2.3 Рефрактерлі кезең
Қозғыш ұлпалардың өте маңызды қасиеті – рефрактерлік – қозбаушылық Na+ каналдарының инактивациясымен байланысты. Жабық натрий каналдары өзінің белсендіру қабілетін бірден қалпына келтірмейді. Осыған байланысты әрекет потенциалы деполяризациясының бүкіл фазасы бойы және ішінара реполяризация фазасы жасуша қозу қабілетін жоғалтады, бұл толық қозбау күйі – абсолютті рефрактерлі фаза деп аталады
Біртіндеп натрий каналдары инактивация күйінен шығады және жүйке жасушасының қозғыштығы баяу қалпына келеді. Бұл уақыт кезеңі салыстырмалы рефрактерлік деп аталады. Алайда, осы кезеңде жасушаны қоздыру үшін, тітіркену күшін арттыру қажет. Іздік гиперполяризация кезінде, мембрана потенциалы тыныштық потенциалы деңгейінен төмен түскенде және қозу шегі сәйкесінше жоғарылағанда қозғыштықтың төмендеуі – субнормальдылық орын алады. Іздік деполяризация жағдайында, қозғыштық шегі төмендеген кезде қозғыштықтың жоғарылауы байқалады – экзальтация немесе супернормальдылық.
Абсолютті рефрактерлік кезеңдердің болуы ӘП генерациясының максималды жиілігін шектейді. Бұл жағдайда сыртқы сигналдардың өзгеруі тек ӘП жиілігінің өзгеруімен кодталады (жиілік коды). Себебі жүйке жасушасының абсолютті рефрактерлік кезеңі шамамен 1 мс болғандықтан, олардың қозу жиілігі (тұрақсыздық) секундына 1000 импульске жетуі мүмкін. Алайда, қозғыш жасушалардың көпшілігінде ӘП максималды жиілігі секундына шамамен 500 импульсты құрайды.
ӘП формасы және оның ұзақтығы қозғыш ұлпаның түріне байланысты. Жүйкенің ӘП шамамен 1 мс құрайды, қаңқа бұлшықеті – 10 мс, миокард жасушалары – 200 мс. Кейбір жағдайларда ӘП формасы шың тәрізді, ал басқаларында – үстірт тәрізді. Миокард жасушаларының ӘП үстірт тәрізді формасы жүрек соғуының ырғақтығын қамтамасыз етеді.