7.5 Мемлекеттік өңірлік саясатты дамыту мәселелері мен перспективалары
Өңірлік саясатты іске асырудың халықаралық тәжірибесін талдау оның негізгі мақсаты елдің барлық өңірлерін өз әлеуеті негізінде орнықты экономикалық дамуға ықпал ететін тең әкімшілік-құқықтық және институционалдық жағдайлармен қамтамасыз ету болып табылатынын көрсетеді. Бұл ретте әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлерін толық теңестіруге емес, барлық өңірлер үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасауға бағытталған аз дамыған аумақтарды атаулы қолдау өңірлік саясаттың маңызды элементі болып табылады. Бұл бірдей нәтижелерге қол жеткізу туралы емес, ресурстарға, инфрақұрылымға және мемлекеттік жәрдемдесу механизмдеріне әділ қол жеткізу туралы болып отыр. Сайып келгенде, елдің әртүрлі аймақтарының тұрғындары өмір сүру, еңбек ету, сапалы қызметтерге қол жеткізу және қоғамдық-саяси өмірге қатысу үшін салыстырмалы жағдайларға ие болуы керек.
Қазақстанның географиялық, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, елімізде өңірлердің орнықты және теңгерімді даму әлеуетін айтарлықтай шектейтін бірқатар жүйелі шешілмеген мәселелер сақталуда. Бұл сын-қатерлер күрделі сипатқа ие және географиялық, әлеуметтік және экономикалық деңгейде көрінеді.
Географиялық факторлар:
- кең аумақта халықтың өте төмен тығыздығы орнықты экономикалық байланыстарды қалыптастыруды қиындатады, жергілікті нарықтардың дамуын шектейді және мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер көрсету құнын арттырады;
- көптеген өңірлердің ірі әлемдік және ұлттық экономикалық орталықтардан қашықтығы олардың экспорттық әлеуетін төмендетеді, оларды инвесторлар үшін тартымды етпейді және халықаралық логистикалық маршруттарға қол жеткізуді шектейді;
- елді мекендердің сирек болуы және оқшаулануы, әсіресе ауылдық жерлерде, инфрақұрылымды дамыту мен өңірлік бағдарламаларды іске асыру үшін қиындықтар туғызады.
Әлеуметтік факторлар:
- туудың төмендеуі, халықтың қартаюы және еңбекке қабілетті контингенттің ірі қалаларға және шетелге кетуі демографиялық теңгерімсіздікке, кадрлар тапшылығына және шағын елді мекендердегі әлеуметтік белсенділіктің төмендеуіне әкеледі;
- базалық әлеуметтік қызметтердің (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет) сапасы мен қолжетімділігінің өңіраралық теңсіздігі әлеуметтік поляризация мен ішкі көші-қонның күшеюіне ықпал етеді;
- қала тұрғындарымен салыстырғанда ауыл халқының өмір сүру деңгейінің едәуір артта қалуы табыстың төмендеуінен, инфрақұрылым мен әлеуметтік игіліктерге қол жетімділіктің шектелуінен көрінеді, бұл депопуляциялық процестер мен әлеуметтік апатияны күшейтеді.
Экономикалық факторлар:
- экономикалық өсу орталықтарының шектеулі саны бірнеше негізгі аймақтарда инвестициялар мен еңбек ресурстарының шоғырлануына әкеледі, ал елдің көп бөлігі экономикалық дамудың шетінде қалады;
- өңірлер арасындағы көлік байланысының төмен деңгейі ішкі ұтқырлықты шектейді, логистикалық шығындарды арттырады және ішкі нарықтың дамуын баяулатады;
- қазіргі инфрақұрылымның (жолдардың, коммуникациялардың, энергиямен қамтамасыз етудің) қазіргі экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі инвестицияларды тартуға және өндірістік әлеуетті дамытуға кедергі келтіреді;
- төмен технологиялық, шикізаттық және еңбекті көп қажет ететін өндірістердің жоғары үлесі инновацияларды әлсіз ынталандырады, қосылған құнды арттыруға ықпал етпейді және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етпейді;
- кәсіпкерлік белсенділіктің төмен деңгейі, әсіресе ауылдық жерлерде және шағын қалаларда, қаржылық ресурстарға қол жетімділіктің әлсіздігінен, іскерлік дағдылардың жетіспеушілігінен және бизнесті жүргізу үшін институционалдық кедергілерден туындайды.
Жоғарыда аталған факторлардан басқа, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының орталықсыздандырылуына және өкілеттіктерінің кеңеюіне қарамастан, көптеген жергілікті өзін-өзі басқару органдары орталықтандырылған қаржыландыруға тәуелді болып қала беретінін атап өтуге болады. Шектеулі өкілеттіктер мен ресурстар жергілікті мәселелерді тиімді шешуге кедергі келтіреді, бұл халықтың билікке деген сенімін төмендетеді. Ауыл әкімдерінің сайлануын енгізу маңызды қадам болып табылады, бірақ жергілікті бюджеттерді қолдаудың және басқарушылардың біліктілігін арттырудың қосымша механизмдері болмаса, оның тиімділігі шектеулі болуы мүмкін.
«Маркетингтік-аналитикалық зерттеулер орталығы» АҚ сарапшыларының пікірінше, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін облыстық кластерлер құру үшін қолда бар ресурстарды пайдалана отырып, өңірлерді дамытуға баса назар аударған жөн. Алайда, бүгінгі таңда қазақстандық өңірлер арасында көптеген әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштер бойынша үлкен алшақтық байқалады. Аймақтардың көпшілігі бәсекеге қабілеттіліктің төмен деңгейіне ие және олардың ешқайсысы өнімділік деңгейінен жоғары баға алған жоқ[133].
Қазақстанда өңірлік саясатты дамыту перспективаларының ішінде келесі бағыттарды атауға болады:
Экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес салаларды қолдау.
Өңірлердің өндіруші салаларға тәуелділігін азайту үшін өнеркәсіптік өндірісті, ауыл шаруашылығын, туризмді және IT-секторды дамыту қажет. Бұл ретте индустрияландыру және кәсіпкерлікті ынталандыру бағдарламалары маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, жұмыс орындарын құруға және өңірлердің экономикалық тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін шағын және орта кәсіпорындар кластерлерін дамыту қажет.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейту.
Жергілікті билік органдарының өкілеттіктерін одан әрі кеңейту, әкімдерді тікелей сайлау механизмдері және бюджеттік процестің ашықтығын арттыру жергілікті жерлерде тиімді басқаруға ықпал етуі мүмкін. Қоғамдық бақылау механизмдерін енгізу және азаматтардың жергілікті деңгейде шешім қабылдауға қатысуын жандандыру маңызды.
Көлік және цифрлық инфрақұрылымды дамыту.
Автожолдар, теміржол маршруттары желісін кеңейту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және шағын елді мекендерде интернет-қолжетімділікті қолдау өңірлердің жалпыұлттық және халықаралық экономикалық процестерге ықпалдасуын арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ, ішкі авиатасымалдарды дамыту және теміржол тораптарын, әсіресе шалғай өңірлерде жаңғырту қажет.
Кадрларды ұстап қалу үшін жағдай жасау.
Тұрғын үйді субсидиялауды, әлеуметтік саладағы жалақыны арттыруды және кәсіпкерлікті қолдауды қоса алғанда, жас мамандарды тарту және ұстап қалу жөніндегі бағдарламаларды енгізу өңірлерден көші-қон деңгейін төмендетуі мүмкін. Сондай-ақ өңірлерде университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарын дамыту маңызды, бұл зияткерлік өсу орталықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Экологиялық жаңғырту.
«Жасыл» технологияларды енгізу, экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру және өнеркәсіптік өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі кешенді бағдарламаларды әзірлеу бойынша белсенді саясат қажет. Айналмалы экономика қағидаттарын енгізу, парниктік газдар шығарындыларын азайту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту маңызды бағыт болып табылады.
Өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру.
Өңірлерді дамыту үшін шетелдік және отандық инвестицияларды тарту қажет. Бұл тұрғыда заңнамалық базаны жетілдіру, іскерлік ахуалды жақсарту және бизнес үшін ерекше жағдайлары бар арнайы экономикалық аймақтарды құру маңызды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту.
Аграрлық аймақтар заманауи технологияларды енгізу, суару жүйесін жақсарту және фермаларды қолдау арқылы дамуға қосымша ынталандыру ала алады. Органикалық егіншілікті және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық бағытын дамыту саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.
Өңіраралық ынтымақтастықты ілгерілету.
Өңірлер арасындағы экономикалық және әлеуметтік байланыстарды жандандыру тәжірибе алмасуға, диспропорцияларды төмендетуге және бірыңғай экономикалық кеңістік құруға ықпал етеді. Мемлекет гранттық бағдарламалар және көлік логистикасын дамыту арқылы осындай бастамаларды ынталандыра алады.
Сөйтіп, Қазақстанның мемлекеттік өңірлік саясаты қазіргі экономикалық және әлеуметтік сын-тегеуріндерге сәйкес жаңғыртуды талап етеді. Қазіргі мәселелерді шешу және ұсынылған перспективалық бағыттарды іске асыру өңірлердің дамуын теңестіруге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және ел экономикасының тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Ол үшін өңірлердің экономикалық дербестігін күшейту, адами капиталды дамыту және мемлекеттік басқару сапасын жақсарту жөніндегі шараларды қамтитын кешенді стратегия қажет.
Бақылау сұрақтары
Талқылауға арналған сұрақтар
КЕЙС ТАПСЫРМАЛАРЫ
Кейс 1. Мемлекеттік өңірлік саясаттың мақсаттары мен міндеттері.
Қазақстан Республикасы – аумағы үлкен және өңірлік біртектілігі айқын ел. Соңғы жылдары үкімет өсіп келе жатқан сын қатерлерді тіркеді:
- табыс алшақтығы: елордалық аймақтағы жан басына шаққандағы орташа табыс солтүстік және шығыс облыстарға қарағанда 60%-ға жоғары;
- урбанизация: шағын ауылдық елді мекендердегі халық саны 10 жылда 20%-ға төмендеді;
- моноқалалардағы тоқырау: ескі өнеркәсіптік кәсіпорындар жабылғаннан кейін бірқатар қалаларда жұмыссыздықтың 18-20%-ға дейін өсуі байқалады;
- инфрақұрылымдық артта қалу: шалғай өңірлер сапалы жолдардың жоқтығынан, интернетке қолжетімділіктен, электр және сумен жабдықтау мәселелерінен зардап шегеді;
- инвестициялық теңгерімсіздік: шетелдік инвестициялардың 70%-дан астамы елордалық макроөңірде орналасады, ал батыс және оңтүстік облыстар бизнес үшін тартымсыз болып қала береді.
Сын-қатерлерге жауап ретінде үкімет өңірлік дамудың 2026-2035 жылдарға арналған мемлекеттік стратегиясын реформалауға бастамашы болды.
Мақсаты – саясатты жаңғырту, еліміздің барлық өңірлерін тұрақты және теңгерімді дамыуына бағдарлау.
Тапсырма:
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік өңірлік саясатының басым мақсаттарын айқындаңыз;
- алға қойылған мақсаттарға жету үшін негізгі міндеттерді тұжырымдаңыз:
- диспропорцияны төмендету үшін;
- инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін;
- ауылдық аумақтарды қолдау үшін;
- Моноқалаларды реанимациялау үшін.
- стратегияның орындалуын бақылау үшін индикатор жүйесін ұсыныңыз және кестені толтырыңыз.
|
Бағыт |
Индикаторлар |
Түсіндіру |
|
Халықтың табысы |
|
|
|
Инфрақұрылым |
|
|
|
Инвестициялар |
|
|
|
Жұмыспен қамту |
|
|
|
Көші-қон және демография |
|
|
|
Азаматтар бағасы |
|
|
Кейс 2. Өңірлік саясатты қалыптастыру факторлары.
«М» аймағы Қазақстан Республикасының шығысында орналасқан. Оның бай табиғи ресурстары мен өндірістік әлеуеті бар, бірақ соңғы жылдары аймақ өткір даму дағдарысына тап болды. Аймақ мәселелері:
- демографиялық құлдырау: соңғы 10 жылда аймақ халқы 15%-ға қысқарды, әсіресе жастардың астаналық макроөңірге кетуіне байланысты;
- жастар жұмыссыздығы: жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 22% құрайды (ел бойынша 11% қарсы);
- инвестициялардың төмен деңгейі: негізгі капиталға салынған инвестициялар ел бойынша орташа деңгейдің 60%-дан азын құрайды;
- көлікке қол жетімділік мәселелері: аймақтың ірі елді мекендері бір-бірімен және федералды трассалармен байланысы нашар;
- әлсіз институттар: жергілікті ҮЕҰ белсенділігінің төмен деңгейі, тарту орталықтарының (технопарктер, жоғары оқу орындары, бизнес-инкубаторлар) болмауы, өзгерістерді бастаудағы жергілікті биліктің пассивті рөлі.
Тапсырма:
- өңірлік саясатты қалыптастыруға әсер ететін негізгі факторларды талдаңыз (экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, саяси, институционалдық, экологиялық);
- өңірлік саясатты дамытудың негізгі басымдықтарын анықтаңыз;
- өңірлік саясатты түзету бойынша ұсыныстар әзірлеу:
- халықтың кетуін азайту жөніндегі шаралар;
- инвесторлар үшін ынталандыру;
- жұмыс орындарын құру;
- институционалдық шаралар.
Кейс 3. Дағдарыс жағдайындағы аймақтық саясат.
S аймағы халықтың едәуір бөлігі жұмыс істеген ірі қала құраушы кәсіпорынның жабылуына байланысты экономикалық дағдарысты бастан кешіруде. Салдары:
- жұмыссыздықтың 6%-дан 18%-ға дейін өсуі;
- жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің төмендеуі;
- шағын және орта бизнеске әсер еткен тұтынушылық сұраныстың төмендеуі;
- халық арасында әлеуметтік шиеленістің, наразылық көңіл-күйдің артуы;
- өңірлік билік органдарында нақты іс-әрекет жоспарының болмауы.
Өңірдің экономикасын қалпына келтіруге бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды шұғыл әзірлеу қажет.
Тапсырма:
- қысқа және орта мерзімді перспективада іске асырылуы мүмкін өңірлік саясаттың дағдарысқа қарсы негізгі шараларын анықтаңыз. Мысалы, жұмыссыз азаматтарға қандай қолдау шараларын ұсынуға болады?
- өңірде жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын әзірлеу. Жаңа жұмыс орындарын құруды, бизнесті тартуды, жаңа салаларды дамытуды қалай ынталандыруға болады?
- дағдарыстың ықтимал ұзақ мерзімді салдарын бағалаңыз және болашақта осындай жағдайлардың алдын алу шараларын ұсыныңыз. Қандай құрылымдық реформалар аймақтың экономикалық күйзелістерге төзімді болуына көмектеседі?
[133]ы> Сагимбеков М., Пшембаева У. Рейтинг конкурентоспособности регионов Казахстана. АО «Центр маркетингово-аналитических исследований». – 2014. http://www.kaznexinvest. kz/press-center/smi/676/. Дата обращения 04.04.2025.