Авторлар
Әдебиеттер

2 Қозғыш ұлпалардың физиологиясы


2.1 Қозғыш ұлпалар және олардың қасиеттері

Қозғыш ұлпалар деп тітіркендіргішке жауап ретінде спецификалық белсенділік формасымен: электрлік потенциалдың пайда болуы немесе басқа құбылыстармен жауап бере алатын ұлпалар аталады. Оларға жүйке, бұлшықет және безді ұлпалар жатады.

Қозғыш ұлпаларға келесі қасиеттер тән:

- қозғыштық – қозу қабілеті; өткізгіштік – жүйке импульсін өткізу қабілеті (жүйкедегі өткізу жылдамдығы 120 м/с, яғни              600 км/сағ жетуі мүмкін);

- жиырылу – қозу кезінде күш немесе кернеуді дамыту қабілеті;

- лабильділік – функционалдық қозғалғыштық, яғни ритмикалық белсенділікке қабілеттілік (жүйке 1 с-та 1000-ға дейін жүйке импульстарын тудыра алады);

- секреторлық белсенділік.

Қозу процесінің мәні келесіде. Ағзаның барлық жасушалары сыртқы кеңістіктен екі қабатты плазмалық мембранамен шектелген. Мембраналық матрикс негізінен гидрофильді топтары сулы ортаға қарайтын фосфолипидтермен берілген, ал гидрофобты көмірсутекті тізбектері екі қатарға орналасады және полярлы емес молекулаларды ерітуге қабілетті сусыз липидті фазаны құрайды. Фосфолипидтер арасында олармен бірдей мөлшерде дерлік холестерол молекулалары шашыраңқы түрде орналасқан, ол мембрананы тұрақтандырады. Билипидті қабатқа батырылған негізгі функционалды элементтер ақуыздар болып табылады. Кейбір ақуыздар мембрана бойына толығымен еніп, ал басқалары бір қабатына ғана бекініп орналасады. Әдетте ақуыздардың гидрофобты топтары липидті мембранаға енген күйде, ал полярлы гидрофильді топтары мембрана бетінде жасушааралық сұйықтықпен жанаса орналасады. Мембрананың сыртқы бетіндегі көптеген ақуыздар гликопротеидтермен берілген.

Жасуша цитозолі мен жасушааралық сұйықтық электронейтралды.

Дегенмен, ағзаның барлық жасушаларында жасушаның сыртқы және ішкі мембраналық қабаттарындағы катиондар мен аниондардың біркелкі емес концентрациясына байланысты электр заряды болады. Ішкі мембраналық қабат теріс зарядқа ие, сыртқы қабаты оң зарядқа ие. Жасушадан тыс ортада ең көп таралған катион – Na+, жасушаішілік ортада – K+. Бұл жағдайда жасушаішілік және жасушадан тыс концентрацияның ең үлкен градиенті Ca2+ иондары ие, оның жасуша ішіндегі бос иондарының концентрациясы сыртына қарағанда 25000 есе төмен.

Аниондар мен катиондардың әртүрлі концентрациясы плазмалық мембрананың әртүрлі иондар үшін біркелкі емес өтімдіктен болып табылады. Плазмалық мембрананың өткізгіштігі оның құрамындағы әртүрлі иондық каналардың болуымен, каналдар мөлшері мен бөлшектерімен, мембранадағы бөлшектердің ерігіштігімен анықталады (жасуша мембранасы онда еритін липидтерге өтімді және пептидтерге өтімді емес). Қоздырғыш ұлпаның жасушасына тітіркендіргіш әсер еткенде плазмалық мембрананың иондық өткізгіштігі өзгереді. Нәтижесінде иондар электрохимиялық градиентке сәйкес мембрана арқылы тез қозғалады (мысалы, оң иондар теріс заряды артық жаққа және берілген ионның аз концентрациясына қарай жылжиды). Бұл қозу процесі.