Павлодар, 2021

6.2 Сулардың ластану жіктемесі


Кольквитц Марссон шкаласы бойынша су қоймалары немесе олардың жекелеген белдемдері органикалық заттармен ластану дәрежесі тұрғысынан полисапробты, мезосапробты және олигосапробты қоймалар (белдемдер) болып үшке бөлінеді.

Полисапробты су қоймалары дербес оттегінің мүлдем болмауымен, суда ыдырамаған белоктардың болуымен және биохимиялық процестердің тотықсыздану жағдайында болуымен сипатталады.

Мезосапробты су қоймаларында ластану белгілері азырақ байқалады: ыдырамаған белоктар болмайды, күкіртсутек пен көміртек диоксиді онша көп емес, оттек мөлшері біршама жоғары, алайда аммиак, аминоқышқылдар және анидоқышқылдар сияқты нашар тотыққан азотты қосындылар суда кездесіп қалып отырады.

Олигосапробты су қоймаларында күкіртсутек болмайды, көміртек диоксиді аз, оттек мөлшері қалыпты қанығу мөлшері шамалас, еріген органикалық заттар мүлдем жоқ десе де болғандай.

Полисапробты су қоймаларының өзін өзі тазартуы өте лас су қоймаларында тіршілік етуге қабілетті бактериялардың талшықтылардың (жгутикоых), олигохедтердің қызметі нәтижесінде жүзеге асады.

Мезосапробты су қоймаларының сулары a мезосапробты және b мезосапробты болып екіге бөлінеді. Бұлардың алғашқыларында аммиак, аминоқышқылдар, амидоқышқылдар ұшырасады, бірақ бұларда оттек те бар. Минералдану процесі аэробтық, әсіресе бактериялық тотығу есебінен жүзеге асады. Екіншілерінде аммиак және оның тотығу өнімдері – азотты және азоттық қышқылдар  - ұшырасады. Аминоқышқылдар жоқ, H2S өте аз мөлшерде ұшырасады, оттек суда мол, минералдану органикалық заттардың толық тотығуы есебінен жүреді.

Бұл белдемше түрінің көптігі жағынан алдыңғы белдемшеге қарағанда жоғары, бірақ олардың саны мен биомассасы азырақ. Гүлді өсімдіктер, мысалы, мүйізжапырақ ұшырасады. Жәндіктерден тамыраяқтылар мен инфузорийлер, губкалар мен моллюсілер көптеп кездеседі.

Олигосапробты су қоймаларында биологиялық түрлер көптеп ұшырасады, бірақ олар басқаларымен салыстырғанда жұтаңдау.