Авторлар
Әдебиеттер

8 Көбею физиологиясы


8.3 Сперматогенез және овогенез

Сперматогенез – сперматозоидтардың түзілу процесі, 4 кезеңнен тұрады: көбею – сперматогонияның митоздық бөлінуі; өсу – сперматогониялар көбейіп, I ретті сперматоциттерге айналады; жетілу – екі бөлінуден тұрады:

1) біріншісі – мейоздық – I ретті сперматоциттен екі II ретті сперматоцит түзіледі, екіншісі – митоздық – хромосомалардың гаплоидты жиынтығы бар төрт сперматид түзіледі;

2) қалыптасу – сперматидтердің цитоплазмалық құрылымдарының қалыптасуы, құйрықтары түзіледі, жетілген сперматозоидтарға айналады.

Овогенез – жұмыртқа жасушаларының түзілу процесі, 3 кезеңнен тұрады.

Көбею кезеңі жатырішілік кезеңде жүреді, диплоидты жыныс жасушаларының – овогониялардың саны бірнеше есе артады;

Өсу кезеңінде жыныс жасушасы бөліну қабілетін жоғалтады және бірінші ретті ооцит деп аталады. Ол мейоздың алғашқы профазасына түседі. Бұл кезеңде жыныс жасушаларының өсуі жүреді. Бұл кезеңде екі фаза айқындалалды. Баяу өсу фазасында – ооциттегі ассимиляция процестері арқылы жылдар бойы жалғасуы мүмкін. Келесі тез өсу фазасында жыныстық жетілумен байланысты дамудың әртүрлі кезеңдерінде екіншілік, үшіншілік фолликулалар түзіледі. Овуляция алдында (фолликула қабырғасының жарылуы және жұмыртқа жасушасының шығуы) мейоздың бірінші бөлінуі арқылы І ретті ооцит II ретті ооцитке (гаплоидты) айналып, бір уақытта бірінші редукциялық дене түзіледі.

Пісіп-жетілу кезеңі – овуляциядан кейін, жұмыртқа жолына өтеді, жұмыртқаға сперматозоидтар ене бастағанда, II ретті ооцит мейоздың екінші бөлінуіне (митоздық) ұшырайды, жетілген жұмыртқа жасушасы және екінші редукциялық дене пайда болады (біріншісінен, екеуі де дегенерацияланады).

Нәтижесінде I ретті бір ооциттен 1 жұмыртқа жасушасы, ал I ретті бір сперматоциттен 4 сперма түзіледі. Жетілген фолликул (грааф көпіршігі) сұйықтық толтырылған қуыста орналасқан ооцитті қоршап тұрған жасушалардың бірнеше қабаттарынан тұрады.

Овоциттің өсуімен фолликулярлық жасушалар текше тәрізді, содан кейін цилиндр тәрізді болады және жасушаның айналасында мөлдір қабыққа тығыз орналасқан сәулелі тәж құрайды, трофикалық функцияны орындайды. Жетілген фолликуланың мөлшері сиырларда – 1,6 см, шошқаларда – 0,8 см, қойларда – 0,6 см, биелерде – 3–5 см. Төлдің саны овуляцияланған фолликулалардың санына (шошқада 15–18 немесе одан да көп) және бір уақытта ұрықтандырылған жұмыртқа жасушаларына байланысты.

Жұмыртқа жасушасының пісуі барысында фолликуланың қабырғасы жұқарады, мөлдір болады және овуляция кезінде жарылады, бұл қысымның жоғарылауына және протеиназа ферментінің әсеріне байланысты. Фолликулярлық сұйықтық пен жұмыртқа жасушасы жұмыртқа жолы мен жатырға енеді. Жарылу орнында қанға түсетін және фоликулды ынталандыратын гормондардың өндірісін тежейтін прогестерон гормонын шығаратын сары дене пайда болады, жыныстық циклдің пайда болуын тоқтатады.