдамауы керек. Тәлімдігі жоқ, тәрбиесі жетіспейтін қылықтар тұлға қалыптастырмақ жаттықтырушының міндетіне, өзінше ойлану қабілетіне нұқсан келтіреді. Нұқсан көзі – надандықта, жамандықта, осалдықта. Бұлар адамгершіліктен арылтатын, жабайлыққа тартатын суайттық, сұғанақтық, суықтық, сұрақсыздық, сумандау, сусылдақтық, жошын сұмдық.

Тек адам мен мұра арасындағы дәнекерлікті қалыптастыру, жаңа қалпына келтіру арқылы қасиет пен құндылықтарды ұйымдастыра аламыз. Ондай күш-қуат – зиялыда, білімпазда, білгірде. Олар жарық нұрын ұсынады, жарықта, жақсылықта, жарастықта табылады. Онсыз демократия туралы шулаймыз, ал халық бұрынғыша кедейленуде, дейді ежелгі қытай ойшылдары.

Біз шыңдық туралы ойламасақ, оған тіке қарай алмасақ, дейді Лао, онда революциядан тек бүлінуді ғана күтеміз. Біздің елде адал адамдарды қорқынышты, жексұрын дейді. Өйткені: бұрынырақ экономикалық тұрақсыздық барысында саяси сәтсіздіктер жиі болады; ақымақтық – біздің басты қаупіміз, біз ештеңені білмесек те білгенсігі біреуге еліктеп әуре болдық. Жаппай ақымақтық ұрпақты тұтас жойып жіберуі мүмкін. Ақымақтықтың көрінісі ақылға сүйенбегенде сілкініске ұшырады. Әйтсе де, Кунд Фу-Цзының пайымдауынша:

- ненің болса да басталуы мен аяқталуы түсінген кісі әманда ақиқатқа жақын тұрады;

- бекзат ерде туралық бар, қаттылық бар, бірақ қыңырлық жоқ;

- ой тазасына салынбаған білімнен не пайда;

- сөйлесуге болатын кісімен сөйлеспеу – адамды жоғалтумен пара-пар.

Осыдан үш пайдалы, үш зиянды кісілер тобын жіктейді.

Шешендік өнердің теориясы мен практикасы ретінде шешендіктану ғылымы біздің жыл санауымызға дейінгі V–IV ғ.ғ. Ежелгі Грецияда қалыптасты. Осылай тұжырым жасасақ та, шешендіктің құдірет-күші мен мәнінің жоғары бағалануы одан да ілгергі ғасырларға тән.

Шешендік өнер Египет, Ассирия, Вавилон, Үндістан сияқты ежелгі мемлекеттерде де жоғары бағаланған. Шаршы топ алдында  16–17 сөйлеу механизмін қалыптастыру бағытындағы алғашқы тәжірибелік зерделеу қадамдары осы аталған мемлекеттерде де қолға алынуы әбден мүмкін, дегенмен шешендіктанудың теориясы туралы жүйелі жұмыстар Ежелгі Грецияда пайда болғаны ақиқат. Алғашында бұл өңірде дәл де дөп, әдемі де сұлу сөйлей білген адамды жаратушы пайғамбармен пара-пар қойған. Мәселен, атақты Гомердің аузы дуалы шешен адамды құдаймен теңестіруге дейін барғаны мәлім.

Ежелгі гректердің басқосу, той дастарханының бөлінбес бір бөлігі жоғары интеллектуальды әңгіме-дүкен құру болды. Тек Ежелгі Грецияда ғана шешендік шындыққа жету құралы болып табылатындығы және бұл өнер ғана емес (эпос, лирика, музыкамен қатар), сондай-ақ адамды танып-білудегі философиямен жарысқа түсе алатын ғылым екендігі туралы сенім қалыптасты.

Шешендік өнердің пайда болуы мен гүлденуі б.з.д. V–IV ғ.ғ. Ежелгі Грециядағы қоғамдық құрылыспен байланысты да түсіндіріледі. Құл иеленуші демократиясы жағдайында ежелгі грек елінің барлық мәселелері жария түрде халық жиналыстарында және 30-ға толған кез келген азамат сайлана алатын «бес жүздік кеңесінде» шешілді. Жария түрде тек саяси мәселелер ғана шешіліп қана қоймай, сот ісі де қаралып отырған. Бір ерекшелігі бұл арада арнайы кінәлаушылар (даттаушы) да, қорғаушылар (ақтаушы) да болмаған.

Кез келген ерікті азамат қалаған адамына кінә артып айыптай алған, ал айыпталушы адам өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп, өзін-өзі ақтап қорғауы тиіс. Демек, демократиялық деңгейдегі қоғамдық өмір әрбір ерікті азаматқа шешендік өнерді меңгерудің қажеттілігін міндеттеді. Кімде-кімнің табиғи шешендік өнері болмаса, амал жоқтықтан бұны оқып-үйренуі тиіс еді. Тап осы тұста өзге ғылымдарға қоса (алғашқы кезекте философия) шешендік өнерге де оқытып-үйрететін, баулитын ақылы оқытушы-софистер пайда болды. Софистер сөзді ойната, құбылта қолдана білді, олар шешендік өнердің практикасына ғана емес, теориясына да үлкен мән берді. Шешендік өнер туралы ғылым ретінде шешендіктанудың (риторика) негізін де осылар қалады.

Бізге мәлімі, риторика бойынша тұңғыш трактатты жазған сицилиялық Коракс болып танылады. «Шешендік өнер – сенім қызметшісі» – деп Коракс риториканың міндетін анықтап бергеннен кейін, Аристотельден бастап Квинтилианға дейінгі шешендік өнердің антикалық теоретиктері аталмыш ғылым саласын тап осы бағытта қарастырды. Алайда, дәстүр бойынша риториканың «әкесі» ретінде Кораксты емес, шешендігімен және осы өнерге баулу, оқыту дағдысымен танымал болған оның шәкірті Горгий есептеледі. Бірақ та, өкінішке орай Коракстың да, Горгийдің де, Протагордың да (Горгий шәкірті) еңбектерінің бірде-бірі бізге жетпеген, сақталмаған.

Шешендік өнер – адам өмірінің әрқилы ішкі үдерістерін бейнелеудің озық тәсілі, өзгелерді өз еркіне бағындырудың аса күшті қаруы, жанды қарым-қатынастың амалы ретіндегі сөз сөйлеу құдіретіне ие болғызатын шын мәнінде адамның құдіреттілігін танытатын көпқырлы ілім. Қоғамның дамуына сәйкесті иландырушы сөзге нақты қажеттілік пайда болды, сөздің сендіру әрекетін таныту үшін, «шешендік» ұғымы туындады.

Құл иеленушілік құрылысы жағдайында шешеннің жанды сөзі арқылы адамдардың санасы мен еркіне бірден-бір әсер етудің белгілі бір мүмкіндіктерін туғызған «шешендік» өнер ретінде қалыптасты.

Шешендіктанудың гүлдену кезеңі мемлекеттегі жетекші рөлді халық жиналысы, бесжүздік кеңесі, халық соты сияқты үш ұйым атқарған афиндік құл иеленушілік демократияның өркендеуіне сәйкес келеді.

Барлық үш ұйымда да жанды сөз өнері істің мәнін айқара аша отырып, оның сәтті шешілуіне көмектесе келе, аса мәнді рөл атқарады, ал сотта шешендік соттық талқыламалардың ойдағыдай аяқталуына маңызды жағдай туғызды.

Антикалық шешендік туралы толыққанды алғашқы түсінікті Перикл дәуірінің (б.з. дейінгі V ғ.) мәлімет көздері береді. Бұл мемлекеттік қайраткер өз сөздерінің адамдарға әсер ету күшінің басымдылығына ие атақты шешен ретінде белгілі болатын. Мәселен, оның Пелопонесс соғысының алғашқы жылында қаза тапқан афиндықтарды жерлеу кезінде сөйлеген атақты «Қабір басындағы сөзі». Ежелгі дүние шежіресі Афиннің құл иеленуші демократиясына Периклдің б.з.д. 490–429 ж.ж. ұзақ жылдар бойы көсемдік еткенін біледі. Ол туралы тарихта гректердің: «Әрі салмақты, әрі салауатты жан еді. Ашына сөйлегенде, Күнді күркіретіп, дұшпандарына жай отын шашатын Зевске ұқсап кететін», – деген сипаттамасы сақталған. Периклдің мемлекет басқаруы тұсында – дәлірек айтсақ, б.з.д. 440 жылы – афиндіктердің аяусыз билеп-төстеуіне шыдамаған Самос аралының халқы қарулы көтеріліске шығып, екі жақтан да көп адам қаза табады. Әскері шайқасты үлкен шығынмен басқан Перикл соғыс даласынан оралмағандарды еске түсіру, халықтың ауыр қазасына көңіл айту мақсатымен қолма-қол елін жиып, мінбеге көтеріледі. Афин көсемі сөзінің өте әсерлі болғаны туралы деректерді зерделеуші М.Б. Буташевич-Петрашевский: «Бұл сөздің халықты ерекше баурап алғаны соншалық – барлық ана һәм жесір біткен өздерінің алтыннан ардақтыларының ажалына себепкер болған күнәһарды гүлге бөлеп, киген киімінің етек-жеңін шаттана сүйгіштеп, қала ішімен салтанатты түрде қолдарына көтеріп алып жүріпті», – деп жазады.

Тап осы тұста шешендіктану теориясы пайда болды. Оның негізін салушылар – Коракс, Лисий және Горгий.

Ежелгі Грециядағы шешендіктің майталман шеберлері софистер болды. Олар әртүрлі көзқарастағы адамдар арасында сөз жарысын ұйымдастырады, сиқырлы сөзді мың құбылта қолданудағы алғырлық пен тапқырлық танытудан жарысады. Софистер жастармен жүргізер өз теориялық және практикалық сабақтарының мақсаты ретінде оларды қоғамдық өмірге әзірлеу деп есептеді. Сондай-ақ риторларды (кәсіби шешендер) әзірледі. Пікірталас (дискуссия) ұйымдастыру өнерін, дәлелдеуді үйлестіре білуді дамытты, логикалық ойлау мәдениеті деңгейін көтерді. Шешендік туралы тұңғыш оқулықтардың бірін софист Горгий жазған.

Грек философтары Платон (б.з. дейінгі 427–347 ж.ж.) мен Аристотель (б.з. дейінгі 384–322 ж.ж.) шешендіктің теориясына орасан зор үлес қосты.

Платон: «Шешендік – сендірудің шебері, оның бар мәні де, міндеті де осында», – деп шешендіктану ілімінің салмағын анықтайды.

Шешендіктану теориясы дамуының тұтас дәуірін ежелгі грек философтарының феномені болған Аристотель шығармашылығы алады. Шешендік өнерін дамыта келе Аристотель шешендіктану пәнін оған дейінгі айтылған көзқарастармен салыстыра отырып, біршама деңгейде кеңітті. Аристотель шешендіктануды белгілі бір жекелеген пәндердің тобына қосылмайды деп үйретеді. Ол әрбір пәнге сәйкесті сендіру құралын таба білуге қабілетті. Бұнымен ол емдеу ісі, арифметика, геометрия сияқты т.б. арнайы ғылым салаларынан бөлектене көрінеді. Риторика – диалектикаға сәйкесті өнер. Оған жалпылылық характері тән. Риторика әрбір қадам сайын қолданылады: ол жеке адамның күнделікті өмірлік қажеттіліктеріне қатысты істерінде де, сондай-ақ мемлекеттік мәндегі істерінде де бірдей керектігі даусыз.

Риториканың мақсатын, оның жан-жақтылы қалпын түйіндей келіп, Аристотель шешенді өз мақсатына жету үшін нені қолдануы тиістілігіне үйретеді. Шешеннің қолдануындағы сендіру амалдарын қарастыра келіп, Аристотель өз «Риторикасын» үш бөлімге жіктейді.

Алғашқы бөлімде шешеннің өз тыңдаушыларын белгілі бір ісәрекетке икемдеудегі негізге алар ұстанымдары талданады.

Екінші бөлімде тыңдаушылар сенімін туғызуға септесер және өз мақсатына жетуге сенімділік туғызар шешеннің жеке сапалық ерекшеліктері сипатталады.

Ал үшінші бөлімде шешендіктанудың техникалық жағы, яғни сөз сөйлеуде, сөйленер сөзді құрастыруда қолдануға болатын бейнелеу амалдары қарастырылады. Ол сөйленер сөзді алғы сөз, әңгімелеу, дәлелдеу, қорытынды сияқты төрт бөлімге жіктеумен бірге сөздің сенімділігіне жету үшін әрбір бөлімнің маңыздылығын бөле-жара негіздейді.

Риториканы диалектикамен қатар қоя отырып, Аристотель: «...олардың екеуіде – дәлелді табу амалы ғана», – деп жазады.

Ендеше, шешендіктануға шебер сөйлеу іс-әрекетінің технологиясы тұрғысында қарауды қазіргі шешендіктану ілімінің ашқан жаңалығы деуге әсте де болмайды. Риториканың «жалпылылық» ұстанымын алғаш аңғарған Аристотель болды. Алайда, бұл жаңалық Аристотельдің өз кезеңінде де, тіпті риториканың гүлденген, кең жайылған тұсында да тиісті дәрежеде бағаланбады. Дегенмен де шешендіктануға «жалпылылық» тұрғыда қараған тап осы аристотельдік көзқарас уақыт сынына төтеп берді. Риторика теориясының үнемі дамуына, осы пәнге оқыту әдістемесінің жасалуына жоғарғы аристотельдік көзқарас негіз бола алды деп толық есептеуге болады.

Ежелгі грек риторикасының бірден-бір салмақты да маңызды жетістіктерінің бірі – шешен іс-әрекетінің жүйелі жалғастығына байланысты шешендіктанудың бес бөлімге тармақталып, сөз болып отырған ілімнің «риторикалық канондары» аталуы (не айтарын білу; айтар ойын белгілі жүйемен орналастыру; оған тиісті сөздік форма таңдау; бұларды жадыда ұстау; сөз сөйлеу). Риториканың осы бес бөлімі қазіргі кезеңге шейін өз атауларын сақтаған: ойлап табу, орналастыру, сөздік бейнелеу, есте сақтау, сөйлеу.

Ежелгі Греция шешендік өнерінің атақты шеберінің бірі Демосфен (б.з. дейінгі 384–322 ж.ж.). Ол құл иеленушілік кезеңінен тәлім алған өкіл ретінде демократиялық құрылымның қорғаушысы болды. Оның Македония басқыншылығына қарсы Афиннің бостандығы үшін күрес кезеңіндегі саяси сөздері көпшілікке белгілі. Демосфен македондықтарға қарсы партияны басқарды. Оның Македония патшасы Филипке қарсы сөздері тарихқа еніп, тағылымды сөздердің қатарына жатқызылды. Риторика Демосфеннің негізгі ісі болды. Ол шешендік өнердің ұстазы, үлгі аларлық шешен ретінде танылды.

Солай десек те, ол өзінің алғашқы сөйлеген сөздеріндегі қателіктері мен тұла бойындағы тәни кемістіктерін көл-көсір еңбегімен, шыдамдылығымен жеңе біліп, өзін-өзі тәрбиеледі, баулыды. Демосфен сөз құрастыру өнері мен шешендік техниканы жоғары биікке көтере дамытты. Ол өз үлгісімен шешендіктанудың, егер де уақытын аямай, тер төге еңбек ете білсе, әрбір адам да шешен сөйлей алады деген маңызды ұстанымын дәлелдеп бекітті.

Грек риторикасының әсерімен Ежелгі Римде шешендік өнер қарыштап дами бастады. Б.э.дейінгі ІІІ ғасырда Ежелгі Грецияның мәдени құндылықтарынан ауыса енген рим мәдениетінің эллинизация үдерісі бастау алады. Ол бірте-бірте өмірдің барлық саласын, соның ішінде шешендіктануды да қамтыды.

Ежелгі Римдегі шешендік өнер орасан қозғаушы күшке ие болды.

Ежелгі дәуірде-ақ әрбір шешен үшін есімі өнеге болған Цицеронның айтуы бойынша, Рим республикасында да сөз өнерін меңгеруші адамды құдайға балаған. Цицерон: «Адам баласын ұшар биікке шығарар, атақ-даңққа кенелтер екі-ақ өнер саласы бар:           бірі – қолбасшылық өнері де, екіншісі – үздік шешендік өнері», – деп жазады. Рим республикасы мемлекеттік істерін әрбір ерікті азамат өз пікірін айтып, толық сөйлей алатын тұрғыда шешіп отырды. Сондықтан да мемлекетті басқару ісіне қатысқысы келетін әрбір римдік азамат үшін сөз өнерін меңгеруі ауадай қажетті болды. Рим республикасы кезеңіндегі интенсивті қоғамдық өмір шешендік өнердің дамуына бірден-бір жағдай туғызды. Ал сөз еркінің кең құлашты тарауына мүмкіндік берді. Бұлардан шығар түйін – бұл дәуірде шешендік көпшіліктің қолы жетерліктей форма иеленіп, белгілі деңгейде халықтық қалыпты аңғартты. Алайда республиканың құлауына байланысты римдік классикалық шешендік те құлдырады.

Ежелгі Римдегі шешендік өнер дамуының ұшар биігі әлемдегі ең атақты шешендердің бірегейі Цицеронның іс-әрекеті болып табылады. Марк Тулий Цицерон (б.э. дейінгі 106–43 ж.ж.) – шешендіктің белгілі теоретигі. Ол өзінің риторикалық жүйесінің мәнін «Шешен туралы», «Брут», «Шешен» атты үш кітабында тармақтай баяндайды. Ол алғашқы кітабында шешендіктану теориясын дамытады; екіншісінде Цицеронның өзі ұмтылған шешен идеалы сипатталады; ал үшіншісінде шешендіктанудың тарихи дамуы көрсетіледі.

Цицеронның ойынша, шешеннің күшті болуы – тыңдаушыларын өзіне бағындыра білуінде. Кімде-кім форумда не азаматтық сот процесінде тыңдаушыларды иландыра, өзіне бағындыра, рахат сезімге бөлей сөз сөйлей білсе ғана шешен деп танылады.

Цицерон шынайы нағыз шешенде: «диалектиктің тапқырлығы, философтың ойы, ақынның тілі, заңгердің жады, трагиктің даусы...» болуы тиістігін, бұған қоса талант иесі халық өмірі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге мейлінше жетік болуын негіздейді.

«Шешен» еңбегінде шын мәніндегі шешен болу үшін сақталуы тиіс талаптар жүйеленеді. Олардың арасындағы                 алғашқылары – жан-жақты білімділік, эрудиция, әр түрлі философиялық жүйе, құқық, шешендіктану теориясы саласындағы білім. Кең көлемдегі философиялық білімділік – шешендік өнерге қажетті аса маңызды жағдай. Бұл орайда шешен үшін бірден-бір пайдалысы – этика мен логика сияқты философиялық ғылымдар.

Цицерон «Брут» трактатында: «Шешен екі негізгі құндылыққа ие болуы тиіс: бірі – дәл де нақты дәлелдермен иландыра білу білігінің болуы, екіншісі – тыңдаушылардың жан-дүниесіне өтімді де батымды сөзбен ой сала әсер ету; сондай-ақ судьяның көзін жеткізуден гөрі, оның көңілін көтере рухтандыру маңыздырақ», – деп тағы да бір қызғылықты практикалық түйін жасайды.

Цицерон өзінің сан алуан туындыларында сөз әсерлігіне қажетті рациональдылық пен эмоциональдылықтың үйлесімділігіне сан қайтара оралады. Ол «Шешен туралы» кітабында адамдардың           іс-әрекетінде ережелер мен заңдылықтардан гөрі көбіне-көп сезімкүйге арқа сүйейтінін, сол себептен де шешендіктануда шешеннің аудитория сезіміне әсер ете білу дағдысының болуы үлкен мәнді екендігін жазады. Шешен жетістігінің кепілі болар аса мәнді жағдай аудитория ерекшелігін, қызығушылығын ескеру деп есептейді.

Сөз тиімділігінің қағидасы мен шешендіктің мақсаты туралы римдіктердің: «Халық мойындаған шешен ғана дүлдүл              болмақ», – деген түйінін әбден құптауға тұрады.

Цицеронның риторикалық шығармаларында шешен үшін қажетті сөздің композициясы, стилі, сөз фигураларын, юморды қолдану, сөздің фонетикалық безендірілуі сияқты т.б. төңірегінде аса пайдалы кеңестер қамтылған.

Антикалық шешендіктанудың дамуында Марк Фабий Квинтилианның (б.з. дейінгі 36–96 ж.ж.) еңбектері маңызды рөл атқарады. Оның «Шешеннің қалыптасуы туралы» атты негізгі туындысы сол кезеңдегі шешендіктану теоретиктері түйіндерінің топтамасы мен өзінің риторика оқытушысы әрі сот адвокаты ретіндегі 20 жылдық жеке тәжірибесін салыстырған талдамасынан құралады.

Квинтилианның ақыл-кеңестері мен бағыттамалары өзектілігін бүгінгі күні де жойған жоқ. Оларды сәл өзгерген күйінде қазіргі көптеген шешендіктану туралы оқулықтардан да табуға болады.

Мына төмендегі сияқты ұсынбалар осыған дәлел. Мәселен, сөздің басында және аяғында өте күшті айғақтарды қолдану; шешеннің табиғи дарындылығын теориялық оқумен, жаттығулармен және үлгі алумен бекітіп, жетілдіре дамытып отыру; сондай-ақ тек өзің жете білетін мәселелер туралы ғана айту талабы және т.б.

Цицеронға қарағанда, Квинтилиан сөздің логикалық негізі мен оның бейнелеуіш құралдары, сондай-ақ шешендік техникасы мәселелеріне біршама бұтарлай талдау жасайды. «Шешеннің қалыптасуы туралы» трактаты шешеннің шаршы топ алдындағы тәртіп қалпы, дене қимылы, бет қимылы, тыныс және дауыс қалыптастыруы теориясы туралы арнайы тарауларды қамтиды.

Квинтилианның түйіндеуінше, бұл іспеттес жекелеген мәселелер шешен жетістігін қамтамасыз етуде ерекше мәнді. Цицерон мен Квинтилиан дәуірі рим шешендік өнерінің жоғары дәрежеде гүлдену кезеңі болумен бірге, бұл кезең бір мезгілде оның ең ақырғы шектеулі тұсы да болды. Римдік классикалық шешендік өнері республиканың құлауымен бірге құлдырады. Таза саяси риторика бірте-бірте жоққа айналса, сот шешендік өнерінің мүмкіндіктері ақырындап құрдымға кете бастады.

Алғы орынға өзіндік жалықтырар және сыртқы формасына ғана көбірек назар аударылатын мерекелік эпидейктілік шешендік шығарылады. Ғасыр ортасында, феодализм дәуірінде, классикалық шешендіктану қоғамдық өмірге өз әсерін жоғалтты.

Риторианың жаңадан гүлдеп өркендеуі тек буржуазиялық төңкеріс кезеңінде ғана мүмкіндік алды.

 

Талқылауға арналған сұрақтар

 

  1. Әскери, саяси және патриоттық шешендіктің дамуы.
  2. Шешендік өнердің әсері және бизнесте оның әлеуметтік функцияларының өсіп келе жатқан маңыздылығы.
  3. Көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі теориясы мен практикасының дамуы
  4. Өткенді сыни қайта ойластыру, риторикалық дәстүрлерді жандандыру, қазіргі заманғы отандық және шетелдік құрылыс тәжірибесін жалпылау