1.2 Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың ерекшеліктері


Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ағылш. Environmental Impact Assessment) – қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастықтың (IAIA, International Association for Impact Assessment) термині. Жоспарланған экономикалық қызметтің кез-келген түрінің қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсер ету сипатын, қарқындылығын және қауіптілік дәрежесін анықтауға арналған.Қоршаған ортаға әсерді бағалау Кодекстің 67-бабында көзделген кезеңдерді қамтитын, көзделіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерді тиісті зерттеулер негізінде анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі болып табылады.ҚОӘБ процедурасының тарихы:

Еуропалық Одақ елдерінде (бұдан әрі – ЕО) 1985 жылы - №337/85 директиваның заңдық нормативтік құжаты. ЕО елдерінде ҚОӘБ ұйымдастыру мен өткізудің жалпы мәселелерін қамтыды.

ҚОӘБ жүргізу идеологиясы тиімді экологиялық саясат, ең алдымен, осы ластанудың экологиялық салдарын жоюдан гөрі, қоршаған ортаның ластануын болдырмау болып табылатындығына негізделеді.

ОПС жағдайының нашарлау проблемасына тап болған индустриалды дамыған елдер әдістемелер мен сараптама жүйесін әзірлеуді бастауға мәжбүр болды.

Экологиялық сараптама – 1965 жыл Жапонияда, 1970 жыл – АҚШ, 1973 жыл – Канада, 1976 жыл – Франция және Испания, 1977 жыл – Нидерланды, 1979 жыл – Қытай, 1988 жыл – КСРО (мемлекеттік комиссиялар). ҚОӘБ қатысушылары: Тапсырыс беруші, Орындаушы (әзірлеуші), жұртшылық.

Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде әсердің мынадай түрлері есепке алынуға тиіс:

1) тікелей әсер ету-көзделіп отырған қызметтің негізгі және ілеспе түрлерімен тікелей көрсетілуі мүмкін әсер ету;

2) жанама әсерлер-көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру салдарынан туындауы мүмкін жанама (қайталама) факторлардан туындайтын қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер ету;

3) кумулятивтік әсерлер – жиынтығында антропогендік немесе табиғи сипаттағы бұрынғы және қазіргі әсерлерден, сондай-ақ көзделіп отырған қызметті жүзеге асырумен қатар жүретін негізді болжанатын болашақ әсерлерден туындайтын қоршаған ортадағы үнемі өсіп келе жатқан теріс өзгерістердің нәтижесінде туындауы мүмкін әсерлер.

Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде мынадай объектілерге, оның ішінде олардың өзара байланысы мен өзара іс-қимылына әсерді бағалау жүргізіледі:

1) атмосфералық ауа;

2) жер үсті және жер асты сулары;

3) су айдындары түбінің беті;

4) ландшафттар;

5) жер және жер жамылғысы;

6) өсімдіктер әлемі;

7) жануарлар әлемі;

8) экологиялық жүйелер мен экожүйелік қызметтердің жай-күйі;

9) биоалуантүрлік;

10) халықтың денсаулық жағдайы мен тұрмыс жағдайы;

11) ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар объектілер.

Белгіленген қызмет ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға әсер етуі мүмкін жағдайларда, қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде тиісті табиғи кешендерге, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне, сондай-ақ осы және басқа санаттағы жерлердегі мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне әсерді бағалау жүргізіледі.

Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу кезінде антропогендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың, қоршаған ортаның авариялық ластануының туындауы мүмкін қоршаған ортаға басқа да әсерлер бағалауға жатады, көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға зиянды әсерін болғызбау және қысқарту жөніндегі ықтимал шаралар мен әдістер, сондай-ақ өндірістік экологиялық мониторингтің қажетті көлемі айқындалады.

Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу процесінде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсердің теріс және оң әсерлері есепке алынуға тиіс.

Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде парниктік газдар шығарындыларынан туындаған әсерлер есепке алынбайды.

Қоршаған ортаға әсерді бағалау келесі кезеңдерді қамтиды:

1) осы Кодекстің талаптарына сәйкестігін айқындау мақсатында, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда белгіленетін қызмет туралы өтінішті қарау, белгіленетін қызметтің әсеріне скрининг жүргізу;

2) қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамту саласын айқындау;

3) ықтимал әсерлер туралы есепті дайындау;

4) ықтимал әсерлер туралы есептің сапасын бағалау;

5) қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды шығару және оны есепке алу;

6) егер оны жүргізу қажеттілігі осы Кодекске сәйкес айқындалса, көзделіп отырған қызметті іске асыру кезіндегі нақты әсерлерді жобадан кейінгі талдау.

Экологиялық кодексте қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалау немесе көзделіп отырған қызметтің әсерлерін міндетті скрининг көзделген қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген адам көзделіп отырған қызмет туралы өтінішті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беруге міндетті, содан кейін бұл адам тиісінше қоршаған ортаға әсерді бағалаудың немесе көзделіп отырған қызметтің әсерлерін скринингтің бастамашысы болып танылады (бұдан әрі-бастамашы).

Көзделіп отырған қызмет туралы өтініш электрондық нысанда беріледі және мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:

1) жеке тұлға үшін: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жерінің мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы;

2) заңды тұлға үшін: атауы, орналасқан жерінің мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, бірінші басшы туралы деректер, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы;

3) көзделіп отырған қызмет түрлерінің жалпы сипаттамасы және оларды осы Кодекстің 1-қосымшасына сәйкес сыныптау немесе осы Кодекстің 65-бабының 2-тармағына сәйкес осындай қызмет түрлеріне енгізілетін елеулі өзгерістердің сипаттамасы;

4) көзделіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орны, орынды таңдаудың негіздемесі және басқа орындарды таңдау мүмкіндіктері туралы мәліметтер;

5) объектінің қуатын (өнімділігін), оның болжамды мөлшерін, өнім сипаттамасын қоса алғанда, көзделіп отырған қызметтің жалпы болжанатын техникалық сипаттамалары;

6) көзделіп отырған қызмет үшін болжанатын техникалық және технологиялық шешімдердің қысқаша сипаттамасы;

7) көзделіп отырған қызметті іске асыруды бастаудың және оны аяқтаудың болжамды мерзімдері;

8) қызметін жүзеге асыру үшін қажетті ресурстар түрлерін, оның ішінде су ресурстарын, жер ресурстарын, топырақты, пайдалы қазбаларды, өсімдіктерді, шикізатты, энергияны олардың болжамды сандық және сапалық сипаттамаларын көрсете отырып сипаттау;

9) көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пайда болуы мүмкін қоршаған ортаға эмиссиялар мен қалдықтардың болжанатын түрлерінің, көлемдерінің және сапалық сипаттамаларының анықтамасы;

10) көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін болуы болжанатын рұқсаттардың және құзыретіне осындай рұқсаттарды беру кіретін мемлекеттік органдардың тізбесі;

11) көрсетілген көзделген қызметтің мақсаттарына қол жеткізудің ықтимал баламаларын және оны жүзеге асыру нұсқаларын сипаттау (баламалы техникалық және технологиялық шешімдерді және объектінің орналасқан жерлерін пайдалануды қоса алғанда);

12) көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде қоршаған ортаға теріс және оң әсер етудің ықтимал нысандарының сипаттамасын, олардың ықтималдығын, ұзақтығын, жиілігін және қайтымдылығын ескере отырып, олардың сипаты мен күтілетін ауқымын;

13) қоршаған ортаға трансшекаралық әсер етудің ықтимал нысандарының сипаттамасы, олардың сипаты және олардың ықтималдығын, ұзақтығын, жиілігі мен қайтымдылығын ескере отырып, күтілетін ауқымы;

14) шегінде көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру болжанатын аумақтағы және (немесе) акваториядағы қоршаған орта компоненттерінің ағымдағы жай-күйінің қысқаша сипаттамасы, сондай-ақ егер бастамашыда осындай зерттеулер болса, фондық зерттеулердің нәтижелері;

15) қоршаған ортаға қолайсыз әсер етудің ықтимал нысандарының алдын алу, болдырмау және азайту, сондай-ақ оның салдарын жою жөніндегі ұсынылатын шаралар.

Жоспарланған қызмет туралы өтініш беру, жоспарланған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу немесе қоршаған ортаға әсерді бағалау мақсаттары үшін бастамашының жоспарланған қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жер учаскесіне қатысты құқықтарының болуы талап етілмейді.

Егер қызметті жүзеге асыру үшін экологиялық рұқсат алу талап етілсе, бастамашы тиісті экологиялық рұқсат беру рәсімі шеңберінде көзделіп отырған қызмет туралы өтініш беруге құқылы. Мұндай жағдайларда тиісті экологиялық рұқсат беруге арналған өтінішті қарау мерзімі қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу кезеңіне тоқтатыла тұрады.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан жоспарланған қызмет туралы өтініштің көшірмесін алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны ресми интернет-ресурстарға орналастырады.

Белгіленген қызмет туралы өтініш қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарының ғаламтор-ресурстарында орналастырылған күннен бастап қатарынан күнтізбелік отыз күн ішінде қолжетімді болуға тиіс.

Ғаламтор-ресурстарында орналастырылған көзделіп отырған қызмет туралы өтініш қоғам үшін көзделіп отырған қызмет туралы ескертулер мен ұсыныстарды қабылдау туралы ресми хабарламамен бірге белгіленіп отырған қызмет түрін, ескертулер мен ұсыныстарды қабылдау жүзеге асырылатын пошталық және электрондық мекенжайларды, сондай-ақ ескертулер мен ұсыныстарды қабылдаудың аяқталу күнін көрсете отырып, белгіленіп отырған қызмет туралы өтінішке қатысты ескертулер мен ұсыныстарды қабылдау туралы ресми хабарламамен жүруі тиіс.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары көзделіп отырған қызмет туралы өтініш ресми ғаламтор-ресурстарында орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінде кешіктірмей Экологиялық кодекстің бабы 7-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген ресми хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде, сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қол жеткізу» Заңына сәйкес өзге де тәсілдермен таратуды қосымша ұйымдастырады.

Мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамның көзделіп отырған қызмет туралы өтінішке қатысты ескертулері мен ұсыныстарын қабылдауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

Мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғам көзделіп отырған қызмет туралы өтінішті бастамашы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға берген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде өз ескертулері мен ұсыныстарын ұсынуға құқылы.

Тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген ескертулер мен ұсыныстарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін алынған мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамның ескертулері мен ұсыныстарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қарауға қабылдамайды.

Ескертулер мен ұсыныстарды қабылдау мерзімі өткен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамнан қарауға қабылданған жоспарланған қызмет туралы өтінішке ескертулер мен ұсыныстардың жиынтық кестесі түрінде ресімделетін хаттамаға, сондай-ақ сол мерзім ішінде барлық ескертулер мен ұсыныстарды енгізеді мұндай хаттаманы ресми ғаламтор-ресурста орналастырады және оның көшірмесін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарына жібереді.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген хаттаманың көшірмесін алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны ресми ғаламтор-ресурстарда орналастырады.

Трансшекаралық әсерлерді бағалауға бастамашылық жасау үшін негіз болған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Экологиялық кодекстің 80-бабына сәйкес трансшекаралық әсерлерді бағалауға бастамашылық жасайды.

Көзделіп отырған қызметтің әсер ету скринингі Экологиялық кодекстің 70-бабында белгіленген критерийлер негізінде қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажеттілігін немесе қажеттілігінің болмауын айқындау мақсатында жүзеге асырылатын, көзделіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға елеулі әсерлерді анықтау процесін білдіреді.

Жоспарланған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу кезінде жоспарланған қызметті және оның қоршаған ортаға ықтимал әсерінің маңыздылығын сипаттайтын мынадай критерийлер қаралады:

1) ескеріле отырып, көзделіп отырған қызметтің параметрлері:

- көзделіп отырған қызметтің түрі мен ауқымы (өндіріс көлемі, қуаты және осы Кодекске 1-қосымшаның 1-бөлімінде сандық шекті мәндер көзделген өзге де көрсеткіштер);

- болжамды объектіні орналастыру ауданында басқа белгілі қызметтің (іске асырылған, жобаланатын, жоспарланатын) әсерін жинақтау;

- пайдаланылатын табиғи ресурстардың түрлері мен саны;

- түзілетін қалдықтардың түрлері мен мөлшері;

- қоршаған ортаның ластануы және адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіру қаупінің деңгейі;

- Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасының ережелерін ескере отырып, төтенше жағдайдың және (немесе) аварияның туындау тәуекелінің деңгейін;

- биоалуантүрлілікті жоғалту қаупі деңгейі;

2) Пайдаланатын аумақтың параметрлері:

- тиісті жерлердің ағымдағы нысаналы мақсаты және тұрақты жер пайдалануды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары;

- әсер ететін аумақта табиғи ресурстардың табиғи регенерациясының салыстырмалы өкілдігі, саны, сапасы және қабілеттілігі;

- табиғи ортаның ландшафттың экологиялық тұрақтылығының аумақтық жүйесіне, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, экологиялық «дәліздерге» және жабайы жануарлардың көші-қон жолдарына, ландшафттың маңызды элементтеріне, тарихи-мәдени мұра объектілеріне, тарихи, мәдени немесе археологиялық маңызы бар аумақтарға, халқы тығыз орналасқан аумақтар мен рұқсат етілген шектен тыс жүктемелерді бастан кешіретін аумақтарға ерекше назар аудара отырып, жүктемені көтеру қабілеті (бұрынғы жүктемелерді қоса алғанда);

3) әсер ету көлемін (халықтың аумағы мен санын), оның трансшекаралық сипатын (оның мемлекет шекарасынан тыс жерлерге таралуы тұрғысынан), мөлшерлерін, күрделілігін, ықтималдығын, ұзақтығы мен жиілігін (сондай-ақ салдарлардың қайтымдылығын (мүмкіндіктерді) ескере отырып, көзделіп отырған қызметтің адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және қоршаған ортаға әсер етуінің әлеуетті маңыздылығын қоршаған ортаны немесе оның жеке объектісін түпнұсқаға жақын күйге келтіру).

Қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамту аясын анықтаудың мақсаты қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында жиналуы және зерттелуі тиіс ақпараттың егжей-тегжейлері мен түрлерін, зерттеу әдістерін және ықтимал әсерлер туралы есепте осындай ақпаратты беру тәртібін анықтау болып табылады.

Қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамту аясын айқындау туралы қорытындының мазмұнын ескере отырып ықтимал әсерлер туралы есептің жобасында:

1) Есеп жасалған болжамды қызметтің сипаттамасы, оның ішінде:

- жоспарланған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнының сипаттамасы, оның векторлық файлдары бар геоақпараттық жүйеге сәйкес айқындалған координаттары, сондай-ақ есепті жасау сәтінде көзделген қызметті жүзеге асырудың болжамды орнындағы қоршаған ортаның жай-күйінің сипаттамасы;

- жоспарланған қызметті жүзеге асыру үшін қажетті объектілерді салу және пайдалану барысында жердің санаты және жерді пайдалану мақсаттары туралы ақпарат;

- көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін қажетті объектілердің қуатын, габариттерін (алып жатқан жердің ауданы, биіктігі), өндірістік процесс туралы, оның ішінде кәсіпорынның күтілетін өнімділігі, оның энергияға, табиғи ресурстарға, шикізат пен материалдарға қажеттілігі туралы мәліметтерді қоса алғанда, олардың көрсеткіштері туралы ақпарат;

- қолданыстағы ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды кейінгі кәдеге жарату жөніндегі жұмыстардың сипаттамасы және егер бұл жұмыстар көзделіп отырған қызметті іске асыру мақсаттары үшін қажет болса, оларды орындау тәсілдері;

- суға, атмосфералық ауаға, топыраққа, жер қойнауына әсер етуді, сондай-ақ діріл, шу, электромагниттік, жылу және радиациялық әсерлерді қоса алғанда, қаралатын қызметті жүзеге асыру үшін объектілерді салуға және пайдалануға байланысты қоршаған ортаға күтілетін эмиссиялардың түрлері, сипаттамалары мен саны, қоршаған ортаға өзге де теріс антропогендік әсерлер туралы ақпарат;

- көзделіп отырған қызмет шеңберінде объектілерді салу және пайдалану барысында түзілетін қалдықтардың, оның ішінде қолданыстағы ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды кейіннен кәдеге жаратуды жүзеге асыру нәтижесінде түзілетін қалдықтардың күтілетін түрлері, сипаттамалары мен саны туралы ақпарат;

2) оның ерекшеліктерін және қоршаған ортаға ықтимал әсерін ескере отырып, жоспарланған қызметті жүзеге асырудың ықтимал нұсқаларын сипаттау, соның ішінде:

- қолдану үшін көзделіп отырған қызметтің бастамашысы таңдаған нұсқа, оны таңдаудың негіздемесі, басқа да ықтимал ұтымды нұсқаларды, оның ішінде адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан неғұрлым қолайлы ұтымды нұсқаны сипаттау;

3) адамдардың өмірі мен (немесе) денсаулығын, олардың өмір сүру және қызмет ету жағдайларын, биоалуантүрлілікті (оның ішінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, генетикалық ресурстарды, өсімдіктер мен жабайы жануарлардың табиғи ареалдарын, жабайы жануарлардың көші-қон жолдарын қоса алғанда, көзделіп отырған қызметтің елеулі әсеріне ұшырауы мүмкін табиғи ортаның құрамдас бөліктері және өзге де объектілер туралы ақпаратты, экожүйелер), жер (оның ішінде жерді алып қою), топырақ (оның ішінде органикалық құрамы, эрозиясы, тығыздалуы, тозудың өзге де нысандары), су (оның ішінде гидроморфологиялық өзгерістер, судың мөлшері мен сапасы), атмосфералық ауа, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жүйелердің климаттың өзгеруіне төзімділігі, материалдық активтер, тарихи-мәдени мұра объектілері (оның ішінде сәулет және археологиялық), ландшафттар, сондай-ақ аталған объектілердің өзара іс-қимылы;

4) Тармақтың 3) тармақшасында сипатталған объектілерге көзделіп отырған қызметтің ықтимал елеулі әсерлерінің (тікелей және жанама, жинақталған, трансшекаралық, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді, оң және теріс):

- көзделіп отырған қызметті жүзеге асыруға арналған объектілерді салу және пайдалану, оның ішінде оларды жүргізу қажет болған жағдайларда қолданыстағы объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстарды;

- табиғи және генетикалық ресурстарды (оның ішінде жерді, жер қойнауын, топырақты, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерін – осы ресурстардың болуына және олардың орналасқан жеріне, жабайы жануарлардың көші-қон жолдарына байланысты)пайдалану;

- қоршаған ортаға эмиссиялар, қалдықтардың жиналуы және оларды көму;

- жұмыс істеп тұрған және жоспарланған өндірістік және өзге де объектілерден жинақталған әсерлер;

- көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру процесінде техникалық-технологиялық, ұйымдастырушылық, басқарушылық және өзге де жобалау шешімдерін, оның ішінде осы Кодексте көзделген жағдайларда – оларды қолданудың тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техниктерді қолдану;

5) эмиссиялардың шекті сандық және сапалық көрсеткіштерін, қоршаған ортаға физикалық әсерлерді негіздеу;

6) қалдықтардың түрлері бойынша жинақталуының шекті мөлшерін негіздеу;

7) көму көзделіп отырған қызмет шеңберінде көзделсе, қалдықтарды көмудің олардың түрлері бойынша шекті көлемдерінің негіздемесі;

8) көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру шеңберінде тиісінше көзделіп отырған қызметке және оны жүзеге асырудың болжамды орнына тән авариялар мен қауіпті табиғи құбылыстардың туындау ықтималдығын айқындау туралы ақпаратты, оларды болғызбау және жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу мүмкіндігін ескере отырып, авариялар мен қауіпті табиғи құбылыстардың туындау тәуекелдерімен байланысты қоршаған ортаға ықтимал елеулі теріс әсерлерді сипаттауды;

9) объектіні салу және пайдалану кезеңдері үшін көзделген, көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға анықталған елеулі әсерлерін, оның ішінде қалдықтарды басқару жөніндегі ұсынылатын іс – шараларды болғызбау, қысқарту, жұмсарту жөніндегі шаралардың, сондай-ақ ықтимал елеулі әсерлерді бағалауда белгісіздік болған кезде-әсер ету мониторингі бойынша ұсынылатын шаралардың (жобадан кейінгі нақты әсерлерге жобадан кейінгі талдау жүргізу қажеттілігін қоса алғанда) сипаттамасы ықтимал әсерлер туралы есепте келтірілген ақпаратпен салыстырғанда көзделіп отырған қызметті іске асыру);

10) қоршаған ортаға ықтимал қайтымсыз әсерлерді бағалау және осындай әсерлерге әкеп соғатын операцияларды орындау қажеттігінің негіздемесі, оның ішінде Экологиялық, мәдени, экономикалық және әлеуметтік контексттерде қайтымсыз әсерлерден болатын ысыраптарды және осы ысыраптарды туғызатын операциялардан түсетін пайданы салыстырмалы талдау;

11) көзделіп отырған қызметті жүзеге асырудың бастапқы сатысында айқындалған, оны тоқтату жағдайларына қоршаған ортаны қалпына келтіру тәсілдері мен шаралары;

12) қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамту саласын айқындау туралы қорытындыда көрсетілген өзге де талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың сипаттамасы;

13) зерттеу әдіснамасының сипаттамасы және ықтимал әсерлер туралы есепті жасау кезінде пайдаланылған экологиялық ақпарат көздері туралы мәліметтер;

14) зерттеулер жүргізу кезінде туындаған және техникалық мүмкіндіктердің болмауымен және қазіргі заманғы ғылыми білімнің жеткіліксіз деңгейімен байланысты қиындықтарды сипаттау;

15) мүдделі жұртшылықты оның қоршаған ортаға әсерін бағалауға қатысуына байланысты хабардар ету мақсатында осы тармақтың 1) – 12) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты жинақтай отырып, қысқаша техникалық емес түйіндеме.

Ықтимал әсерлер туралы есептің жобасы осы бапқа және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларына (бұдан әрі – қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидалары) сәйкес өткізілетін мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдауларға шығарылуға тиіс.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Экологиялық кодекстің 72-бабының 7-тармағында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде:

1) қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландырумен бірге ықтимал әсерлер туралы есептің жобасын ресми интернет-ресурста орналастырады;

2) ықтимал әсерлер туралы есептің жобасын мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан ықтимал әсерлер туралы есептің жобасын алғаннан кейін оны бір жұмыс күні ішінде ресми интернет-ресурстарға орналастырады.

Ықтимал әсерлер туралы есептің жобасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстарында орналастырылған күннен бастап кемінде күнтізбелік отыз күн танысу үшін қолжетімді болуға тиіс.

Бастамашы қозғалатын аумақтың шегінде толық немесе ішінара орналасқан тиісті әкімшілік - аумақтық бірліктердің аумағында таратылатын қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде кемінде бір газетте және кемінде бір теле-немесе радиоарна арқылы таратуды ұйымдастыруға міндетті.

Қоғамдық тыңдаулар тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы өкілінің төрағалығымен өткізіледі.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы қоғамдық тыңдаулардың барлық барысының бейне және аудиожазбасын қамтамасыз етеді. Қоғамдық тыңдаулардың бейне және аудиожазбасы бар электрондық тасығыш қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына қоса тіркелуге тиіс.

Қоғамдық тыңдауларды өткізу мерзімі қатарынан бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.

Қоғамдық тыңдаулар аяқталғаннан кейін қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларында белгіленген нысан бойынша хаттама ресімделеді, оған міндетті түрде енгізіледі:

1) қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында олардың авторлары алып тастаған ескертулер мен ұсыныстарды қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың баптың 7-тармағына сәйкес жазбаша нысанда ұсынылған немесе қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында айтылған барлық ескертулері мен ұсыныстары;

2) Осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес хаттамаға енгізілген әрбір ескерту мен ұсыныс бойынша бастамашының жауаптары мен түсініктемелері;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хаттамаға шағымдану құқығы туралы ақпарат.

Қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қол қойылғаннан кейін:

1) хаттамада мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында олардың авторлары алып тастамаған ескертулері мен ұсыныстары болмаған кезде, қоғамдық тыңдаулардың төрағасы екі жұмыс күні ішінде Экологиялық тыңдаудың 76-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды дайындау үшін қол қойылған хаттаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді;

2) хаттамада мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында олардың авторлары алып тастамаған ескертулері мен ұсыныстары болған кезде бастамашы осындай ескертулер мен ұсыныстарға сәйкес ықтимал әсерлер туралы есептің жобасын пысықтауды қамтамасыз етеді және ықтимал әсерлер туралы есептің пысықталған жобасын Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ықтимал әсерлер туралы есептің пысықталған жобасын алғаннан кейін Экологиялық кодекстің 1–15 бабымен және 18-тармақтарына сәйкес өткізілетін қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылады.

Экологиялық кодекстің 73-бабының 19-тармағында көрсетілген жағдайда, қайта қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қол қойылғаннан кейін екі жұмыс күні ішінді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:

1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомство өкілінің төрағалығымен сараптама  комиссиясын құрады;

2) сараптама комиссиясының мүшелеріне ықтимал әсерлер туралы есептің пысықталған жобасының және бастапқы әрі қайталама қоғамдық тыңдаулардың хаттамаларының көшірмелерін жібереді;

3) сараптама комиссиясының жиналысын өткізу күндерін белгілейді.

Сараптама комиссиясын қалыптастыру үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдарға шақыру жібереді. Сараптама комиссиясының түпкілікті құрамына сараптама комиссиясының жұмысына қатысуға өзінің ниетін жазбаша растаған аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдардың бір-бірден өкілі енгізіледі.

Сараптама комиссиясының мүшелері:

1) Экологиялық реттеу және бақылау функцияларын жүзеге асыратын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының өкілі тұлғасында сараптама комиссиясының төрағасы;

2) әрбір мемлекеттік органның бір өкілі;

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының бір өкілі;

4) сараптама комиссиясының жұмысына қатысуға ниет білдірген аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдардың өкілі.

Сараптама комиссиясы жиналысының нәтижелері бойынша сараптама комиссиясы жиналысының хаттамасы жасалады, онда жиналыс барысында сараптама комиссиясы мүшелерінің, есептің бастамашысының, құрастырушының айтылған ескертулер, ұсыныстар, шақырылған тәуелсіз сарапшылардың пікірлері, сондай-ақ қабылданған шешімдер көрсетіледі.

Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды мынадай ақпаратты қамтуы тиіс:

1) көзделген қызмет аясында көзделген операциялар түрлерінің сипаты және оларды жүзеге асыру орны;

2) келесі тармақтар бойынша қорытынды:

- жоспарланған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін;

- қорытындыда көрсетілген шарттар сақталған кезде көзделіп отырған қызметті іске асыруға жол беру;

3) көзделіп отырған қызметті іске асыруға жол беріледі деген жағдайлар, оның ішінде:

- объектілерді жобалау, салу, реконструкциялау, пайдалану, кейін кәдеге жарату және көзделген қызметті іске асыру кезінде салдарларды жою кезеңдерін қоса алғанда, белгіленген қызметті іске асыру кезінде бастамашы үшін сақталуы міндетті болып табылатын адамдардың қоршаған ортасын, өмірін және денсаулығын қорғау шарттары, сондай-ақ өмірді қорғаудың осындай шарттарының сақталуын қамтамасыз етуге негізделген қажетті шаралар туралы ақпарат көзделіп отырған қызметке байланысты шешімдер қабылдау кезінде уәкілетті мемлекеттік органдар ескеруі тиіс адамдардың денсаулығы;

- эмиссиялардың, табиғи ортаға физикалық әсерлердің шекті сандық, сапалық көрсеткіштері;

- қалдықтардың түрлері бойынша жинақталуының шекті мөлшері;

- егерде мұндай көму түрі көзделген қызметті іске асыру аясында көзделген жағдайда, қалдықтарды олардың түрлері бойынша көмудің шекті саны;

- жобадан кейінгі талдау жүргізу қажеттілігінің ықтимал әсерлері туралы есепте: жүргізу мақсаты, ауқымы, мерзімдеру, мазмұнына қойылатын талаптары, есептерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және қажет болса өзге де мемлекеттік органдардың ұсыну мерзімдері белгіленген жағдайда;

- аварияларды алдын алуға, олардың салдарын шектеуге және жоюға бағытталған шарттар мен қажетті шаралар;

- бастамашының жоспарланған қызметті іске асыру аясында қоршаған ортаға зиянды әсерлерді болғызбау, азайту және жою, сондай-ақ егер жоспарланып отырған қызметті іске асыру осындай  залал келтіруі мүмкін болса, ықтимал экологиялық залалды жою жөніндегі міндеттері:

4) трансшекаралық әсерлерді бағалау нәтижелері туралы ақпарат ( ол жасалынған жағдайда).

Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды келесі мәліметтерді қамтитын негіздеме қоса беріледі:

1) қорытынды шығаруға негіз болатын негізгі тұжырымдамалар және дәлелдер;

2) қоғамдық тыңдауларды өткізу ( оларды өткізу туралы хабарламаларды тарату, жұртқа ақпарат және құжаттарды ұсыну), адамдардың ескертулерін, ұсыныстарын қарастыру, нәтижелерін алынған қорытындылар туралы ақпаратты;

3) мүдделі мемлекеттік органдармен консультациялар жүргізу, қоғамды тыңдаулар жұргізу, трансшекаралық әсерлерді бағалау ( жасалынған жағдайда), сараптама комиссиясының әсерлер туралы есептің жобасын қарастыру нәтижелерінде алынған ақпаратты аталған ақпараттың қоршаған ортаға әсерді бағалау қорытындылары бойынша нәтиж шығару кезінде қалай ескерілгені туралы түсіндіре отырып жинақтау.

Бақылау сұрақтары

  1. ҚОӘБ дегеніміз не?
  2. ҚОӘБ кезеңдерін сипаттаңыз?
  3. Қоршаған ортаға әсер етудің мүмкін түрлерін сипаттаңыз?
  4. Экологиялық салдары туралы мәлімдеме дегеніміз не?