Авторлар
Әдебиеттер

7 Бөліп шығару процестерінің физиологиясы


7.3 Соңғы несептің құрамы

Бүйректің көмегімен құрамында азоты бар ақуыз алмасуының барлық өнімдер ағзадан шығарылады. Күніне несеппен 25–35 г несепнәр, 0,4–1,2 г азот, 0,5 г амин қышқылдары, 0,5–1,0 г несеп қышқылы, 1,5 г креатинин, 3–6 г натрий, 1,5–3,0 г калий шығарылады. Әдетте несептегі азотты заттардың орташа концентрациясы: креатинин 60–100 моль/л, несепнәр 5 моль/л, несеп қышқылы 0,25–0,30 ммоль/л, аммиак 0,03–0,08 моль/л құрайды. Қалыпты жағдайда несепте ақуыз бен глюкоза жоқ. Ішектегі ақуыздардың шіріген өнімдерінің туындылары: фенол, индол және скатол аз мөлшерде зәрге түседі. Соңғы зәрде билирубиннен (уробилиноген) түзілетін пигменттер кездеседі. Соңғы зәрде онымен қоса гормондардың, витаминдердің, ферменттердің, электролиттердің туындылары бар. Зәрдің тығыздығы – 1,005–1,025, осмотикалық қысым 15–16 атм құрайды. Негізінен жем құрамына, ішкен сұйықтық мөлшеріне, жануардың жағдайына (демалу, жұмыс жасау, аш болу, тамақтану және т. б.) байланысты несептің физика-химиялық қасиеттері, оның құрамы айтарлықтай ауытқуларға ұшырайды.

Көптеген жануарлардың несебі мөлдір, сұйық, сары түсті болып келеді. Құрамында кальций карбонатының ұсақ кристалдары болуына байланысты, тақ тұяқтыларда несеп бұлдыр, шырышты, қара-жасыл түске ие. Несеп тығыздығы 1,018-ден 1,040-қа дейін ауытқиды, осмотикалық қысым 23–30 мм. сынап бағанасына тен. Несеп реакциясы – сілтілі. Мысалы, жылқы несебінің рН – 8,7–7,1; ірі қара малда – 8,7, ет қоректілерде – 5,7–7,0. Еміп жүрген бұзауларда рН қышқыл болса (5,7), өсе қарай ол біртіндеп сілтіліге айналады. Ауылшаруашылық жануарлардың несебі шамамен 96 % судан және        4 % құрғақ заттан тұрады. Құрғақ қалдықтың құрамына көптеген органикалық және бейорганикалық заттар – минералды тұздар кіреді.

Сүтқоректілерде ақуыз ыдырауының негізгі өнімі – несепнәр (ол барлық несеп азотының 90 % құрайды), ал құстарда – несеп қышқылы. Несептің құрамы мен физика-химиялық қасиеттерін зерттеу жануар ағзасының жағдайын анықтауда үлкен маңызға ие, өйткені ол ақуыз, май, көмірсулар мен минералды қосылыстардың алмасуы туралы қажетті ақпарат бере алады.

 

Бақылау сұрақтары

1. Бөліп шығару процестерінің мәні.

2. Бүйректің физиологиялық рөлі.

3. Несеп түзілуінің механизмі.

4. Несептің физикалық-химиялық қасиеттері.

5. Несеп шығару мен несеп бөлуді реттеу.