1. Мәтінге тақырып қойыңыздар. Бос орындарға тиісті сөздерді қойып жазыңыздар.
Осыдан он жыл бұрын ________________ есімі Қазақстанда белгісіз болатын. Есесіне, Қытайдың ең үлкен қалаларының барлық көшелерінен әр түрлі ұлттық киімдерде күлімсірей қараған қазақ қызының суретін көре алар едіңіз. Ол өнерімен аспан асты елін тәнті етті. Қытай Халық Республикасының әртісі, мемлекеттік ___ансамблінің құрамында болды.
2000 жылы Қазақстан президентінің арнайы шақыруымен тарихи Отанына оралды. Бір жарым миллиардқа жуық халқы бар мемлекеттің жұлдызы бола тұра тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қосу үшін бәрін тастап, Қазақстанға келді. Бүгінде ол Күләш Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балетмейстері, «Ұлан» президенттік оркестрі құрамында өнер көрсетеді. Үш баланың анасы.
Бірде Ермек Серкебаев: «Мені таңдандыру, тамсандыру өте қиын. Алайда, _____________ өнеріне мен таңдай қақтым», - деген екен.
Бүгінгі таңда өнерімен халықты риза еткен___________Қазақстанның мәдениет қайраткері, Халық әртісі атақтарының иегері.
ҚХР Iле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келген.
2. Сөздікпен жұмыс жасаңыздар
Қазақша |
Орысша |
аспан асты елі |
|
тәнті етті, таңдандырды |
|
мың бұралған |
|
Тамсандыру |
|
Есесіне |
|
халық әртісі |
|
мәдениет қайраткері |
|
Қазақша |
Орысша |
күлімсірей қарау |
|
қазақ қызы |
|
үлес қосу |
|
ұлттық киім |
|
арнайы шақыру |
|
риза ету |
|
таңдай қағу |
|
бүгінгі таңда |
|
3. Берілген сөздерді қатыстырып, сөйлем құрастырыңыздар.
Биші, өнерімен, елін, Отанына, ансамблінің,
4. «Өнер жұлдызы» тақырыбына диалог құрастырыңыздар.
5. Мәтіндерді оқыңыз. Қазақтың ұлттық биі бар ма? Сіз қалай ойлайсыз? Пікіріңізді білдіріңіз.
Би қазақта сонау заманнан бері бар. Би – халқымыздың ежелгі өнерлерінің бірі. «Қазақта би болмаған» деген пікір бертінге дейін айтылып келді. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 12 желтоқсандағы санында жарық көрген мақалада «Осы күнге дейін қазақта би болды ма, жоқ па деп ешкім ойлаған жоқ, егер қазақта би болмаса, оны ойлап табу керек» деген ойлар жазылды. Қазақ зерттеушілері бұл пікірлердің теріс екенін дәлелдеп шықты. Археологтер Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» шатқалынан билеп жүрген адамдардың бейнелері қашалып салынған петроглифтерді тапқаны белгілі (петроглиф – тақтатас, жартастарға салынған суреттер, бейнелер). Бұл суреттер сақтар өмір сүрген кезеңде, б.д.д. VII-V ғасырларда салынған. Ал Шолақтау деген жерде табылған петроглифте бір топ адамның би билеп жүргені бейнеленген. Қастарында бірнеше адам ішек керілген садақ сияқты иілген аспаптарда күй ойнап отыр. Бабаларымыздың 1303 жылғы «Кодекс гуманикус» атты сөздігінде «билеймін» деген сөз бар. Бұл қазақ биінің тарихы өте әріден басталатынын көрсетеді. Қазақта Биқұмар деген адам есімі де кездеседі. Мәселен, Биқұмар Кәмалашұлы – бірнеше кітаптары жарыққа шыққан тарих ғылымының докторы, этнограф.
Музыка зерттеушісі, композитор Ахмет Жұбанов 1862 жылы жарық көрген Паули Теодордың «Этнографическое описание народов России» атты кітабындағы «Дәулеткерейдің киіз үйінде» деген суретті көріп, суретшінің кім екенін зерттеп тапты. ХІХ ғасырдың 50-жылдары қазақ жерінде болған суретші Чередеев акварель бояуымен салынған суретінің артқы жағына «композитор Дәулеткерей, биші Жанұзақ Жаппасұлы» деп өз қолымен жазу жазыпты. Бұл сурет А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабында жарияланды. Ғұлама ғалым Ә.Марғұланның «Казахское народное прикладное искусство» атты 1986 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген кітабында И.Клапроттың 1816 жылы қазақтардың би билеп жатқанын салған суреті басылды. Яғни би қазақта сонау заманнан бері бар.
Ал қазіргі «Қара жорға» биін өзге елге таңушылар да кездесіп жүр. Бұрынғы ғасырларда көрші мемлекеттер «жылқылар елі» деп атаған қазақ даласында жан-жануарларға байланысты «Асау ат», «Аю биі», «Бура биі», «Бүркіт биі», «Қоян-бүркіт», «Құр биі», «Құсбегі», «Ортеке», «Тырна биі» атты билер болған. Солардың бірі – «Қара жорға». Бұл би бізге шетелден келген жоқ. «Қара жорға» – Қазақстанда пайда болған өзіміздің төл биіміз. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде басқа билердің қатарында «Қара жорға» биінің де орындалғаны туралы Қанабек Байсейітов пен Ғарифолла Құрманғалиев айтқан. 1934 жылы бұл биді Мәскеу қаласының Үлкен театрында Ысқақ Быжыбаев билеген (Бердалы Оспан,мәдениеттанушы).
Шараның репертуарында «Қара жорғаға» ұқсас би болатын. Әрине, қазақтың ұлттық биі бар. Оның ішінде күні бүгінге дейін биленіп келген «Қамажайдың» орны ерекше. Халқымыз осы «Қамажай» биі арқылы өзінің тұрмыс-тіршілігін бейнелеген. Әр заманның өз биі, әні, сәні болады. Қазіргі кезде кез-келген той-томалақ, жиындарда ұлттық би ретінде «Қара жорға» биленеді. Кейбіреулер «Қара жорғаны» Моңғолиядан келген би деп жүр. Бірақ менің есімде қалған бір нәрсе, Шараның репертуарында дәл қазіргі «Қара жорғаның» өзі болмаса да, соған ұқсас бір би болатын. Шара апай қолына қамшысын алып сол биді билегенде, таңғалмайтын көрермен болмайтын. Шара Жиенқұлова билегенде, майысқанда бойында сүйек жоқтай көрінетін. Өте талантты биші еді. Соншалықты атақтылығына қарамастан, ол кісіде өркөкіректік мінез жоқ болатын. Өз басым Шара Жиенқұлованы өмірге өнермен бірге келген жан деп есептеймін. Өнерін айтпағанда, бойының сұңғақтығы, әдемілігі еріксіз таңдай қақтыратын. Біздің кезімізде Шара апайдың үлкен суреттері көшеде ілулі тұратын. Ал оны көрген адамдардың бұрылып қарамай өткені кемде-кем. Би – Алланың Шараға берген табиғи таланты. Менің замандастарым, Шараның көзін көргендер қай уақытта да Шараның биін алдыңғы орынға қояды деп ойлаймын. «Біз көрген қазақ биі Шарадан басталды» деп нық сеніммен айта аламын (Нүкетай МЫШБАЕВА, актриса, Қазақстанның Халық әртісі)
Би біз қазақ деп аталмаған кезден бар. Әйгілі Шыңғыс ханның ХІІ ғасырдың аяғында, ХІІІ ғасырдың басында өмір сүргені белгілі. Ол құрған мемлекетте найман, керей, меркіт, қоңырат, жалайыр, үйсін секілді қазақтың бүкіл тайпалары біріккен. Сол кезеңде жеңістен кейін той-томалақ болған кездері адамдардың екі шекті аспаппен ән айтып, би билегені тарихи жазбаларда жазылған. Демек, біздің халқымыз ежелден билеген. Ол бидің қандай болғаны, қалай биленгені жөнінде еш дерек жоқ. Бірақ бидің бар екені анық. Би болмаса, «би» деген сөз де болмас еді. Ал «би» сөзінің қай ғасырда пайда болғанын ешкім дөп басып айта алмайды (Бексұлтан Нұржекеев, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.
Тұңғыш режиссер Жұмат Шанин сонау 30-жылдардың басында: «Қазақта би болмаса, би деген сөздің өзі қайдан шыққан?» – деген болатын. «Қазақтың биі болмаған» дегенді шолақ ойлайтындар шығарып жүр. Халық бар жерде өнердің барлық түрі қатар дамыған. Би де, ән де, күй де – бір-бірінен ажырамайтын біртұтас дүние. Әрине, қазақта би болған. Ойын-тойларда, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, үлкен астарда қазақ ән-күй, бисіз тарқамаған. Қазір «Қара жорғаны» жерден жеті қоян тапқандай етіп айтып жүрміз ғой. Оның негізі бізде бұрыннан бар буын биінде жатыр. «Қара жорға» – соның сәл өзгертілген түрі. Қазақта буындары былқылдап, саусақтары сыртылдап билеген небір бишілер өткен. Шара солардың шет жағасын көріп, олардан өнеге алған, әсерленген. Соның нәтижесінде Шара Шара болды. Яғни «қазақта би деген ұғым болмады» деу қате. Бұл өз халқымыздың тарихын өзіміздің сызғанымыз болады (Әшірбек СЫҒАЙ,театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты)
6. Мәтіндерден төменде берілген құрылым бойынша сөз тіркестерін теріп жазыңыздар.
Сын есім + зат есім
Зат есім + етістік
Зат есім + зат есім
7. Қажетті қосымшаларды қойыңыздар.
Ы.Быжыбаев... «Қара жорға» би... ұзақ уақыт билегені туралы зерттеуші Дәурен Әбиров өзі... «Қазақ биінің тарихы» атты зерттеу кітабын... былай деп жазады: «1949 жылы Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр институты... балетмейстерлік бөлімі... екінші курс... бітіріп Алматы... демалыс... келгенімде, Құрманбек Жандарбеков Жастар театрында өтіп жатқан халық дарындары слеті... қазылар алқасына мүшелікке шақырды. Сонда 60 жастағы Быжыбаев Ысқақ «Қара жорға» би... биледі. Өзі жасаған жорға мүсін... беліне байлап алып біресе жүйтки шапса, біресе атын кілт тоқтатып, көкпар ойынындағыдай еңкейіп жерден көкпар алғандай қимылдары... небір көріністер... көрсетті».
8. Мәтінді оқыңыздар.
Құрманбек Жандарбеков консерваторияда сабақ берді, опера студиясын басқарды. Кәсіби театрымыздың негізін салғандардың бірі де Құрекең еді. Консерваторияның жанындағы опера студиясында «Айман–Шолпан», «Абай» спектакльдерін қойды. 1968 жылы «қыз Жібектің» 1000-ыншы қойылымын Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітовтердің қатысуымен тамашаладық. Құрекең әйгілі Бекежанын ойнады. Кейде консерваторияда Құрекең өткізетін репетицияларға барып, қарап отыратынмын. Құрекең керемет биші де еді. «Айман–Шолпанға» енген өзбек биін вокалистерге билеп көрсеткенде, қайран қалғанмын. Вокалистер әнге, нотаға жақын болып, биге шорқақтау келетін. Ал Құрманбек аға билегенде судағы балықтай еркін қимылдайтын. Шәкірттеріне көрсетіп, алқынып билеп-билеп келіп әнге басатын. «не деген шаршамайтын адам, неткен құбылыс, қандай ғажап көріністер» деп тамсанған күйі отыратынмын. Құрекең 1973 жылы маусымда Шымкенттегі Мәдениет институтына мемлекеттік емтиханның төрағалығына кеткен. Сол жақта 69 жасында қайтыс болды. 70 жылдығын тойлауға дайындалып жүрген еді. Жүрек шіркін сыр беріпті. Денесін осында алып келіп қойды. Топырақ салдық, жыладық-сықтадық. Расымен де, Құрманбек Жандарбеков қазақ өнерінің маңдайына біткен жұлдыз болатын. Түр-тұлғасы, кескін-келбеті қандай еді. «Актер қандай болуы керек?» дегенде, Жандарбековті көрсету керек сияқты, тал бойында бір мін жоқ болатын. Дауысын айтсаңызшы, әлі күнге дейін Қазақ радиосынан кей әндері беріліп тұрады.
9. Мәтін бойынша жауапқа сұрақ жазыңыздар.
Сұрақ: _______________________________________________
Жауап: Ол – кәсіби театрдың негізін салушы.
Сұрақ: _______________________________________________
Жауап: Құрманбек аға өте тамаша билейтін.
Сұрақ: _______________________________________________
Жауап: 69 жасында қайтыс болды.
Сұрақ: _______________________________________________
Жауап: Шымкент қаласында.
10. Жоспар бойынша мәтіннің мазмұнын айтыңыздар.
11. Мәтінді оқыңыздар. Мәтінде аталатын адамдар жайлы сіздер не білесіздер? Солар жайлы әңгімелеңіздер.
Құрманбек пен Қанабек – Күләш пен Шараның өнерге келуіне тікелей себепші болған адамдар. Тума талант Құрекең өнердегі алғашқы қадамын Ташкентте бастаған екен. Білімге, өнерге араласуына Ғани Мұратбаевтың қамқорлығы болыпты. Құрманбек – Жұмат Шанин, Серке Қожамқұловтардан кейінгі алғашқы режиссерлердің бірі. Оның өнерге деген құштарлығы соншалық – Қызылорда өңірінде туған өнерпаз Шолпан Жанболатқызының «Сырдың қараторғайы» атты әнін Жамал Омароваға үйретіп, оны граммафонға жазып таратқызған. Жамбыл өңірінде Сауытбек Мұсаұлы деген ақын әрі әнші ағамыз өткен екен. Соны іздеп барып, аузынан «Ақбөпе» атты әнін үйренген де – Құрекең. Ол әнді де Жамал Омарова орындайтын.
12. Би өнері туралы жоба әзірлеңіздер.