14.2 Жануарлардың қоршаған орта температурасына бейімделуі
Сыртқы орта температурасы – жануарлардың əлемде таралуын реттеп, шектеп отыратын маңызды экологиялық фактордың бірі. Жануарлар əлемінің көптеген түрі өз өмірінің белгілі кезеңінде қоршаған ортаның қолайсыз температураның ауытқуларына жолығып отырады. Оған организмді бейімдеп отыратын арнаулы механизмдер болмаса, тіршілік әрекеті тоқтаған болар еді.
Үй жануарлары сыртқы орта температурасының үлкен ауытқулары жағдайында тіршілік етеді. Жер шарының ортаңғы полюсында сыртқы орта температурасының деңгейі -35 ℃-пен +35 ℃ аралығында жатады. Мұндай жағдайда өнім беру үшін мал ызғарлы аяз бен аптаған ыстыққа төзімді болуы керек. Дене температурасы тұрақты болған жағдайда ғана ұлпалар мен жасушаларда зат алмасу процесі қалыпты деңгейде жүреді. Ал дене температурасының тұрақтылығы химиялық жəне физикалық жылу реттеу механизмдері қызметінің арқасында сақталады. Өз кезегінде олар организмнің тіршілік жағдайына байланысты өзгеріп отырады.
Түлік түріне, төлдің жасына сай ортаның температуралық оптимумы болады. Мысалы, жаңа туған бұзау үшін ол 16–18 ℃, бір-екі жасар торпақ үшін – 3–5 ℃. Сыртқы орта температурасының аз мөлшерге жоғарлауының өзі бейімделу механизмін іске қосуға түрткі болады. Осының нəтижесінде организм жылудың артық мөлшерінен құтылады. Ыстық ауа райы жағдайында ірі қара үшін жылу теңдестігін сақтаудың маңызды тетігі – тыныс жиілігі. Ауа температурасы жоғарылаған сайын тыныс жиілей береді. Ауа температурасы 26,7–37,8 ℃-қа жеткенде тыныс айтарлықтай жиілеп, 37,8–40,6 ℃ аралығында өзінің ең жоғарғы шегіне жетеді. Ірі қара, қой-ешкіде полипноэ (тыныстың жиілеуі) тəуліктің ыстық уақыт аралығында байқалады. Осы ерекшелік аталған түлік түрлерінің ыстық күн астында ұзақ уақыт қала беруіне мүмкіндік береді. Тыныс жиілегенде организмде жиналған жылу организм жұтқан ауаны жылытуға шығындалады жəне тыныс жолының беткейінен буланады. Тыныс жолынан булану процесінің əсіресе, ірі қара үшін маңызы зор. Сонымен, С. Броди деректеріне сай сиырдың лактакциялық джерсей жəне голланд тұқымдары ауа температурасы 35 ℃-қа жеткенде бөлген жылудың 26 %-ы тыныс алу жолдары бойынша ылғалдың булануы арқылы шығады.
Тыныс алу жиілігінің төмендеуімен тыныс алу жолдарынан булану арқылы жылу шығыны айтарлықтай төмендейді. Ауа температурасы +10 ℃ болғанда шамамен 10–11 %, ал -10 ℃ температурада жалпы жылу шығынының шамамен 4 % құрайды.
Денеден жылу шығаруда тер бөлу процесі де маңызды рөл атқарады. Денеден буланған судың əр граммы 2,4 кДж энергия əкетеді. Жылқы, сиыр, қой тер түрінде көп мөлшерде су бөледі.