1.1 Физиология ғылыми пән ретінде және оның міндеттері
Физиология (грек. physis – табиғат және logos – ілім) – ағзаның және оның жекелеген бөліктерінің: жасушалардың, ұлпалардың, мүшелердің, функционалдық жүйелердің тіршілік әрекеті туралы ғылым. Ол организм функцияларын жүзеге асыру механизмдерін, олардың өзара байланысын, эволюция процесінде организмнің сыртқы орта жағдайларына бейімделуін және реттелуін ашады.
Физиологияның міндеті – жүйелер мен органдар арасындағы әр түрлі арақатынастарда тірі ағзаның функцияларын жүзеге асыру механизмдерін; қоршаған орта жағдайларымен өзара әрекеттесудегі бейімделу; жануардың белгілі бір іс-әрекетінің жеке дамуы мен қалыптасуы анықтау және зерттеу. Физиология ғылым ретінде тірі жүйелерде болатын субжасушалық, жасушалық, мүшеден біртұтас организмге дейінгі әртүрлі деңгейлерде жүретін процестердің физикалық және химиялық негіздерін анықтау өте маңызды
Физиология көптеген ветеринариялық және зоотехникалық пәндер үшін маңызды ғылыми негіз болып табылады: патологиялық физиология, фармакология, диагностика және терапия, хирургия, акушерлік және қолдан ұрықтандыру, жануарларды азықтандыру және көбейту. Физиологиялық процестердің негізін қалайтын заңдылықтарды анықтай отырып, ағзалар мен организм жүйелерінің қоршаған ортамен өзара әрекеттесуін біле отырып, жануарлардың өнімділігін (сүт, ет, жұмыртқа, жүн және т. б.) арттыруға және ветеринариялық және зоотехникалық іс-шараларды ойдағыдай жүргізуге болады.
Физиология анатомия және гистология сияқты морфологиялық ғылымдармен тығыз байланысты. Кез-келген мүшенің жұмысын оның құрылымын білу арқылы ғана түсінуге болады, өйткені функция мен форма бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл байланыс ұзақ эволюцияның салдары болып табылады, бейімделу нәтижесінде форманың өзгеруімен құрылым да сөзсіз өзгереді.
Физиологияның әртүрлі мақсаттары мен міндеттері физиологиядан алыс болып көрінетін басқа ғылымдарды тартуды талап етеді. Мысалы, радиотелеметриялық жүйелердің көмегімен қашықтықтағы жануарлар организмінің функционалдық күйін бақылауға болады. Химия, әсіресе биологиялық химия арқылы, кейбір сыртқы әсерлердің әсерінен организмнің ішкі ортасында болатын елеусіз өзгерістерді де анықтауға мүмкіндік береді.