Автомобиль көлігі сұйық отынның көп бөлігін пайдаланатындықтан халық шаруашылығының бұл саласы үшін отын және майлау материалдарын үнемдеу мәселесі аса маңызды болып табылады.
Оқу құралы «Қолданбалы материалдар» курсы оқылатын жоғарғы арнаулы техникалық университет студенттеріне жанар-жағармай материалдарымен бірге техникалық сұйықтардың жарамдылығын, cапасын, қасиеттерін, көрсеткіштерін анықтау үшін орындалатын зертханалық жұмыстардың практикумы ретінде ұсынылады.
Практикумда стандартты көрсеткіштерді анықтайтын аспаптардың сипаттамасы, тәжірибелік өлшемдер кезіндегі олардың жұмыс реті мен материалдарды пайдалану кезіндегі сапасын бағалау тәсілдері беріледі.
Зертханалық жұмыстар көлемі студентке пән бағдарламасы бойынша қарастырылған зертханалық жұмыстарды өз бетімен орындауға және оқу курсында алған білімдерін кеңейтуге және бекітуге мүмкіндік береді.
Осы оқу құралын оқып үйрену нәтижесінде студент пайдалану материалдарын іс жүзінде дұрыс қолдануға, үнемді жұмсауға, олармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және кейбір түрлерінің сапасын автокөлік кәсіпорындары жағдайында қарапайым тәсілдермен анықтауды да үйренеді.
Оқу құралының мазмұны мен құрылымы «Қолданбалы материалдар» курсы бағдарламасына сәйкес.
Жанар – жағармай материалдары мен арнайы сұйықтардың сапасын бақылау көлік және техникалық құралдардың сенімді, ұзақ, сынбай істеуін қамтамасыз ету шарттарының бірі болып табылады.
Зертханалық жұмыстар «Қолданбалы материалдар» курсының өткен тақырыптары бойынша қорытынды сабақтар болып есептелінеді. Бұл зертханалық практикумға қысқаша жұмыстар сипаттамасы және теориясы бойынша қысқаша мағлұматтарда енгізілген.
Зертханалық жұмыстардың негізгі мақсаты:
1) студенттердің сабақтарда және өз бетімен оқу құралдарымен жұмыс істеуге, әсіресе, автокөліктерді пайдалану кезінде қолданылатын жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтар маркалары жайлы алған білімдерін нақтылау, тереңдету және бекіту;
2) Жанар – жағармай материалдарының негізгі сапа көрсеткіштерін анықтау кезінде пайдаланылатын аспаптармен және жабдықтармен танысу.
3) Автомобильдер үшін жанар – жағармай материалдарының дұрыс пайдаланылуын анықтау бойынша, онымен жұмыс істеуге, сонымен қатар қажетті қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде практикалық дағды алу.
Зертханалық жұмыстарына қойылған мақсаттарды қауіпсіз нәтижелі және белгілі бір анықталған уақыт ішінде толық көлемде жүргізу үшін берілген жалпы нұсқаулар
Студент зертханалық жұмысқа, алдын ала дайындалуы керек, атап айтқанда:
- алда болатын зертханалық жұмыстың мақсатын білу;
- оның мазмұнымен және өткізу ретімен танысу;
- оқулық және дәріс конспектілері бойынша осы жұмысқа қатысты теориялық материалдарды қарап шығу;
Зертханалық жұмысты жүргізер алдында:
- жабдықтар мен аспаптар құрылысымен танысу;
- олармен жұмыс істеу тәртібімен танысу;
- талдау өткізілетін аспапты немесе қондырғыны жинау және дұрыс жиналғанына көз жеткізу;
- оқытушының немесе зертханашы көмегімен бағаланатын көрсеткіштердің нормаларына ыдыстарды, реактивтерді және нормативтік – техникалық құжаттарды таңдап алу;
- талданатын өнім үлгісін алу, орындалатын жұмыс бойынша есепке бастапқы мәліметтерді енгізу.
Жұмыс жүргізу кезінде:
- берілген тапсырма бойынша талдау жүргізу жолымен көрсеткіштерді анықтау;
- тәжірибе мәліметтерін өңдеу мен керекті есептеулер жүргізу;
- зертханалық жұмыс нәтижесі бойынша есеп беру.
Сынақ аяқталғаннан кейін:
- жұмыс жүргізу үшін жиналған қондырғылар мен аспаптарды бөлшектеп ажыратылады;
- жұмыс орнын жинау.
Талдау жүргізу кезінде аспап көрсеткіштері өлшеу басталғаннан кейін бірден жазылады. Жазуды талдау біткен соң араға уақыт салып жүргізуді рұқсат етілмейді.
Зертханалық жұмысты орындау барысында және біткен соң студент алынған тәжірибе нәтижелері мен оларға жасалынған қорытындыларды оқытушыға көрсетуі қажет. Аталған нәтижелер мен қорытындыларды оқытушы бекіткеннен кейін студент жұмыс бойынша есеп беруді дайындайды да тексеруге береді, оқытушы қолы сол күні не болмаса келесі зертханалық сабақта қойылады.
Жұмыс нәтижелері бойынша есептеме де мақсат, тапсырма, сыналатын өнімге МЕСТ немесе ТШ (ТУ) нормасы, тәжірибелер нәтижесі және оның пайдалануға жарамдылығы жайлы қорытынды болуы керек. Практикумда ұсынылатын есеп беру ұлгілеріне оқытушы өз қарауына қарай өзгеріс енгізуі мүмкін.
Көптеген пайдалану материалдары тез тұтанатын заттар, ал олардың кейбіреуі сонымен қатар улы болып табылады.
Осыған байланысты зертханалық жұмыстарды орындау кезінде техника қауіпсіздігі нұсқауын қатаң сақтау қажет.
Жанар – жағармаймен байланысты барлық жұмыстарды оттан алыс жерде жүргізу, тұтанған жағдайда оны сумен емес көбікті өрт сөндіргішпен, құммен немесе тығыз мата үзіндісімен өшіру. Сондықтан да зертханалық жұмыс өткізілетін орындар өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы қажет. Өрт қауіпсіздігін төмендету мақсатында зертханалық жұмыстарды жүргізу үшін газды оттығын электрлі қыздырғышқа ауыстыруға болады. Мұндай жағдайда тәжірибе нәтижелерінің дәлділігі төмен болатынын ескерген жөн.