14.4 Малдың түрлі жасанды жағдайларға бейімделуі
Жасанды микроклимат жағдайында жануарларда қалыпты физиологиялық күй сақталады, бірақ тыныс жиілігі, жүрек жұмысы, дене температурасы, қан қысымының көрсеткіштері ең жоғарғы деңгейде қалыптасуы мүмкін. Мол өнімді сиырларда зат алмасу процесінің ауытқулары байқалады. Қыс-көктем маусымдарында сиыр организмінде сілтілік қор азайып, ацидоз құбылысы байқалады, қан құрамында кальций мөлшері төмендеп, фосфор мөлшері жоғарылайды. Рационға жазғы балауса мал азығын енгізгеннен кейін жоғарыда аталған ауытқулар қалпына келеді.
Малды тар қораға қамаған жағдайда олардың тіршілігіне қажетті физиологиялық қимыл белсенділігі шектеледі. Гиподинамия жəне шектен артық азықтандыру нəтижесінде сиырлар семіріп, кетоз ауыруына ұшырайды, малдың қысыр қалуы ықтимал. Бұл ауытқулар физиологиялық адаптацияның қалыптаспауының салдарынан туындайды.
Организмнің қалыпты физиологиялық функциялары сақталып, зат алмасу процесі бұзылмас үшін мал қораларында белгілі микроклимат қалыптастыру керек. Сиыр қорада қыста ауа температурасы 5–6 ℃, жазда – 25 ℃, ылғалдылығы – 70–85 %, көміртегі қостотығының мөлшері 0,25 көлем пайыздан, аммиак мөлшері – 0,01–0,02 мл/л, күкіртті сутегі мөлшері – 0,005–0,1 мг/л-ден аспау керек. Сонымен қатар сауын жəне буаз сиырларды күнделікті серуенге шығарып, малға кемінде 3–5 км жер жүруге мүмкіндік туғызған жөн.
Бейімделу процесін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын гипоталамус-гипофиз-бүйрек үсті без жүйесінің функционалдық күйіне сиырды сауу жиілігін өзгерту немесе қолмен саууды машинамен саууға алмастыру да үлкен əсер етеді. Сауу жиілігі жəне сауу əдісі өзгергеннен кейін алғашқы күндері қан құрамында кортикостериодтар көбейіп, олардың едəуір мөлшері зəрмен бөлінеді. Машинамен сауу тəсіліне мал өз организмінің ерекшеліктеріне, өнімділігіне сəйкес 10–15 тəулік ішінде бейімделіп үлгереді. Бейімделу процесінің тез дамуы үшін малдың толық, теңдестірілген тамақтандыру және машинамен сауу технологиясын қатал сақтау керек. Бұл талаптарды əсіресе, тұмса малды сауу процесіне үйрету кезінде мұқият сақтаған жөн. Малдың бұл тобы үшін табынның өзгеруі, сауу процесі, механикалық қондырғылар шуылы бейімделуді қажет ететін күшті тітіркендіргіш болып табылады. Сақа сауын сиырлар жүрегінің сол жақ қарыншасы үлкейіп, тамыр соғу ырғағы тым жиі болған жағдайда экстросистолия байқалды. Тамыр соғысының ырғағы жүректің жұмыс ырғағынан төмен не оған сəйкес болған жағдайда жүрек соғысында ауытқулар сезілмейді. Осымен байланысты тамыр соғысының жұмыс ырғағы жүрек жұмысының ырғағына сəйкес, не одан 10–11 пайызға төмен болғаны жөн.
Сонымен, əртүрлі жасанды жағдайларға бейімделу процесі дұрыс дамуы үшін малды күтіп-бағу, азықтандыру, қора-жайлар микроклиматтарының организмнің функционалдық жүйелеріне əсерін тиімді пайдаланған орынды.
Бақылау сұрақтары
1. Физиологиялық бейімделу дегеніміз не, оның қандай түрлерін білесіз?
2. Абиотикалық факторға бейімделудің жалпы сипатын баяндаңыз.
3. Жалпы адаптациялық синдром дегеніміз не, оның қандай сатыларын білесіз?
4. Жануарлар ыстық жəне суық ауа райына қалай бейімделеді?
5. Жануарлардың биік тау жағдайына бейімделу механизмін баяндаңыз.
6. Бейімделу, жерсіну жəне булығу (стресс) процестері, олардың арасын дағы ұқсастық пен айырмашылықтарды баяндаңыз.