Авторлар
Әдебиеттер

3 Қан және қанайналым жүйесінің физиологиясы


3.4 Қан тамырлар жүйесінің әртүрлі бөліктеріндегі қан ағымының ерекшеліктері

Артериялық жүйедегі қан ағымы. Артерияларда айналымдағы қанның тек 10–15 % орналаса алады. Артериялардағы қанның тікелей қозғаушы күші қысым градиенті болып табылады. Қанның аортаға үлестік бөлінуі артериялық қысымның (бұдан әрі – АҚ) пульстық ауытқуына әкеледі. Систола кезіндегі артериялық қысымның максималды көлемі систолалық қысым деп аталады, жартыай тәрізді қақпақшалар ашылған кездегі минималды қысым – диастолалық, ал систолалық пен диастолалық арасындағы айырмашылық пульстік қысым деп аталады. Пульстік қысым секілді гемодинамикалық әсерді қамтамасыз ететін пульстік емес қысым орташа қысым деп аталады. Тамырлар арқылы пульстік толқынның таралуы артерия қабырғаларының тербелістерімен қатар жүреді: олар қысым күшейген кезде кеңейіп, төмендеген кезде басылады. Артерия қабырғаларының бұндай тербелістері артериялық пульс деп аталады және олар сфигмограф көмегімен жазыла алады. Сфигмограмманы талдағанда қисықтың келесі бөлімдерін ажыратылады – анакрота, катакрота және дикротикалық көтерілу (дикрота). Анакрота қарынша систоласы кезінде АҚ жоғарылауын көрсетеді, катакрота – оның бұлшық еттері босаңсыған кездегі АҚ төмендеуі, дикрота – аортаның жабық жартыай тәрізді қақпақшаларынан гидравликалық толқынның шағылысуы салдарынан пайда болатын қосымша толқын.

Микроциркуляторлы арна артериолалардан, метартериолалардан, прекапиллярлы сфинктерден, магистральды капиллярлардан, нағыз капиллярлардан, венулалардан, анастомоздардан (шунттардан) тұрады. Капиллярлардағы қан ағымының жылдамдығы – 0,5–1,0 мм/с. Микро-тамырлардың қабырғасы арқылы жасуша метаболизмі үшін қажетті заттар мен ағзадан шығарылуы қажет алмасу өнімі тасымалданады.

Тамыр жүйесінің көктамырлы бөлімдері қанның жүрекке оралуын және диастола кезінде оң жүрекше мен оң қарыншаның толуын қамтамасыз етеді. Көктамыр қабырғаларының үлкен созылғыштығы оларды өзгермелі сыйымдылықтағы қан резервуарына айналдырады. Көктамырларда айналымдағы қанның жалпы көлемінің 65–70 %-ы болады.

Әртүрлі мүшелердегі тамырлар арқылы өтетін қан ағымының ерекшеліктері. Әр түрлі мүшелерді қанмен қамтамасыз ету олардың функционалды ерекшеліктерімен және метаболизм қарқындылығымен тығыз байланысты.

1. Кіші қан айналым шеңберінің тамыр желісінде қан мен альвеолярлы ауа арасында газ алмасу жүзеге асырылады.

2. Жүрек тамырлары арқылы қан ағымы кернеу фазасында систола кезінде күрт төмендейді. Бұл төмендеудің себебі миокард тамырларының тарылуы болып табылады. Диастола кезеңінде қан ағымы қалпына келеді. 1 мм3 жүрек бұлшықетінде 3500–4000 капилляр бар, олардың тек 50 %-ы тыныштық кезеңінде жұмыс істейді.

3. Ми тамырлары бойынша өтетін қан ағымының ерекшеліктері. Мидың қанмен қамтамасыз етілуі оның жоғары энергетикалық қажеттіліктеріне сәйкес келеді. Ол ағзаның тыныштық кезінде тұтынатын энергиясының шамамен 20 % тұтынады. Мидың қанмен қамтамасыз етілуі 5–6 секундқа тоқталуы естің тануына әкеледі. 5–7 минут ішінде қан ағымының болмауы қыртыстағы нейрондарда қайтымсыз өзгерістер тудырады. Мидың микроциркуляция тамырларында анастомоздар жоқ, сондықтан олардың бітелуі немесе тарылуы кезінде микротамырлы коллатеральдар есебінен қанмен қамтамасыз етуді қалпына келтіру мүмкін емес.

4. Қан тамырларының тонусын реттеу. Кез-келген мүше арқылы өтетін қан мөлшері жүйелік артериялды қысымы мен ағзадағы тамырлардың саңылауы жоғарылаған сайын артады. Тамырлардың тонусы (олардың саңылауы) жүйке, гуморальды және миогендік механизмдердің көмегімен реттеледі.

Қан тамырларының тонусын жүйке жүйесімен реттелуі сопақша мида орналасқан тамыр қозғалтқыш орталықпен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, гипоталамус пен ми қыртысы қан тамырларының тонусын реттеуде маңызды рөл атқарады.

Гуморальды реттелу биологиялық белсенді заттармен жүзеге асырылады, олардың кейбіреулері вазоконстрикторлы, ал басқалары вазоделататорлық әсерге ие. Гистамин, брадикинин, ацетилхолин, азот оксиді, простагландиндер қан жолдарын кеңейтетін әсерге ие. Күшті қан жолдарын кеңейтетін әсерге ие АҮФ, АДФ, АМФ және аденозинге ие. Адреналин α- және β-адренорецепторларды белсендіреді. Төмен концентрацияда адреналин терінің, бұлшықеттің, іш қуысының тамырларының кеңеюін тудырады.

 

Бақылау сұрақтары

1. Денедегі қанайналым жүйесінің қызметі.

2. Жүректің макроқұрылымы.

3. Миокардтың микроқұрылымы.

4. Миокардтың физиологиялық ерекшеліктері.