5.2 Аштық пен қанықтылықтың физиологиялық негіздері
Аштық пен қанықтылық – бұл қоректік қажеттіліктің пайда болуы мен оны қанағаттандыру арасындағы бірқатар құбылыстардағы шекті жағдайларды білдіреді.
Аштық күйі ағзадағы қоректік заттардың жұмсалуының белгілі бір кезеңінде пайда болады. Ол екі фактормен анықталады: асқазаннан және ащы ішектен химусты эвакуациялау (сенсорлық кезең) және қандағы қоректік заттар деңгейінің төмендеуі («бас қанының» пайда болуы), соның ішінде заттардың қаннан тамақ қоймасына ауысуы нәтижесінде (метаболикалық кезең).
Аштық күйінің сенсорлық кезеңі бос асқазан мен он екі елі ішектің механорецепторларынан қорек орталығына келетін жүйке импульстарының әсерінен қалыптасады. Осы кезеңде аштық сезімі қанда жеткілікті қоректік заттар болған кезде де пайда болады.
Аштық күйінің метаболикалық кезеңі қандағы қоректік заттардың азаюынан басталады. «Аш қан» латералды гипоталамустың қорек орталығына екі жолмен әсер етеді:
1) рефлекторлық – тамырлы арнаның хеморецепторларының тітіркенуі арқылы;
2) тікелей – латералды гипоталамустың орталық глюкорецепторларының тітіркенуі арқылы.
Гипоталамустың латералды ядролары аштық орталығы болып табылады. Дәл осы жерде гуморальды қоректік қажеттіліктердің мидың жүйелік қоректік мотивациялық қозуына айналуы жүреді. Латералды гипоталамустан қозу алдымен мидың лимбикалық және ретикулярлы құрылымдарына, содан кейін ми қыртысының алдыңғы бөлімдеріне таралады. Осылайша, іздеу мен қорек табу қылығы қалыптасады.
Қанықтық күйі. Қоректену кезінде тілдің, жұтқыншақтың, өңештің және асқазанның афференттік қозулары вентромедиялық гипоталамуста орналасқан қанықтыру орталығына түседі. Ол аштық орталығының жұмысын тежейді, бұл аштық сезімнің төмендеуіне әкеледі. Бұл сенсорлық қанығу кезеңі, ол жағымды эмоциямен бірге жүреді. Сенсорлық қанықтылық механизмі тағамның мөлшері мен сапасын бағалауға, сондай-ақ аштық сезімін уақытында «тоқтатуға» және ас қорыту жолында қоректік заттардың пайда болуы мен сіңірілуіне дейін тамақтануды тоқтатуға мүмкіндік береді, осылайша қоректің оңтайлы мөлшерін қабылдау реттеледі. Нағыз қанығу кезеңі тамақтанған сәттен бастап 1,5–2 сағаттан кейін, қанға қоректік заттар түсе бастағанда пайда болады.