Павлодар, 2021

Кіріспе


Қазақстан Республикасының сумен қамтамасыз етілу дәрежесі 1 км2 аумаққа шаққанда 37000 м3, жылына бір адамға шаққанда 6000 м3 шамасында. Су ресурстарының жай-күйін әр түрлі жылдардағы сумен қамтамасыз етілу мүмкіндігі мен республика экономикасының сұраныстары тұрғысынан бағдарлар болсақ, бүкіл республика бойынша да, жекелеген аймақтар бойынша судың жетімсіздігі мол екендігін байқаймыз. Бұл үлкен проблема Еуропа және Сібір аймақтарында орналасқан ТМД елдерімен салыстырғанда біздің республикамызда судың жалпы тапшылығынан да, сол тапшы судың өзі де әр түрлі аймақтарда біркелкі орналаспауынан да туындайды.

Көп жылдық орташа жауын-шашын мөлшері тұрғысынан есептегенде, су ресурстарының жетімсіздігі 6,6 км3 шамасында, және де бұл көрсеткіш республиканың бүкіл алаптарына тиесілі. Қуаң жылдары республиканың сумен қамтамасыз етілу деңгейі 60 %-ын құрайды, ал кейбір аудандар бойынша (Орталық Қазақстан) болған-біткені  5–10 % шамасында ғана, және де мұндай көрсеткіш суармалы жерлерге де қатысты.

Республикадағы бүкіл өзендер ағымының жылдық мөлшері бар болғаны 101,9 км3; бұл соншалықты үлкен көрсеткіш емес, себебі жалғыз ғана Амазонка өзенінің жылдық ағымы 220 км3 шамасында. Республикадағы өзендер ағымының жоғарыда көрсетілген мөлшерінің 57 %-ы, немесе шамамен 58,4 км3 мөлшері ғана республика территориясында қалыптасады, өзен суларының қалған ресурсы (43,5 км3) көршілес елдер территориясынан ағып келеді (Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан).

ҚР аумағында 85 мыңнан астам өзендер мен уақтылы суағарлар бар, олардың 7 мыңдайының ұзындығы 10 км-ден артық. Сол сияқты, республикада 4500 тоған мен су қоймалары, суының жалпы көлемі 64 км3, ауданы 1674 км2 2724 мұздық шоғырланған.

Өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және транспорттың еселей дамуы республикадағы ластанған су алаптары санының да еселей артуына әкеліп соқтырды, бұл жағдай әсіресе түщы су алаптарына мейлінше тән. Бір сөзбен айтқанда, республикадағы су ресурстарының жетімсіздігі жайлы жоғарыда келтірілген келеңсіз жәйт өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары пайдаланған лас суларды табиғи су алаптарына ағызып жіберу нәтижесінде бұрынғыдан да ушыға  түсті. Республикада шамамен 5400 кәсіпорын өз өндірісінде су қорларын пайдаланатындығын ескерсек, табиғи су алаптарының ластану дәрежесін де шамалауға болады.

Өндіріс қарқынының соңғы жылдары күрт төмендеп кетуіне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы бүкіл су нысандарының бүгінгі таңдағы сапалық көрсеткіші мүлдем қанағаттанғысыз (әсіресе соңғы онжылдықта). Әсіресе трансшекаралық өзендер болып табылатын Ертіс, Сырдарья, Орал, Шу, Талас алаптарының жай-күйі алаңдататын дәрежеде. Мәселен, Ертіс өзенінің бүгінгі жай-күйі қатты алаңдатады, себебі, оның суы мырыштың өте жоғары мөлшерімен (100–342 ШМК – шектеулі мүмкін концентрация) ластанғандығы анықталған. Сырдария өзені аңғарындағы ауыл шаруашылығы жұмыстарынан туындаған ластану мөлшері де айта қаларлықтай: бұл өзен сағасындағы судың пестицидтермен және минералдық тыңайтқыштармен ластану деңгейі  10–50 ШМК аралығында.

Қорыта айтқанда, республикамыздағы су ресурстарының жетімсіздігі бірнеше себептерден туындайды, олар: табиғат жағдайларының қолайсыздығы (өзендер ағымының 90 %-ы көктем айларына ғана келеді); бүкіл ағын судың жартысына жуығы көршілес елдер территориясында қалыптасатындығы; суды экстенсивтік пайдаланылуы, яғни жерді суландыруға судың шамадан тыс көп шығындануы. Мұның үстіне, беткейлік су ресурстары республика территориясында біркелкі орналаспаған, бұл су көздері маусымдық өзгерістерге ұшырайды және антропогендік әсерлерден зардап шегеді.