1. Мәтінді оқып, түсінгендеріңізді баяндаңыздар.
Халық әндері
Кез келген халықтың ғасырлар бойы жасалған мәдениеті болады. Оның бір саласы тарих болса, келесі бір арнасы – әдебиет пен өнер. Өз кезегінде өнер де сала-салаға жіктеледі. Оларды қол өнері, сурет өнері және музыка өнері дейміз.
Халқымыздың ғасырлар тереңінен жеткен музыка өнері үлкен екі арнада көрінеді. Олар: ән және аспаптық дәстүр. Зерттеушілердің анықтауынша, бұл екеуінің ерте туғаны – ән жанры. Халық әндері – сарқылмас қазына. Оны жай ғана ән салу, көңіл көтеру деп түсінуге болмайды. Себебі әннің толып жатқан өзге де қасиеттері бар. Ән – өнер. Ән – адамның көңіл-күйі, тебіренісі мен толғанысы, қуанышы мен жұбанышы. Ән – табиғат суреттемесі. Ән – халықтың көркем ой-cанасы, көркем тарихы. Ән – өмір айнасы. Олай болса, бізге әсер еткен өмір құбылыстарының барлығы дерлік ән арқауына айналып отырған.
Әрбір дәуірдің, әрбір тарихи кезеңнің өз үні, өз әуені, өз мақамы болған. Сол сипатына қарап кез келген әннің туған кезеңін дөп басып анықтауға болады. Ән –өмір анасы дегеніміздің мәнісі осында. Мұны әннің тарихи сипаты дейміз.
Әннің келесі бір қасиеті – әуезділігі, әсерлілігі, көркемділігі. Бұл уақыт сынынан өтіп, біздің заманымызға жеткен халық әндерінің барлығына тән белгі. Жазба мәдениеті туа қоймаған дала жағдайында нағыз көркем, тыңдаушысына терең сезімге бөлейтін әуен ғана ел аузына ілігіп, ұзақ мерзім өмір сүре алған.
Халық әндеріне тән тағы бір белгі – елдің өмірі, тұрмыс-тіршілігімен сабақтастығы. Кез келген ән белгілі бір оқиғаға құрылады. Соған орай айтайын деген ой-мазмұны да болады. Сол ой терең сезім арқылы тербеліп, көркем кесте өлең түрінде сыртқа шығып отырған. Мұны әннің поэзиялық арқауы немесе әдеби сипаты дейміз. Осы үш белгі жоқ жерде оны ән жанрына жатқызу қиын. Уақыт пен кеңістіктен тыс өмір сүретін ән болмайды. Қазақ халқының ән өнері сан-салалы. Көне дәуірден жеткен бұл мәдениет саласын бірнеше арнаға бөлуге болады. Олар: бақсы сарыны, жыраулық дәстүр, ертегілік, тарихи және лирикалық әндер. Ән – вокальдық жанр болса, халық әндеріне тән мынадай белгілерді көрсетуге болады:
1) әннің мазмұны, яғни әдеби мәтіні.
2) әннің әуені, яғни музыкасы.
3) әннің жанрлық ерекшелігі.
Мәтін бойынша тапсырмалар
1) Сұрақтарға жауап беріңіз.
а) Қандай өнер түрлері бар?
ә) Халық әндеріне тән ерекшелік?
б) Қандай халық әндерін білесіздер?
2)Мәтін бойынша сөздік жұмысын жазыңыздар.
3) мәтіннен синоним сөздерді теріп жазыңыз.
2. Сіз білесіз бе?
Әннің шығуы туралы аңыз
Ежелгі заманда жер бетін мекендеген бірде - бір халық өлеңнің, әннің не екенін білмеген. Өлеңсіз өмір – жетім, әнсіз – жеміссіз. Өлеңнің бір қалыпты ырғағы мен мақамын естімеген халық күлкі мен қуанышсыз өмір сүрген.
Ол кезде мереке де, той - думан да болмайтын. Адамдар түнеріп, қабақтарынан қар жауып, кірпіктерінен мұз тамғандай болып жүретін, олар өздерінің көңілдерін көтеретін, қайғыларын ыдырататын сиқырлы ән құдыретін көмекке шақыруды білмейтін. Бір рет қайғы шеккен адам өмір бойы қабағын ашпай, құсадан өлген, өйткені, ол кезде ән жер бетінен қашық болған. Ерте кезде таудан аққан бұлақ та, жағалауы жайқалған өзендер де дыбыс шығармайтын. Дала таңын қарсы алған жұмсақ желдің ырғағымен орман да ән салмайтын, құстың да шырылы естілмейтін. Осы өлі тыныштықты, (ән мен аспан жердегі табиғатпен туыстасып үлгірмегені себепті) жабайы дауыл үні ғана бұзатын болған.
Ақыр соңында әдемі, құпия, сұлу, сиқырлы ән өзінің ескі қонысын тастап, бүкіл жер бетін аралауға жолға шығады. Мүмкін оны жетіқат аспан биігінде пайдасыз өмір сүру жалықтырған шығар немесе ол кең байтақ даланың үстімен армансыз жүгіргісі келді ме, әлде ол қайғылы адамдардың ренішін ыдыратып, оларға қуаныш сыйлағысы келген шығар, әйтеуір, неге екенін белгісіз ән қанат қақты. Көңіл - күйіне қарай ән жер бетінен біресе өте жоғары, біресе өте төмен ұшты. Ән төмен ұшқан сәтте осы өлкені мекендеуші барлық халық оның әуенін, қайырмасын, күйі мен жырын анық естіп, үйренуге тырысты, ал ән жоғары ұшқан сәтте, адамдар осы асыл қазынаның бір бөлігін ғана естіді. Ән өз өлкелерінен тым биікте ұшқан халық тіпті әнсіз, жырсыз, өлеңсіз қала жаздады. Қазақ даласынан өткенде ән өте төмен ұшқан, - дейді аңыз сондықтан да қазақ поэзиясы бай, сұлу, терең болып келеді.
Мәтін бойынша тапсырмалар
1) Аңыз дегеніміз не? Өздеріңіз қандай аңыз білесіздер? Білетін аңыздарыңызды басқаларға баяндап беріңіз.
2) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар.
3) Мәтін ішінде берілген зат есімдер мен етістіктерден синонимдік қатар жасаңыздар.
Үлгі:
Мереке – мейрам, той, думан.
Мекендеген – тұрған, тіршілік еткен, өмір сүрген, орналасқан.
4) Мәтіннен фразеологизмдерді тауып, білдіретін мағынасын жазыңыздар.
қабақтарынан қар жауып, кірпіктерінен мұз тамғандай -
____________________________________________________
қайғыларын ыдырататын –________________________
қайғы шеккен - ___________________________________
қабағын ашпай – __________________________________
кең байтақ дала –__________________________________
ән қанат қақты – ___________________________________
5) Антоним болатын сөздерді тауып жазыңыздар.
6) Жалғаулықты және жалғаулықсыз бірыңғай мүшелі сөйлемдерді екі бағанға көшіріп жазыңыздар.
3. Оқыңыздар.
Ән
Ән — ең кең таралған музыкалық шығармалар жанры, музыка және поэзия өнерлерінің ортақ туындысы. Ән мазмұнына қарай (азаматтық, революциялық, лирикалық, еңбек, әзіл т.б.), шығу тегіне байланысты (халықтық, авторлық, қалалық, әскери, балаларға арналған, діни т.б.) және орындалуы мен құрылымына байланысты (жеке дауысты, көп дауысты) болып бөлінеді.
Қазақ халқының мақтаныш етер асыл мұра, рухани жәдігерліктерінің ішінде ғасырлар сүзгісінен өтіп, бүгінге жеткен көл-көсір ән қазынасы ерекше орын алады. Қазақ әні – қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айнасы, халық рухының ықылымнан тіл қатқан тірі куәгері. Күнделікті тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрге орайласа туған ғұрыптық ән, қара өлеңдерден тартып, адам баласының аңсар-мұратын, қайғы-мұң, сағыныш-шерін, өзек өртер өкініші мен жарқын үміт, қуаныш-шаттығын – сан-алуан сезім-күй, жан әлемін өрнектеп, формалық, мазмұндық тұрғыдан кемеліне келе түрленіп, биік кәсіби өреге жеткен дәстүрлі ән өнері ұлттық музыка мәдениетіміздің алтын өзегі, ықылымнан бүгінге арқауын үзбей жетіп, қазіргі рухани болмысымызға нәр беріп тұрған сарқылмас қайнар іспетті. Тал бесіктен жер бесікке дейін әнмен, жырмен көмкерілер адам ғұмыры және бұл тағдырдың қазақ баласына қатысы туралы данышпан Абай: “Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең”, – деп толғайды. Әнді осынша сүйген, әнге осынша мән берген халық, шын мәнінде, “санын сөз етсеңіз де, сапасын сөз етсеңіз де мақтануға тұрарлық қымбат дүние” (А.Жұбанов) – ұрпақтың ұрпағына кетер, тозбас, өшпес ән қазынасын жасады. Қазақ елінің әлемдік мәдениетке қосар үлесі де күйімен, жырымен бірге осынау дәстүрлі ән мұрасы екенінде күмән жоқ. Қазақтың дәстүрлі ән үлгілерін әзірге тұтастай дерлік мол қамтыған “Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” аталатын осы антология жоғарыда айтылған сөзімізге толық негіз бола алады деп ойлаймыз.
Қазақтың әншілік өнері жанрлық сипаты жөнінен алуан түрлі. Фольклортанушылар мен музыка зерттеушілері қазақтың дәстүрлі ән өнерін тұрмыс-салтқа байланысты ғұрыптық әндер, халық әндері және кәсіби әндер деп жіктеп қарастырып жүр. Ғұрыптық әндердің өзі – бесік жыры, тойбастар, беташар, жоқтау, көрісу, сыңсу, жар-жар, жарапазан болып тармақталса, әншілік өнердің кең өріс алған кезінде пайда болған кәсіби ән өнері – халық әндері (анонимды-авторлық) және кәсіби халық композиторларының әндері болып салаланады(БАҚ матеиалдарынан).
Мәтін бойынша тапсырмалар
1) Мәтін бойынша сөздік құрастырыңыздар.
2) Сөз тіркестерін қатыстырып сөйлем құраңыздар.
тіл қату- ________________________________________
күмән жоқ - _____________________________________
3) Ән, әнші сөздерімен тіркесе алатын сын есімдерді тауып, онытүрлеріне қарай ажыратыңыздар.
4) «Ән өнерінің қазіргі жағдайы» тақырыбында эссе жазыңыздар.
5) Берілген тұрақты тіркестерді қатыстырып сөйлем құраңыз.
Әлемге әйгілі, дауысы жер жарады, атағы жер жарады, он саусағынан өнері тамған, жез таңдай, күміс көмей.
4. Қазір дәстүрлі әндерді халық қалай қабылдайды? Сіз де өз ойыңызды білдіріңіз.
Мен қазіргі уақытта дәстүрлі әнге сұраныс жақсы деп айта алмаймын. Жастар мүлдем тыңдамайды деп айтуға болады. Олар батысқа көп еліктейді.
Мен дәстүрлі әндерді ұнатамын. Әсіресе домбырамен орындалатын әндер. Мәселен, М.Жүнісова, Р.Стамғазиев, Қ.Байбосынов, Қанат, Айткүл Құдайбергеновтерді сүйіп тыңдаймын.
Мен дәстүрлі әндерді аса қаламаймын. Өзіме ұнайтын әншілер орындағанда болмаса. Көбіне маған эстрада әншілерінің орындауындағы әндер ұнайды.
5. Жалқы және жалпы есімдерді кестеге толтырыңыздар.
Жалқы есім |
Жалпы есім |
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
6. Берілген сөздер мен сөз тіркестерін қатыстырып, сөйлем құрастырыңыздар.
Абай атындағы Қазақ опера және балет театры, Қазақ филармониясының солисі, «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігі, репертуар, эстрада әншісі.
7. Мәтінді оқыңыз. «Қоңыр» тобы туралы не білетініңізді баяндаңыз.
Қазақтың нәзік сазды әсем әнін үзілте шырқағанда көңіл толқытпай тыңдай алмайсың. Міне, бұл - нағыз ұлттық ән. Қазақ жанының және бірі аяулы пернесін тербетіп, қоңыр діріл, қоңыр үн, қоңыр даусын өзінше жаңғыртатын топтардың бірі «Қоңыр» тобы. Дәстүрлі музыкамызды жаңғыртып, қазақ әндерін ұлттық нақышта, ұлттық сазды ырғақты бұзбай жаңашылдық әуенмен орындап жүрген, қазақ эстрадасына бөлек формат беретін өзінше дара топ. Үшеуінің де үні жанға жағымды, майдан қыл суырғандай боп құлаққа жаға кетеді. Себебі, тыңдаушының көңіл- күйін дөп басады. Қазақы колоритті жоғалтпай, этноаспаптарды байланыстыруымен ерекшеленеді.
8. Диалогты монологқа айналдырыңыздар.
- Бұл топты құруға не түрткі болды? Неге «Қоңыр» деп атадыңыздар?
- Продюссеріміз Сержан Молдасханұлының ықпалымен 2007-жылы құрылдық. Көбі «қоңыр» дегенді түс деп ұғады. Негізі қазақтың даусы да, даласы да, аспаптарының үні де қоңыр: домбыра да, қобыз да, сазсырнай да. Қазір сахнаға алып шығып жүрген аспаптардың барлығы қоңыр үнді. «Қоңыр» қазақи болмысты, биязылықты білдіреді. Сондықтан даусымыз да, аспаптарымыздың үні де қоңыр болғандықтан осы атауды жөн көрдік.
- Тек халық әндерін ғана орындайсыздар ма?
- Жоқ. Халық композиторларының, қазіргі заманғы композиторларының да әндерін орындаймыз. Қатып қалған қағида жоқ. Шәмші ағамыздың да әндері бар.
- Халық әндерінің адам психологиясына әсері туралы не айтар едіңіздер?
- Халық әндерінің бастысы ұзақ ғұмырында. Қараңыз, халық әндерін тыңдаудан еш уақытта жалыққан емес тындарман қауым. Мәселен, халық әнін кез келген әнші орындаса да халық жылы қабылдайды. Міне, басты ерекшелігі осында`(БАҚ материалдарынан).
9. Берілген фразеологизмдердің білдіретін мағынасын жазыңыздар.
Түрткі болды, жылы қабылдайды, ат шаптырым.
10. Оқып шығып, түсінгендеріңізді орыс тілінде баяндаңыздар.
Қазақтың қоңыр деген ұғымы басқа тілдерге аударылмайды. Өйткені қазақтың қоңыр деген сөзі үлкен философиялық ұғым екенін мәлім. Қоңыр сөзінің мағынасы көптеген өмірдің құбылыстарын қамтиды, яғни, қарапайым тіршіліктен, философиялық және психологиялық тебіреністерге дейін жетеді.
Қоңыр мағынасы ән мен күйшілік дәстүрінде толықтай ашылған. Халқымызда қоңыр әуен, қоңыр ән, қоңыр күй деген ұғымдар қалыптасқан. Қоңыр күйге түсе білген халқымыздың Ақан, Естай, Жаяу Мұса, Мұхит сияқты сал серілері «Қоңыр», «Майда қоңыр», «Наз қоңыр», «Жайма қоңыр», «Жай қоңыр» деген әндерді дүниеге әкелді. Ал күйшілік өнерде Сүгір «Жолаушының қоңыр күйі», Хасенов Әбікен «Қоңыр», Қазанғап «Майда қоңыр», Әлекей «Қоңыр ала» күйлерін тудырды.
11. Мәтінді түсініп оқыңыз және түсінгеніңізді мазмұндаңыз.
Қоңыр сөзінің шығуы жайлы
Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен «Төрт түліктің баласын сүюі» деген жыр бар:
Қой сүйеді баласын «қоңырым» деп,
«Ештеңе білмейтін момыным» деп.
Сиыр сүйеді баласын «торпағым « деп,
«Қараңғыға баспаған қорқағым» деп.
Түйе сүйеді баласын «боташым» деп,
«Жаудыраған көзіңнен, тоташым « деп.
Жылқы сүйеді баласын «құлыным « деп,
«Тұлпар болып жүгірер жұрыным «деп.
Ешкі сүйеді баласын «лағым»деп,
«Тастан тасқа секірген шұнағым» деп.
Байқап отырғанымыздай, әр түлік өзінің төлін өз атауымен атаған. Ал қой малы төлінің қошақан, қозы секілді атауы болса да, «қоңырым деп сүйеді». Бұл жерде халқымыз қоңыр түсіне қатысты атады десек, қозының ақ, қара, ала, қызыл түсті болатыны белгілі. Біз бұл қолданыстағы қоңырдың қазіргі мағынасын қойдың жуас, момын болуына байланысты баласын да солай атады деп түсінеміз. Алайда жылқы құлынымдеп баласын атағандай, қой да қоңырым деп қошақанын атаған. Сонда қоңыр, қозы, қошақан деген сөздер өзара мағыналас болады.
Сөздікте (М.Қашқари) қоңыр үн дегеннің анықтамасын –көмекейден шығатын үн деп түсіндірген, яғни бұл ән айтқанда қолданылған. Көмекеймен ән айту деген дәстүр күні бүгінге дейін бар. Бұл тіркестің кейіннен семантикалық өрісі кеңейіп, саз, ән, күй деген сөздермен қоңыр синтагмалық байланыс түзген. Қоңыр қазақ музыкасының брендіне айналып, құлаққа жағымды, табиғи үн деген мағынаға ауысқан. Сонымен, қоңыр сөзін қой малымен байланысты пайда болды деген пікірді ұсынамыз. Қой жуастықтың, қарапайымдылықтың, байлықтың символы болып саналғандықтан, содан пайда болған қоңырдың да беретін мағынасы соған жуық келеді. Халқымыздың қойдай қоңыр деген тұрақты тіркесі сол түліктің жуастығымен, момындығымен байланысты туындаған. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп тыныш уақытты айтады. Бұл тіркестің пайда болу мотивациясы қой малымен байланысты деп санаймыз. Өйткені қой малы өзге түлікпен салыстырғанда, әлдеқайда момын, жуас болып келетіні белгілі. Осы ерекшеліктерге қарап, халқымыз жоғарыдағы тіркестерді ойлап тапқан. Ал сол малдың бойына біткен барлық қасиеттер кейін қоңыр сөзінің бойында да жинақталған. Қазақтың қоңырым, қоңыр қозым деп еркелетуі, қарапайым тірліктің қоңыр аталуы, қоңыр үннің құлаққа жағымдылығы, қоңыр желдің саясы–бәрі де қоңырға деген қазақтың ерекше ықыласын білдіреді. Қазақ қоңыр аңның киесі атады деп оны атпаған, ерекше қастерлеген, оны кие тұтқан. Біздің байқағанымыздай, өзге түркі тектес халықтар қоңырды көп қолдана бермейді, оның орнына күрең сөзі жүреді(Хасенов Б.Р.).
Мәтін бойынша тапсырмалар
1) Берілген сұрақтарға мәтін бойынша жауап беріңіз.
а) Қоңыр сөзі қайдан шыққан?
ә) М.Қашқари қоңыр үн дегенге қандай анықтама берген?
б) Қой ненің символы ретінде танылады?
в) Қоңыр сөзі тек түсті білдіре ме?
г)Бейбіт, тыныш заманды білдіретін фразеологизм?
ғ)Қоңыр сөзін жиі қолданатын қай халық?
д) Қоңыр сөзіне байланысты қандай сөз тіркестерін білесіз?
2) Берілген ақпаратты және өз ойларыңызды қосып шағын әңгіме жазыңыздар
Майра Мұхамедқызы, сахнада Майра Керей есімін пайдаланады, 1965 жылдың 5 қыркүйегінде Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келді, қазақтың ең атақты опера әншiсi (сопрано), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» қазақстаннан шыққан жалғыз әрі тұңғыш әншісі.
12. Берілген сөздердің мағынасын түсіндіріңіздер.
Сопрано
Гранд Опера
Керей есімі
13. «Майра» сөзін септеңіздер.
14. Майра Мұхамедқызының орындайтын әндерін жазыңыздар. Біреуін жатқа айтып беріңіздер.
15. Жасырылған ақындарды табыңыздар.
Алматы қаласындағы Республика сарайында белгілі композитор, әнші Арман Дүйсеновтың "Туған жер" атты шығармашылық кешінде "МузАрт" вокалды-аспапты ансамблінің екі бірдей жаңа әнінің тұсауы кесіледі.
Арман Дүйсеновтың жүрегін жарып шыққан қос туынды «Ақ көгершін» және «Әдемі» деп аталады. "Ақ көргершіннің" сөзін айтыскер ақын_______________________ жазса, "Әдемінің" мәтіні лирик ақын _________________________қаламынан туған.
16. М.Мақатаевтың өлеңін оқыңыздар. Өлең бойынша өмірін баяндап беріңіздер
Менің анкетам
Алайда өзім жоғарыға балаймын.
Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
Оқымаған, дипломсыз демесең,
Бір басымнан бар мамандық табылар.
Біздің әлі жас кеуде.
Жауынгердің ұлымын ғой,
Жанын қиған Мәскеуге.
Жерде жүрген ақынмын
Қалам, қағаз, уақыт бер аздаған,
мен өмірді жырлау үшін келгенмін! (М.Мақатаев)
Мәтін бойынша тапсырмалар
1 ) Мәтінге сәйкес келмейтін ақпаратты таңдаңыз.
A)Ол жауынгердің баласы.
B) Әкесі соғыста қаза болған.
C) Оның дипломы жоқ.
D) Ақын болғысы келеді.
2)Мәтінде жауабы бар сұрақты таңдаңыз.
A) Кімнің құрдасы?
B) Қай жерде оқыған?
C) Қандай жұмыс істейді?
D) Қашан әскерге барады?
3)Мәтінге сәйкес ақпаратты таңдаңыз.
Ол ...
A) жоғары білімді
В) орта білімді адам
C) немісше жақсы сөйлейді
D) орысша өте жақсы сөйлейді
4)Мәтіндегі басты тірек сөздерді табыңыз.
A) тілі, шаруа, ұлты
B) еркек, ұл, қазақ
C) мен, ақын, анкета
D) қалам, қағаз, уақыт
5)Мәтін бойынша толық және нақты ақпаратты табыңыз.
A) Ақын ауылда туған.
B) Ақын отбасы ауылда тұрады.
C) Ол қарапайым отбасында дүниеге келген.
D) Ақын ауылда, қарапайым шаруа отбасында туған.
6)Мәтін мазмұнына сәйкес жауапты табыңыз.
A) Ол түрлі жұмыстар істеген.
B) Жұмыс істегенді ұнатпайды.
C) Барлық мамандықты ұнатады.
D) Ақындықпен айналысқанды ұнатады.
17. Мейрамбек Беспаевтың өмірі туралы төмендегі мәтінді жалғастырыңыздар.
Мейрамбек Беспаев 1976 жылы жетінші қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданында дүниге келген. Әкесі – Бесбаев Әбіләшім Истайұлы, анасы – Жібек Жолдасова. Екі қарындасы – Айнұр, Гүлнұр. Жұбайының есімі – Мархабат, қызы – Әбіләшім Кәусәр 2007 жылы туған.
Мейрамбек Беспаев №37 Ы.Сүлейменов атындағы қазақ орта мектебінде оқыды. Сонан соң Тараз қаласындағы "Глинка" атындағы музыкалық мектептің "Қобыз" сыныбын бітірді. 1989 жылы Алматы қаласындағы К.Байсейітова атындағы музыкалық мектебіне ауысты. 1994-98жж. Т.Жүргенов атындағы өнер адемиясының "Актер, драма, кино" факультеті бойынша білім алды. Алғаш кәсіби жолы "Сүйінбай" атындағы филармонияда әншілік қызметімен басталды. 2002-2007 жылдары Қазақ концертте әнші болып жұмыс істеген. Бүгінгі таңда...
18. Мәтіннен кісі аттарын, термин сөздерді теріп жазыңыздар.
19. Мәтінді оқып шығып, орыс тіліне аударыңыздар.
Майра Уәлиқызы
Майра Кереку қаласында (қазіргі Павлодар) қолөнершінің отбасында дүниеге келген. Майраның көңілі жастайынан ән мен жырға, музыкаға ауды. Ол қазақ, орыс, татар әндерін сырнаймен шырқайды. Сөйтіп, ол 13 –14 жасынан – ақ әнші атанды, Баянауыл, Ертіс бойының халық әндерін, атақты әншілер – Бүркітбайдың Мұстафасы, Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Естай әндерін жете меңгерді.
Майраның жастықты, әйел теңдігін, табиғат сұлулығын жыр еткен әндері – “Ертіс”, “Даланың әні”, “Бақша”, “Қызыл гүл” және өз атымен аталып, елге кең тараған “Майрасы”.
20. Сөйлемдегі сөздерге логикалық екпін түсіріп айтыңыздар. Сөзге логикалық екпін қандай жағдайда түсетінін және оның сөйлемдегі сөздердің орын тәртібіне тигізетін әсерін түсіндіріңіздер.
Үлгі:
1. Асан ауылдан бүгін келді.
2. Ауылдан Асан бүгін келді.
21. Өлең бойынша қазақ халқына сипаттама беріңіздер.
Егемен елім-ай!
Сөзі: Б. Батырбекқызынікі
Әні: К. Дүйсекеевтікі
Біз қазақ ежелден ел едік жаны бай,
Өр мінез, ақ көңіл, мейірбан, қонақ жай.
Даналық дарыған, ақын ел, батыр ел,
Бабалар мекені асқар тау, шалқар көл.
Ақ бесік, ақ отау мәңгілік,
Жасай бер, жаңарып, жаңғырып.
Достық пен ынтымақ мекені,
Гүлденер халқымның ертеңі.
Жасай бер, жері бай,
Егемен елім-ай!
Жасай бер, жері бай,
Тәуелсіз елім-ай!
Бармақтан күй тамған, жез таңдай әншіміз,
Ғасырдан ғасырға ұласар даңқымыз.
Әлемге әйгілеп елімнің есімін,
Айқара аштық біз азаттық есігін.
Ақ бесік, ақ отау мәңгілік,
Жасай бер, жаңарып, жаңғырып.
Достық пен ынтымақ мекені,
Гүлденер халқымның ертеңі.
Жасай бер, жері бай,
Егемен елім-ай!
Жасай бер, жері бай,
Тәуелсіз елім-ай!
22. Берілген тақырыптардың біреуіне эссе жазыңыздар.
Әннің де естісі бар, есері бар.
Әнді сүйсең, менше сүй.