Павлодар облысы табиғи жағдайлардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Ол негізінен дала және шөлейт табиғи аймақтарында орналасқан.
Аймақ климатының басты ерекшелігі – қатты континенттілігі: қыс мезгілі ұзақ әрі суық (5–5,5 ай), ал жаз қысқа және ыстық (3 ай). Ауа райының қолайсыз факторларына кеш көктемгі және ерте күзгі үсіктер, жауын-шашынның жеткіліксіз және тұрақсыз түсуі, күшті желдер, шаңды және құмды дауылдар, қыс мезгіліндегі қатты аяздар жатады. Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері оңтүстікте 200 мм-ден, солтүстікте 310 мм-ге дейін ауытқиды. Қаңтар айының орташа температурасы –18–19 ºС, шілде айында +20–21 ºС. Көктем мезгілінде жауын-шашын тапшылығы айқын байқалады.
2024 жылдың жаздық бидай вегетациясы кезеңінде Павлодар облысы аумағында келесі климаттық көрсеткіштер тіркелді. Мамыр айының басында ауа температурасы біршама қалыпты болды. Ай бойынша орташа тәуліктік температура +17,5 °С шамасында болды. Айдың бірінші және үшінші онкүндігі температуралық көрсеткіштердің салыстырмалы тұрақтылығымен ерекшеленсе, екінші онкүндікте температура айтарлықтай құбылып отырды. Мамыр айында жауын-шашын мөлшері аз болды, орташа есеппен 12 мм-ді құрады. Ай бойында жауын-шашын біркелкі түспеді. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы (СЫ) 38 % деңгейінде болды.
Маусым айында Павлодар облысы аумағында ауа температурасы біртіндеп жоғарылай бастады. Ай бойынша орташа температура 18,5 °С құрады. Маусым айының бірінші және екінші онкүндіктері температураның ауытқуларымен сипатталды. Үшінші онкүндік кезеңінде температуралық режим салыстырмалы түрде тұрақтанды. Ай ішінде жауын-шашын мөлшері 30 мм-ге дейін артты, бұл ауаның салыстырмалы ылғалдылығының (СЫ) 50 %-ға дейін жоғарылауына себеп болды.
Шілде айында Павлодар облысы аумағында орташа айлық температура 21,5 °С деңгейінде тіркелді. Жауын-шашын мөлшері маусым айымен салыстырғанда 3 мм-ге ғана артық болды – 33 мм. Орташа айлық СЫ 55 % құрады. Дәл осы шілде айында, әсіресе екінші онкүндікте, температура көрсеткіштерінің күрт өзгерістері байқалды. Қалған уақытта температура режимі салыстырмалы түрде тұрақты болды.
Тамыз айында ауа температурасының күрт өзгерістері байқалмады: орташа температура 20 °С, СЫ – 61 %. Алдыңғы айлармен салыстырғанда жауын-шашын мөлшерінің артқаны байқалды, бұл көрсеткіш 52,1 мм-ді құрады.
Жалпы, 2024 жылдың вегетациялық кезеңін көпжылдық орташа мәліметтермен салыстыра отырып, вегетация кезеңі қалыпты жылы әрі құрғақ ауа райымен сипатталғанын байқауға болады. Жауын-шашынның жеткіліксіздігі егіннің дамуына, сондай-ақ бидай егісіндегі фитофагтар мен фитопатогендердің таралуына әсер етті.