Авторлар
Әдебиеттер

14 Физиологиялық функцияларды реттеу


14.1 Негізгі түсініктер

Физиологиялық адаптация (латынша аdарtаtіо – бейімделу) деп сыртқы ортаның нақтылы жағдайына организмнің бейімделуін қамтамасыз ететін морфологиялық-физиологиялық процестер жиынтығын айтады. Адаптация нəтижесінде организмнің тіршілік ортасының экологиялық жағдайына (температура ауытқуларына, оттегі, жарық тапшылығына, азық түріне және т. б.) төзімділігі қалыптасады. Қоршаған орта жағдайларының өзгерістері міндетті түрде организмде функциялардың ауытқуларын тудырып, шектен артып кеткен жағдайда дертке ұшыратады.

Жануарлардың сыртқы ортаның жаңа, тосын, жат жағдайларына (мекен, ауа райы) көндігуін акклиматизация, ал жасанды туғызылған жағдайларға (зертхана, ғарыш аппараты, т. б.) үйренуін акклимация деп атайды.

Экологиялық-генетикалық тұрғыдан физиологиялық адаптацияны екіге жіктейді:

- түрлік – тұқым қуалаған тән;

- дарақтық – жеке өкілдерге тəн.

Жануарлардың бір түрі суық климатқа, екіншісі қоңыржай температураға, үшіншісі биік таулы аймаққа (қодас, лама) бейімделген. Кейбір жануарлар салыстырмалы қолайлы жағдайда тапшы азықты жақсы пайдаланады, бірақ олардың өнімділігі төмен болады. Басқа біреулері сапалы азықты талап етеді жəне оларды өнімге өте тиімді айналдырады.

Тірі организм жоғары деңгейдегі өздігінен реттелетін, өзін-өзі сүйемелдейтін, қалпына келтіретін, бағыттайтын, тіпті, жетілдіретін күрделі жүйе. Бірақ организм сыртқы ортаның мезгіл-мезгіл қайталанып отыратын өзгерістеріне (күн мен түннің, жыл мезгілінің алмасуларына, температура ауытқуларына жəне басқа экологиялық жəне климат құбылыстарына) тəуелді. Сондықтан организм үшін сыртқы орта жағдайлары шешуші рөл атқарады. Үй жануарларының бейімделу ерекшеліктерін анықтағанда осы жайларды ескерген жөн.

Барлық экологиялық факторлар абиотикалық жəне биотикалық болып үлкен екі топқа бөлінеді. Абиотикалық (жансыз) факторға сыртқы ортаның табиғи жағдайлары: жер бедері, температура, ылғалдық, ауа құрамы, т.б. жатады. Биотикалық (жанды) факторларды тіршілік əрекеті организмге ықпал ететін басқа жан-жануарлар құрайды.

Абиотикалық факторлар организмге тікелей немесе жанама жолмен (басқа факторлар көмегімен) зат алмасу процесінің қарқынын өзгерту арқылы əсер етеді. Олардың кейбіреуі сигнал рөлін атқарып, организмді қоршаған ортаның болашақ өзгерістеріне алдын ала дайындайды. Мысалы, күннің ұзаруы организмде белгілі бір бейімделу процестерінің туындауына себепкер болады. Абиотикалық факторлар тек біржақты əсер етеді. Организм олардың əсеріне тек бейімделіп отырады, өзі оларға кері ықпал жасай алмайды. Абиотикалық факторларға бейімделудің екі түрі болады. Оның біріншісі, осы факторға, оның əсер күшінің өзгерістеріне төзімділік қалыптастыру, организм функцияларының қалыпты күшін сақтауды қамтамасыз ету жолы. Бұл – пассивті бейімделу, толеранттық (латынша tоlerantіo – шыдамдылық) принциппен бейімделу. Бейімделудің бұл жолы жануарлардың жеке түріне тəн тұрақты қасиет ретінде қалыптасады да, негізінен жасушалық-ұлпалық деңгейде жүреді. Бейімделудің екінші – белсенді жолы организмнің арнаулы бейімделу механизмдері арқылы сыртқы орта əсерін жұмсартып, ішкі ортаның салыстырмалы тұрақтылығының сақталуын қамтамасыз етеді. Демек, белсенді бейімделу немесе резистенттік принциппен бейімделу (латынша resіstentіa – қарсыласу, кері əсер) организмінің ішкі ортасының тұрақтылығын сақтауға бағытталады. Пассивті бейімделуге мысал ретінде салқынқанды немесе пойкилоосмостық жануарларды, ал белсенді бейімделуге мысал ретінде жылықанды немесе гомойосмостық жануарларды алуға болады.

Биотикалық факторлар (жыртқыштар, ауру қоздырғыштары, бəсекелестер, т. с. с.) басқа түрге əсер ете отырып, өздері де солардың ықпалында, өзара əсерлестік жағдайында болады.

Түрлі факторлардың организмге əсері, оларға қайтарылатын жауап сипаты көбінесе сол фактордың əсер күшіне, оның мөлшерленуіне байланысты. Организмнің қалыпты тіршілігін сақтау үшін орта факторларының (жылылық, ылғалдылық, жауын-шашын, оттегі, т. б.) жағымды мөлшерде болуы қажет.

Олардың тапшылығы немесе молшылығы организм функцияларында түрлі ауытқулар тудырады. Кез келген фактордың организм мұқтаждығына сəйкес жəне оның тіршілігі үшін ең қолайлы жағдай туғызатын мөлшерін оптималды мөлшер деп атайды. Фактордың қолайлы əсері сақталатын шекті оңтайлы (оптималды) аймақ дейді.