Авторлар
Әдебиеттер

3 Қан және қанайналым жүйесінің физиологиясы


3.1 Жүректің құрылымдық-функционалдық ұйымдастырылуы

Қанайналым жүйесі ағзада келесі функцияларды орындайды: тасымалдау, тыныс алу, қоректік, экскреторлық, терморегуляциялық және гуморальдық.

Қанайналым жүйесінің функционалды бөлімдері: жүрек – қысым және ағын генераторы; аорта – қысымы жоғары тамыр; артериялар – қысымды тұрақтандырғыш тамыр; артериолалар мен прекапиллярлар – капилярлы қан ағынын тарататын тамырлар; капиллярлар – алмасуға қатысатын тамырлар; венулалар мен көктамырлар – жинақтағыш тамырлар; қуыс көктамырлар – қанның веноздық қайту тамырлары; артерио-венулярлы анастомоздар – тұйықтағыш тамырлар.

Қанайналым жүйесінің ең маңызды қызметі – жабық, қатты тармақталған қан тамырлар жүйесі арқылы қанның тұрақты және үздіксіз қозғалысын сақтау.

Макроқұрылым. Жүрек – бұл екі жүрекшеден және екі қарыншадан тұратын төрт камералы қуысты бұлшықетті мүше. Жүректің оң және сол жақ жартысын қалың бұлшықет қабаты бөліп тұрады. Жүрекшелер мен қарыншалар жүрекше-қарынша (атриовентрикулярлық) саңылаулары арқылы байланысады, оларда қарыншаларға қарай ашылатын қақпақшалар орналасқан: оң жақта үш жақтаулы және сол жақта қос жақтаулы (митральды). Атриовентрикулярлық қақпақшалар қан ағынын қысым градиенті бойымен бір бағытта ғана қозғалуын қамтамасыз етеді. Сыртта жүрек перикардпен (үлпершекпен) жабылған. Перикардтың ішкі (серозды) қабаты екі қабатшаны құрайды – висцеральды (миокардты жауып тұрады) және париетальды (ішінен талшықты перикардқа жанасып тұр). Перикардтың қабатшалары арасындағы кеңістік – бұл жүректің қозғалысын жеңілдететін сұйықтықпен толған қуыс. Жүрек қуысының ішкі жағы эндокардпен қапталған. Ол эндотелиймен жабылған дәнекер ұлпадан тұрады және қақпақша жақтауларын түзуге қатысады.

Миокардтың микроқұрылымы. Миокард – күрделі көп ұлпалы құрылым. Миокардтың негізгі компоненті – біріккен құрылым түзетін көлденең жолақты жиырылғыш кардиомиоциттер (типтік). Миокардтың микроқұрылымына тән ерекшелік – ендірме дискілердің болуы, мұнда іргелес кардиомиоциттер тығыз байланыс аймақтарын құрайды. Кардиомиоциттердің тығыз жанасу аймағында электр кедергісі басқа аймақтармен салыстырғанда шамалы, сондықтан қозу миокардтың бүкіл массасына оңай және тез таралады. Миокард жүректің жиырылуы үшін өте маңызды бірнеше қасиеттерге ие: автоматизм, қозғыштық, өткізгіштік, жиырылғыштық және ішкі секреция.

Жүрек қызметінің циклі. Жүрек циклінің бірінші фазасы – жүрекше систоласы: жүрекше жиырылып, ондағы қан қарыншаларға өтеді. Жақтаулы қақпақшалар қарыншаларға қарай еркін ашылады, сондықтан қанның жүрекшеден қарыншаға өтуіне кедергі болмайды. Жүрекше систоласы кезінде қан кері көктамырға өте алмайды, өйткені көктамырлардың өзегі сақиналы бұлшықеттермен қысылып жабылады. Жүрекше систоласы 0,12 секундқа созылады. Жүрекше систоласынан кейін екінші фаза – қарынша систоласы жүреді. Қарынша систоласы өз кезегінде екі кезеңнен тұрады: ширығу фазасы және қан айдау фазасы. Ширығу фазасында (ол асинхронды жиырылу фазасы және изометриялық жиырылу фазасына бөлінеді) қарыншаның бұлшық еттері ширығады (олардың тонусы өседі), және қарыншалардағы қысым жоғарылайды. Бұл кезде жақтаулы қақпақшалар жабылады. Бір мезетте жақтаулы қақпақшалар ашылып, жүрекшеден шыққан қан өздігінен қайтадан қарыншаларға құйыла бастайды. Жүрек циклінің үшінші фазасы – жалпы пауза. Пауза кезінде қан жоғарғы және төменгі қуыс көктамырдан оң жүрекшеге, ал өкпе көктамырларынан сол жүрекшеге еркін ағады. Жақтаулы қақпашалар ашық болғандықтан, қан ішінара қарыншаларға енеді. Содан кейін жүректің жаңа циклі басталады.

Жүректің соғу жиілігін пульспен есептеуге болады. Жүректің жұмыс ырғағы жануарлардың массасына, түріне және зат алмасу деңгейіне байланысты. Әр түрлі жануарлардың жүрек соғу жиілігі алуан түрлі: пілдерде – 25–28, жылқыларда – 32–42, түйелерде – 32–52, ірі қара мал мен шошқаларда – 60–80, иттерде – 70–80, қояндарда – 120–140, тауықтарда – минутына 300 дейін. Бұндай жүрек соғу жиілігі нормотония деп аталады.

Жүрек соғу дыбысы. Жүректің жұмысы оған тән дыбыстармен қатар жүреді, оларды жүрек соғу дыбыстары деп атайды. Стетофонендоскоппен тыңдағанда жүректің екі соғу дыбысы ажыратылады: бірінші дыбыс систолалық деп аталады, өйткені ол қарыншалар систоласы кезінде пайда болады. Ол созылыңқы, қатаң және төмен. Екінші дыбыс, диастолалық, қарыншалар диастоласына сәйкес келеді. Ол қысқа, жоғары және жартыай тәрізді қақпақша жабылған кезде пайда болады. Яғни систоладан кейін қарыншалардағы қан қысымы күрт төмендейді. Аорта мен өкпе артериясында бұл кезде ол жоғары болады, сол себепті тамырлардағы қан қысымы төмен жаққа, яғни қарыншаларға қайта ағады, осы қанның қысымымен жартыай тәрізді қақпақшалар жабылады. Жүрек соғу дыбыстарын жазуға арналған әдіс – фонокардиография деп аталады.

Жүрек қағысы. Егер сіз қолыңызды жүректің проекциялық аймағына қойсаңыз, онда сіз жүрек қағысын сезесіз. Бұл қағыс систола кезіндегі жүрек қалпының өзгеруіне байланысты. Жиырылған кезде жүрек солдан оңға қарай аздап бұрылады, сол жақ қарынша кеуде қаңқасына жақындап, қысым түсіреді. Бұл қысым қағыс, соққы ретінде сезіледі.

Жүректен шығарылатын қан мөлшері. Жиырылу кезінде әр қарынша орташа есеппен 70–80 мл қан шығарады. Систола кезінде әр қарыншадан шығарылатын қанның мөлшері систолалық көлем (бұдан әрі – СК) деп аталады. Оң және сол қарыншалардан шығарылатын қан мөлшері бірдей. Егер систола кезінде қарыншадан шығарылатын қанның мөлшері және жүрек соғу жиілігі (бұдан әрі – ЖСЖ) белгілі болса, онда минутына жүректен шығарылатын қанның мөлшерін немесе минуттық көлемін (бұдан әрі – ҚАМК) есептеуге болады: .

Жүректегі электрлік құбылыстар. Жүректің қызметі электр құбылыстарымен бірге жүреді. Жүректің әртүрлі бөліктері қозған кезде пайда болған жалпы электрлік потенциалды (әсер ету токтарын) тіркеуге және талдауға негізделген жүректі зерттеу әдісі электрокардиография деп аталды. Электрокардиограмма (бұдан әрі – ЭКГ) – уақыт барысында жүректің қозу процесінің барысын көрсететін мезгіл-мезгіл қайталанатын қисық. ЭКГ деректері бойынша жүрек ырғағын бағалауға және оның бұзылуларын диагностикалауға, миокардтың әртүрлі зақымдануларын (өткізу жүйесін қоса алғанда) анықтауға, кардиотропты дәрілік заттардың әсерін бақылауға болады. Барлық сау жануарлардағы электрокардиограмма әрдайым тұрақты және бес тісшелері бар, олар P, Q, R, S, T әріптерімен белгіленеді.

Жүрек автоматиясы. Жүректің өткізгіш жүйесі. Жүректің кез-келген сыртқы тітіркенуіне қарамастан ырғақты жиырылу қабілеті автоматия деп аталады. Жүректің өткізгіш жүйесі атипті кардиомиоциттердің топтасуынан пайда болатын түйіндермен және осы түйіндерден тарамдалатын шоғырмен ұсынылған.

Атипті кардиомиоциттердің алғашқы тобы оң жақ жүрекшеде жоғарғы және төменгі қуыс көктамырлардың өзектері арасында орналасқан. Бұл топ Кейт-Флэка түйіні немесе синоатриялық түйін деп аталды. Екінші топ та оң жақ жүрекшеде, бірақ атриовентрикулярлы қалқада орналасқан, сондықтан оны атриовентрикулярлық түйін немесе Ашоф-Тавар түйіні деп атайды. Ашоф-Тавар түйінінен шоғыр таралып, қарыншааралық қалқасы арқылы қарыншаларға бағытталады. Бұл шоғыр Гис шоғыры деп аталды. Гис шоғыры екі аяққа (ұштарға) бөлінеді, олардың біреуі оң қарыншаға, екіншісі сол жаққа өтеді, сәйкесінше бұл аяқтар Гис шоғырының оң және сол аяқтары деп аталады. Автоматияның негізгі орталығы Кейт-Флэка түйіні. Одан жүрекшенің өткізгіш талшықтары арқылы қозу атриовентрикулярлық түйінге (Ашоф-Тавара) жетеді, онда қарыншалар мен жүрекшелердің үйлесімді жұмыс істеуі үшін қажет қозуды жіберу кідірісі жүреді. Содан кейін Гис шоғырының өткізгіш кардиомиоциттері (атипті), оның бұтақтары мен шоғырдың екі аяғы да бөлінетін Пуркинье талшықтары арқылы қозу екі қарыншаның миокардына (жиырылғыш кардиомиоциттер – типтік) таралады, бұл олардың жиырылуын тудырады.