Авторы
Әдебиет
Глоссарий

VII КҮЙ ӨНЕРІ


1. Мәтінді оқып, тапсырмаларды орындаңыздар.

Күй – көптен келе жатқан музыкалық көне ұғым. Ертеде күй деген, сірә аспаптық және жеке дауыстың музыка шығармаларына берілген атау болуы әбден мүмкін. Кейбір түркі тілдес халықтарда қазірдің өзінде күй деп аспаптық музыканы да әнді де атай береді.

Қазақтың бағдарламалы халықтың аспаптық музыкасы – күйде әндер сияқты сан- саналы жанрларға таралады. Олар Арқа өңіріндегі шертпе күй дәстүрі мен Сыр өңіріндегі төкпе күй дәстүрі. Әсіресе XIX ғасырдың екінші жарты мен XX ғасырдың басында өмір сүрген халық сазгерлерінің музыкасы, жанрлық ерекшелігі жағынан аса күрделі, һам бай, кең құлашты эпикалық сарынды көне заманның күйшілерінен аңғаруға болады. Сонымен қатар, ол қасиет беріде Құрманғазы, Дина, Сейтек күйлерінен аңғарылып тұрады.

Күйде лирикалық, лиро – эпостық, тұрмыс – салттық жанрлар кеңінен пайдаланылады. Күйдің осындай көп салаларының ішінде өнердің тылсым құдіретін, терең сырын сөз етуге арналған лиро- философиялық жанрдың орны айрықша бөлек.

Халық басынан қандай күй кешсе де оны қазақтар айна қатесіз күй тіліне түсіре білген. Аңыз, хикая, тарихи-құбылыстық, әдет- салттық, әскери сюжеттер, табиғат әсемдігін суреттейтін сюжеттер қобыз, домбыра, сыбызғы көкірегінде ұялап отырған.

Қазақ күйлерінде көп ұшырасатын бір жайт – дыбыстарға еліктеу әдісі. Мәселен құстың сайрағанын, аңдардың ақырып, шақыруын дыбысқа еліктеу арқылы дәл беру (Аққудың қаңқылдағаны, қасқырдың ұлығаны, бұлбұлдың сайрағаны) бұл да адамның образын аша түсу үшін қолданылады. Дыбысқа еліктеу ол күйдің бейнелеу мүмкіндігін байыта түсіп, адамның жан дүниесін терең көрсетуге жәрдемседі.

Қазақтың қобыз аспабында күй тарту өнерін дамытқан күйші Ықылас 1843 жылы Қаратауда туды. Әкесі Дүкен, жеті жасынан бері қобыз тартып келе жатқан дәстүр бойынша, кішкене Ықыластың музыкаға бейімделуіне бөгет болған жоқ. 15-16 жасқа келгенде ақ Ықылас белгілі қобызшы болды. Ел аралап, той думанда қобыз тартып жүреді.

Қорқыттың қобызы жайлы, Қорқыт жайлы аңыз-әңгімелерді естіп жүріп, әкесінен «аңыз күй» тартып ажалдан құтылған Айрауықтың әңгімесін, байтақ елдің ары үшін арыстандай ақырып жауға қарсы шыққан Қарақасқа атты Қамбар, шора, қарақыпшақ Қобыланды батырлардың әңгімесін тыңдайды. Бәрін де көңіліне түйіп жүреді.

Ықылас отыз жасқа келгенде өзі күй шығарады. Оның тарихи ертегі тақырыптарына арнап «Қазан күйі», «Шора», «Қамбар күйі» сияқты күйлер шығарады. Ерденнің (Ақмоланың дуанбасы) баласына азаға салған күйі «Ерден күйі» генерал-губернаторға арнап шығарған күй «Жарым патша» күйлерін шығарады. Бұдан кейін шығарған күйлерінің ірісі – «Жез киік». Ол мергендер ертегісінен алынған. Терең сыр, арман желісінде шығарған «Қоңыр» күйі, аққудың қасиеттілігіне арналған «Аққу» күйі, «Шыңырау», «Бес төре», «Жалғыз аяқ» т.б. күйлер.

Қазақтың XIX ғасырдағы аса көрнекті халық композиторларының бірі – Құрманғазы Сағырбаев. Жасынан жоқшылық көріп өскен, жалшының баласы Құрманғазы қазақ ауылындағы таптық қайшылықтардың жігін ерте ажырата бастады. Құрманғазы туындыларының өзегінде осы еңбекші бұхараның бай феодалдарға, үстем тапқа ауыл ұлықтарына қарсы күресі болды.

Оның тұңғыш шығармаларының бірі – «Кішкентай»күйі Исатай Тайманов бастаған халық көтерілісіне бағышталады. Ал «Сарыарқа», «Көбікшашқан» күйлері ең қиын- қыстау кезеңдердің өзінде жауына басын имеген, бір сәт қайыспаған батыр халықтың бейнесін суреттейтін кең тынысты көркем туындылар.

 «Сарыарқа» – Құрманғазы шығармашылығының шыңырау шыңы. Майталман суреткер «Сарыарқа» күйін шерткенде өз кезеңіне, өз дәуірінің рухына сай дыбыс тапқан. Күй құйқыта шапқан аттың, жеңіс жырының жауынгершілік екпінімен басталады.

Орыс жұртымен көп араласқан күйшінің «Машина», «Перовский марш», «не кричи, не шуми», «Лауышкен» атты шығармаларынан аракідік орыс интонациялары байқалады.

Құрманғазының күйлері –  өмірдің ең көкейкесті құбылыстарын паш етеді. Күй музыкасы айқын да әуенді келеді, күй программалары нақты, қалың көпшілікке түсінкті болды, тыңдаушысын бай сазымен, әсіресе кербез нақышымен билеп алады. Осы себептен де Құрманғазының күйлері халықтың асқан сүйіспеншілігіне бөленіп, ұрпақтан- ұрпаққа тарала келіп, бүгінгі күнде тәуелсіз қоғамның игілігіне айналып отыр.

Шыққан тегі жағынан үстем тап өкілі бола тұра, шығармашылық серпілісін халқына арнаған композиторлардың бірі – Дәулеткерей Шығайұлы ата-бабасынан мұра болып қалған сұлтан- провитель шенінен көрі күйшілікті артық санаған.

Дәулеткерейдің шығармашылығы негізінен лирикалық сипатта өрбиді. Оның «Қос алқа», «қыз Ақжелең» күйлері шат-шадыман сезіме толы. Терең ойлы, нәзік лирика тілімен баяндау үлгісін біз «Ысқырма» күйінен көреміз.

Дәулеткерейдің «Жігер» күйі жөнінде А.Затаевич былай деген: «Онда тасқындаған қимыл үстіндегі қуат емес, шамасы қасіретке батқан асқақ ойды білдіретін қуат» деген.

Ауқатты феодалдың баласы Тәттімбет Қазанғапұлы да халық музыкасына осы жолымен келеді. Композитор, күйші әрі ақын Тәттімбеттің бұқарашыл бағыттағы музыкасында және ақындық шығармашылығында қыр елінің тіршілігі асқан шыншылдықпен суреттеледі. Оның «Саржайлау», «Сылқылдақ», «Қосбасар» секілді тамаша күйлері үлкен өміршең қуатқа, лирикалық көңіл-күйге құрылған.

 

Мәтін бойынша тапсырмалар

1)    Сұрақтарға жауап беріңіздер:

     а) Күй дегеніміз не?

     ә) Мәтінде кездесетін тұлғалар туралы не білесіз?

     б) Сіз қандай күйлерді орындай аласыз?

 

2)    Мәтінде кездескен күй атауларының бірін таңдап, домбырада ойнауға тырысыңыздар.

3)    «Күй алыбы – Құрманғазы» тақырыбында презентация дайындаңыздар.

4)    Мәтіннен біріккен сөздерді тауып, морфологиялық талдау жасаңыздар.

5)    «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілетін «Телқоңыр»бағдарламасына мәтіннен бір күй атауын таңдап, осы бағдарламаныөткізуге дайындалыңыздар.

 

2. Мәтінді түсініп оқыңыздар.

 

Күй

         Күй – музыкалық жанр, қазақ халқының аспаптық пьесасы. Домбыра, қобыз, сыбызғыда шығарылып, тартылып келген. Музыка өнерінің дамуына байланысты, Күйлер халық аспаптары оркестрлерінің репертуарларында көп орындалады. Күй -қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының аспаптық музыкасына тән атау. М.Қашқариға сілтеме жасай отырып, күй сөзінің төркіні «көк» деген түркі сөзінен шығуы мүмкін деген болжамдар бар.

  Күй тартыс – халық арасында кең тараған өнер. Күй тартыстар үлкен той, мерекелерде орындалатын болған.Күй тартыстың үш түрі бар: 1. Домбырашының орындалушылық шеберлігін көрсететін күй тартыс;2. Домбырашының күйшілік - композиторлық өнерін көрсететін күй тартыс (сайыс үстінде жаңа күй шығара білу;3. Естіген күйін бірден қайталап тартып беретін күй тартыс. Тартыстың бұл түрі ең қиыны болып саналады. Күйшілер тәжірибе алмасу үшін де күй тартысқа түскен. Оған Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күй тартысын алуға болады. Дәулеткерей тартыс үстінде атақты күйлерімен қатар жаңа бір күй таратады. Ол «Бұлбұл» күйі болатын.  Құрманғазы бұл күйден зор әсер алып, «Бұлбұлдың құрғыры» деген күй шығарады.

  Қазақ күйлері өзінің құрылыс абылай тәсіліне, орындаушылық дәстүрін қағыс түріне қарай, негізінен, екі стильдік мектепке бөлінеді. Біріншісі – екпінді қарқынды, музыкалық бейнет жағынан бағдарламалы симфониялық сипатта шығарылатын күйлер (Жантөренің «Шалқымасы», Құрманғазының «Кішкентайы», «Сарыарқасы», Динаның «Бүлбұлы», т.б.), ал екіншісі - терең филос, ой-сырға толы, шертпе күйлер (Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», «Көкейкесті» мен «Сылқылдат», Тоқаның «Қосбасары», Сүгірдің «Тоғыз тарауық т.б.). Күйдің идеялық-қөркемдік диапазоны кең.

 

Мәтін бойынша тапсырмалар

Мәтінді сатылай кешенді талдаңыздар.

 

1. Тақырыбы: ________________________________________

 

2. Негізгі ой: _________________________________________

 

3. Мәтіннің түрі:______________________________________

 

4. Өз пікірім: _________________________________________

 

3. Ойын «Орнын тап» 7 нотаның артына жасырылған сұрақтарға жауап беріп, ноталарды нота сызығына апарып орналастыру.

а) Күй тартыс дегеніміз не?

ә) Күй тартыстың неше түрі бар?

б) Күйшілер күй тартысқа не үшін түскен?

в) Күй тартыстың қай түрі ең қиыны болып табылады?

г) Нүктелі нота дегеніміз не?

ғ) Қазіргі кездегі белгілі күйшілерді ата

д) Қүй дегеніміз не?

 

4. «Күй» мәтінінен алынған сөздердің көмегімен семантикалық кестені толтырыңыздар:

 

 

Мақал-мәтел

Сөз тіркесі

Күрделі сөз

Тұрақты тіркес

Қазақ күйлері

 

 

 

 

Бұлбұл

 

 

 

 

Күй тартыс

 

 

 

 

Музыкалық жанр

 

 

 

 

Үлкен той

 

 

 

 

Бұлбұл

 

 

 

 

Құлақ құрышын қандырды

 

 

 

 

Сарыарқа

 

 

 

 

Қурай тартсаң күй шығар,

Ағаш тартсаң үй шығар.

 

 

 

 

Күй шығару

 

 

 

 

Ой-сыр

 

 

 

 

Шығара білу

 

 

 

 

Дәулеткерей

 

 

 

 

Нүктелі нота

 

 

 

 

Халық аспаптары

 

 

 

 

Музыкалық жанр

 

 

 

 

 

5. Мәтінді түсініп оқыңыздар. Түсінгендеріңізді қысқаша баяндаңыздар.

 

«ДЭККО» жанры

Жас күйші Асылбек Еңсепов эстраданың көмегімен қазақ күйлерін жарыққа шығарған кезде жастар жағы жоғалтқан қазыналарын қайта тапқандай өлеңдесіп, кәдімгідей бет бұрды. Халыққа күйді мұндай әдіспен жеткізудің кілтін тапқан, сөйтіп көпшіліктің мойнын бұрғызған Асылбектің әкесі, күйді ғылыми зерттеп, оны мектеп бағдарламасына енгізуді көздеп жүрген, оған арнап бірнеше оқулықтар жазған Жасарал Еңсепов. Осы жолда ол дүниеге дэкко жанрын әкелді. Өзінің айтуынша, бұл атауды Д-домбыра, Э-Эстрада, К-күй, К-компьютер, О-орындаушы деген сөздерден шығарыпты. Бұл жанрды кезінде сынаушылар да көп болды, күй компьютермен орындалмайды деп үзілді-кесілді қарсы шыққандар да кездесті. Бірақ қайткен күнде де халықтың қызығушылығын оятты. Күйді эстарадамен көркемдеген күйшілер көбейе берді.

Қазіргі таңда  домбыраның рөлі тек ДЭККО (жаңа компьютерлі домбыра) жүйесі бойынша ғана танымал әрі маңызды болып отыр. Халық әндерін домбыраға салып, сүйемелдеусіз  орындау тек ескіліктің куәсі болған қауымның  көңілінен шығады деген пікір бар. Қалай дегенде де домбырадан қазақтың қалпын, жүрегін, дала иісін, өзіндік ерекшелігін аңғарамыз. Қос ішекті домбыраның құдіреті кез келген халықты,  ұлтты таң қалдырып, таңырқата білген. Қазіргі заман талабына сай  ДЭККО жанры музыкалық мәдениетімізді өркендетуде зор ықпалын тигізуде. Біздің ойымызша, бұл жүйе дұрыс қабылданған, өйткені домбырамен күй шерткенде немесе ән салғанда оған қосымша музыка беріп тұрса, оның ешқандай артықшылығы жоқ екендігін айтады зерттеушілер.

 

Мәтін бойынша тапсырмалар

1) Мәтін бойынша сөздік құрастырыңыздар.

2) Берілген сөздер мен сөз тіркестерін қазақшаға аударыңыздар.

 

обратить внимание

исполнитель

критик

интерес

художественное описание

без сопровождения

 

3) Жоғарыдағы мәтіннің әрбір абзацына тақырып қойыңыз және мәтіннің мазмұнын ашатын тірек сөздерді табыңыз.

4) Қарамен сызылған сөйлемнің мазмұнын ашып, өз ойыңызды білдіріңіз.

5) Асылбек Еңсеповтің орындауында «Адай» күйін тыңдап, күйден алған әсеріңізді айтыңыз.

6) ДЭККО жанры  елдің назарын дәстүрлі ұлттық музыкаға қайта аудара алды ма?  Ойыңызды айтыңыз.

7) «Жаңа компьютерлі домбыра: пайдасы, кемшілігі» деген тақырыпта пікірталас ұйымдастырыңыздар.

8) Қазақ эстрадасында дэкко жанрында өнер көрсететін қандай күйшілер, әншілер немесе топтар бар? Орындайтын шығармаларының тақырыптарын атаңыз.

 

6. Оқып шығып, түсінгендеріңізді айтыңыздар

 

Нұрғиса Тілендиевтің «Арман» күйі

Бір ауылда той болып, сол тойға Тілендіұлы Нұрғиса арнайы шақырылыпты. Өзі той болған соң, оған Нұрғиса шақырылған соң, әрине, күй тартылады. Күйді, әрине, Нұрғиса тартады. Елдің де күткені сол, күй тартылған сайын тыңдаушы жұрттың айызы қанып, желпіне түседі. Жұрт желпініп, қошамет көрсеткен сайын Нұрғисаның арқасы қозып, домбырасын қырық құбылтады. Жұрт осылайша мәз – мейрам болып жатқанда, бір ақ сақалды қарт құйған мүсіндей болып, шеттеу отырады. Бейне бір тас керең адам секілді, тартылып жатқан күйге селт етпейді. Әрбір күйді тартқан сайын қолпашты қардай боратқан көпшілік Нұрғисаны одан сайын қолқалай түседі. Еті қызып алған Нұрғиса домбыраны төсіне қойып, басына шығарып, шырқ үйіріп тартады. Тыңдаушы көпшіліктің есі шығып, одан сайын үздіге түседі. Тек, әлгі шеткерірек отырған ақ сақалды қарт сол құйған мүсін сияқты қалпынан селт етер емес. Нұрғиса болса  домбырасын одан сайын бебеулетіп, одан арман безілдете түседі. Әлден уақытта  бір жас жігіт: «Нұрғиса, сіз күйді башайыңызбен тартады дейді ғой, башайыңызбен тартыңызшы!» деп өзеурейді. Нұрғиса болса сұраушыны жалындырмайды, кебісті қағып тастап, домбыраны башайымен қағады. Жұрт қыран – топан, айран – асыр, таң – тамаша. Бірақ, шеткеріде отырған қарт қана, селт етпестен, сол тұнжыраған қалпынан танбайды. Содан, күйдің неше атасы тартылып, әннің неше атасы айтылып, тыңдаушының құмары қанып, түннің бір мезгілі болған кезде Нұрғиса тынығып, дем алмақшы болады. Қонақтарды алдын – ала сайланған үйлерге бөліп – бөліп жатқызу үшін тарата бастайды. Нұрғиса болса, бағанағы құйған мүсіндей тұнжыр қарттың үйіне бөлінеді. Үйге келеді. Тап – тұйнақтай қонақ түсетін үй екен. Нұрғисаның көзіне төрде ілулі тұрған қозы қарын қызыл домбыра алдымен шалынады. Домбыра көрсе Нұрғисада тағат қала ма, қызыл домбыраны қолына алып, шертіп көрсе, домбыраның көмейі күмбірлеп, көкірегі өксиді екен. Нұрғиса қызығып кетеді де, үй иесіне: «Ақсақал, бір күй тартып берейінші!» дейді. Үй иесі самарқау қалпымен Нұрғисаның бетіне барлай қарап алады да: «Тартсаң тарт, шырағым. Тек, үйдің берекесін алмай, адам құсап тартшы!» - дейді. Қарттың үні мүлде түңілгендей, дені дұрыс күй тыңдаудан күдерін үзгендей болып естіледі. Нұрғиса болса дүние төңкеріліп түскендей «Ах!» дейді. Күнұзынғы қолпаштың, күнұзынғы марапаттың бәрі желге ұшқандай, бәрі жалған сияқты жаны құлазып сала береді. Ол аздай – ақ, сол сәт әкесі Тіленді марқұмның дәл жаңағы қарт сияқты «Күйдің берекесін алмай, күйін келтіріп тартар болар» деп отыратын сөзі есіне түседі. Тап бір әке өсиетін аттанғандай, күйші әкесінің арманына қылау түсіріп алғандай, жан – дүниесі әп – сәтте әптер – дәптер болады. Сол сәт көкірігінен «Ах, арман – ай!» деген сөздің қалай лықсып шыққанын өзі де аңғармай қалады. Нұрғиса тұғырдағы қырандай дүр сілкініп, есін жияды. Сол қалпында домбыраны үгітіп жіберердей құшырлана бауырына басып отырып, жөргектен құлағына сіңген ескі сарынды сұңқылдатып қоя береді. Күй қолымен емес, жүрегімен тартылады. Тереңнен тепсініп шыққан шұңғыла сарын гөй –гөйлеп, небір нақышты иірім – қайырымдар өзінен - өзі құйылып арманымен қауышқандай сезіне беріледі. Күй аяқталады. Нұрғиса қарсы алдында қақшиып отырған қартқа қарайды. Қарттың қабағы ашылып, жанары шоқтай жайнап, мүлде басқа күйге түскен. Сол қалпы ботадай елпілдеп: «Ой, бәрекелді, өркенің өссін, қарағым!» дейді. Нұрғиса сонда ғана өзіне өзі келгендей болып, көңілі орнына түседі... Сөйтсе, бұл қартыңыз соғысқа барғанға дейін тыңдаушысын тәнті еткен дәулескер домбырашы екен. Соғыстан сол қолы шынтағынан кесіліп оралыпты. Қол кесілгенмен, көкірек сау, күйге ынтық көңілін өзінше аулап, домбырасын баптап қояды екен. Міне, осы қарттың алдында тартқан күйін Нұрғиса кейін «Арман» деп атап жұртқа жайса керек.

 

Мәтін бойынша тапсырмалар

1) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

2) Мәтінді кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімге бөліңіз.

3) Мәтін мазмұнын қысқаша  баяндаңыз.

4) Нұрғиса Тәлендиевтің тағы қандай күйінің шығу тарихын білесіз?

Білетініңізді әңгімелеп беріңіз.

5) Мәтіндегі тұрақты тіркестерді тауып, сөздік арқылы мағынасын жазыңыз.

6) Берілген тұрақты тіркестерді қатыстырып сөйлем құраңыз.

Айызы қану, арқасы қозу, қырық құбылту, қабағы ашылды, көңілі көтерілді.