Авторы
Әдебиет
Глоссарий

1– тақырып. Мамандық әлемінде


1. Сұрақ-жауап бойынша әңгімелесіңіздер.

 

1) Музыкалық білім мамандығы бойынша бакалаврды бітірген маман қай салада қызмет етеді?

2) Кәсіби қызметінің обьектілері не?

3) Кәсіби қызметтің қандай түрлерін атқара алады?

 

2. Мәтінді оқыңыз, сұрақтарға жауап беріңіз, тапсырмаларды орындаңыз.

Қазіргі таңда жалпы білім беру кешендерінде музыка сабағын жоғарғы дәрежеде өткізу көзделіп отыр. Музыка пәні – шығармашылық пән. Оған көптеген ізденіс, шығармашылық, іскерлік, тапқырлық өте қажет.

Жасөспірімдердің эстетикалық талғамын қанағаттандыра отырып, олардың музыка өнері жөніндегі түсінігін кеңейтуде, ой-өрісін дамытуда заман талабына сай құрылған музыка сабағының маңызы зор.

Мектептегі музыка сабағы оқушыларды әсемдік әлемінің таңғажайып сырын терең түсініп, көркемдік атаулыны шынайы сезінуге, одан рухани ләззат, әсер алуға, өмір жайлы ой толғауға, ізгілікті мұрат-мақсаттарға жетелеп, өнегелі істерге баулиды. Осы маңызды міндеттерді дамыту үшін баланың бойындағы қабілетті дамыту керек. Ал жалпы музыкалық қабілетті дамыту үшін музыка пәнінің мұғалімі «сегіз қырлы, бір сырлы» болу керек. Ол –әнші, музыкант, актер, әдебиетші, тарихшы, қысқасы, ғылымның әр саласынан хабардар болғанда ғана, бүгінгі күннің талабына сай ұстаз бола алады

Мәтін бойынша сұрақтар

1) Музыка сабағының маңызы қандай?

2) Музыка пәнінің мұғаліміне қандай талаптар қойылады?

3) Сіздің бойыңызда мұғалімге тән қандай қабілет бар?

 

Тапсырмалар

 

А тобы

4) Мәтін бойынша жоспар құрыңыз.

5) Мәтіннің негізгі ойы қандай?

6) Толықтыра отырып, мәтіннің мазмұнын айтыңыз.

Б тобы

7) Мәтіннен термин сөздерді теріп жазыңыз, тақырыпқа бөліңіз. Олардың өзара байланысын анықтаңыз.

8) Мәтіннен зат есімнің сөз тудырушы жұрнақтарын теріп жазыңыз. Мысалдар теріңіз.

9) Мектепте музыка сабағын оқитын сыныптарда қандай озық технологиялар қолданған тиімді? Ойыңызды дәлелдеп, төмендегі кестені толтырыңыз.

 

Сынып

Пән атауы

Озық технологиялар

Артықшылығы

Кемшілігі

1

2

Музыка

 

 

 

2

3

Музыка

 

 

 

3

4

Музыка

 

 

 

4

5

Музыка

 

 

 

5

6

Музыка

 

 

 

 

3. Мәтінді толықтырыңыздар.

Музыка – адамзаттың рухани азығы, жан серігі, ұшқыр қиялы, нәзік сезімі. Музыка мұғалімінің негізгі міндеті – толықтырылған, кеңейтілген бағдарлама негізінде оқу тәрбие үрдісін және ұстаздық педагогикалық шеберлігін дамыту.

Әртүрлі жанрлы музыкалық шығармаларды тануда, музыкадағы түрлі қиын кезеңдер мен көңілді ажыратуда, оқушының музыкалық шығармашылығы дамиды. Мұғалімнің міндеті оқушының жай ғана музыкалық икемін, дамытып, оған музыка туралы білім беру ғана емес, сонымен қатар оның шығармашылық белсенділігін арттыру.

 

Мәтін бойынша сұрақтар

1) Музыканың қандай жанрларын білесіздер?

2) Мектепте мұғалім оқушыларға қандай жанрдағы әндерді үйреткені дұрыс деп ойлайсыз?

3) Бастауыш сыныпта үйретілетін әндерді жазыңыз, не себепті сол әндердің орындалатынын түсіндіріңіз.

 

Тапсырмалар

 

А тобы

4) Мәтіннен дерексіз зат есімдерді теріп жазыңыз.

5) Төменде берілген сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыз.Сызықшаның қойылу себебін түсіндіріңіз: Музыка – адамзаттың рухани азығы, жан серігі, ұшқыр қиялы, нәзік сезімі.

Б тобы

6) Педагогикалық шеберліктің анықтамасын беріп, төмендегі топтастыру стратегиясын толтырыңыз

 

 

4. Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіздер және тапсырмаларды орындаңыздар.

 

Музыка өнерінің жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлі

Музыка өнері – адамзат қауымының пайда болуымен бірге қалыптасып, қоғам дамуының барлық сатысында өмірлік мәні зор тәрбиелік қызмет атқарып, бүгінгі күнге жеткен сарқылмас рухани қазына. Қоғамдағы мәдениеттің деңгейіне, өндірістік қатынастардың, өндірістік күштердің дамуына сәйкес, оның мақсаты мен мазмұны, сипаты, әдіс-құралдары, тәрбие формалары белгілі бір өзгеріске ұшырап отырады. Музыка өнерінің дамып, қалыптасуына жасалған ретроспективтік талдау және археологиялық мәліметтер музыкалық тәлім-тәрбиенің қоғам дамуының деңгейіне тікелей байланысты болғандығын дәлелдейді.

Музыкалық тәлім-тәрбие адамзат қауымының түрлі іс-әрекеттерінде, ойын-сауықта, еңбек ету әрекеттерінде берік орын алып отырды. Ол қоғамның мәдениетін, әлеуметтік тәжірибесін жеткізудің құралы болуымен қатар, сол қоғамның дамуына, музыкалық білімнің жинақталуына, адамдардың өмір әрекеттерінің түрленуіне байланысты әлеуметтік категория ретінде өзі де үнемі дамып, қалыптасу үстінде болды.

Музыка өнері жеке тұлғаның дамып, қалыптасуында аса маңызды роль атқарады. Музыка адам саласына, жүйке жүйесіне ықпал ететін ерекше психофизиологиялық құбылыс болып табылатын дыбыстар арқылы бейнеленеді. Ал ол дыбыстар – түрлі биіктік пен күштіліктегі жай дыбыстар емес, адам сезімін бейнелеуші, реттеуші сұлулық заңына сәйкестенген әсерлі әуен өрнектері.

Әуен-саздың жеке тұлғаның дамып, қалыптасуындағы әсер-ықпалына адамдар өте ерте кезде-ақ назар аударған. Адамзат қоғамының дамуының ең алғашқы кезеңдерінің өзінде оны идеялық-психологиялық қару ретінде қолдана білген.

Музыка – қоғамдық сананың формасы ретінде адамдардың эмоционалдық сезіміне тікелей ықпал етуші эстетикалық тәрбие құралы. Музыкалық шығармаларды аспаптарда ойнап үйрену, орындау жеке тұлғаның эстетикалық, эмоционалды-сезімдік, құндылықты сана-сезімін дамытып, қалыптастырады, әсемдікті қабылдап, сезінуге талпындырады. Ол эстетикалық тәрбиенің басты мақсаты болып табылатын жеке тұлғаның эстетикалық талғамын, эстетикалық идеалын қалыптастырады, болмыстағы құбылыстар мен өнер туындыларындағы әсемдікті саналы түрде қабылдай білуге үйретеді және өзіндік шығарымпаздық қабілеттерін дамытады.

Музыкалық шығармаларда өмір құбылыстарының сан қырлы бейнеленуі, поэзия мен музыканың өзара байланыста болып, бірін-бірі толықтыра келуі бала жанына жағымды ықпал етеді. Рухани қазынаның мөлдір бастау-бұлағынан жас кезінен нәр ала білген бала адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Сөйтіп, қоғамдық, педгогикалық маңызы жоғары адамгершілік тәрбие мақсаттарын жүзеге асыруда қолайлы жағдай туындайды.

 

Мәтін бойынша сұрақтар

1) Музыка өнері қашан пайда болған?

2) Музыканың жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлі қандай?

 

Тапсырмалар

 

А тобы

3) Музыка өнерінің шығу тарихы туралы презентация дайындаңыз.

4)Жауапқа сұрақ жазыңыздар.

Белгілі биіктіктегі дыбыстардан тұратын, адамға сазды әуенімен әсер ететін, дыбыстық көркем бейнеге негізделген өнер түрі.

Б тобы

5) Мәтін бойынша сөздік құрастырыңыздар.

6) Мәтіндегі қос сөздерді  қатыстырып сөйлем құраңыздар.

тәлім-тәрбие

ойын-сауық

бастау-бұлағы

іс-әрекет

сана-сезім

7) «Музыка» сөзін септеңіздер.

8) «Шығармашылық» сөзіне фонетикалық талдау жасаңыздар.

 

Қосымша ақпаратпен танысыңыздар.

Кәсіби музыкалық аспаптарға симфониялық (опералық), үрлеп   ойнайтын және эстрадалық оркестрлер құрамына енетін аспаптар жатады. Кәсіби аспаптардың шығу тегі халықтық музыкалық аспаптарға саяды. Музыкалық аспаптардың даму жолы адамзат қоғамының, оның мәдениетінің, музыкасының, орындаушылық өнерінің жолымен тығыз байланысты. Музыка жанрларының дамуына орай кейбір музыкалық аспаптар халық арасына кең тараған, өзгермей қазіргі заманға жеткен, ал бірқатары біртіндеп жойылып, олардың орнына жаңа музыкалық аспаптар пайда болған. Осы кездегі симфониялық оркестрде қолданып жүрген скрипка, флейта, гобой, кларнет, литавра, арфа, фортепьяно, т.б. ертеден келе жатқан аспаптар қатарына жатады. Бұл аспаптарды жетілдіру жұмысы XV ғ.басталды, ал XVІІІ ғ. кеңінен қолға алынды. XVІ – XVІІІ ғасырлардағы  брешан және кремон шеберлері (Гаспаро да Сало, Н.Амати, А.Страдивари, Дж.Гварнери) жасаған скрипкалар өте жоғары бағаланды.

 

5. Мәтінді оқыңыздар.

 

Музыканың маңызы

Ән салу, музыкалық шығармаларды түрлі аспаптарда орындау физиологиялық процесс болғандықтан, балалардың дене тәрбиесіне, денсаулығына жағымды ықпал тигізеді. Осындай іс-әрекетпен жүйелі түрде шұғылдану өкпедегі оттегі алмасуын белсендіріп, дауыс аппаратының, дем алу органдарының шымыр да икемді жетілуіне, жалпы денсаулығының жақсы болуын қамтамасыз етеді. Ән салу, музыка тыңдау адамның тонусын, яғни жүйке жүйесімен бұлшық еттерінің физиологиялық жағдайдағы күш-қуатын арттырады. Отырып немесе түрегеп ән салу процесінде дене бітімін, басты, қолдарды дұрыс ұстауға дағдыландыру сияқты талаптардың қойылуы балалардың дене қозғалысы мәдениетін қалыптасуына көмектеседі. Музыкалық есту қабілеттерін дамытуға бағытталған жүйелі түрде жүргізілетін жаттығулардың да мәні зор. Ондай жаттығулар жасау барысында оқушылар тек дыбыстардың биіктігі мен ұзақтығын, тембрін, күшін бір мезгілде немесе бірізділікпен сабақтаса естілетін дыбыстар кешендерін ажырату қабілеттерін иеленеді. Сөйтіп, есту рецепторларының қызметі белсендіріледі.

Басқа да өнер түрлері сияқты музыка – танымдық процестерді белсендіру құралы. Музыкалық шығармаларды тыңдау, үйрену, орындау барысында оқушылардың өмір тәжірибесі байытылады, болмысты байыптау өрісі кеңейеді, ойлау процестері жеделдетіледі. Музыкамен қарым-қатынаста болу әуен-саздың өзара байланысын, мәнерін, бірізділіктегі құрылымын (әуенді образды қабылдау), олардың кешенділігін (тембірі мен гармонияның мәнерлігін қабылдау), сонымен қатар шығарманың түрлі фактураларының айырмашылықтарын (гомофония, полифония) танып білуге көмектеседі. Оқушылардың музыкалық іс-әрекеттерінде дамитын ойлаудың осы сферасы олардың болмысты тануына көмектеседі, дүниетанымын кеңейтеді, ақыл-ой қабілеттерін жетілдіреді. Қиялдың, фантазияның дамуы – тәлім-тәрбиенің маңызды жақтарының бірі. Осы ретте бала қиялын шарықтатып, арман-мақсатын шыңдап шығармашылыққа жетелеуде музыканың маңызы зор.

 

Мәтін бойынша сұрақтар

1) Музыкалық шығармаларды түрлі аспапта орындаудың балаларға тигізетін әсері қандай?

2) Музыкалық есту қабілеттерін жақсартуға арналған жаттығулардың пайдасы бар ма?

3) Музыканың бала тәрбиесіндегі маңызы қандай?

 

Тапсырмалар

 

А тобы

3) Музыканың пайдасы туралы түсінгеніңізді баяндаңыз.

4) Мәтіннен қос сөздерді теріп жазып, сөйлем құрастырыңыз.

5) Мәтінде кездесетін термин сөздерге анықтама беріңіз.

 

6. Берілген мақал-мәтелдерді түсініп оқыңыздар. Мағынасын айтып беріңіздер.

 

Өнерлі өрде озар, Өнерсіз жігіт жер соғар.
Өнерлі өрге жүзер.
Ақыл көпке жеткізер, Өнер көкке жеткізер.
Өнерліге өлім жоқ.
Өнерлінің қолы алтын, Өлеңшінің сөзі алтын.
Өнерлі бала сүйкімді.

 


7. Фразеологизмдердің білдіретін мағынасын жазыңыздар.

 

         дауысы жер жарады – ______________________

         бұлбұлдай сайрайды – _____________________

         он саусағынан өнері тамған –______________

 

8. Берілген фразеологизмдерді қатыстырып сөйлем құраңыздар.

 

          күміс көмей – _______________________________________

         жез таңдай –_________________________________________

         сұңқылдаған көмейі сыбызғының үніндей –_________

 

 9. Өнер туралы берілген тақырыптардың біреуіне шағын эссе жазыңыздар.

 

         a) Өнер алды - қызыл тіл.

         ә) Өнерлі өрге жүзеді.

         б) Сегіз қырлы, бір сырлы.

 

10. Мағыналас болып келетін бірнеше мақал-мәтел жазыңыздар.

 

         Үлгі:  Өнер білсең – өлмейсің // Өнерлінің өзегі талмас.

                   Өнер көзі халықта // Ел іші өнер кеніші.

 

11.Төмендегі етістік сөздерді жақша ішіндегі сөздермен тіркестіргенде, олардың қандай мағынаға ие болатынын анықтаңыздар. Осындай тіркестерді өздеріңіз де ойлап табыңыздар.

 

Қағу (бебеу, қутың, барабан, шаң, шеге, ым, таңдай, жүрек).

Табу (ақыл, мал, тілін, жөн, ебін, бала, жол, пайда).

Көру (жеп, жек, кино, бала, сый ).

 

12. Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерін пайдалана отырып, төменде келтірілген сөздерге омоним болатын сөздерді тауып жазыңыздар, оларға түсінік беріңіздер.

 

Үлгі: Би (би биледі, би төрелігін айтты);

 

Сал, салт, өлең, дана, жазу, бақ, жастық.

 

13.Берілген өлеңді оқып шығыңыздар.

Ақ келін

Сөзі: Нәзира Бердалы

Әні: Гауһар Әлімбекова

Бір-ақ күнде қуантып қос ананы,

Сыңсу айтып қыз көңіл босағаны.

Әлпештеген әкеңнің аппақ қызы ең,

Ақ келін боп аттадың,

Ақ келін боп аттадың босағаны.

 

Аппақ гүлдей ағашқа жаңа біткен,

Үлбірейсің, үміттен жаралып па ең?

Басқа тойлар бастауы - бүгінгі той,

Бүгінгі той - қоштасу,

Бүгінгі той - қоштасу балалықпен.

 

Сәлем салып, басыңды ие бердің,

Қолтығыңнан сол сәтте сүйеген кім?

Міне, сондай жеңгелер жолын қуып,

«Ана» деген жақсы атты,

«Ана» деген жақсы атты иеленгін.

 

Шауып кетіп барады құлын-күнің,

Сен бойжеттің – осыны ұғын, гүлім

Ақ дастархан үстінде ақ бата алып,

Жаңа өмірдің ашасың шымылдығын.

 

Ата-енеңді құрметте, отағасын,

Берік қылып осы үйдің босағасын

Ақ ниетпен отқа май тамызған соң,

Шаңырақтың шаттығы

Шаңырақтың шаттығы – От-Анасың.

 

Өлең бойынша тапсырмалар

1) Өлең бойынша омоним, антоним, синоним сөздердің қатарын жасаңыздар.

2) Сөздіктерді пайдалана отырып, олардың мағынасын түсіндіріңіздер.

3) Өлеңді қара сөзге (прозаға) айналдырып мәтін құрастырыңыздар.

 

14. Қазақ тілінде теледидардың мерекелік бағдарламасын жасаңыздар

 

Телеарна

Бағдарлама атауы

Уақыты

Еларна

Әз наурыз (тікелей эфир)

10. 30

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

15. Сұрақтарға жауап беріңіз

1) Мерекелерге арналған телебағдарламалардың ішінде ерекше ұнайтыны бар ма?

2) Ол несімен ұнайды.

3) Өзіңіз қандай бағдарлама ұсынған болар едіңіз?

 

16. Әріптесіңізді кәсіби мерекесімен құттықтап, тілек жазыңыздар.

 

17. Хабарламаны оқыңыздар. Осы үлгіні пайдалана отырып хабарлама құрастырыңыздар.

 

Отандық эстрада жұлдыздары ақпараттық-насихаттық «Менің Қазақстаным» пойызының аймақтарға сапары аясында бүгін Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында өнер көрсетеді.

Ақпараттық-насихаттық акцияның басты мақсаты – әрбір қазақстандыққа ҚР Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығы арқасында қол жеткізілген ел жетістіктерінен хабардар ету.

Қаланың орталық стадионында ҚР еңбегі сіңген әртісі, республика мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мақпал Жүнісова, Қазақстанның опера жұлдызы Майра Мұхаммедқызы, сонымен қатар Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Сембек Жұмағалиев, Айжан Нұрмағамбетова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Ерлан Көкеев, Евгений Шахрай, Superstar.KZ» мега-жобасының жүлдегері Әлішер Кәрімов, алматылық «Азия» тобы және өзге де танымал өнер қайраткерлері өнер көрсетеді.

Мерекелік концерттің басталуы Астана уақыты бойынша 19.00-ге жоспарланған.                   

 

18. Берілген үлгілерге сүйене отырып, соңғы жаңалықтар топтамасын құрастырыңыздар.

 

Үлгі:

1.«Асыл арна» телеарнасы Алматы қаласындағы «Риксос» қонақүйінде эстрада жұлдыздары мен өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ әйгілі спортшылар мен ақындарға ауызашар берді. Ауызашар кешіне Мақпал Жүнісова, «Музарт» триосы,  «Жігіттер» квартеті, «Меломен» тобы, Тұрсынбек Қабатов, Досымжан Таңатаров, Аша Матай,  Маржан Сұлтанбай, Бейбіт Қорған, Нұржан Төлендиев, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Бейбіт Ыстыбаев сынды танымал өнер және спорт майталмандары келді. Кеш барысында викториналық сұрақтар ойнатылып, «Асыл арнаның» 5 жылдығына арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, кеш барысында Сәкен Майғазиевке ғаламтор әлеміндегі «Жұманың үздік жаршысы» атты сертификат табысталды. Ал «Жігіттер» квартеті мен «Меломен» тобы «Діни әндер орындаушы» атты сертификатын жеңіп алды. Тұрсынбек Қабатов пен Нұржан Төлендиев дінімізді әзілмен түсіндіріп, қалжыңмен жеткізгендері үшін өзге де арнайы сертификаттармен марапатталды.

 

«19. Менің мамандығым» тақырыбында эссе жазыңыздар.Төмендегі үлгі бойынша эссені аяқтаңыздар.

 

«Ой ұшқындары» және оның құрылымы

Белгілі бір тақырып бойынша ойын тарқату (тақырыпқа байланысты сөздер мен сөз тіркестері)

Жоспар

1.     ...................

2.     ...................

3.     ....................

Эссе мазмұны

Сөз саны – 2500

- мәселенің өзектілігі

- өз ойын дәлелдеу

- ой түйінін жазу

 

«Ой ұшқындары»және оның құрылымын келесі сызбамен көрсетіңіз.

 

 

20. «Музыка өнерінің жеке тұлғаны қалыптастырудағы ролі» тақырыбында реферат дайындаңыздар.

 

21. Мәтінмен танысыңыздар.

 

Қазақстан Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Ұлттық телеарнасы– бiрiншi ұлттық қазақстандық телеарна. 1958 жылы негізі қаланған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ теледидарының тарихында жаңа кезең басталды. Республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ құрамында «Қазақстан» Ұлттық арнасы, «Қазақ радиосы», «Шалқар» және «Астана» радиолары бар. Бұған қоса кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде он төрт облыстық филиалы жұмыс істейтін мекеме былтырдан бері балаларға арналған «Балапан» арнасын іске қосты. Бүгінгі таңда Республика көрермендерінің 100 пайызын дерлік қамтитын  Қазақстан Ұлттық арнасы көршілес Ресей Федерациясы аумағына, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Моңғолия және Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы өңірлеріне хабар таратады.

Ұлттық телеарна эфирінде әртүрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанрлары, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарлар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген жобалар көптеп саналады. Ұлттық арнаның таңертеңгілік ақпараттық-сазды «Таңшолпан» бағдарламасының алар орны айрықша. Сол секілді миллиондаған спорт жанкүйерлері де «УЕФА чемпиондар лигасы», «УЕФА Еуропа кубогі» сынды тартыстарды тамашалап, жерлестеріміз қатысатын өзге де көптеген ірі спорттық жарыстарды осы бірінші Ұлттық арна арқылы көріп жүргені анық. Әсіресе, «Қазақстан» Ұлттық арнасы кейінгі Қысқы Азиада ойындарын жан-жақты көрсеткені мәлім.Спорттық бағдарламалармен қатар ұлттық арна «Екі жұлдыз», «Кеш жарық» сияқты музыкалық шоуларын да мейлінше жаңа форматта шығарып, көрермендерге ұсынуда. «Сен сұлу» хабарының да алатын орны ерекше. Халқымыздың қолданыстан шығып қалған көне сөздерін жаңғыртуға бағытталған «Сөз мерген» екені даусыз. Қазақтың жезтаңдай әншілері дәстүрін насихаттайтын «Сегіз қырлы» да тыңдаушысын бей-жай қалдырмайды. Сондай-ақ, ұрпақты ұлттық мәдени құндылықтардың бағасын білуге баулып, бүлдіршіндер арасынан сол лайықты дәстүрді жалғастыратын болашақ өнер жұлдыздарын іріктеуге негізделген «Айгөлек» бағдарламасы да халық сүйіспеншілігіне бөленгелі көп болды. Ал отбасылық-ойын-сауықтық «Толағай» хабары болса халыққа салауатты өмір салтын уағыздап, қымбат уақыттың қадірін білуге, сергектік, сымбаттылық сырын ұғуға үндейді.

«Қазақстан» Ұлттық арнасы көрсетілімдерінің елеулі үлесі көркем фильмдер мен сериалдардың трансляциясына беріледі. Телеарна эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады – әлемдік классика, детектив, комедия, арт-хаус, триллерлер және экшн-фильмдер. Қазір қазақ елі көрермендеріне үздік түрік және корей сериалдары көрсетіліп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Ал негізгі орын отандық «Қазақфильм» киностудиясының «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», сондай-ақ, соңғы жылдардағы «Қызжылаған», «Көшпенділер», «Біржан сал» сияқты туындаларына беріліп жүр. Ұлттық арна түрлі жанрлардағы бағдарламалар шығарумен қоса көркемсуретті фильмдер жасаумен де айналасып келеді. Оған мысал ретінде жаңа заманғы көпшілік-ситком жанрында түсірілген «Айналайын», «Астанаға көктем кеш келеді» сияқты дүниелерді атауға болады.

         «Қазақстан»–бүгінде телевизиялық танымдық-тағылымдық, көңілашар–ойын-сауық, спорттық бағдарламалардан көшбасшы орын алып, үнемі даму үстінде келе жатқан үздік телеарналардың бірі (БАҚ материалдарынан).

 

Мәтін бойынша тапсырмалар

1) Мәтінге сәйкес ақпаратты таңдаңыз.

Тіліміздегі көнерген сөздерге арналған бағдарлама ...

A)«Толағай»

B)«Сөз мерген»

C)«Сен сұлу»

D)«Сегіз қырлы»

 

2) Мәтіндегі басты тірек сөздерді табыңыз.

А)Ұлттық арна, эфир, бағдарлама

В) көрермен, радио, көркемсуретті фильм

C)телевизия, фильм, Ұлттық арна

D)сериал, өнер жұлдыздары, классика

 

3) Мәтін бойынша толық және нақты ақпаратты табыңыз.

Ұлттық арна ...

A)түрлі  бағдарламаларжасап, халыққа ұсынады.

B)көркемсуретті фильмдер жасаумен шұғылданғанына біраз уақыт болды.

C)түрлі бағдарламалар мен көркемсуреттіфильмдер жасаумен

айналысады.

D) хабарлары туралы жазылған сын мақалалар кейде жаряланып тұрады.

 

4) Мәтін мазмұнына сәйкес жауапты табыңыз.

«Балапан» арнасы қашан іске қосылды?

A) екі жыл бұрын

B) үстіміздегі жылы

C)биыл

D)өткен жылы

 

5) Мәтіндегі негізгі ойды анықтаңыз.

Ұлттық арна ...

A) алдыңғы қатарлы қазақстандық телеарналардың бірі екендігі.

B)көрсетілімдерінің елеулі үлесі көркем фильмдер мен сериалдар  трансляциясына берілетіндігі.

C) эфирінде әртүрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ток-шоу жанрларының молдығы.

D)эфирінде ойын-сауық және танымдық бағдарламалар мен  

жобалардың берілетіндігі.

 

6) Мәтінге нақтырақ тақырып таңдаңыз.

A)Көрермендер көзайымы

B)Ұлттық арна жаңалықтары

C)Ұлттық арна бағдарламалары

D)Үздік телеарна туралы  ой

 

7) Мәтін мазмұнын нақтылайтын қорытындыны таңдаңыз.

A) Танымдық-тағылымдық, ойын-сауықтыққызықты

бағдарламалар.

B) Республика көрермендерінің 100 пайызын дерлік қамтитын ұлттық арна.

C) Ұлттық арна үнемі даму үстінде келе жатқан үздік

телеарналардың бірі.

D) «Айгөлек» бағдарламасы да халық сүйіспеншілігіне бөленгелі көп болды.

 

8) Мәтіндегі маңызды емес ақпаратты таңдаңыз.

A)Кейінгі Қысқы Азиада ойындары  жан-жақты көрсетілді.

B)Ұлттық арна  эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады.

C)«Кеш жарық» музыкалық шоуы жаңа форматта шығарылып  ұсынылуда.

D) «Сегіз қырлы» қазақтың жезтаңдай әншілері дәстүрін

насихаттайды.

 

9) Автордың пікірін білдіретін ақпаратты таңдаңыз.

A) Телеарна эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады.

B) Ақпараттық-сазды «Таңшолпан» бағдарламасының алар орны айрықша.

C) «Толағай» хабары болса халыққа салауатты өмір салтын

уағыздайды.

D) Негізгі орын отандық фильмдерге беріліп жүр.

 

10) Мәтіндегі І азат жолына дәлірек тақырыпша таңдаңыз.

A)Қазақ радиосы

B)Қазақстан Ұлттық арнасы

C)«Балапан» бағдарламасы

D)Облыстық филиалдар

 

11) ІІ азат жолына дәлірек тақырыпша таңдаңыз.

A)«Толағай» отбасылық хабары

B)«Сөз мерген» бағдарламасы

C)Ұлттық телеарна бағдарламалары

D)«Сен сұлу» хабары туралы

 

12) Мәтіндегі ІІІ азат жолына дәлірек тақырыпша таңдаңыз.

A)Түрік және корей фильмдері

B)«Қазақфильм» киностудиясы

C)Көркемсуретті фильмдер

D)Ұлттық арнадағы фильмдер мен сериалдар

 

22. Мәтінмен танысыңыздар.

 

«Шалқар» радиосы онлайн-режимінде

Елбасы Н.Назарбаев «Егемен Қазақстанның» 90 жылдық мерейтойына орай газет ұжымымен кездесуінде «Болашақта қағаз үлгісіндегі газет бола ма, болмай ма, білмедім, бірақ дүниежүзі қазір газеттің электронды нұсқасына көшіп жатыр» дей келе, ұжымға газеттің элоктрондық нұсқасын дамытуды тапсырған болатын. Сол сияқты электронды БАҚ-қа да электронды нұсқасын, яғни веб-сайттарын жасау және дамыту міндеті тұр деп ойлаймын.
Онлайн - тікелей желіде болуды көрсетсе, ал онлайн-режимде радионы интернеттен тікелей эфирде тыңдауға мүмкіндік алу. Шет ел радиостансаларын айтпағанда, Ресейдің «Маяк», «Радио России», «Эхо Москвы», т.б. радиостансаларының өзі интернеттің шапағатын бізден әлдеқайда ерте көріп, игілігін ерте сезінуде деп айтуға болады. Өйткені, ресейлік әріптестерімізден біздің үйренеріміз әлі де көп.

Қазір Қазақстанда радио хабарларын әуе толқыны арқылы тарату мәселесіне жаман баға бермесек те (Қазақ радиосының 1-бағдарламасы ел тұрғындарының 90 %-ға жуығын, ал «Шалқар» 60 %-ынан астамын қамтиды), интернет арқылы радио тыңдау, радиохабарларға кері байланыс арқылы пікір білдіру, сауал қою, т.б. әрекеттері кемшін түсіп жатыр. Бұрын радионың хабарларын эфир толқындарынан тартылған сым арқылы үйде не жұмыста, бертін келе, плеер,  mp3, т.б. құралдары арқылы тыңдайтын. Қазір де солай. Ал ғаламторға шыға алатын тыңдаушылар әлемнің кез келген нүктесінен Қазақ радиосын екі жылдан бері тыңдап келсе, енді «Шалқар» радиосы да онлайн режиміне қосылды. Яғни тыңдаушы екі арнаның да эфирін интернеттен тікелей тыңдауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар эфирден өткен хабарлардың аудио нұсқасын да тиісті түймелерді басып тыңдауға болады. Кеңестер Одағы тарағанға дейін, одан кейінгі кезеңдерде де, мәселен «Шалқар» арнасын орта толқындарда әлемнің жартысы тыңдай алатын. Кейіннен ол жүйе де жойылды. Шет ел тұрмақ, өз еліміздің тұрғындары «Шалқардың» хабарлары мен әуен-саздарын әрең тыңдайтын халге жетті. Бұл күнде біртіндеп қабылдап-таратқыш құрылғылары қойылып жатқан соң, «Шалқардың» ҒМ толқындары еліміздің көптеген аймақтарына естілуде. Ал енді осы қамту мәселесін сөз еткенде, Қазақ радиосының бірінші бағдарламасының да, екінші бағдарламасы - «Шалқардың» да тыңдаушылар аудиториясы бұрынғыдан әлдеқайда кеңейді деп айту керек. Өйткені, төрткүл дүниеде шырмауықша шырмалған интернет қызметі болса болды, жер шарының кез келген тұсынан 1-бағдарламаның да, «Шалқардың» да үнін ести аласыз. Тек радиохабарларын интернеттен бір мезгілде қанша адамның тыңдай алуы - ол басқа мәселе...

Әзірге еліміз аумағына таралатын өзге радиолардың интернет арқылы хабар тарату мәселесі аса көңіл көншітерлік емес. Өйткені, интернетті парақтаған тыңдаушы ғаламтордан қазақстандық контентті өздері де іздеп тауып, көз жеткізе алады. Бірақ бәрібір қандай радио болмасын алда біртіндеп онлайн режиміне қосылары сөзсіз. Өйткені, жаңа технологиялар жылдан жылға дамып, кешегі техника бүгін ескіріп, замана жетістігі қарыштап, болашаққа қарай зуылдай озып барады. Әлем тұтастанып, бар дүние бидайдың қауызына сыйып кеткендей... ғаламторға қосылған көк жәшікті аударып-төңкерсеңіз, дүниенің төрт бұрышындағы оқиғалар әп-сәтте көз алдыңызға келіп, ол жайында оқып, көріп, тыңдай аласыз. Әр оқиғаға сол мезетте-ақ пікір қосам десеңіз, оны даболса патша көңіліңіздің қалауы білсін...

 

Мәтін бойынша тапсырмалар

1) Мәтінге сәйкес ақпаратты табыңыз.

«Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына ...

A) мемлекеттік тілді кеңінен насихаттауды

B) жаңа газет рубрикасын ашуды

C) газеттің электронды нұсқасын дамытуды

D)өткен хабардың аудионұсқасын тыңдатуды тапсырды.

 

2) Мәтіндегі басты тірек сөздерді табыңыз.

A) «Шалқар» радиосы, ғаламтор, хабартарату

B) радио толқыны, тыңдарман, хабар

C) ғаламтор, әлем, радио

D) газет, аудитория, радио толқындары

 

3) Мәтін бойынша толық және нақты ақпаратты табыңыз.

A) Тыңдаушы екі арнаның эфирін интернеттен тікелей тыңдауға мүмкіндік алды.

B)«Шалқар» радиосын  халықтың жартысынан астамы тыңдайды.

C)Тыңдаушы Қазақ және «Шалқар»радиоларының эфирін

интернеттен тыңдай алады.

D) Қазақ радиосын ғаламтордан тыңдап келе жатқанына біраз болды.

 

4) Мәтін мазмұнына сәйкес жауапты табыңыз.

БАҚ-тың алдындағы міндет?

A) Тыңдармандардың қызығушылығын арттыра түсу.

B) Хабар тарату жолын жеңілдету.

C) Дүниенің төрт бұрышынан хабар тарату.

D) Веб-сайттарын жасау және дамыту.

 

5) Мәтіндегі негізгі ойды анықтаңыз.

A) Жаңа технологиялар жылдан-жылға даму үстінде.

B) Ақпарат құралдарының маңыздылығы жайында.

C) БАҚ хабарларын ғаламтор арқылы тарату жолдары.

D) Еліміздің радио толқындарын ғаламторға қосу тиімділігі.

 

6) Мәтінге нақтырақ тақырып таңдаңыз.

A) Ғаламторда еліміздің радио толқындары

B) Төрткүл дүние көз алдыңда

C) Электронды мерзімді басылымдар

D) Ел жаңалығы жайында

 

7) Мәтін мазмұнын нақтылайтын қорытындыны таңдаңыз.

A)Техника жетістігін тиімді пайдалана білген жөн.

B) Ғаламтордың қызығы мол.

C) Радио хабарларын тыңдаудағы жетістік.

D) «Шалқар» - еліміздегі белгілі арна.

 

8) Мәтіндегі І азат жолына тақырыпша таңдаңыз.

A)Газет ұжымы

B) Веб-сайт

C) Елбасының тапсырмасы

D) Ғаламтор

 

9) Мәтіндегі ІІ азат жолына тақырыпша таңдаңыз.

A) Радио тыңдау уақыты

B) «Шалқар» онлайн-режимінде

C) Қазақ радиосы бағдарламасы

D) «Шалқар» радиосының тарихы

 

10) Мәтіндегі ІІІ азат жолына тақырыпша таңдаңыз.

A) Замана жетістігі

B) Жаңа технологиялардың дамуы

C) Ғаламторға қосылған көк жәшік

D) Радиолардың ғаламтор арқылы таралу барысы

 

11) Мәтіндердегі  ақпаратты жағымды бағалайтын нұсқаны таңдаңыз.

A) Бүгінгісі ертеңнің қолына су құюға жарар-жарамасы дүдәмал күйде.

B) Айтылған жайға пікір қосам десеңіз, қалауыңыз білсін.

C)Ғаламторда әлем тұтастанып, бар дүние бидайдың қауызына сиып кеткендей.

D)«Шалқардың» ҒМ толқындары еліміздің көптеген аймақтарына  естілуде.

 

12) Мәтін мазмұнындағы басты ақпаратқа қарама-қарсы ақпаратты табыңыз.

A) «Шалқар» радиосы – өзінің тыңдарманы бар, белгілі арна.

B) «Шалқар» радиосы заман ырғағынан қалыспауда.

C) Ғаламтор арқылы тараған хабар тыңдармандарын тез табады.

D) Ғаламторға үнемі үңілудің өзіндік кемшін тұстары да бар.

 

13) Автордың пікірін білдіретін ақпаратты таңдаңыз.

A) Қандай радио болмасын алда біртіндеп онлайн режиміне

қосылары сөзсіз.

B)«Шалқар» арнасын орта толқындарда әлемнің жартысы тыңдай алатын.

C)Радиохабарларын интернеттен бір мезгілде қаншама адам

тыңдайды.

D) «Шалқар»радиосы ел тұрғындарының 60 %-ынан астамын

қамтиды.

 

14) Мәтіндегі себеп-салдарлық байланысты анықтаңыз.

Қандай радио болмасын біртіндеп онлайн режиміне қосылады, ...

A) өйткені өткен хабарды қайта тыңдауға болады.

B)себебі Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы қосылды.

C) себебі ғаламтордан хабар тыңдаудың тиімді тұстары бар.

D) өйткені жаңа технологиялар жылдан-жылға дамып келеді.

 

15) Мәтін мазмұнына қажетті деректерді табыңыз.

A) Ғаламторға «Шалқардың» қосылғанына көп болған жоқ.

B) Ресейдің радиостансалары ғаламторға әлдеқашан қосылған.

C)Ғаламтордан «Шалқар» радиосын кез-келген уақытта тыңдай аласыз.

D)Қазақ радиосының тыңдаушылары бұрынғыдан әлдеқайда

көбейді.

 

23. Мәтінмен танысыңыздар.

 

мен Астана қаласында тұрамын. Астана жыл өткен сайын үлкейіп, дамып келеді.

Біздің компанияға шетелден бірнеше әріптестеріміз келді. мен оларды күн сайын гүлденіп, көркейіп келе жатқан қаламыздың көрікті жерлерімен таныстырып, кешкісін қазақтың ұлттық тағамдарымен таң қалдырғым келді. Оларды Есілдің сол жағалауындағы «Жерұйық» мейрамханасына апаруды жоспарладым.

Жерұйық – Астанадағы ең үлкен мейрамханалардың бірі. Мейрамхана алдында жаңа саябақ бар. Саябақтың ауасы кең әрі таза. Орындықтары да өте әдемі. Онда түрлі ағаштар мен сан алуан гүлдер өсіп тұр.

Мейрамхананың іші ұлттық нақышта безендірілген. Төбесінде шаңырақ, қабырғасы уықтармен қоршалған.

мен әріптестеріме қазақтың ұлттық салтында ең алдымен шай дастарқаны жасалатынын, оның басты асы бауырсақ екенін айттым. Қазақтың ұлттық тағамы – қазақша ет, сыйлы қонақтарға берілетін қойдың басы туралы әңгімелеп бердім.

Дастарқан басында шетелдік әріптестерім қазақ халқының салт-дәстүрлері жайлы көп сұрады. «Жерұйық» мейрамханасында әзірленген халқымыздың ұлттық тағамдары, біздің елдің жылы қарсы алуы, орындалып жатқан әсем әндер әріптестеріме қатты ұнады. Олар қазақ халқының қонақжайлығына ерекше баға берді.

 

Мәтін бойынша тапсырмалар

1) Мәтінге сәйкес келмейтін ақпаратты таңдаңыз

А) мен Астана қаласының тұрғынымын.

В) Астана қаласы жылдан-жылға үлкейіп келеді.

С) Таңертең шетелдік әріптестеріммен бірге саябақты араладық.

D) Шетелдік қонақтарға Астананың көрікті жерлерін көрсеткім келді.

 

2) Мәтінде жауабы бар сұрақты таңдаңыз

А) Мейрамхана алдындағы саябақ қалай аталады?

В) «Жерұйық» мейрамханасы қай жерде орналасқан?

С) Қазақтың ұлттық тағамы қазақша ет қалай жасалады?

D) «Бауырсақ» сөзінің мағынасы қандай?

 

3) Мәтінге сәйкес ақпаратты таңдаңыз.

А) Шай дастарқанының  көркі  – бауырсақ.

В) Қазақ халқы сыйлы қонақтарына бауырсақ  пісіреді.

С) Қонақтар Астана, оның тарихы туралы көп мәліметтер алды.

D) «Жерұйық» мейрамханасында қазақтың ұлттық тағамы қазақша ет жедік.

 

4) Мәтіндегі басты тірек сөздерді табыңыз.

А) қонақ, Жерұйық, ән

В) тағам, әріптес, ілтипат

С) мейрамхана, саябақ, гүл

D) Астана, әріптес, мейрамхана

 

5) Мәтін бойынша толық және нақты ақпаратты таңдаңыз.

А) Жерұйықтың алдында саябақ бар.

В) Жерұйықтың қабырғалары уықтармен қоршалған.

С) Жерұйықтың іші ұлттық өрнектермен безендірілген.

D) Жерұйық – елордадағы аса үлкен мейрамханалардың бірі.

 

6) Мәтін мазмұнына сәйкес жауапты таңдаңыз.

Шетелдік әріптестеріме не ұнады?

А) Оларға саябақ ұнады.

В) Шетелдік әріптестеріме Астана ұнады.

С) Халқымыздың ұлттық тағамдары ұнады.

D) Есілдің сол жақ жағалауы ұнады.