Алғысөз

Университетте латын тілі пәні студентті оқытуда ғылыми тұрғыдан дағдыландыратын пән болып табылады. Латын тілін оқыту – студенттерге латын тілінің грамматикалық құрылысын және қазіргі тілдердің жасалуына маңызды әсерін тигізген негізгі лексикалық қорын меңгерту, еуропалық мәдениеттің дамуына ерекше ықпал еткен көне римдік классикалық әдебиетпен таныстыру мақсатын көздейді. "Латын тілі" курсын оқыту міндеті студенттің игеруге тиісті білімнің көлемі мен сипатын анықтайды.

Латын тілін үйрету ең алдымен, тілді басқа оқу пәндермен тығыз байланыста оқытқанда ғана толыға түседі. Латын тілін басқа пәндермен, қоршаған ортамен, музыкамен, бейнелеу өнерімен, еңбекпен т.б. байланыстыра оқыту нәтижесінде ғана қарым-қатынас әрекеті жүзеге асады. Бұл пәндер тілді мәдениеттің бір бөлігі ретінде үйретіп қана қоймай, жалпы адамзаттың мәдениетінен үлгі, тәжірибе алуға, өз елінің мәдениетін бойына жақсы сіңіруге сөйлеу әрекеті арқылы мүмкіндік тудырады. Латын тілі «Аудармашы мамандығына кіріспе», «Тілдің практикалық курсы», «Тіл біліміне кіріспе», «Лексикология», «Грамматика», «Фонетика», «Тіл тарихы», «Тіл теориясы негіздері», «Тарих», «Психология (педагогика)», «Философия», «Социология», «Әлемдік әдебиет және аударманың жалпы мәселелері» пәндерімен тығыз байланысты.