Әлемдік мұхит суларында жалпы саны 200 мың биологиялық түрден тұратын көне флора мен фауна өкілдері ұшырасады. Құрлықтағы тіршілік иелері геологиялық тұрғыдан негізінен жастау болып келеді, олар мұхит тіршілігінің ұрпағы яки жалғасы десе де болғандай. Теңіз фаунасы түрлерінің мейілінше көп екендігін төмендегі деректерден байқауға болады: жәндіктер мен хаюандардың 63 класы болатын болса, Әлемдік мұхит суларында солардың 57-сі кездеседі, бұлардың 31-і тек қана теңіз яки мұхит суларында тіршілік ететіндер. Өсімдіктердің мұхит суларында таралу көрінісі өзгешелеу: өсімдіктердің 33 класы белгілі, мұхит суларында солардың 18-і ұшырасады, бұлардың бесеуі ғана тек қана теңіз (мұхит) суында тіршілік ететіндер. Мұхит суларында өсімдік түрлерінің аздау болу себебі сол суларда өсімдіктерді тіректендіру және нәрлендіру элементтерінің жетілмегендігінен, сөйтіп олардың су қабатында қалқып жүру арқылы тіршілік етуге бейімделуінен. Осының нәтижесінде мұхит (теңіз) суындағы өсімдіктердің даму дәрежесі балдырлар деңгейінен аса алмай қалған. Теңіз (мұхит) суларындағы гүлді өсімдіктердің алатын өзіндік орны мейілінше жұпыны, және бұлардың барлығы да, теңіз сүтқоректілері мен бауырмен жорғалаушылар сияқты, теңіз суларын кейінірек қоныстанғандар.
Теңіз флорасының басты-басты өкілдерінің ішіндегі ең негізгілері -бір клеткалы балдырлар (диатомдық, перидинийлік балдырлар), теңіздің жағалау белдемінде тіршілік ететін көп клеткалы балдырлар (көкжасыл, қоңыр, қызыл балдырлар) және саңырауқұлақтар бір клеткалы балдырларға қарағанда сирегірек ұшырасады. Теңіз суының бүкіл қабатында және теңіз түбінің түзілімдерінде бактериялар мен актиномицеттер өте мол ұшырасады. Жәндік түрлерінен біршама жақсы дамығандары - фораминиферлер, радиолярийлер, губкалар, ішекқуыстылар, полихеттер, бақалшалылар (моллюски), шаян тәрізділер, тікен терілілер, балықтар және сүтқоректілер.
Әлемдік мұхит суларына тән тіршілік иелерінің таралу ареалдары төмендегідей:
- биполярлық таралу ареалы тіршілік иелерінің қоңыр салқын белдемдердің екеуінде де ұшырасуымен, ал тропикалық белдемде мүлдем кездеспеуімен сипатталады (шаяншалар, киттер, акулалар);
- амфибореалдық таралу ареалы тіршілік иелерінің Тынық және Атлант мұхиттарының солтүстік аймақтарында кездесуімен, ал Мұзды мұхитта мүлдем болмауымен сипатталады (теңіз кірпілері, теңіз жұлдыздары, шабақтар, палтустар т. с. с.);
- амфипацифиттік және амфиатланттық таралу ареалдары тіршілік иелерінің Тынық мұхит пен Атлант мұхитының жағалауларына іргелес бореалдық белдемде ұшырасуымен, бірақ аталған мұхиттардың солтүстік өңірлерінде кездеспеуімен сипатталады.
Гидробионттардың таралу ареалдары адамдар әрекеті нәтижесінде айтарлықтай өзгерістерге ұшырап отырғандығын да ескерген жөн.
3.1.1 Пелагиалдың тіршілік иелері
Теңіз пелегиалының флорасы негізінен бактериялардан, саңырауқұлақтардан және балдырлардан құралады, ал фауна түрлері қарапайымдардан, ішекқуыстылардан, басаяқты бақалшалылардан (молюсклерден), балықтардан және сүтқоректілерден тұрады. Бұлармен қатар теңіз пелагиалында теңіз түбін мекендейтін омыртқасыздардың личинкалары орасан көп ұшырасады. Бактериялар теңіз (мұхит) суы қабатының бүкіл қимасында, яғни су бетінен оның түбіне шейін ұшырасады, бірақ олардың ең кө шоғырланған аймағы эвфотикалық белдем. Бұл белдем өңіріндегі бактериялар мөлшері 70-80 мг/м шамасында болады, бұл мөлшер бүкіл планктон биомассасының 16-91 %-ын құрайды. Эвфотикалық белдемнен тереңірек өңірлерде бактериялар саны 2-5 есеге дейін азаяды.
Саңырауқұлақтар негізінен фикомицеттер түрінде ұшырасады (60-70 %). Балдыр түрлерінен ең жиі кездесетіндері перидинийлік және диатомдық балдырлар. Өзінің саны және биомасса мөлшері тұрғысынан ең көп таралған балдырлар - диатомдық балдырлар, бұлар әсіресе Арктика және Антарктика суларында мол ұшырасады (102-105 мг/л б/са - 0,5 мг-1 г/м3).
Зоопланктондардың түрлік құрамы тұрғысынан ең көп тарағандары - шаян тәрізділер (мизидалар, амфиподтар, тараммұрттылар, бақалшақтылар), ал бақалшалылар (моллюсклер) арасында - қанатаяқтылар. Әлемдік мұхиттың әр түрлі аймақтарындағы зоопланктонның орташа биомассасы кең аралықта өзгереді (25 мг/м3-нан 500 мг/м3-ға дейін).
Нектондарға балықтар, сүтқоректілер, басаяқты бақалшалылар (моллюсклер) және жақсы дамыған шаянда жатады. Теңізде тіршілік ететін балықтар үш топқа жіктеледі, олар: теңіз балықтары (тек қана теңіздерде тіршілік ететін балықтар); өтпелі балықтар (жағалаулар өңірінде қоректенетін, өзен арналарында уылдырық шашатын балықтар); жартылай өтпелі балықтар (теңіз жағалауларын мекендейтін, бірақ өзендердің төменгі ағысында көбейетін балықтар).
Солтүстік жартышарда теңіз балықтарының ішіндегі ең көп таралғандары - шабақтектестер (майшабақ, сардина, мойва, килька), екінші орында - трескатектестер (треска, хек, минтай), ал үшінші орында - алабұғатектестер (скумбрия, теңіз алабұғасы, ставрида). Өтпелі балықтар өкілі ретінде әдетте лосостектестер мен бекретектестерді атауға болады, ал жартылай өтпелі балықтар қатарына жататындар - қаракөз, тыран, сазан. Теңіз нектондарына қарасты су сүтқоректілерінің көрнекті өкілі - киттектестер. Теңіз суларында, сол сияқты, ескекаяқтылар өте көп тараған, бұлардың ішінде Тынық мұхит суларында құлақты итбалықтар, ал солтүстік және оңтүстік жартышарлардың арктикалық теңіздерінде кәдімгі итбалықтар көп ұшырасады.
Басаяқты бақалшалылар (моллюсклер) көбінесе кальмарлар түрінде ұшырасады, ал нектондық шаянтектестерден креветкалар көптеп саналады.
Әлемдік мұхит суларындағы нектондық организмдер массасының жалпы мөлшері 1 млрд т шамасында деп есептеледі.
Мұхит (теңіз) суларына тиесілі мұздар мен кезбемұздарды (айсбергтерді) мекендейтін тіршілік иелері көбінесе диатомдық және перидинийлік балдырлар түрінде кездеседі.
3.1.2 Бенталдың тіршілік иелері
Теңіз түбіне тиесілі флора негізінен бактериялардан, саңырауқұлақтардан, балдырлардан және кейбір гүлді өсімдіктерден тұрады. Бактериялық бентостың сандық көрсеткіші су түбі түзілімдері қабатына тереңдеген сайын күрт азаяды. Фитобентостар қоңыр, қызыл және жасыл балдырларды және гүлді өсімдіктердің кейбір түрлерін кіріктіреді (200 млн т). Зообентостардың ішінде ең кең тарағандары - маржандар, полихеттер, бауыраяқты және қосжармалы бақалшалылар (моллюсклер), жақсы жетілген шаян тәрізділер және тікентерілілер.
3.1.3 Әр түрлі ендіктердегі тіршілік иелері
Әлемдік мұхит суына тиесілі тіршіліктің ендік бағытта белдемделуі температура мен жарықтың заңды түрде өзгеруінен және әр түрлі ендіктердегі су айналымдары сипатының айтарлықтай айырмашылықтарынан туындайды.
1) Полярлық және онымен қапталдас белдемдер өңірінде жарықтың аз болуына байланысты фитопланктондар өте нашар дамыған, олардың вегетация мерзімі де қысқа (жылына бірнеше аптадан аспайды), өнімдері мүлдем болымсыз. Осыған байланысты, яғни аталған белдемдер өңірінде тағам түрлерінің өте аз болуы салдарынан мұнда гетеротрофтар да өте сирек ұшырасады.
2) Жарық мөлшері өсімдіктердің қаулай өсуіне толық жеткілікті, температуралық режим судың жақсы араласуына толық мүмкіндік беретін, сөйтіп терең қабаттардағы биогендердің су бетіне шығуына жағдай жасайтын қоңыржай аймақтар белдемінде фитопланктондар өте мол ұшырасады. Осыған байланысты бұл белдемдегі су жәндіктерінің саны мен массасы да өте жоғары көрсеткіштермен сипатталады.
3) Тропикалық алаптың көптеген аймақтары өңірінде судың араласу процесі нашар дамыған, сондықтан да бұл белдемде биогендер нашар жетілген, фитопланктон биомассасы қоңыржай белдем көрсеткішіне қарағанда әлдеқайда аз. Бұл белдем өңірінде жәндіктердің де сандық көрсеткіші мен биомассасы азая түседі, және олардың азаюы автотрофтардың азаю дәрежесімен салыстырғанда қарқындырақ. Мұның басты себебі мынада: тропикалық сулардағы нақтылы биомасса тіршілігін қамтамасыз етуге жеткілікті тағам мөлшері салқын сулар өңіріндегі осы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда көп болуы тиіс.
Қоңыржай белдемдерден төменгі ендіктерге қарай жылжыған сайын өсімдіктер мен жәндіктердің сандық көрсеткіштері азая түскенімен, олардың түрлері көбейе түседі. Тропикалық сулардағы фауна мен флора түрлерінің соншалықты бай болуының басты себебі судың температуралық көрсеткішіне байланысты: жылуөткізгіштіктің және жылутұрақтылықтың жоғары брлуы жаңа түрлер қалыптасу процесіне бірден-бір жағдай туғызады. Сол сияқты, тропикалық аймақтардағы мұхит (теңіз) суларында тіршілік түрлерінің өте бай болуына сол теңіз алаптарының мейілінше ауқымды болуы және жағалау сызықтарының қатты жырымдалған күйде болуы да өз әсерін тигізеді (10-12 есе көп). Мұның өзі биотаның,биологиялық түрлердің сан-түрлі болуына жағдай жасайды.
Жоғары ендіктерден төмен ендіктерге қарай жылжыған сайын, жалпылама заңдылыққа сәйкес, зообентос түрлері көбейе түседі де, гидробионттардың тұрқы ұсақтала түседі (Англия жағалауларындағы шаяншалардың ұзындығы 18 мм, ал Шпицберген жағалаулары шаяншаларының бұл көрсеткіші 50 мм-ге жетеді), және де биотикалық қатынас жағдайы шиленісе түседі. Осыған сәйкес, гидробионттардың «қарулану дәрежесі» күшейе түседі, яғни жәндіктердің шөгелері мен инелері, өзге де «қорғаныс құралдары» жақсы дамиды, улы жәндіктердің саны арта түседі. Тіршілік оралымы қысқа, бірақ көбеюге өте икемді түрлер көбейе түседі, бұл да биоталардың өзара қарым-қатынасының шиленісе түсуінен туындайды.
3.1.4 Әр түрлі тереңдіктегі тіршілік иелері
Теңіз суының қабатына тереңдеген сайын пелагиаль мен бенталдың тіршілік иелері қатты өзгерістерге ұшырайды. Фитопланктон негізінен пикноклиннің төменгі шекарасымен шектелетін (50 м-ден 120 м-ге дейін) су қабатына шоғырланған. Негізгі пикноклиннен төмен тереңдіктерде балдырлардың концентрациясы 50-100 есеге шейін төмендейді.
Бактериялар теңіз суының беткі қабатында және аралық сулар қабатынан жоғарырақ тереңдіктерде молынан ұшырасады.
Су қабатының тереңдік көрсеткіші өскен сайын мезозоопланктон бірте-бірте азая түседі де, макрозоопланктон көбейе түседі, сөйтіп 500-1000 м тереңдіктерде олардың сандық мөлшері өзінің ең жоғарғы көрсеткішіне жетеді.
3-4 км тереңдіктерден бастап зоопланктонның түрлік құрамы азая бастайды, мәселен, бұл тереңдіктерде етқоректі жыртқыш жәндіктер мүлдем болмайды. Зоопланктонның түрлік құрамының мұндай өзгерістерге ұшырауы бір түрлердің екінші түрлермен ұдайы бәсекеге түсуінің нәтижесі.
Су қабаты тереңдеген сайын нектондардың түрлік құрамы мен сандық көрсеткіші күрт азаяды. Мәселен, 7-8 км тереңдіктер өңірінде балықтар некенсаяқ ұшырасады. Олар әуелден-ақ тереңдіктерге бейімделген (удильщиктер, жарқырауық анчоустар, үлкенауыздар) және қосалқы-тереңсулық балықтар (алабұға тәрізділер).
Теңіз су қабаты тереңдеген сайын фитобентос пен зообентостың түрлік құрамы, су түбіне тиесілі омыртқасыздардың сандық көрсеткіші мен биомассасы азая береді.
3.1.5 Суы тұщыланған теңіздердің тіршілік иелері
Көптеген шеткі және ішкі теңіз суларының ащылығы айтарлықтай төмендеген. Мұндай теңіздердегі фауна мен флораның түрлік байлығы азайғандығы байқалады. Мәселен, Солтүстік теңізі суында (ащылығы 35 %о) ішекқуыстылардың, құрттардың, бақалшалылардың (моллюсклердің), бунақаяқтылардың, тікентерілілердің және омыртқалылардың 1500 түрі белгілі болса, Бельтенің (20 %о) бұл көрсеткіші 436, ал Фин шығанағында (6 %о) аталған жәндік түрлерінің тек қана 52-сі ұшырасады. Түрлердің мейілінше сирек кездесуі ащылықтың 5-7 %о аралығына сәйкес келеді, себебі ащылықтың нақ осы көрсеткіші теңіз жәндіктері үшін де, тұщы сулық жәндік түрлері үшін де сындарлы мөлшер болып табылады.
Суы тұщыланған теңіздердегі флора түрлерінің сирек кездесуі фауна түрлерінің осы көрсеткішімен салыстырғанда болымсыз болып келеді. Мұның басты себебі өсімдіктерде өте берік клеткалық қабықшалардың болуынан, бұл қабықшалар судың организмге тигізер осмотикалық қысымына механикалық кедергі жасауға қабілетті.
Байырғы теңіздік түрлердің тұщы сулы алаптарда тіршілік етуге икемделу процесі олардың кішіреуіне әкеп соқтырады. Мысалы, Рона өзенінің сағасына жақын аймақтарды мекендейтін теңіз кірпілерінің тұрқы өздерінің теңіздік тектестерінен 3 еседей кішірек. Бұлардың өсу қарқыны да мейілінше баяу, көбею мүмкіндігі де шектеулі болып келеді.
Бақылау сұрақтары
Мұхит суындағы көне фауна мен флора өкілдері туралы не білесің?
Тапсырмалар
№ |
Белдемдер |
Топтар |
Өкілдері |
1 |
Бенталь |
Бентос |
|
2 |
Пелагиаль |
Пелагос |
|
а) Әлемдік мұхит жер бетінің қанша пайызын құрайды?
б) Жер шарындағы құрлықтағы сулар, мұхиттар және жерасты суларына бүкіл су үлесінің қанша пайызы тиеді?