7.1 Экскреция мәні және бүйректің қызметі
Бөліп шығару (экскреция) – ағзаны метаболизмнің соңғы өнімдерінен, бөгде заттардан және артық қоректік заттардан босату. Бөліп шығару функциясын орындайтын негізгі органдар – бүйрек және өкпе.
Бүйрек құрамында азоты бар барлық заттарды, судың жартысынан көбін, минералды тұздарды, артық қоректік заттарды, бөгде заттарды бөліп шығарады.
Өкпе ағзада пайда болған көмірқышқыл газын, аз мөлшердегі суды, кейбір ұшпа заттарды шығарады.
Бүйрек пен өкпеден басқа, тері, асқазан-ішек жолдары, сілекей бездері және шырышты қабаттар бөліп шығару функциясын орындайды.
Ас қорыту жолдарының бездері ауыр металдардың тұздарын, бөгде органикалық қосылыстарды, аз мөлшерде несепнәр мен несеп қышқылын, дәрілік заттарды бөліп шығарады. Бүйрек қызметі бұзылған кезде сілекей бездері мен бүкіл ас қорыту жүйесінің экскреторлық қызметі артады. Бұнымен қоса ақуыз алмасу өнімдерінің шығарылуы едәуір артады.
Бауыр да секрецияға қатысады. Бауырдың көмегімен гормондар мен олардың түрлену өнімдері, гемоглобинның алмасу өнімдері, холестерин алмасуының соңғы өнімдері болып табылатын, өт қышқылдары асқазан-ішек жолдары арқылы қаннан шығарылады.
Тер бездері судың шығарылуында маңызды рөл атқарады. Олар сонымен қатар натрий, калий, кальций тұздарын, мочевина, креатинин, зәр қышқылы, аз мөлшердегі көмірқышқыл газын шығарады.
Май бездері жыныстық гормондардың, кортикостероидтардың, витаминдердің, ферменттердің алмасу өнімдерін шығарады.
Осылайша, көптеген мүшелер бөліп шығару процестеріне қатысады, бірақ бүйрек олардың ең бастысы болып табылады.
Бүйрек қызметі. Бүйректің қызметі төрт негізгі топқа біріктіріледі:
1) Экскреторлық қызмет – ақуыз алмасу өнімдерін (несепнәр, несеп қышқылы және креатинин), суды, гормондарды және олардың ыдырау өнімдерін, дәрілік заттарды, артық қоректік заттарды шығарады. Бүйректің экскреторлық қызметі фильтрация, реабсорбция және секреция арқылы жүзеге асырылатын несеп түзу процесінде іске асырылады.
2) Бүйрек метаболикалық процестерге қатысады. Онда глюконеогенез белсенді жүреді, әсіресе ашығу кезінде. Бүйрек липидтер алмасуына қатысады. Біріншілік несептен реабсорбцияланатын ақуыздарды бүйрек пиноцитоз арқылы ыдыратады, осылайша ақуыздар алмасуына қатысады. Онда жасуша мембраналарының маңызды компоненттері синтезделеді, содан кейін олар қанға енеді. Бүйректе ағзаға қажетті аргининнің негізгі мөлшері түзіледі. Онда пептидтік гормондар ыдырайды, аланин мен серин аминқышқылдары түзіледі, ақуыздар мен гормондардың ыдырау өнімдерін өзімен бірге әкететін, ағзадан шығарылатын заттар түзіледі.
3) Бүйрек рН, осмотикалық және артериальды қысымды реттеуге, қан плазмасының иондық құрамының тұрақтылығын, жасушадан тыс сұйықтықтың көлемін реттеуге қатысады.
4) Бүйрек биологиялық белсенді заттарды түзеді: ренин (тамырдың тарылуын тудыратын ангиотензиногенді белсендіреді), урокиназа (фибринолизді тудыратын плазминогенді белсендіреді), тромбопластин, тромбоксан (тромбоциттердің агрегациясы мен тамырлардың тарылуына ықпал етеді), простациклин (тромбоциттердің агрегациясын тежейді), эритропоэтин, тромбопоэтин, аденозин.
5) Бүйректің қорғаныс функциясы – ол бөгде улы заттарды бейтараптандырады.