Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында қазақ тілін өз деңгейінде меңгерту білім берудің басты мәселелерінің бірі болып отыр. Өйткені мемлекеттік тілдің аясын кеңейту дегенде басты назар оның қоғамның барлық салаларында белсенділігін арттыруға ауатыны белгілі. Бұл ретте қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде терең қолданысқа түсуі болашақ мамандардың күнделікті өз кәсіби әрекеттерінде тілді еркін қолдана білулерінен бастау алары аян.
Ұсынылып отырған кәсіби қазақ тілі практикумы жоғары оқу орындарындағы музыка мамандықтарының студенттеріне арналған. Практикумның басты міндеті – қазақ тілін студенттерге мамандыққа сәйкес қатынас құралы ретінде үйрету. Олардың өз мамандығы бойынша кәсіби тілде еркін сөйлеуіне, өз ойын еркін жеткізуіне септігін тигізеді және студенттердің жеке тұлға ретінде жетілуіне ықпал етеді. Сонымен қатар студенттердің мамандығы туралы білімін жетілдіріп, сөздік қорын байытады, сауатты жазуға және сауатты сөйлей білуге дағдыландырады, шығармашылық іс-әрекетке бейімділігін арттырады.
Берілген барлық материалдар музыка саласындағы мамандықтарға негізделген. Практикум студенттердің сөздік қорын байыта отырып, мамандығына қажетті терминдерді меңгеруіне, басқа адамдармен ой бөлісіп, пікір алмасуға үйретеді және жаттығудың ақпараттық, дамытушылық, қатысымдық қызметін анықтау тіл үйренушілердің мамандыққа сәйкес тақырыпты меңгеруіне, болашақ кәсіптеріне байланысты сабақта алған білімдерін өмірде пайдалануға мүмкіндік туғызады.
Кәсіби қазақ тілін мамандыққа бағыттап үйретуде берілетін тапсырманың қарапайымнан күрделіге, жеңілден ауырға қарай сатылап берілуінен жұмыстың жүйелілігі көрінеді. Тілді үйренуде орындалатын жаттығу жұмыстарының маңызы зор. Берілген жаттығулар, өздік жұмыстар, кәсіби мәтіндер сөздік қорларын молайту мен тіл қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған. Лексика-грамматикалық тапсырмалар, оқылым және жазылымға байланысты берілген материалдар болашақ мамандардың өз пікірін білдіруіне, қандай да бір қорытынды жасауына мүмкіндік беретіндей қызықты әрі тартымды, танымдық мәні жоғары, кәсіби өмірімен тығыз байланысты болуына орай сұрыпталып алынған.