ТҮСІНІКТЕМЕ


Сіздерге ұсынылып отырған еңбекте ақынның өлеңдерінен, туындыларынан автор бейнесінің көріну қалпы, оның түрлі амал-тәсілі қарастырылды. Сұлтанмахмұт ақынды, оның ақындық шығармашылығын толық та, жан-жақты жеткізе білген сұлтанмахмұттанушы ғалымдарымыз бен сыншыларымыздың еңбектерін, шығармаларын жинақтап-құрастырушылардың барлығын мүмкіндігінше қарап шығып, сараптау өте қажетті де маңызды іс болып табылады. Сұлтанмахмұт шығармаларының жариялану тарихының өзі бір бөлек дүние, оған ғалымдарымыз көп еңбек сіңіргенін айта кетуіміз керек. Бір шығармасының тақырыбы түрліше аталып немесе жариялануға рұқсат болмағандықтан, оның көркем ойларынан «кеңестік идеологияға лайықтыларын» үзіп жариялап, сол үзіндісі жеке шығарма секілді саналып кеткен тұстары да бар. Ұсынылып отырған еңбекті жазу уақытында ақынның әр жылдары баспадан жарық көрген шығармалары («Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы» шығарған таңдамалы шығармалары (1957), «Жазушы» баспасынан шыққан «Поэты пяти веков» (1984), «Ғылым» баспасынан «Таңдамалы» (1990), «Ғылым» баспасынан шыққан екі томдық шығармалар жинағы (1993), «Орталық ғылыми кітапхана» баспасынан шыққан «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясы (2002), «Жібек жолы» баспасы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Алаш мұрасы» сериясы (2002), «Раритет» баспасы дайындаған С. Торайғыровтың «Сарыарқаның жаңбыры» өлеңдер мен дастандары «Алтын қор» кітапханасы (2007) салыстырылып пайдаланылды.

Авторлар