4.3 Иммундық жүйенің физиологиясы
Қан жүйесі, лимфа жүйесі және иммундық жүйе шығу тегі, құрылымы және қызметі жағынан бір-бірімен тығыз байланысты. Қан мен иммундық жүйенің барлық жасушаларының арғы тегі – сүйек кемігінің бағаналы жасушалары. Иммундық жүйе ағзаны сырттан келетін немесе ағзада түзілетін заттардан немесе генетикалық бөгде жасушалардан қорғайтын мүшелер мен ұлпаларды біріктіреді. Иммундық жүйе мен қан жүйесінің мүшелерінде иммунокомпетентті жасушалар түзіледі, оларға мыналар кіреді: антигенді ұсынатын жасушалар (моноциттер, макрофагтар, эндотелий жасушалары); реттеуші жасушалар (хелперлер, супрессорлар, контрсупрессорлар, жад); иммундық жауап эффекторлары (Т және В-киллерлер, В-антидене өндірушілер, плазма жасушалары).
Иммундық жүйенің негізгі жұмыс жасушалары – ағзаға енген немесе онда пайда болған генетикалық бөгде жасушаларды немесе басқа бөгде заттарды танып, жойып жіберетін лимфоциттер. Барлық лимфоциттер үш топқа бөлінеді: Т-жасушалар, В-жасушалар, табиғи киллер-жасушалар. Т-лимфоциттер жасушалық иммунитетті жүзеге асырады, яғни пайда болған бөгде ақуыз түзілімдерін анықтайды, есте сақтайды және ағзаға хабарлайды.
Т-лимфоциттер Т-хелперлерге, Т-супрессорларға, Т-есте сақтауыш жасушаларға, Т-амплифайерлерге және Т-киллерлерге бөлінеді. В-лимфоциттер гуморальдық иммунитетті қамтамасыз етеді. В-лимфоциттердің туындылары – плазма жасушалары антиденелерді (иммуноглобулиндерді) синтездейді және оларды қанға, бездердің секрецияларына бөледі, мұнда антиденелер антигендермен (бөгде ақуыздармен) қосылып, оларды бейтараптайды. В-лимфоциттер атқаратын қызметіне қарай кіші топтарға бөлінеді: В-антидене өндірушілер, В-хелперлер, В-киллерлер, В-есте сақтауыш жасушалар, В-супрессорлар.
Бақылау сұрақтары
1. Қан дәнекер ұлпа ретінде қандай маңызды функцияларды атқарады?
2. Қан плазмасы және плазма ақуыздарына сипаттама беріңіз.
3. Қан жасушалары қандай типтерге бөлінеді? Олардың әрқайсысының ерекшелігі неде?
4. Резус-фактор дегеніміз не?
5. Қанның ұю жүйесі туралы не білесіз?
6. Иммунокомпетентті жасушалар қайда түзіледі және оларға не кіреді?