9.3 Май алмасуы
Липидтер организмде негізінен бейтарап майлармен (триглицеридтер), фосфолипидтермен, холестеринмен және май қышқылдарымен ұсынылған. Май қышқылдары триглицеридтер мен фосфолипидтердің құрамдас бөлігі болып табылады және қанықпаған (линол және линолен) және қаныққан (стеарин және пальмитин) май қышқылдарына бөлінеді.
Липидтердің рөлі:
1) Липидтердің пластикалық рөлін фосфолипидтер мен холестерин жүзеге асырады. Бұл заттар тромбоплатин, миелин, стероидты гормондар, өт қышқылдары, простогландиндер мен D4 дәруменінің синтезіне, биологиялық мембраналардың түзілуіне, олардың беріктігі мен биофизикалық қасиеттерін қамтамасыз етуге қатысады.
2) Майлар энергия көзі болып табылады.
3) Майлардың қорғаныш қызметін атқарады. Холестерин тері компоненттерінің бөлігі болып табылады және осылайша суда еритін заттар мен кейбір химиялық белсенді факторлардың сіңуін шектейді. Холестерин тері арқылы судың жоғалуын азайтады. Майлар механикалық бекітуді және ішкі ағзаларды механикалық зақымданудан қорғауды қамтамасыз етеді. Тері астындағы майлы жасұнық жылу оқшаулағыш қабат болып табылады.
4) Майлар эндогендік су түзудің көзі болып табылады және энергия мен су қоймасы болып табылады.
Липидтердің лимфа және қан арқылы тасымалдануы. Ас қорыту жолында майлар моноглицеридтер мен май қышқылдарына дейін ыдырайды. Ішектен шыққан барлық майлар лимфаға ұсақ тамшылар – хиломикрондар түрінде сіңеді, олардың бетінде ақуыздық «киім» болады. Кеуде лимфа түтігі арқылы хиломикрондар веноздық қанға енеді. Хиломикрондар – бұл май қышқылдардың әртүрлі қосылыстары. Май қышқылдарының қандағы альбуминдермен қосылыстары бос май қышқылдары деп аталады. Сонымен қатар, липопротеиндер қандағы липидтердің тасымалдануының ерекше түрі болып табылады. Липопротеиндер тығыздығына байланысты екі топқа бөлінеді: тығыздығы төмен липопротеиндер және тығыздығы жоғары липопротеиндер. Тығыздығы жоғары липопротеиндер 50 % ақуыздан тұрады, холестерин мен фосфолипидтер салыстырмалы түрде аз. Бұл қосылыстар холестеринді және оның эфирлерін артерия қабырғаларынан адсорбциялауға және оларды бауырға тасымалдауға қабілетті, онда олар өт қышқылдарына айналады. Тығыздығы төмен липопротеиндер құрамында салыстырмалы түрде көп триглицеридтер және 80 %-ға дейін плазма холестерині бар. Қандағы тығыздығы төмен липопротеиндер көп болса, олар қан тамырларының макрофагтарымен ұсталады. Нәтижесінде холестериннің төмен белсенді түрлері қан тамырларының қабырғаларында жиналады, бұл атеросклеротикалық түйіншектердің пайда болуына түрткі болады. Жоғары тығыздықтағы липопротеиндер және төмен тығыздықтағы липопротеиндер концентрациясының арақатынасы бойынша атеросклеротикалық зақымдануларға әкелетін липидтер алмасуының бұзылу қаупінің шамасын бағалауға болады.
Липидтер алмасуын реттеу. Май алмасуына жүйке әсері гипоталамус арқылы жүзеге асырылады. Симпатикалық орталықтар триглицеридтердің синтезін тежейді, ал парасимпатикалық орталықтар майдың жиналуына ықпал етеді. Триглицеридтер алмасуының гормондық реттелуі қандағы көмірсулардың мөлшеріне байланысты. Қалқанша безінің гормондары, ең алдымен, энергия алмасудың жылдамдығына әсер етіп, А коэнзимінің және липидтер алмасуының басқа метаболиттерінің азаюына әкеледі, нәтижесінде майдың тез мобилизациялануына ықпал етеді.