Авторлар
Әдебиеттер

5 ТАРАУ. МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫ ІСКЕ АСЫРУ


5.3 Мемлекеттік-жекешелік әріптестік

 

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік – бұл қызмет салаларының кең ауқымында қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асыру мақсатында мемлекет пен бизнес арасындағы өзара тиімді альянс. Қазіргі уақытта көптеген елдер бұл механизмді маңызды қоғамдық мәселелерді шешуде қолданады.

 Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) экономика мен әлеуметтік инфрақұрылымның түрлі салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыруға бағытталған мемлекеттік органдар мен жеке бизнес арасындағы ынтымақтастық механизмін білдіреді. Өзара іс-әрекеттің бұл форматы тәуекелдерді бөлу, ресурстарды біріктіру және өзара тиімді әріптестік қағидаттарына негізделген, бұл негізгі салалардың тұрақты дамуы мен жаңғыртылуына ықпал етеді.

МЖӘ негізгі сипаттамаларына мыналар жатады:

- тараптардың талаптарын, міндеттерін және жобаны іске асыру параметрлерін айқындайтын мемлекеттік және жеке әріптес арасында шарт жасасу;

- жобаның күрделілігі мен ауқымына байланысты әдетте бес жылдан отыз жылға дейін өзгеретін ұзақ ынтымақтастық мерзімі;

- жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде – жоспарлау мен қаржыландырудан бастап пайдалану мен басқаруға дейін екі тараптың бірлесіп қатысуы;

- көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік және жеке секторлардың қаржылық, материалдық және зияткерлік ресурстарын шоғырландыру;

- инфрақұрылым объектілерін және басқа да стратегиялық маңызы бар активтерді құруға, жаңғыртуға немесе пайдалануға бағытталған жеке әріптес тарапынан инвестициялар.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері:

- Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жеке әріптестің тиімді өзара іс-әрекеті үшін жағдайлар жасау;

- халықтың тіршілігін қамтамасыз ету инфрақұрылымы мен жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жеке әріптес ресурстарын біріктіру жолымен мемлекет экономикасына инвестициялар тарту;

- халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының деңгейін арттыру;

- Қазақстан Республикасында жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары:

- жүйелілік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері арасындағы өзара қарым-қатынастарды кезең-кезеңмен құру;

- конкурстық қағидат – осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, конкурстық негізде жеке әріптесті айқындау;

- тепе-теңдік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру процесінде мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында міндеттерді, кепілдіктерді, тәуекелдер мен кірістерді өзара тиімді бөлу;

- нәтижелілік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік нәтижелеріне қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін өлшемшарттар мен көрсеткіштерді белгілеу;

- халық үшін құндылық қағидаты – халықтың әлеуметтік инфрақұрылымын және тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамытуды қамтамасыз ету, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде жұмыс орындарын құру;

- ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі қағидаты – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектерде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру процестері туралы ақпаратқа ашық қол жеткізу[100].

Әлемдік экономикада МЖӘ ХХ ғасырдың ортасында танымал бола бастады. Қазақстанда МЖӘ институты шамамен 20 жыл жұмыс істейді және бүгінде МЖС қатысты 2 заң бір мезгілде жұмыс істейді: Концессиялар туралы Заң 2006 жылғы 7 шілдеде қабылданған және МЖӘ туралы заң 2015 жылғы 31 қазанда қабылданған.[101]

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап екі онжылдықта МЖӘ үшін жағдайлар өзгерді, сондықтан оларды 5.3.1-схемада ұсынылған бес кезеңге бөлуге болады.

 

Схема 5.3.1 – Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің эволюциясы

 

 

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) іске асыру тәсіліне қарай екі негізгі түрге бөлінеді: институционалдық МЖӘ және келісімшарттық МЖӘ.

Институционалдық МЖӘ арнайы құрылған компания – жауапкершілігі шектеулі әріптестік (ЖШӘ) немесе акционерлік қоғам (АҚ) түрінде тіркелген заңды тұлға арқылы жүзеге асырылады. Мұндай заңды тұлғада мемлекет пен жеке әріптестің қатысуының жиынтық үлесі 100% құрайды.

Институционалдық МЖӘ ерекшеліктері келесідей:

- нақты жобаны іске асыру үшін құрылады және ол аяқталғанға дейін әрекет етеді;

- инвестицияларды тартуды, құрылысты, пайдалануды және кепілмен қамтамасыз етуді ұсынуды қоса алғанда, жоба бойынша барлық қызметті өз атынан жүзеге асырады;

- тәуекелдерді әріптестер арасында тиімдірек бөлуге және жобаны жеке заңды тұлға шеңберінде басқаруға мүмкіндік береді.

Келісімшарттық МЖӘ жеке заңды тұлға құрмай-ақ мемлекет пен жеке әріптес арасында келісім жасасу жолымен іске асырылады. Бұл формат МЖӘ практикасында, оның ішінде Қазақстанда да кең таралған формат болып табылады.

Келісімшарттық МЖӘ-нің негізгі формаларына жатады:

- концессиялар – жеке әріптеске инфрақұрылым объектілерін пайдаланудан табыс алу мүмкіндігін берумен оларды салу және пайдалану құқығын беру;

- мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару – объектілердің тиімділігін арттыру мақсатында басқаруды жеке әріптесіне беру;

- мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау – мемлекеттік сектор объектілерін жеке әріптестердің жалға алуы;

- лизинг – мемлекеттік инфрақұрылым объектілерін кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға алу;

- технологияларды әзірлеуге, тәжірибелік үлгілерді өндіруге және сынауға арналған шарттар – инновациялық және ғылыми-зерттеу жобаларына бағытталған келісімдер;

- өмірлік цикл келісімшарты – объектіні құру мен пайдаланудың, оның ішінде оған қызмет көрсетудің толық циклін қамтитын ұзақ мерзімді келісім;

- сервистік келісімшарт – инфрақұрылым немесе қоғамдық қызмет көрсету саласында белгілі бір қызметтер көрсетуге арналған шарт;

- МЖӘ-нің негізгі қағидаттарына сәйкес келетін өзге де шарттық формалар.

МЖӘ формасын таңдау жобаның мақсаттарына, оны қаржыландыру ерекшеліктеріне және мемлекеттік және жеке әріптестер арасында тәуекелдерді бөлуге байланысты болады.

Мемлекет мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шеңберінде жеке әріптеске инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге және жобалардың экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған түрлі механизмдеер арқылы қолдау көрсетеді.

Жеке әріптесті мемлекеттік қолдау формалары.

Қаржылық қолдау:

- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заттай гранттар беру.

Мемлекеттік заттай грант – бұл Кодексте және Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен кейіннен меншікке немесе жер пайдалануға өтеусіз бере отырып, инвестициялық жобаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен берілетін жер учаскелері[102];

- МЖӘ жобаларын бюджет қаражаты есебінен бірлесіп қаржыландыру;

- жобаны іске асыру барысында өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін тұтынуға мемлекеттік кепілдіктер;

- МЖӘ жобасын іске асыруға байланысты инвестициялық және операциялық шығындарды өтеу;

- мемлекеттік меншіктегі МЖӘ объектілерін басқарғаны үшін сыйақы.

Материалдық-техникалық қолдау:

- Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерін беру;

- жобаны іске асыру үшін мемлекеттік меншік объектілерін пайдалану құқығын беру;

- МЖӘ объектісін инженерлік және көліктік коммуникациялармен қамтамасыз ету (жолдар, энергиямен жабдықтау, сумен жабдықтау және т.б.).

Мемлекеттік қолдаудың өзге де формалары:

- инвестициялық ынталандыру шеңберінде салық салудың жеңілдікті шарттары мен преференциялар;

- жобаны келісу және іске асыру процесінде ұйымдастырушылық қолдау.

Жеке әріптестің МЖӘ-ге қатысу формалары.

Жеке әріптес жобаны қаржыландыруды, басқаруды және пайдалануды қамтамасыз ете отырып, оны жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады.  

Қаржыландыру және инвестициялар:

- жобаға меншікті және қарыз қаражатын тарту және салу;

- қосымша қаржыландыру көздерін іздеу;

МЖӘ объектілерін құру және пайдалану:

- инфрақұрылымды салу, жаңғырту және техникалық қызмет көрсету;

- келісім шарттарына сәйкес объектілерді пайдалану.

МЖӘ жобаларын басқару:

- жобаларды басқарудың тиімді механизмдерін әзірлеу және енгізу;

- МЖӘ объектілерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, яғни жасалған шарт шеңберінде ұсынылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тиісті сапа деңгейінің кепілдігі.

МЖӘ жобаларын қаржыландыру көздері.

МЖӘ жобалары әртүрлі көздерден қаржыландырылуы мүмкін, соның ішінде:

- жеке әріптестің өз қаражаты;

- қарыз қаражаты (кредиттер, облигациялық қарыздар, жобалық қаржыландыру);

- шарт талаптарында көзделген көлемде мемлекеттік бюджет қаражаты;

- квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан қаржыландыру (мысалы, ұлттық компаниялар, даму қорлары);

- заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздер.

Сонымен,МЖӘ-ні табыстыіске асыру мемлекетпенжекеәріптесарасындаміндеттерментәуекелдердітеңгерімдібөлугенегізделген,бұлинфрақұрылымментұтастайэкономиканыңтиімдідамуынаықпал етеді.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалардың кең ауқымын қамтиды. МЖӘ шеңберінде жобалардың мынадай түрлері іске асырылуы мүмкін:

Білім:

- балабақшаларды, мектептерді, колледждерді, университеттерді салу, реконструкциялау және пайдалану;

- студенттік жатақханаларды құру және басқару;

- оқушылардың тамақтану сапасын жақсарту үшін мектеп асханаларын жаңғырту.

Спорт және мәдениет:

- бұқаралық және кәсіби спорт үшін спорт кешендерін, стадиондарды, мұз ареналарын және басқа да объектілерді салу және пайдалану;

- жеке инвестицияларды тарта отырып, мәдени орталықтар, театрлар, мұражайлар құру.

Денсаулық сақтау:

- ауруханаларды, емханаларды, медициналық орталықтарды салу, реконструкциялау және пайдалану;

- мемлекеттік медициналық мекемелерді жеке басқаруды ұйымдастыру;

- диагностика, оңалту және телемедицинаны қоса алғанда, мамандандырылған медициналық қызметтерді дамыту.

Коммуналдық инфрақұрылым және ТКШ:

- коммуналдық шаруашылық объектілерін сенімгерлік басқару (сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сыртқы жарықтандыру желілері);

- қоқыс өңдеу зауыттарын және басқа да экология объектілерін құру және пайдалану.

Көлік және логистика:

- автомобиль жолдарын, көпірлерді, тоннельдерді салу және пайдалану;

- метро, трамвай желілері, автобус терминалдарын салуды қоса алғанда, қалалық қоғамдық көлікті дамыту;

- МЖС шеңберінде әуежайларды, теміржол вокзалдарын және порттарды басқару. Цифрландыру және инновация:

- ақылды қалалық технологияларды енгізу (ақылды жарықтандыру, интеллектуалды көлік жүйелері);

- 5G желілерін және мемлекеттік қызметтердің цифрлық платформаларын қоса алғанда, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.

Қазақстанда жоспарланатын және іске асырылатын МЖӘ жобаларының тізбесі МЖӘ жобаларының тізілімінде ресми сайтта қолжетімді: www.kzppp.kz.

МЖӘ артықшылықтары:

- жеке салымдар есебінен мемлекеттік бюджетті жеңілдету;

- мемлекет тарапынан елеулі біржолғы шығындарсыз ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі;

- жеке сектордың басқару тәжірибесі мен инновациялық тәсілдерін пайдалану;

- Бизнестің тиімділік пен рентабельділікке бағдарлануының арқасында ресурстарды неғұрлым ұтымды жұмсау;

- мемлекет пен жеке әріптес арасында тәуекелдердің біркелкі бөлінуі;

- қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді келісімшарттарды пайдалану;

- жеке әріптес объектілердің қаржыландыруын, жобалауды және салуды тезірек ұйымдастыра алады;

- дәстүрлі мемлекеттік тендерлермен салыстырғанда жобаларды іске асырудағы икемділік;

- заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттарды қолдану;

- жеке әріптестің қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүдделілігі;

- МЖӘ-жобалар ұзақ мерзімге (5 жылдан 30 жылға дейін) іске асырылады, бұл инфрақұрылымды дамытудың тұрақтылығы мен болжамдылығына ықпал етеді;

- нақты шарттық міндеттемелер өзара іс-әрекеттің сенімділігін қамтамасыз етеді.

МЖӘ кемшіліктері:

- егжей-тегжейлі жоспарлау, заң сараптамасы және шарт талаптарын келісу қажеттілігі;

- жоғары транзакциялық шығындар (әзірлеу, келіссөздер, консалтинг);

- МЖӘ жобалары ондаған жылдар бойы өзін-өзі ақтай алатын айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді;

- жеке инвесторлардың барлығы жоғары белгісіздікпен ұзақ мерзімді бастамаларға инвестиция салуға дайын емес;

- жеке әріптес өзін-өзі ақтауға ұмтылып, қызметтерге жоғары тарифтер белгілей алады;

- негізгі инфрақұрылымдық объектілерге жеке монополияларды қалыптастыру мүмкіндігі;

- жеке әріптесте қаржылық мәселелер туындаған жағдайда мемлекет жоба бойынша міндеттемелерді қабылдауға мәжбүр болуы мүмкін;

- бюджет қаражатын тиімсіз қайта бөлу мүмкіндігі;

- заңнаманың өзгеру мүмкіндігі, жобаларды іске асыру шарттарына әсер етуі мүмкін;

- Саяси тәуекелдер, оның ішінде билік басымдықтарының өзгеруі және бұрын келісілген жобалардан бас тарту;

- келісімшарттар жасасу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің мүмкіндігі;

- жұртшылық пен тәуелсіз сарапшылар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі.

Сонымен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы дамытудың тиімді құралы болып табылады, алайда оны табысты іске асыру нақты құқықтық реттеуді, тәуекелдерді сауатты бөлуді және барлық қатысушылар тарапынан міндеттемелердің орындалуын бақылауды талап етеді.

 


[100] Закон Республики Казахстан «О государственно-частном партнерстве» от 31 октября 2015 года https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z1500000379. Дата обращения 11.08.2025

[101] Исмаилова Р. А., Болат Ж. Б. Анализ применения и перспективы развития государственно-частного партнерства в Республике Казахстан // Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ЖАРШЫСЫ. – 2023 ‒ №2 (51). – С. 94.

[102] Статья 12 Земельного Кодекса Республики Казахстан. https://kodeksy-kz.com/ka/zemelnyj_kodeks/12.htm. Дата обращения 12.03.2025