Авторлар
Әдебиеттер

3 Қан және қанайналым жүйесінің физиологиясы


3.2 Жүректің жұмысын реттеу

Жүректің иннервациясы. Жүректің кезеңді қызметі автоматизмге байланысты болса да, оның жұмысына экстракардиальды (жүректен тыс) факторлар үнемі әсер етеді. Олардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі вегетативті жүйке жүйесінің, яғни оның симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерінің әрекеті болып табылады. Симпатикалық жүйкелер мойынның симпатикалық түйіндерінен таралады, ал кезбе жүйкесі (ЖЖЖ парасимпатикалық бөлімі) орталығы орналасқан сопақша мидан басталады. Симпатикалық және кезбе жүйкелерінің тітіркенуі қозғыштықтың (батмотропты әсер), өткізгіштіктің (дромотропты әсер), жүрек соғу жиілігінің (хронотропты әсер), жиырылу амплитудасының (инотропты әсер) өзгеруіне және бұлшықет талшықтарының тонусының өзгеруіне (тонотропты әсер) әкеледі. Симпатикалық және кезбе жүйкелері жүрекке қарама-қайшы әсер етеді: симпатикалық оң әсер етеді – жүрек жиырылуын тездетеді және күшейтеді, миокардтың қозғыштығы мен тонусын жоғарылатады, өткізгіштігін жақсартады, ал кезбе ұқсас кері әсерлер береді.

Жүрек қызметіне рефлекторлық әсер. Жүрек жұмысының экстракардиальды реттелуі рефлекторлық сипатта жүреді. Мұнда қан тамырларының рефлексогенді аймақтарының – аорта доғасының, ұйқы синусының, жоғарғы қуыс көктамырының және оң жүрекшенің әсерлері маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, жүрек жұмысындағы рефлекторлы өзгерістер асқазанда, ішекте, шажырқайда, өкпеде орналасқан механорецепторларды қоздырғанда, көз алмасын басқанда және т. б. жағдайларда пайда болады. Сондықтан бұл мүшелердің тітіркенуі жүрек қызметіне қоздырғыштық та, тежегіштік те әсер ете алады.

Жүрек жұмысының гуморальдық реттелуі. Гормондар, электролиттер мен басқа биологиялық белсенді заттарды қоса алғанда, қан компоненттерінің көп бөлігі жүрек жұмысына ең ежелгі – гуморальды жолмен әсер етеді. Гормондар: адреналин (бүйрек үсті безінің милы қабатының гормоны), глюкагон (ұйқы безінің гормоны), кортикостероидтар (бүйрек үсті безінің қыртысты қабатының гормондары), тироксин, трииодтиронин (қалқанша безінің гормондары), сондай-ақ кининдер мен простагландиндер оң әсер етеді. Натрий иондары миокардтың жиырылуының қалыпты қызметі үшін өте маңызды. Кальций иондары электромеханикалық түйіндесуіне қажет. Жүрек қызметіне сутегі иондары күш көрсетеді, оның артық мөлшері оттектің азаюымен (гипоксия) байланысты барлық жағдайда түзіледі.