14.3 Малдың биік тау жағдайларына бейімделуі
Үлкен биіктікте ауа сирейді, оттегі мөлшері азаяды. Осымен байланысты тау жағдайына бейімделу екі бағытта жүреді. Бір жағынан ауадағы оттегіні тиімді сіңіріп, ұлпаларға шапшаң жеткізуді қамтамасыз ететін механизмдер дамиды. Екінші жағынан, ұлпалардың оттегі тапшылығы жағдайында тіршілік ету қабілеті қалыптасады, организмнің немесе оның жеке бөліктерінің тіршілік əрекеті төмендеп, олардың оттегіні пайдалану қарқыны кемиді. Бейімделу реакциясының сипаты таудың теңіз деңгейінен биіктігіне байланысты. Халықаралық жіктеуге сəйкес биіктік теңіз бетінен 1000 м шамасында болса, ол орташа, ал 2000 м болса, биік тау жағдайы деп саналады. Жоғары биіктік жағдайында үй жануарлары оттегі ташпылығына 20–25 күн ішінде бейімделеді жəне бұл процесс үш сатыда өтеді.
Алғашқы кезеңде өкпенің желдетілуі күшейіп, қан айналым шапшандайды, қордағы қан айналымға қосылып, қан құрамындағы эритроциттер саны өседі, қан ферменттерінің белсенділігі артады, қышқылды-сілтілік тепе-теңдік өзгереді.
Бұл атмосфералық қысымның төмендеуіне, ауадағы оттегі мөлшерінің азаюына қайтарылған реакциялар болып табылады. Осыдан кейін қандағы гемоглобин мөлшері көбейіп, ұлпалық ферменттердің белсенділігі жоғарылайды.
Бейімделудің үшінші сатысында анаэробты гликолиз күшейіп, оттегіні пайдалану көрсеткіші төмендейді, организмнің жалпы төзімділігі жоғарылайды. Бастапқы функционалдық бейімделу кезеңінде организм көп қуат шығындайды, ал кейінірек зат алмасу процесінің қарқыны төменгі деңгейде тұрақтайды.
Биік тау жағдайында оттегінің төмендеуіне барлық органдар бір деңгейде реакция бермейді. Оттегі тапшылығына ми жарты шарлары қыртысының, тамыр қозғағыш жəне тыныс орталықтарының нейрондары, көздің торлы қабығының рецепторлары өте сезімтал келеді. Бүйрек, бауыр, жүрек бұлшықеттері оттегі тапшылығына онша сезімтал емес. Ал көлденең бұлшық еттер мен бірыңғай салалы бұлшық еттер ұзақ мерзім бойына оттегінсіз тіршілік қабілетін сақтайды.