1. Оқыңыз, түсініңіздер.
Ақан сері
Қазақ даласына асқан әншілік өнерімен танылған, әрі ақын, әрі әнші, әрі композиторлық өнер түрлерін қатар меңгерген дарын иелерінің бірі – Ақан сері Қорамсаұлы. Ол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі халықтық кәсіби-әншілік өнердің көрнекті өкілі.
Ақан серінің өмірі мен шығармашылығы туралы алғаш пікір айтып, жеке әндерін нотаға түсірген А.В.Затаевич болды. Одан соңғы қалам тартқан адам – Ахмет Қуанұлы Жұбанов. Өзінің «Қазақстан композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942)атты еңбегінде Ақан сері туралы көптеген құнды мәліметтер келтірген болатын. Одан бергі кезеңде ақын-әнші шығармашылығын зерттеу ісі бір толастаған емес. Музыка мамандары композитордың әндерін жинап, нота жазуына түсірумен шұғылданса, Ә.Тәжібаев, Х.Сүйіншәлиев секілді әдебиетшілер әнші-ақындар деген ұғым аясында сал-серілер поэзиясын зерттеді. Композитор шығармалары «Маңмаңгер» деген атпен жеке жинақ болып басылып шықса, поэзиялық туындылары да бірнеше рет баспа жүзін көрді.
Ақан жас кезінен ескіше білім алған. Әкесі Қорамса оны ауыл молдасына беріп оқытады. ер жете келе бір басына өнердің бірнеше саласы қонған Ақан ауыл жастарының сәніне айналады: ауыл-ауылды аралап, елге танымал көркем әндерді асқан шеберлікпен орындап, әншілік өнерімен танылады. Сонымен бірге ол ел тұрымысынан көрген-білгендерін, өз басынан өткерген оқиғаларды әнге қоса бастайды. Жігіттік шағында «қыз өссе – елдің көркі» демекші, әр ауылдың сұлу қыздарына көз тігіп, сөз сала бастайды. Сол пәк сезімдерін көркем ән арқылы сыртқа шығарады.
Ақан сері өз әндерін орындаумен шектелген жоқ. Қазақ даласына кең тараған халық әндерін де нәзік сезім, асқан шеберлікпен орындаған. Оның авторлық әндерінің тақырыбы сан алуан, көркемдік жүйесі биік, әуені нәзік, көркем болып келеді. Шығармаларының басым бөлігі өзі сүйген қазақ қыздарына арналған. Бір ғана Ақтоқтыға арнап «Ақтоқты», «Ақ көйлек», «Сұлу қызға», «Ақиық пен ақ түлкі» секілді әндер шығарған. Екі жас бір-бірін ұнатса да, түпкі армандарына жете алмайды. Қазақ халқының ежелгі салты бойынша Ақтоқтының қалың малы төленіп қойылған еді. Буырқанған ғашықтық сезім, орындалмайтын арман сүйген қызға деген қоштасу рухындағы әндерді тудырады. Олар ел арасына кеңінен тарап жатты. «Алтыбасар», «Балқадиша», «Майда қоңыр», «Перизат», «Сырымбет», «Үш тоты құс» т.б. көптеген әндері қазақ арасын еркін аралап кетті. Олар бірде сүйіспеншілік сезімді, бірде қазақ қыздарының тағдырын әнге қосты.
Ақан сері 1913 жылы дүние салған. Ол – әншілік өнердің биігіне көтерілген нағыз өнерпаз тұлға. Оның көркем әндеріне терең сезімді лирика, әсерлі әуен тән. Ақан шығармалары арқылы қазақ халқының ән өнері кәсіби сипатқа ие болып, өрісін кеңейте түсті.
Мәтін бойынша тапсырмалар
1) Төмендегі сұрақтарға жауап беріңіздер.
а) Ақан сері Қорамсаұлы кім?
ә) Ақан сері әндерін алғаш нотаға түсіруші кім?
б) Ақан поэзиясын әдебиеттану тұрғысынан зерттеуші-ғалымдар кімдер?
в) Ақан сері әндерінің көпшілігі кімге арналған?
г) Ақан серінің өмірі мен шығармашылығы туралы не білесіздер?
2) Түсіндірме сөздік арқылы анықтама беріңіздер.
Сал -______________________________________________
Сері -_____________________________________________
3) Фразеологизмдердің білдіретін мағынасын жазыңыздар.
Қалың мал –______________________________________
Өрісін кеңейтті -__________________________________
Қалам тартқан – __________________________________
Көз тігу -__________________________________________
Сөз салу -_________________________________________
Дүние салу - ______________________________________
4)Берілген зат есімдер және етістіктер арқылы фразеологиялық тіркестер жасаңыздар.
Үлгі: Сөз зат есімі арқылы жасалған тұрақты тіркестер.
Сөз салу Қызыл сөз
Сөз бұйдаға салу Құрғақ сөз
Сөзге тоқтау Ыстық сөз
Өріс –_________________________________________________
Көз – _________________________________________________
Салу –________________________________________________
Тігу –_________________________________________________
2. Өлеңді мәнерлеп оқып, тарихын баяндап беріңіздер.
Балқадиша
Қызы едің Ыбыкеңнің, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік тал — Қадиша.
Жиылған осы тойға қалың қыздың,
Ішінде қара басың — хан, Қадиша.
Қызы едің Ыбырайдың, Балқадиша,
Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,
Боласың қандай жанға жар, Қадиша.
Қызы едің Ыбырайдың, Балқадиша,
Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша.
Бір түгіл екі жеңгең келіп тұр ғой,
Рұқсат бізден сізге бар, Қадиша.
3. Сіз білесіз бе?
Салдар мен серілер
Қазақтың жақсы мен жайсаңдары «сал-серілерді» жек көрген, оларды қу, арзан алдамшылар деп атаған. Шын мәнінде, «сал-серілер» революцияға дейінгі Қазақстан жағдайында әндік және ақындық өнердің көрнекті өкілдері болған. Олар өздерінше мәнермен киінген. Осы қасиеттері дала қазақтарының ызасын келтірсе керек.
Қазіргі уақытта эстрадалық және опералық әнші гастрольге шығатын болса, жол қоржынына өзінің концерттік костюмдерін салады. Сал - серілерде бұл мүмкіндік болмаған. Олар ауылдарда, далаларда, жәрмеңкелер мен базарларда өнер көрсеткен. Олар өздерінің концерттік киімдерін тұрақты киіп жүрген, осы ерекше жасану арқылы олар жәй адамдардан бөлініп, айырықшаланып тұратын болған. Халық сал-серілерді жақсы көрген, оларға айрықша құрмет көрсеткен. Олар қазақ халқының сүйіктісі, еркелері болған. Жас әйелдер мен қыздар олар келгенде немесе жолға шыққанда аттарын байлап, босатып, таңдаулы сұлулар кесемен шәй берген. Сал – серілерге қалыңдық отырған шымылдық ішіне кіруге рұқсат етілген. Сал – серілер шын мәніндегі әртістер болған. Олар үнемі халық назарында болып, өнер үшін қызмет көрсеткен. Халық жадында сал-серілерден Біржан сал мен Ақан сері ерекше орын алады.
Мәтін бойынша тапсырмалар
1) Мәтінді орыс тіліне аударыңыз.
2) Мәтін бойынша орысша-қазақша сөздік жасаңыз.
3) Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыз.
3. Мәтінді оқыңыздар және түсінгендеріңізді мазмұндаңыздар.
Сағырбайұлы Құрманғазы - (1823-1896) - композитор-күйші, қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі.Туып-өскен жері - Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал нағашы жұрты – Беріш руы. Оның әкесі Сағырбай өнерге мойын бұра алмаған, шаруа адамы болыпты. Оның бесінші атасы Балтабай әулеті шетінен домбыраға тіл бітірген өнерпаз болса керек. Ал жетінші атасы Ерші туралы күні бүгінге дейін ел ішінде «Ершінің еркегін қойып, әуелі әйелімен айтысып ал» деген сөз бар. Оның анасы Алқа да келін болып түскенше даланың ерке желіндей еркін өciп, ойын-тойдың шырайын келтірген екен.
Оның ұстазы Ұзақ болатын. 1830 жылы Беріштен шыққан Исатай Тайманұлы және оның жан досы, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы бастаған Жәңгірханға қарсы шаруалар көтерілісінде ол да болады. Сол жылдарында «Кішкентай» деген күй шығарады. 1857 жылы оны түрмеге отырғызады. Сібірге айдатайын деп жатқан жерден ол қашып құтылады. Екінші рет оны Орынбор түрмесіне қамайды, бірақ генерал-губернатор Перовскийдің қолдауымен құтқарылады. Түрме тақырыбына бірталай күй шығарады: «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Арба соққан», «Перовский маршы», «не кричи не шуми», «Машина».
1880 жылы Астрахан түбіндегі Сақмар елді мекеніне қоныс аударады. Қауым арасында ерекше құрметке бөленген ол Дина Нүрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов сынды мирасқорларын жинайды. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менетай, Менқара, Сүгірәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері де оны ұстаз тұтқан.
Мәтін бойынша тапсырмалар
1) Суретке және мәтін мазмұнына қарай мәтінге тақырып қойыңыз.
2) Сұрақтарға жауап беріңіз.
а) Сазгердің шыққан тегі жайлы не білесіздер?
ә) Оның ұстазы болған кім?
б) «Қайран шешем» күйі кімге арналған?
в) Өмірі мен шығармашылығы туралы өздеріңіз не білесіздер?
4)Түсіндірме сөздік арқылы анықтама беріңіздер.
әулет -___________________________________________
тегі -_____________________________________________
жеті атасы -______________________________________
нағашы жұрты -_________________________________
мирасқор -______________________________________
5) Төменде берілген күйлердің тарихы туралы баяндаңыздар.
«Қайран шешем», «Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Арба соққан», «Перовский маршы», «не кричи не шуми», «Машина».
6) Фазеологизмдердің мағынасын түсіндіріңіздер. Синонимдік қатар құрыңыздар.
От тілді, орақ ауызды, сөз дарыған, мойын бұра алмаған, тіл бітірген, шырайын келтірген, даланың ерке желіндей, топырақ бұйырған орны, қоныс аударды, ұстаз тұтқан, құрметке бөленген.
7) Синонимін жазыңыздар.
өрбіген -_________________________________________
қолдауымен -____________________________________
қауым - __________________________________________
әйгілі – __________________________________________
8) Сөйлемді аяқтаңыз.
Құрманғазы Сағырбай қазақ халқының___________
Құрманғазының әкесі Сағырбай__________________
Түрме тақырыбына арналған _____________________
Дина сияқты ______________________________________
9) «Өнерпаз» тақырыбына мәтін құрастырыңыздар.
4. Мәтіндерді орыс тіліне аударыңыздар.
Абай Құнанбайұлы
Қазақтың ұлы ақыны және сазгері. Абай Құнанбайұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. Абай қазақтың ән өнерін жаңа көркемдік бейнелеу құралдарымен байытты. Оның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, қаламқас», «Бойы бұлғаң», «мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Татьянаның хаты», т.б. әндері бар. Сонымен қатар «Тор жорға», «Май түні» деген күйлері бар.
Біржан сал Қожағұлұлы
2) Біржан сал – ақын, әнші, сазгер. Ол қазіргі солтүстік Қазақстан облысындағы «Қожағұл құдығы» деген жерде дүниеге келген.
Асқақ ақын, жезтаңдай әнші – Біржан қазақ өнерін өз әндерімен байытып қана қоймай, оны жаңа белеске көтерген талантты сазгер. Оның «Бурылтай», «Теміртас», «Жанбота», «Адасқақ», «Жонып алды», «Көкек», «Айтбай», «Біржан сал» т.б. әндері бар. Біржан әнші, сазгерлігімен қатар талантты әрі дарынды сурып салма ақын болған. Ақын Сарамен айтысқан. Оның ақындық өнерін кейінірек Сара, Әсет, Доскей ақындар жалғастырды.
Мұхит Мералыұлы
3) Мұхит Мералыұлы – әнші-сазгер, ақын, күйші. Ол Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Ақбақай деген жерде дүниеге келген.
Ел арасында «Әнші Мұхит», «Сал Мұхит» атанған ол - «Айнамкөк», «Айдай», «Алуаш», «Зәуреш», «Кербез қыз» т.б. әндердің авторы. Мұхит әндерінде адам жан дүниесіндегі қуаныш-күйініш, қиял-сезім, арман-ойлар барынша суреттелген.
Жаяу Мұса Байжанұлы
4) Жаяу Мұсаның туып өскен жері – қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Ол жасынан өнерпаз, талапкер болып өседі. Өз бетімен оқиды. Кейін Омбы қаласына барып орысша оқуға түседі.
Жаяу Мұса арқадағы Біржан сал мен Ақан сері бастаған әнші-ақындардың дәстүрін дамытушы және қазақ музыкасының мазмұны мен түріне, орындаушылық өнеріне жаңалық енгізуші. Оның атақты «Ақ сиса» әні, «Сұрша қыз», «Хаулау», «Гауһар қыз», «Жуан аяқ», «Толқыма», «Ләйлім», «Баянауыл» т.б. көптеген әндері бар.
Мәтін бойынша тапсырмалар
1) Берілген әнші-сазгерлер жайлы қосымша ақпараттармен бөлісіңіздер.
2) Өзіңізге ұнайтын әнші, сазгер туралы журнал шығаруды жоспарлаңыздар.
Жұмыс кезеңдері:
1 Бұқаралық ақпарат құралдарынан материалдар жинақтаңыз.
2 Өзіңізге ұнайтын әнші не сазгер туралы суреттер, ақпараттар жинап, журнал жобасын, дизайнын жасаңыздар.
3 Журнал макетін слайд арқылы таныстырыңыздар.
3) Берілген тақырыптардың біреуіне шағын эссе жазыңыздар.
а) Күй атасы – Құрманғазы.
ә) Әннің де естісі бар, есері бар.
б) Әнді сүйсең, менше сүй.
в) Ел іші өнер кеніші.