Павлодар, 2021

1. Гидробиологияның бүгінгі экологиядағы орны, оның өзге орайлас ғылымдармен байланысы


Гидробиология бүгінгі экология ғылымының жеке саласы болып табылады. Гидробиология су ортасының тіршілік иелері, энергия мен заттардың трансформация процестері және мұхиттар, теңіздердер мен ішкі сулардың биологиялық өнімділігі үшін маңызды болып келетін өмір сүру жағдайларымен өзара қарым-қатынасы туралы ғылым ретінде қарастырылады. Ол жалпы экологияның және геоэкологияның басты-басты үш бөлімшесін қамтиды, олар – су организмдері экологиясы, тұщы су экологиясы және теңіз экологиясы (Н. Ф. Реймерс жүйелеуіне сәйкес, 1994). Су ортасындағы өмір сүру жағдайы су айдынының физикалық-географиялық ерекшеліктерімен анықталады, олардың көпшілігі, мысалы, судың химиялық құрамы, әсіресе биогенді элементтер мен ерітілген газдардың құрамы және олардың саны, су түбі шөгінділерінің сипаты, судың мөлдірлілігі және т. б. Су организмдерінің күшті ықпалында болады және олардың тіршілік әрекетімен анықталады.

Гидробиология пәнінің зерттеу нысаны Жер планетасы сулы қабығының нақтылы бөлшегін ғана қамтитын биосфера бөлігі болып табылады, сондықтан оны биогидросфера деп атауға болады. Биогидросфераның экологиясын жан-жақты танып-білу мақсатын жүзеге асыру бірнеше ғылым салаларының еншісінде, олар – гидробиология, гидрология, гидрохимия, гидрофизика, гидрогеология және басқалар. Биогидросфераға мейлінше орайлас ғылымдар қатарына мұхитнаманы (океанологияны), көлтануды (лимнологияны) және гидробиологияны жатқызуға болады. Бұлардың алғашқысы теңіз яки мұхит алаптарын, екіншісі континенттердегі су алаптарын, ал үшіншісі су организмдерінің тіршілік жағдайларын, олардың бір-бірімен және қоршаған ортамен қарым-қатынасы ерекшеліктерін зерттейді.

Мұхитнама (океанология) мен көлтану (лимнология) географиялық пәндер қатарына жатады. Бұл пәндер жүйесінде мұхиттың биологиялық құрылымы, су қоймалары мен су массаларының биолимнологиялық және биоокеанологиялық типологиясы, зат айналымы мен энергия ағынының заңдылықтары сияқты мәселелер шешіледі. Су алаптарының ішкі өңірлеріне тән процестерді саралау барысында мұхитты және көлді зерттеуші ғалымдар зерттелмек судағы тірі компоненттердің функциялық ерекшеліктерін ескеруі, яғни нақтылы гидробиологиялық мәліметтер жайлы да хабардар болуы шарт. Ал гидробиологтар, өз кезегінде, гидрологиялық деректерді де қатты ескеруі тиіс, себебі көптеген гидрологиялық көрсеткіштерді меңгермей тұрып экологиялық саралау шараларын жүзеге асыру мүмкін емес.

Су жүйелерінің экологиясын анықтауға қажетті ең басты биологиялық пән ретінде гидробиология ғылымын атауға болады, ол зоологиямен, ботаникамен, микробиологиямен, физиологиямен тығыз байланысты. Гидробиология нақ осы ғылымдарға сүйене отырып, су алаптарындағы тіршілік иелерінің сандық және сапалық құрамы жайлы мәліметтерді, басқа да экологиялық деректерді анықтайды.

Өздерінің мақсат-мүдделері түрліше бола тұрса да, жоғарыда аталған пәндер бір-бірімен біріге отырып гидробиологияның мақсат-мүддесін анықтайды. Шынында да, кез келген гидробиологияның болмыс-бітімін анықтау және бағалау шаралары онымен орайлас ғылымдардың көп жылдық зерттеу нәтижелеріне сүйенгенде ғана мүмкін болмақ. Аталған ғылымдарды бір-бірімен байланыстыратын жалғыз ғана арқау – мәселеге экологиялық тұрғыдан келу. Олай болса, экологиялық парадигма проблеманы күн тәртібіне қою және шешу, осы зерттеулердің әдістемесін анықтау негізі болады деген сөз.

Су тіршілік иелерінің табиғи қауымдастықтары ХІХ ғасырдың ІІ жартысында зерттеле бастады. Осы кезден бастап гидробиология жеке ғылым ретінде қалыптасып, оның зерттеу обьектілер, әдістер мен тапсырмалары су ортасының тіршілік формасы – планктонға (негізінен ұсақ организмдер мекендейтін судың терең қабаты) зерттеу жүргізілгенде маңызды рөл алған. Неміс ғалымы ХІХ ғ. 80 жж. В. Ганзен Киль бухтасының мысалында планктонның сандық көрсеткішінің балық шаруашылығында тағам көзі және теңіздің биологиялық өнімділігі ретінде маңызды екенін айтып көрсетті. Кейіннен су айдындарының түбінде – бентоста тіршілік ететін организмдер зерттеле бастады. Жекелеген дарақтар санын және олардың биомассасын анықтау үшін қызмет ететін су организмдерінің табиғи қауымдастықтарын зерттеудің сандық әдістері гидробиологияда кеңінен таралған. Бұл үшін көптеген арнайы гидробиологиялық аспаптар (планктон торы, планктон ұстағыштар, платон қазғыштар және т. б.) қолданылады. ХІХ ғ. соңында көптеген елдерде теңіз және тұщы су биологиялық станциялары құрылды, гидробиологиялық зерттеулер үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Зерттеулер арнайы ұйымдар жүзеге асырады, олардың қатарына әлемдік және жеке мемлекет деңгейіндегі ұйымдар мен қауымдастықтар жатқызылады.

 

Бақылау сұрақтары

 

  1. Гидросфераны зерттейтін ғылымдар?
  2. Гидробиологияны зерттейтін биологиялық ғылымдар?
  3. Н. Ф. Реймерстің классификациясы бойынша гидросфераның екі ірі бөлімдері?
  4. Гидробиологиямен тығыз байланыстағы ғылымдар?

 

Тапсырмалар

 

  1. Сұлбамен жұмыс.

Гидробиологияның басқа ғылымдармен байланысы

  1. Кестеде келтірілген ғылымдардың көрсеткіштерін жаз.

Гидрология

Гидрохимия

Гидробиология

Гидрофизика

Гидроэкология