Авторлар
Әдебиеттер

4 Ағзаның ішкі ортасы


4.2 Лимфа жүйесінің физиологиясы

Лимфа жүйесіне мүшелер мен ұлпалардың тармақталған лимфа капиллярлары, лимфа тамырлары, өзектер мен жолдары кіреді. Лимфа тамырларының жолында лимфа түйіндері жатады. Лимфа жүйесінің қызметі мүшелер мен ұлапалардан ұлпалық сұйықтықта ерітілген және қалыпты метаболизм өнімдерін шығару және оларды биологиялық сүзгілер – лимфа түйіндері арқылы сүзу болып табылады. Лимфа капиллярларына ұлпалық сұйықтықпен бірге ірі дисперсті ақуыздар, өлі жасушалардың бөлшектері, микробтық денелер тіршілігінің қалдықтары сіңеді.

Ағзаның жасушалары арасында кішкене бос орындар болады, олар жасушааралық (ұлпалық) сұйықтықпен толтырылған. Бұл сұйықтық үнемі қозғалыста болып, әр түрлі мүшелерден ағып жатқан сұйықтықпен араласатын лимфа тамырларына енеді. Кез-келген ұлпалық сұйықтық капиллярлық қабырғалар арқылы плазмалық сүзілудің нәтижесі болып табылады. Құрамындағы заттармен бірге лимфа капиллярларына сіңірілген ұлпа сұйықтығы лимфа деп аталады. Лимфаның құрамы оның орналасуына байланысты әр түрлі болғандықтан, лимфаны зерттеу үшін, оны тек кеуде жолдарынан алады. Бұл лимфа әдетте түссіз немесе сәл сарғыш болып келеді, сілтілі реакцияға ие. Оның құрамында: су – 94–95 %, ақуыздар – сарысулық альбумин, қан сарысуындағы глобулин және фибриноген – 4 % дейін, минералды тұздар – 0,7–0,8 %, май құрамы ас қорыту сатысына байланысты күрт өзгеріп отырады. Лимфа құрамында иммундық жүйенің жасушалары да бар.