Авторлар
Әдебиеттер

1 Жануарлар физиологиясының пәні, міндеттері мен әдістері


1.3 Физиологияның қысқаша даму тарихы

Ағзаның құрылымы мен функциялары туралы ақпарат грек философы, дәрігер, «медицина атасы» Гиппократтың (б.з.д. V–IV ғғ.) шығармаларында жүйеленген және баяндалған.

Рим ғалымы Гален (б.з. II ғ.) жатыр, қан тамырлары, ішек, асқазан қабырғаларының құрылысын сипаттады. Ол жануарларға күрделі тәжірибелер жүргізген, жұлынын кесіп, содан кейін пайда болған жоғалған функциялар бойынша ағзадағы жүйке жүйенің рөлін анықтады. Бірақ Галеннің қан айналымы туралы түсінігі қате болды: ол артериялар қанмен емес, ауамен, қан айналымының орталығы жүрек емес, бауыр деп мәлімдеді.

Орта Азияда, Хорезмде шамамен мың жыл бұрын адамдардың әртүрлі физиологиялық процестерін сипаттаған ірі ғалым, тәжік дәрігері Ибн-Сина (Авиценна) өмір сүрген. Оның трактаттары XVII ғасырға дейін медицинаға үлкен әсер етті. Ибн-Сина дұрыс тамақтанудың, таза ауаның, күн сәулесінің ағзаның күйіне пайдалы әсерін атап өтті. Ол дененің барлық функцияларына әсер ететін жүйке жүйесіне үлкен мән берді.

XVII ғасырда өліге қарағанда тірі материядағы процестердің басқаша жүретіндігін ескермей, ғалымдар организмнің функцияларын физика, механика және химия тұрғысынан қарастырды. Мысалы, Рене Декарт (1596–1650) рефлекс құбылысын, яғни организмнің қоршаған ортаға әсерінің көрінісін ашты. Ол бұл құбылысты таза механикалық түрде түсінді және оны машинаның жұмысына ұқсас деп санады.

Сау ағзадағы процестерді зерттейтін эксперименттік ғылым ретінде физиологияның негізін XVII ғасырда ағылшын дәрігері Уильям Гарвей салған, ол қанның қозғалысын зерттеп, 1628 жылы оны «Anatomica de motv cordis et sangvi-nis in animalibus» («Жануарлардағы жүрек пен қанның қозғалысы туралы») кітабында сипаттаған. Бұл кезең эксперименттік физиологияның бастамасы болып саналады, өйткені Гарвей жаңа зерттеу әдісін қолданды, онда тірі ағзаның сыртқы қабаттары мен ұлпалары кесіліп, бақылауға қажетті мүшелер ашылды. Бұл әдіс вивисекция немесе тірі тілім деп аталды және ұзақ уақыт бойы физиология бойынша ғылыми зерттеу тәжірибелерінде негізгі әдістердің бірі болды.

XVIII ғасырда орыс ғылымының негізін қалаушы Михаил Васильевич Ломоносов (1711–1765) материалистік жаратылыстанудың негізі болған материя мен энергияның сақталу заңын ашты және тірі организмде жылудың пайда болуы туралы болжам жасады.

XVII және XVIII ғасырларда Батыс Еуропа ғалымдары арасында тірі организмдердің өзгермейтіндігі туралы метафизикалық тұжырымдамалар басым болды. Сондықтан тірі организмде болатын әрбір құбылыс оны қоршаған ортаның әсерімен және оның ішінде жүретін басқа процестермен байланыстырмай қарастырылды. Табиғаттың барлық құбылыстары оқшауланған, қозғалмайтын, бір-бірімен байланыссыз және өзгермейтін деп саналды.

Малпигидің қан айналым жүйесінде капиллярлардың болуы туралы және орыс ғалымы А. М. Шумлянскийдің (1748–1798) бүйректің жұқа құрылымы туралы ашқан жаңалықтарының маңызы зор болды.

XIX ғасырдың ортасында француз ғалымы Клод Бернар ас қорыту, метаболизм, қан айналымы мен жүйке жүйелері физиологиясы саласында үлкен зерттеулер жүргізді. Физиологияның дамуы үшін оның ас қорыту сөлінің рөлін, бауыр қызметін түсіндіру жұмыстары маңызды болды.

Ресейдегі эксперименталды физиологияның негізін қалаушы А.М. Филомафитский (1807–1849) болды. Ол физиология туралы оқулық шығарды, осы оқулық алғашқы физиология бойынша орыс түпнұсқа және сыни түйіндеме болды. Оның тыныс алу және жылу қалыптастыру процестерінің мәні туралы жұмысы ерекше қызығушылық тудырды.

Илья Ильич Мечников (1845–1916) орыс және француз биологы фагоцитозды және жасушаішілік ас қорытуды ашушы, қабынудың салыстырмалы патологиясын, иммунитеттің фагоцитарлық теориясын жасаушы, ғылыми геронтологияның негізін қалаушы. Физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты. Физиологияны дамытуда үлкен жұмыс атқарды.

Энергияның сақталу заңының, жасушалық теорияның (Р. Вихров, 1891–1902) және эволюциялық ілімнің ашылуы сол кездегі барлық биология ғылымдарының дамуына негіз болды.

XIX ғасырдың екінші жартысында жүйке аппараттарының (рецепторлардың) сыртқы ортаның әсерін қабылдайтын қасиеттері мен қызметтері зерттелді (Э. Вебер, Г. Гельмгольц, И. М. Сеченов және басқалар). Осы кезеңде ішкі органдар мен қаңқа бұлшықеттерінде орналасқан рецепторлардың рөлін зерттеу басталды.

XIX ғасырдағы орыс физиологтарының жұмыстары материалистік бағытымен ерекшеленді. «Орыс физиологиясының әкесі» И.М. Сеченовтың (1829–1905) еңбектерінде физиологияның дамуына негіз қаланды. 1862 жылы басты жаңалық орталық жүйке жүйесіндегі тежелу болды («Сеченов тежелуі»).

И. М. Сеченов мидың белсенділігі рефлекторлық белсенділікке негізделген және барлық саналы немесе бейсаналы әрекеттер шығу тегі бойынша рефлекстер деген маңызды тұжырымды қалыптастырды. Ол бірқатар ғалымдарды тәрбиеледі, олардың арасында: патологиялық физиологияның орыс мектебін құрған В. В. Пашутин (1845–1901), ірі фармаколог Н. П. Кравков (1865–1924), зат алмасуды зерттеген М. Н. Шатерников (1870–1939), тірі ұлпалардағы электрлік құбылыстарды зерттеуші А. Ф. Самойлов (1867–1930).

Сеченовтың идеяларын оның ізбасары, орыс физиологы, академик Иван Петрович Павлов дамытты. 1890 жылға дейін Павлов қан айналымы мәселелерімен айналысты, содан кейін ас қорыту процестерін зерттеуге кірісті. Содан кейін ол жүйке жүйесінің жоғарғы бөлімінде – мидың үлкен жарты шарларының қыртысында болатын күрделі физиологиялық процестерді зерттеді. 1904 жылы оған сол кездегі ең ірі халықаралық сыйлық – Нобель сыйлығы берілді. XIX ғасырдың аяғында Павлов әлемдік даңққа ие болды, көптеген шетелдік академиялардың, университеттердің және физиологиялық қоғамдардың құрметті мүшесі болып сайланды.

Павловтың шығармаларын одан әрі оның көптеген ізбасарлары мен шәкірттері жалғастырды. К. М. Быков (1886–1961) Павловтың жоғары жүйке қызметі туралы ілімін дамыта отырып, мидың үлкен жарты шарларынының қыртысының ішкі ағзалардың қызметіне әсерін зерттеді.

Л. А. Орбели, А. Г. Гинецинский және басқа қызметкерлермен бірге жүйке жүйенің трофикалық әсері Павлов идеясын дамыту үшін жұмыс істеді және симпатикалық иннервация теориясын – бейімделу-трофикалық теориясын жасады.

П. К. Анохин мен оның қызметкерлерінің зерттеулері функционалды жүйелер туралы түсінік беріп, шартты рефлекстер мен мінез-құлық реакцияларын қалыптастыру мен нығайтудағы кері байланыстың үлкен рөлін анықтады.

Физиология саласындағы маңызды жетістіктерді орыс ғалымдары А. П. Вальтер (1817–1889) және В. А. Басов (1812–1879) жасады. А. П. Вальтер жүйке жүйесінің ағзадағы ішкі процестерге әсерін анықтады, ал В. А. Басов иттер асқазанына иннервацияны бұзбай фистуланы бекітіп, ұзақ физиологиялық эксперимент жасау мүмкіндігін көрсетті. Ауылшаруашылық жануарларының физиологиясының дамуына М. М. Завадовский, Н.Ф. Попов, И. А. Барышников, К-Р. Викторов, И. И. Иванов, А. Д. Синещеков, А. И. Лопырин, П. Ф. Солдатенков, Н. В. Курилов, А. А. Алиев және басқалар үлкен үлес қосты.

 

Бақылау сұрақтары

1. Физиология қандай басқа ғылымдармен тығыз байланысты?

2. XIX ғасырдағы физиологияға байланысты ғалымдардың қандай жетістіктерін білесіз?

3. Бір-біріне қарама-қарсы қандай екі процесс үнемі тірі организмде жүреді? Оларды сипаттаңыздар.