Павлодар, 2021

4.1 Көлдердегі тіршілік жағдайлары


Көлдерге тиесілі абиотикалық ортаның жетекші факторларына жататындар - судың қозғалысы, температура, жарық, суда еріген заттар, газ режимі, көл түбіне тиесілі грунт сипаттары.

Судың қозғалысы ағыстар, толқындар және турбаленттік араласулар түрінде көрініс беруі ықтимал. Судың тербелмелі қозғалыстары толқындар және сейштер түрінде көрініс беруі мүмкін. Сейш - бүкіл көл суы массасының мезгіл-мезгіл қозғалысқа ұшырауы. Толқындар ауаның су бетіне үйкелісі нәтижесінде қалыптасады. Көлдің суын бір жақ жағалауға қарай қудалаған желдің кенет тыныштала қалуы, сөйтіп көл қарсы жағалауға, яғни жел жақ жағалауға қарай қайтадан жаппай жылжуы нәтижесінде сейштер туындайды, бұл жағдайда көл суының беткі жазықтығы қалыпты жағдайдан гөрі биік деңгейге көтерілетін болады.

Көл суының температуралық режимі сол көлдің географиялық орнына және су мен желдің тік бағыттағы айналым (циркуляция) ерекшеліктеріне байланысты. Көптеген көлдерде жаз және қыс айларында «температуралық дихотомия» анық байқалады, ал мұның өзі көл суының тығыздық тұрғысынан жіктеле қабатталуын (стратификациялануын) қамтамасыз етеді. Мұның нәтижесінде судың тік бағыттағы айналымы жүзеге аспайды, сөйтіп суқойманың тынышталуы яки «стагнация» процесі көрініс беретін болады.

Жарық олиготрофты көлдерде ғана біршама терең қабаттарға шейін өте алады, себебі олардың суларының мөлдірлігі 40 м-ге дейін жетуі ықтимал. Судың түсі оның тазалығына тікелей тәуелді, сол сияқты судың түстік ерекшелігі суқойма бетінен шашырайтын сәуле ағымының спектрлік құрамына да байланысты. Таза көлдер ашық көк түсті болып келеді болып келеді, дистрофты көлдерге сарғыш немесе қоңырқай реңдер тән.

Көлдердің көпшілігі тұщы сулы болып келеді (S  0,05 %о), сирегірек кермек сулы (S  0,5-16 %о), ащы сулы (S  16-47 %о) және өте ащы сулы (S  47 %о) көлдер де ұшырасады. Тұздық құрамы тұрғысынан көлдер хлоридті, содалы және күкіртті көлдер болуы мүмкін. Кейде суының ащылығы көлбеу бағытта (Балқаш көлі) немесе тік бағытта (Могильное көлі) күрт өзгеретін көлдер де ұшырасады.

Эфтрофты көл суларындағы азот пен фосфор тұздарының концентрациясы шамамен өзен суларының осы көрсеткішіне сәйкес келеді, алайда олиготрофты және дистрофты көлдердің бұл көрсеткіші әлдеқайда төмен.

Олиготрофты көл суларының тотығу дәрежесі 1-2 мгО2/л, дистрофты көл суларының бұл көрсеткіші 60 мгО2л-ге жетеді. Нашар минералданған көлдердің рН көрсеткіші – 7, минералдану дәрежесі жоғарырақ көлдердің бұл көрсеткіші 8-9-ға жетеді (Севан, Чаны көлдері), ал дисторфты көлдердің рН мөлшері – 5,6-6. Олай болса бұл көлдердің тіршілік иелері алколифилдіктен ацидофилдікке қарай өзгеріп отырады.

Олиготрофтық көлдердің газ режимі оттегімен жақсы қаныққан және де оларда күкіртсутек болмайды, сондықтан бұл көлдер гидробионттар тіршілігіне мейілінше қолайлы. Эвтрофты көлдерде қыс және жаз айларында оттек мөлшері азая түседі, көл түбіне жақын деңгейлерде күкіртсутек ұшырасады.

Грунттар сипаты. Көл түбінің грунттары автохтонды немесе аллохтонды болуы мүмкін. Автохтонды грунт сол көлдің өзінде көл жағалауларының мұжылу өнімдері және осы көл суында өлген организм қалдықтары есебінен қалыптасады. Аллохтонды грунт көлге құятын өзен ағысымен,  желмен немесе басқа да тасымалдау агенттері күшімен өзге өңірлерден жеткізілген материалдар (ұйық, құм, кесектастар, тасмалталар, дөңбектастар т. с. с.) есебінен қалыптасады (сублитораль, профундаль). Өзінің құрамындағы органикалық заттардың мөлшері өте жоғары көл грунттары оттегінің жетімсіз болуы жағдайында қоңды, балауыз тәрізді және азотты заттарды көптеп кіріктіретін өте ұсақ коллоидты массаларға - сапропелдерге айнала алады.