Физиология (грекше рһуsіs - табиғат, lоgоs - ілім) тірі организм мен оның жеке жүйелері, ағзалары, тіндері және жасушаларының әрекеттерін, тірліктерін зерттейтін биологиялық ғылым. Физиология организм жүйелері мен ағзаларының бір-біріне әсерін, өзара байланысын және сыртқы ортамен қарым-қатынасын тексереді. Сонымен қатар ол әрекеттерді жас кезендеріне байланысты онтогенез және эволюциялық даму барысында бақылайды.
Физиология өзінің ғылыми бағытына қарай жалпы, жеке және қолданбалы болып жіктеледі (1-схема).
Жалпы физиология көптеген түрлер организмінің жасушалары мен тіндеріне, ағзаларына бірдей тән негізгі тіршілік үрдістерінің жаратылысын, тірліктерін, жалпы көрсеткіштерін, қасиеттерін зерттейді. Олардың сыртқы және ішкі ортаның әртүрлі әсерлеріне жалпы жауабын, тітіркену, қозу, тежелу, зат және қуат алмасу құбылыстары туралы мәселелерін қарайды. Жалпы физиология салыстырмалы және эволюциялық физиология болып бөлінеді.
Салыстырмалы физиология - жануарлар әлемінің әртүрлі өкілдерінің тірліктік негізін, ұқсастығы мен айырмашылығын ажыратады.
Эволюциялық физиология - адам мен жануарлардың онтогенез (жеке даму) және филогенез (тарихи даму) кезінде физиологиялық әрекеттерінің біліну, даму, қалыптасуының жалпы тіршіліктік заңдылықтары мен тетіктерін қарастырады.
Жеке физиология - кейбір тіндердің (ет, жүйке т. б.), ағзалардың (ми, жүрек, бауыр, бүйрек т.с.с.) қасиеттерін, олардың жүйелерге (қан айналымы, тыныс алу, ас қорыту т.с.с) бірлесіп ұйымдастырылу және реттелу негіздерін тексереді.
Қолданбалы физиология - адамның әлеуметтік жағдайлары мен мақсатты іс-әрекетіне байланысты заңдылықтарды анықтайды. Оның қатарына бірнеше физиология саласы жатады.
Авиация физиологиясы - ұшқыштар организмінің ұшу кезіндегі жағымсыз әсерленісін анықтап, оларды болдырмау тәсілдері мен амалдарын табады.
Әлеуметтік физиология - адам организміне қоғамдық ортаның, өндіріс, тұрмыс жағдайларының әсерін анықтайды.
Әскери физиология - оқу - жауынгерлік даярлану кезінде және соғыс жағдайларында физиологиялық әрекеттердің реттелісін зерттейтін әскери медицина саласы.
Ғарыштық физиология - космостық түрткілердің (салмақсыздық, гиподинамия) ғарышкерлер организміне жарамсыз ықпалын тексеріп, оларға қарсы сақтану амалдарын жасайды.
Еңбек физиологиясы - адам организмінің еңбектену кезіндегі қалыпты жағдайын, жұмыскерлігін, оған өндірістік әсерлерді тексеріп тиімді жұмыс істеу шараларын жүзеге асырады.
Жас физиологиясы - адам организмі мен ағзалары және жүйелері қызметінің туылған сәттен жеке дамуының ақырына дейінгі қалыптасу және жойылу ерекшеліктерін тексереді.
Спорт физиологиясы - дене шынықтыру, машықтану тәсілдерін ғылыми тұрғыдан ұйымдастырады.
Суасты жүзу физиологиясы - теңізшілер мен сүңгушілер организміне сүңгуір қайықтардың ұзақ уақыт жұмыс кезіндегі әсерін анықтайды.
Тамақтану физиологисы адамдардың жасына сәйкес әртүрлі кәсіби топтар үшін арнайы, ұғымды тамақтану шарттарын қарастырады.
Психофизиологияадам психологиясы мен физиологиясы саласынан қалыптасқан. Ол әртүрлі психикалық үрдістер (түйсік, есте сақтау, сезім, ойлау, сөйлеу т.б.) кезінде ақиқат байқалатын физиологиялық өзгерістерді зерттейді.
Экологиялық физиология - адам организміне табиғаттың әралуан төтенше түрткілері мен орасан жүктемелерінің әсерін тексереді.
Физиологияның аса маңызды саласының бірі - ауылшаруашылық жануарлар физиологиясы, оның негізгі мақсаты мал мен құс шаруашылық өнімдерін ғылыми жетілдіру.
Физиологияның мақсаттары.
1. Органимнің және оның әрбір құрылымының қызметін ұғыну арқылы болашақ мамандардың әрекеттік және клиникалық ойлау қабілеттерін жетілдіру.
2. Физиологиялық зерттеу әдістерін үйрету арқылы әрекеттік диагностика дағдыларын қалыптастыру.
3. Физиология ғылымының қағидаларымен таныстыру арқылы адам денсаулығын тиімді ұйымдастыруды үйрету.
4. Әрбір адамға денсаулық деңгейін анықтау мен бағалау және нығайту тәсілдерін үйрету.
Физиологияның зерттеу әдістері. Физиологиялық үрдістер өте үдемелі өзгеріп отыратын құбылыстар. Оларды анықтау тәсілдері физиологияның даму кезендеріне және шектес ғылымдардың жетістіктеріне сәйкес қалыптасты. Сондықтан мұның бірнеше бағытын талдауға болады:
1) Бақылау әдістері - физиологиялық құбылыстарды қалыпты жағдайда және әр түрлі әсерлерден кейін қадағалауға мүмкіндік береді. Тірліктік әрекеттер жылжымалы болғандықтан, бұл әдетте, 2-3 үрдісті қамти алады.
2) Тіркеу әдістері - физиологиялық құбылыстарды механикалық және электрлік тәсілдермен жазып алады.
3) Тітіркендіру әдістері - тірі құрылымдардың, ағзалар мен тіндердің күйін өзгерту мақсатымен механикалық (кесу, түйреу), биологиялық (егу, уландыру), химиялық (тұздар, қышқылдар, дәрілер), физикалық (дыбыс, сәуле, электр ағыны, температура т.б.) түрткілердің әсерін қолданады.
4) Электрофизиологиялық әдістер - қозғыш тіндер мен ағзалардың электрлік құбылыстарын және әртүрлі электрлік емес көрсеткіштерді (ультрадыбыс, электромагнит толқындары т.б.) тіркегіштер мен күшейткіштер қолданып осы амалмен тіркейді.
5) Өткір тәжірибе әдістері - жануарларға вивисекция (тәнтілу), олардың мүшелерін, ағзаларын, тіндерін оқшаулау тәсілдерін жасайды.
6) Созылмалы тәжірибе әдістері - жануарларға тірідей операция жасап, олар жазылғаннан кейін ұзақ уақыт бақылайды. Бұл әдісті физиологияға алғашқы енгізген И.П. Павлов болатын, сейтіп ол организмді бөлшектеп қараудың (анализ) орнына, біртұтас жүйе ретінде (синтетездік) тексеруге мүмкіндік жасады.
7) Аспаптық әдістер - физиологиялық зерттеулер нәтижесінде медицинаға әртүрлі үрдістерді тексеру, ауруларды анықтау (диагноз) және емдеу (терапия) үшін арнайы аспаптар ұсынады.
Басқа да биологиялық ғылымдар сияқты физиология ертеден дамыған. Бізге жеткен деректер бойынша, байырғы Қытай, Үнді, Грек, Орта Азия елдерінің ойшыл ғұламалары, дәрігерлері организмнің құрылысы мен тіршілік әрекеттері туралы көптеген мәліметтер жинаған.
Қазақстанда физиология ғылымының қалыптасуы мен дамуы өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарымен байланысты. Осы мезгілдерде елімізде бірнеше техникумдар мен жоғары оқу орындары ашыла басталды. Қазақ педагогика институты (1928 ж), ветеринарлар дайындайтын институт (1929 ж), С.М.Киров атындағы Қазақстан мемлекеттік университеті (1934 ж.) ашылды. Физиология ғылымының қазақ жерінде қалыптасуы мен дамуы барысында толық құнды үлесін қосқандар, ұлтымыздың біртума дарынды перзентері, ойшыл ғалымдары мен зиялылары С.Аспендияров, X.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев т.б.