Көл суында тіршілік ететін организмдер лимнобионттар деп аталады. Көл суында тіршілік иелері, яғни бактериопланктондардың саны 1 млн клетка/мл-дан 3 млн клетка/мл-ға дейін жетуі ықтимал, ал актиномицеттердің саны ондаған клеткамен өлшенеді. Саңырауқұлақтардың ішіндегі ең көп тарағандары ашытқылық саңырауқұлақтар болса, түрлік тұрғыдан ең көп тарағаны фикомицеттер болып табылады. Салқын сулы көлдерде балдырлар, ал жылы сулы көлдерде көк-жасыл және жасыл балдырлар көп ұшырасады. Олардың биомассасы көлдің биолимнологиялық түріне байланысты 0,0003 г/м3-нан 300 г/м3-ға дейінгі аралықта болады.
Зоопланктондар түссіз қылаяқтылар, инфузориялар, коловраткалар, тараммұртты және ескекаяқты шаяншалар түрінде ұшырасады.
Нейстон мен плейстон көлдерде өзге континенттік суқоймаларға қарағанда көбірек дамыған. Көл суының беткі жарғақшасында суөлшеуіш-кандалалар, шыр айналғыш қоңызшалар, шыбындар жүгіріп жүреді. Осы жарғақшаның төменгі жапсарын қоңыздар, бақалшалылар, шаяншалар және насекомдар мен балықтардың личинкалары мекендейді.
Көл суының бетінде ряскалар, мнокоренниктер, валлисериялар ұшырасады бұлардың жапырақша-пластинкаларының төменгі бөлігі немесе тамырлары су қабатына азды-көпті батқан күйде болады.
Жағалауға жақын өңірлердегі шамамен 1–2 м тереңдіктерде суүсті өсімдіктері - тростниктер, қамыстар, жебежапырақтылар, частухалар, ежеголовниктер, рогоздар т. б. - өседі. Орта есеппен 2,5 м тереңдікте кувшинкалар, кубышкалар, рдестер, қарақұмықтар т. с. с., ал одан да гөрі тереңірек өңірлерде қауырсынжапырақтылар және су лютигі өседі; 40–50 м тереңдіктерде балдырлар мен қыналар ұшырасады.
Бактериобентос ұйықтанған грунттарда өте мол ұшырасады 1 г-да бірнеше млрд бактериялар), құмды және тастақты грунттарда бұлар азырақ болады. Саңырауқұлақтардан жиі кездесетіндері - Nematosporangіum, Apodіa, Fusarіum, актиномицеттерден - Mіcromonospіra, Streptomyces және Nocardіa.
Зообентос, фитобентос сияқты, көл суының литоралінде молынан ұшырасады да, профундалінде азырақ кездеседі (насекомдардың личинкалары, бақалшалылар, ескекаяқты шаяншалар, су кенелері т. с. с.).
Перифитон көл суының макрофиттерінде, әсіресе суы нашар қозғалатын өңірлерінде біршама мол ұшырасады. Жоғары сатылы өсімдіктердің сабақтары мен жапырақтарында балдыр тұттары қалыптасады, оларды жәндіктер, әсіресе масалардың личинкалары көптеп мекендейді.
Нектон негізінен алғанда балықтардан тұрады. Үлкен көлдерді (Байкал, Ладога көлдері) итбалықтардың бірнеше түрлері мекендейді, солтүстік өңірлердегі және таулы өлкелердегі көлдерде лосось балықтары, оңтүсік өңірлердегі көлдерде тұқы (карп) балықтары кездеседі. Олиготрофты көлдердегі балықтар өздерінің құрамы жағынан сан түрлі болып келеді, бірақ өздерінің сандық көрсеткіші тұрғысынан бұлар эвтрофты көлдер балығына қарағанда кедейлеу. Ихтиофауна көл жағалауына жақын өңірлерде ашық көлге қарағанда молдау және сандық тұрғыдан да көбірек шоғырланған, себебі көлдің ашық айдынында балықтың қоректену мүмкіндігі аздау және олардың жыртқыштардан жасырыну орны да азырақ.