«ПАЙҒАМБАРДЫҢ КҮРЕГІНЕН ҚҰЙЫЛҒАН ҚҰРАНДАЙ СОҚЫР КІСІ СЫБДЫРЫНАН ТАНЫРЛЫҚ» АҚЫН
1926 жылы «Еңбекші қазақта» жазған «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинауға атсалысыңыздар!» атты ашық хатында жазушы, ғалым, психолог Жүсіпбек Аймауытов:
Ақын елінің тілі ғой,
Адал туған ұлы ғой,
Бүлк-бүлк еткен жаны ғой,
Жанын жеген ары ғой,
Айта алмай жүрген зары ғой.
Жаннан, ардан безбесе,
Ақынын қандай ел қастерлемесін!» –
деген болатын.
Сұлтанмахмұт – Жүсіпбек Аймауытовтың тереңнен танып атағанындай қазақ деген
халықтың ҰЛТТЫҚ ТІЛІ де, ЖАНЫ да, АРЫ да, ЗАРЫ да қоса сіңген ақыны болатын. ҚАЗАҚ деген ұғымға қандай мағына сыйдырылса, оның СҰЛТАНМАХМҰТ АҚЫНДЫҒЫНАН сол күйі табылатыны сондықтан болар. Ол қазақтың маңдайының бағына біткен ақын атаулының бірегей де дара ақындарының шоқтығында тұрды. Сұлтанмахмұт поэзиясы қазақтың Төле биінің даналығындағыдай «момын да, сабырлы, керек кезде айбарлы да өжет мінездерін» қатар қалыптастырған қазақы психологиясын да, тыныс-тірлігін де толық біріктіргендей әсер қалдырады. Ақынның поэзиясын зерттеушілердің оның шығармашылығынан түрлі әдеби белгілерді танып, сараптауы осыған дәлел.
Ақынның туысы, замандасы Әйтікен Аймановтың мұрағатынан табылған қолжазбада «Сұлтанмахмұттың балалық шағы» атты естелік бар екен. Сонда: «Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың балалық шағы туралы мәліметтер тым аз»,– екендігі айтылған. Балалық шағындағы Сұлтанмахмұттың қабілеті, мінезі былай беріледі: «Оның сыр-сипаты, әңгіме-әзілі, өлең-өрнегі еске түседі. Сұлтанмахмұтпен біз әрі ауылдас, әрі ағайындас туыс едік. Бірсыпыра уақыт онымен бір шаңырақ астында тұрған кезіміз де болды. Осы жағдайдың бәрі, ақынның балалық шағынан едәуір хабардар болуыма мүмкіндік берді». Кейінірек Сұлтанмахмұт ауыл арасындағы молдалардың алдын көреді. Бұлар: Тортай, Сәдуақас, Мұқан. Сұлтанмахмұт оқуға өте алғыр, зеректігімен көзге түседі. Нашар оқитын шәкірттерге ол арнайы көмек көрсетеді. Жас шағында нанғыш та момақан Сұлтанмахмұттың қарапайым қалпы, үнемі ойлы, ақылды кейпі есте қалыпты. Хат тани бастағаннан бастап, ол қисса, әдеби әңгімелер оқуға құмарланады. Сол төңіректе оның жаттамаған, оқымаған қиссасы
қалмайды. Ауылдағы ескіше оқыған қарт Айман ақсақалдан өзбек, татар тілдерінде шыққан әдеби кітаптарын алып оқып жүреді. Бұл оқығандары Сұлтанмахмұттың әдебиет дүниесінен әр нәрсені аңғаруына көмектескен. Оқығандарының мән-мазмұнын айрықша көңіл қойып түсінеді. Өлең ұйқасына, сөз, сөйлем құрылымына зер қойып, қызықтыларын жадында ұстайды. Мұқан молдадан оқып жүрген кезінде Сұлтанмахмұт өзінің алғашқы шағын өлеңдерін жазуға талаптанады. Бірер ауыз, жарым ауыз жазған өлеңдері, ауыл-үй арасына тарап, шәкірттер аузында болады. Молда атаулыны құрмет тұтып, айтқанын екі етпейтін ескі дүниенің қатал қағидасы жас Сұлтанмахмұтқа әсерін тигізбей қалған емес. Өлең жазудан аздап хабары бар молда Мұқан Сұлтанмахмұттың болашақ үлкен ақын болатынына көзі жеткен, «өзімдей ақын боласың» деп аузына түкіргені өлеңінде айтылады: «Аз өмірді ақындық жолға
бердім, Лепес қып түкірген соң молда Мұқан». Кейіннен Мұқанның мінез-құлқын сынап өлең шығарады, онымен араздасып кетеді. Сол жылдары Тройцкіден медресе бітіріп келген Нұрғалидан білім ала бастайды. Бұл жылдары Сұлтанмахмұт ашаң жүзді аққұба бетінде шешектен қалған болымсыз секпілі бар, қаракүрең көзді, сұңғақ бойлы, 17-18-дер шамасындағы кезі екен. Басына киетіні ескі сілеусін тымақ, үстінде жеңі ұшталған көнетоз күпі, аяғында жұлықтарын тас мүжіген етік болған. Тұрмыстың сондай ауыр азабында жүрген Сұлтанмахмұттың бар тілек-мақсаты – оқу, білім алу болған. Тұрмыс мұқтаждығына қарамастан, ауылда мектеп барын, онда жұрт қатарлы өзінің оқып жүргенін зор қуаныш, үлкен бақыт санайды. Нұрғали – тұрмыс талқысында шыныққан адам. Оқыту тәртібі – жәдид. Нұрғалидың келуімен бірге ауылға кітап, газетпен таныстық басталады. Абдолла Тоқай
шығармаларына, алғаш жарық көрген Абай өлеңдеріне ынтық болады. Оның бар ой-арманы саналы оқып, сапалы білім алу жолында болады. Нұрғалидан газет, кітап алып оқуды әдетке айналдырады. Сұлтанмахмұттың ерекше талап-талантын аңғарған Нұрғали қолда барын аямайды. Абдолла, Абай шығармаларынан алған нәр болашақ ақын жүрегіне жылы леп еніп, сол алған рухани тағлым дарын иесіне үлкен әсерін тигізеді. Сұлтанмахмұт өмірде білімді құрмет тұтып, сол биікке шығуды армандайды. Ғылым әлеміне ұмтыла түседі. Осындай сәттерде бала ақынның шағын өлеңдері ауыл-үй арасына тарай бастайды. Ағаш үйдің қабырғасына, есік-терезе тақтайына өлең жазған. Осылардың ішінде «Оқыт мені, әкетайым» деген бес-алты ауыз өлеңі ерекше орын алатын. Мұнда оқуға, білімге құштарлық, алдағы үлкен арман-мақсат айтылады. Сұлтанмахмұт енді, үй іші, ошақ басында қалғысы келмейді, қаланы
аңсайды (осы ниет «Айтыс» поэмасында кейіпкерімен кіріккен автор бейнесі тұрғысында
көрінеді):
Кету керек, оқу керек...
Басың кетер, басың кетер,
Ұйықтай берсең өмірің өтер.
Кетті жерің, бітті халың
Оқыт мені, әкетайым! –
дейді Сұлтанмахмұттың ғылымнан азды-көпті хабардар болуына көмегі тиген
Нұрғалидың және көңілі ашық, жаны ашитын туыстарының ақыл-кеңесі оның ілгері оқуына жол ашады. Сұлтанмахмұт 1912 жылдың күзінде туып өскен ауыл-үймен қоштасып, алғаш рет білім жолына аттанады. Тройцк қаласына оқуға келеді. Осыдан соң Сұлтанмахмұт беймәлім үлкен өмірге, өзі талпынған жарқын болашаққа қадам басып, ақындықтың үнемі іздену, үйрену, қалыптасу жолына бет алады. Жоғарыда жазылған деректердің барлығы Әйтікен естелігінде баяндалған. Бұл ақындық таланты ашылған кейінгі он жылдың, өмірінің соңына дейінгі демі үзілер шағына дейінгі өмірден үйрену мектебі болып табылады.
1959 жылы Кәрібай Шәменов «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың лирикалық шығармашылығындағы эстетикалық идеал мен шындық» атты кандидаттық диссертация қорғаған. 1960 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде оның ақын шығармалары жөнінде
«Сұлтанмахмұт туралы жаңа деректер», «Зерттеулер жайы», «Ақын арманы», «XX ғасырдың қазақ сатирасы» атты мақалалары жарияланған. С. Торайғыровтың шығармашылығын жиыстыру мақсатында жүргізілген экспедияцияның нәтижесінде жазып алынған мәліметтері негізінде, ақынның зерттеушілер келтірген алғашқы өлеңі «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» еместігі, ғалым тарапынан жаңадан табылған мәліметтермен салыстырылып, дәлелденген.
«Шықай мен Шағала» атты бір ауыз өлеңнің тарихы келтіріліп, өлең шығаруға және өлең көркемдігін келістіріп мүсіндеуге машықтанғаны бұдан басқа «Шоқпар», «Тұмағымның құлағы», «Жұмбақ» өлеңдерінде байқалғаны талданған. Бұл өлеңдердің барлығы ақынның әуел баста ауызша шығарып, суырып салма өнерімен танылғанын көрсетеді (бұл жерде де «Айтыс» поэмасын айтыс пішінінде жазуға дайындығының бір дәлелі бала жасынан өзінің суырып
салма сөзтапқырлығынан басталғанын байқауға болады).
С. Қирабаев ақын туралы: «Сұлтанмахмұт талмай ізденіп, қиыншылықпен алыса жүріп, шындық жолын табуға тер төккен, өз тағдырын өзі жасаған ақын»,– деп өте дұрыс зерттеме пікір берген. Әрбір суреткердің рухани мұрасы мен жаңашылдық сипаты оның ұрпаққа қалдырған шығармаларының өміршеңдігімен өлшенеді, сондықтан ақынның 27 жас қана өмір сүруін, әлі де халқына берері мол еді демесек, осы қыршын жастағы жанкешті (ауызға ілінген алты жасынан жиырма жеті жасына дейін) еңбектенуі нағыз суреткердің өмірін толық өтей алған деуімізге әбден болады.
Әрине, тағдыр тауқыметтері оның өлеңдерінен алмас қылыштай жарқылдап «мен мұндалап» көрініп тұрады, сондықтан шыншыл да, сыршыл ақын аталды, өлеңі мен өзі біте
қайнасты. Бұл жөнінде сұлтанмахмұттанушылар пікірлерінде айтылған.
Сұлтанмахмұттың жалпы шығармашылығын зерделей қарасақ, XX ғасырдың басындағы қазақ тағдыры, қазақы бітім-болмыс таразыланғаны байқалады. Кедей десек те, Қамар сұлу десек те, Тасболат десек те, қайсыбір қаһарманы мен кейіпкерін, немесе тіпті персонажын алсаң да сол тарих тіріліп, бейнелі көрініске айналатын секілді. Әр суреткердің әрине, жазатыны мен көркемдейтіні өз танымы болғандықтан – Сұлтанмахмұт өз айналасын жіті бақылап, түйсінгенін көркемдікке жалғастырған. Мысалы, «Кім жазықты» романында :
Қисайған қос секілді жалғыз қара –
Ауылдан арқан бойы тұрды дара.
«Қолтықтап «Әптиек пен «Құрандарын»,
Жиналып жатыр сонда біткен бала.
Ақын поэзиясында, шығармаларында бейнеленген кейіпкерлер әлемі нағыз өмірдегі өз жанынан табылған, өзі жақсы біліп-таныған адамдардың мінез-құлқын, жан қалауын, тағдырын тағы басқасын суреттеген суреткердің шығармашылық қолтаңбасын көрсетеді. Сұлтанмахмұт қиялы мен шынайы өмір бітісіп құйылып кеткендіктен кейіпкері мен қаһарманы ақынмен ажырамастай болып, өзгені емес өзін ғана жырлағандай әсер қалдыратын үндестік қалыптасқан. Бұны біз, автор бейнесі мен кейіпкер бейнесінің талдауында бақылаймыз. Сұлтанмахмұт ақынның жаңашылдығының бір қырын осы тұстан зерделеп,
сұлтанмахмұттанушылар қазақ поэзиясына енген жаңа ұшқын ретінде бағалады.
Ақын атын халқының есінде мәңгілік қалдырса, ол өзінің адам атының (яғни, Сұлтанмахмұт) да ғұмыры ұзақ боларына толық сенімі болған, сондықтан да төмендегі жыр жолдарын жазған:
Іздедім, іздесем де таба алмадым,
Табам деп өзімді-өзім неге алдадым?
Адамның адам аты ақталмайды,
Бейнет қып, бар білгенім – соны аңғардым, –
Мұндағы «адамның адам аты ақталмайды», – деп налуы жас та болса ақындықты өнер деп танып, оның бейнеті мен зейнеті қарапайым адамнан гөрі басқаша болатынын аңғартқан.
Ақынды зерттеу ісінде еңбектенген ғалымдарымыздың бірі Е. Өтебаев, аталған зерттеушінің «Сұлтанмахмұт және Мұхтар Әуезов» атты мақаласында Сұлтанмахмұт пен М. Әуезовтің арасындағы байланыс төркініне үңіліп, салыстырмалы талдаудан түйген тұжырымы ортаға салынған. Онда М. Әуезовтің естеліктеріне сүйеніп дерек беріледі: жазушы 1916 жылы Семей қаласында маусым жарлығы кезінде ақын Сұлтанмахмұтты көрген. Бұл кезде ақын күнкөріс, әрі білім алу, зиялылармен танысу мақсатымен Баянауыл, Павлодар, Том, Семей, Тарбағатай, Қотанқарағай, Шыңғыстау араларында жүрген кезі екен. Семейге қайта келген уақыты сол маусым жарлығына сәйкес түскен. Жарлыққа қарсы қазақ оқығандарының
жиналысы Семейдегі Приказчиктер клубында өтеді. Содан кейін 1917 жылы қыста денсаулығына байланысты ақынды М. Әуезовтің үйінде қысырақтың қымызымен бір айдан артық демалдырғаны айтылады. Ақынды, оның қасиетін М. Әуезов ерте тани білген, 1918 жылы Ж. Аймауытовпен бірге «Екеу» деген атпен «Абайдан кейінгі ақындар» деген әдеби-сын мақала жариялайды, мұнда Сұлтанмахмұт өлеңдеріне, сыршылдықты арнайы талдап бағалайды. Бұл Сұлтанмахмұт туралы алғашқы ғылыми жұмыстың бастауы еді, соны ғалым: «Дұрысында осы мақала Сұлтанмахмұт шығармашылығын ресми сөз еткен алғашқы әдеби-сын ой-пікір еді»,– деп дұрыс байқаған. Өздері де әдебиетке келген жас талапкерлер екендігі, соған қарамастан Сұлтанмахмұттың шығармашылығынан жаңашылдықты көре білгенін айтып өтеді: «Оларға Сұлтанмахмұттың тақырып таңдауы мен бейнелеу әдісі ұнады»,– деп өз бағалауын
береді. Сонымен қатар ғалым аталған мақалада ізденіс төркінін олардың әдеби байланысы тұрғысынан алып қарағаны қонымды: «Әуезов даласы мен адамының атауы, аты, заты бар. Ондағы мінез, сурет, оқиға – бәрі де заманға, заманның тәртіп-талқысына сай келеді. Егер Сұлтанмахмұт бай, кедей, би, бәйбіше, төре, тілмәш десе, Әуезов адамдардың атын атайды, түрін түстеді»,– деп екі шығармашыл адамның тәсіліне тоқталып өтеді.
Сұлтанмахмұттану ғылымында: Ж. Аймауытов, (1930) Е. Бекенов, М. Әуезов, Е. Ысмайлов, Қ. Дәукенов, С. Айтмұханов, Б. Шалабаев Б. Кенжебаев, Ы. Дүйсенбаев, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Ө. Тұрманжанов, Е. Исмайылов, Т. Әбдірахманов, Қ. Шәменов, Б. Мамыраев, Қ. Ергөбеков, А. Еспенбетов, Е.Өтебайұлы, С. Қирабаев, Ә. Кекілбаев, З. Ахметов, Қ. Ергөбек, Ш. Сәтбаева, Т. Кәкішев, Қ. Жүсіп, Д. Ысқақұлы, Ғ. Есім, Т.
Рахымжанов, Д. Қамзабекұлы, А. Құдайбергенов сияқты зерттеушілер еңбек етті. Ақынның шығармаларын жинақтап, кітап етіп бастыру жұмысында (1918) алғашқы жұмыс «Абай» журналында жарияланған «Екеу» (Ж. Аймауытов пен М. Әуезов) атты бүркеншек есімімен жазылған «Абайдан соңғы ақындар» мақаласынан бастау алады. Б. Күлеев (1922) Қазан қаласында «Адасқан өмір» атты араб әрпімен терілген кітап шығады. Ж. Аймауытов (1926) ашық хат арқылы ақын мұрасын толықтай жинап бастыруға күш салады. Қызылорда қаласында (1933) «Қазақ әдебиетінің классиктері» сериясымен, Алматы қаласында (1933) «Сұлтанмахмұт қандай ақын?» кітапшасы С. Мұқанов авторлығымен басылады. Сұлтанмахмұттың шығармаларына аударма жасау ісінде және қазақтан басқа өзге аудиторияға ғылыми мақалалар арқылы таныстыруда: З. Кедрина, А. Жовтис, М. Сильченко, Е. Винокуров
еңбектенді. Ғалым С. Қирабаевтың: «... Сұлтанмахмұт өмір сүрген, ол жырлаған заман шындығын бірден түсіне алмай, көп адастық. Ақынның ортасын, оның неге сол ортамен өкпелескенін, алысқанын жете ұқпадық. Ендігі мәселе – осыларды саралап қарауда, түсінуде. Оған Сұлтанмахмұттың өз шығармалары, әсіресе, олардың осы күнге шейін жарияланбаған бөлігі көмекке келмек»,– деген пікірін дұрыс бағыт деп танимыз. Оның бір дәлелі: ақынның 30 мыңнан астам жолдан тұратын «Қарагөз» атты романы (өлеңмен жазылған), «Қайғы» атты поэмасы халық арасына жетпеген, жоғалғаннан табылмаған (дерек Кенжетай Аймановтан қағазға түсірілген, 2 том 203 бетте).
Ақын шығармаларындағы автор бейнесін қарастыру үшін ақынның өзі жыр еткендей:
Сөз мәнісін білмесең,
Өлең оқып не керек ?-
деген тұжырымын басшылыққа ала отырып, ақын дүниетанымы мен руханиятын кейіпкерінен тануға ұмтыламын.
Сұлтанмахмұт поэзиясындағы ақын бейнесін ұғындыру мақсатында алдымен көркем поэзиядағы «автор бейнесін» түсіну шарт.
В. В. Виноградов «автор бейнесі» туралы: «Образ автора» открывается во внутренней связи всех элементов повествования, в его
смысловой направленности, в драматической силе образных обобщений, в своеобразном
реалистическом символизме художественного изображения жизни... Образ автора – это та цементирующая сила, которая связывает все стилевые средства в цельную словесно-художественную систему, это внутренний стержень вокруг которого группируется вся стилистическая система произведения»,– деп көркем әдебиет тілі қисынындағы орталық мәселелердің қатарына қояды.
Мұны түсінуіміз – Сұлтанмахмұттың даралығын анықтауыма көмектеседі. Автор бейнесі – Сұлтанмахмұттың өмірбаяндық категориясы емес, ол құрылымдық-көркемдік, көркем тілдік категориясы болып саналады. Автор бейнесі дегеннен Сұлтанмахмұттың дүниетанымдық, әлеуметтік, мінез-құлықтық ерекшеліктерінен тұратын жеке басының қасиеттерінің жиынтығын түсінбейміз. Дегенмен, ақынның жеке басының ерекшеліктері оның
туындыларынан байқалып тұратынын жоққа шығаруға болмайды.
«Автор бейнесі» дегенде ғалым Б. Шалабаев өзара байланысты мынадай екі ұғымды түсіндіреді:
«1. Поэзияның субъектісі, яғни өлеңдегі белгілі бір көркем-идеялық көзқарастармен ұласқан, өзіндік көркемдік әлемін туғызушы субъект.
2. Көркем поэзияны ақын, өз нүктесінен, өзінің адамгершілік, идеялық ұстанымы тұрғысынан көріп, соны туындысында әр түрлі жағдайлардағы тоғысулар, қарама-қарсы қоюлар арқылы бейнелеп шығады».
Сұлтанмахмұт өлеңдеріндегі ақын бейнесі – ол өз тұлғасының көріну қалпы. Ақын Сұлтанмахмұттың мұраттық нысанасы, көзқарасы, ұғым-түсініктері, наным-сенімі, көркемдік
принципі, суреткерлік шеберлігі, поэзиясының өн бойынан, мұраттық-көркемдік сипатынан танылады. Бұл – оның шығармашылық тұлғасы, ақындық, суреткерлік сипат-өзгешелігі, ал оның өнер иесі ғана емес, өз тағдыры, өз мінез-құлқы бар жеке адам ретіндегі бейнесін алсақ, ол жекелеген жанрда (өмірбаяндық, мемуарлық) айқын көрініс табады.
Ақынның кез келген шығармасында автор «көзге көрінбей» қатысып отырады деуімізге болады. Оның жүрек қалауы, нені ұнатпайтыны бәрі кейіпкер сезімімен ұштасып кеткені байқалып тұрады. Бірақ, оның «біліну» дәрежесі барлық өлеңдерінде бірдей болмайды. Ол Сұлтанмахмұт ақынның баяндалып отырған жағдайларға қатысты қандай әдеби тәсілді пайдаланып, қандай бағытты ұстайтынына байланысты болады.
Сұлтанмахмұт поэзиясындағы ақын бейнесі негізінен былайша баяндалады:
1. I жақтағы («мен» тұлғасындағы) баяншы.
2. III жақтағы («Махмұт» тұлғасындағы) баяншы, жеке тұлғада.
3. Арнайы баяншы – бұл автор ойлап тапқан баяншы. Ол шығарманың бір кейіпкері болады («Қала ақыны», «дала ақыны»), не аты-жөні белгілі субъект («Таныстыру»).
Сұлтанмахмұттың поэзиясын осы тұрғыда талдап көрсету, мән беру – ғалымның, әдебиетші ұстаздардың, болашақ әдебиетші шәкірттердің байқағыштығы мен танымы арқылы жүзеге асатын құбылыс.
Сұлтанмахмұт 1907-1911 жылдар аралығында ақын жиырма екі өлең дүниеге әкелген.
Ол өлеңдерінің бастамасына «Секілді өмір қысқа, жарты тұтам» жатады. Мұқан молдадан алған білімімен, дүниеге көзқарасымен жазылған «Секілді өмір қысқа, жарты тұтам»
өлеңінде:
Қаламды шын беріліп, алдым берік,
Әлдеқандай бір күшке көңіл сеніп.
Бұрын жалғыз оқу еді іздегенім,
Енді оған өлең жазу болсын серік,-
деп жырлаған.
1912 жылы жазған «Шұбар қожа», «Әйел», «Дүние», «Оқып жүрген жастарға», «Талиптарға» («Шәкірттерге»), «Оқуда мақсат не?», «Достыма ұмытпастық үшін хат»,
«Түсімде көрген бір аянышты хал», «Анау-мынау», «Арыстан мен Тышқан», «Қандай», «Мағынасыз мешіт», «Арабшадан», «Екі тышқан», «Көк өгіз», «Арманым», «Ұлт», «Алғыс», «Жарлау», «Мысал», «Бір баланың тілек батасы» өлеңдерінде (осы жылы ақын жиырма бір өлең жазған) сыншыл бағыты анық көрінеді.
Абай ізімен ағартушылық көзқарасы «Оқып жүрген жастарға» (1912) «Талиптарға», «Оқуда мақсат не?» (1912) атты өлеңдерінен байқалады.
«Оқуда мақсат не?» өлең үзіндісін мысалға алсақ:
Демейміз оқымады біздің халық,
Болса да оқу – анық, мақсат – танық,–
деген (I том, 50-бет) жолдарды қазақ ауыз әдебиетін сүйе отырып, жаңа жетістікке, мәдениетке шақыруы деп түсінген жөн. Ақынның бұл өлеңдерін ғалымдар түрі жағынан бірқатар жаңа ізденістегі, үгіттік өлең дәрежесінде таниды.
Сұлтанмахмұт ақындықты өнер деп танығанын «Достыма ұмытпастық үшін хат» (1912) өлеңінен, байқауымызға, мына жыр жолдары:
Жан достым, бір-екі ауыз назым жаздым,
Көргенде босасын деп жүйе-жүйең,–
айғақ болады (I том, 51-бет). Ақын құдыреті, ақындық өнер ғана адресаттың, «жүйе-
жүйесін» босата алады. Сұлтанмахмұт өнеріне бет бұрғызады.
Сен – сұңқар, көңілі соқыр, сенімен қас,
Өзінің болмады деп қарғасындай,–
дегені (I том, 88-бет) «Тұтқындағы Байтұрсынның «Масасына» өлеңінде сөз зергерін сұңқарға балағанын, «Маса» жинағын «Өткірсің, наркескеннің алмасындай»– деп, биік бағалағанын көрсетеді. (1912 жылдан кейін ақын тағы да өлеңдерінен бірінен кейін бірі тасқындай тасып төгілген болатын, нақты айтқанда отыз үш өлеңі 1914 жылы жазылған, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері бұны зерттеушілер
еңбегінен жинақтап берген).
Ал, «Өмірімнің уәдесі» (1914) атты өлеңінде ақын есімінің ұлағатты өмірімен, ақындық өнерімен сақталатынына деген сенімін көреміз.
Мына үзінді соған дәлел болады:
Үміттің көзі жарқырап,
Бұлағы ағар сарқырап.
Бұл бәйгеде Махмұттың
Азбаны келер арқырап,–
ақындықты өнер десең:
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе! –
деп тұжырымдайды, өзінің шығармашылық жолына Абайдың ұстаз екендігін анық көрсетеді.
Шығармашылық еңбегінің басы, тұңғыш өлеңдері «Шоқпар», «Тұмағымның құлағы», «Жұмбақ», «Шықай менен Шағала» (көп әдебиеттерде «Секілді өмір қысқа, жарты тұтам» өлеңі деп көрсетіледі, кейінгі зерттеулер бойынша ол өлеңнен бұрын дүниеге келген туындысы бары дәлелденді) бастап, дүниеден қайтарында ескі досымен бақұлдасуы іспетті «Қожеке», келдіңіз бе көңіл сұрай» туындысына дейінгі әдеби мұрасында барлық ақындықтың
шартындай жалынды, жанды, өткір сезімді шындалған шеберлік өрнектеледі.
«Тұмағымның құлағы» өлеңінің шығу тарихы Сұлтанмахмұттың досы, туысы Шәйбай Аймановқа қатысты оқиғадан өріс алған екен. Өлең тарихы әріден басталады, ақынның бала кезінде сақылдаған сары аязда ойнап жүргенінде болған оқиғаға байланысты шыққан. Шәйбай ойнап жүріп, байқамай Сұлтанмахмұттың ескі тұмағының құлақ бауын жұлып алады. Сонда біраз уақыт үндемей тұрып, қасына Шәйбайды шақырып, бір ауыз өлең шумағын шығарады:
Тұмағымның құлағын,
Жұлып алдың, не түсті?
Үсиді-ау енді құлағым,
Міне, суық жел есті.
Не деп айтам апама,
Біліп қойса бұл істі?.
Осы шумақ ақынның болашақ дарын иесі екеніне кәміл сендірген. Алдымен суырып салып, ұйқастырды. Сөз уыттылығы сонша Шәйбай өзінің басындағы тұмағын кигізеді, бірақ Сұлтанмахмұт оны кимей, иесіне қайтарады. Бұл істің соңы Шәйбайдың анасына барып жыртылғанды жаматумен бітеді. Екіншіден балалық көңілі ешкімді де ренжіткісі келмегені, бәрін шындықпен өлшеуге дағдыланғаны анық байқалады. Естелікте берілген мерзім – 1911 жылға дейінгі уақыт. Бұл естеліктің тағы бір маңыздылығы осында, яғни ақынның ең алғашқы
өлеңдерінің қатарында аталған туындыға жатады. Бір өлеңнің шығу тарихына қатысты естелікте ақынның туыстарына, өмірбаянына қатысты мағлұмат берілген: әкесі Әбубәкірдің (Шоқпыттың) Сұлтанмахмұтты өте жақсы көретіні және Айман әулетіне ерекше құрметі байқалады.
Сұлтанмахмұттың ақындық тілі бай, құнарлы, кестелі, көркем. Қазақ халқы әдеби тілінің сөздік қорын еркін игерген. Қажетінде араб-парсы, орыс сөздерін ұтымды кірістірген. Сұлтанмахмұт Торайғыров – әдебиеттің әр жанрында жазатын қабілетті, талантты ақын-жазушы. Әдеби мұраларын дүниеге әкелу мен өз білімін ұштау жолында қиыншылықпен өткерген аз ғұмырында, Бейсенбай Кенжебаевтың жинақтап-зерттеген есебі бойынша, ақын 110 өлең, 6 поэма, 2 роман, 8 мақала, очерк, әңгіме жазады. Оның ішінде 68 өлеңі қара өлең
өлшем ұйқастарымен, 32 өлеңі жыр-толғау, тақпақ өлшем ұйқастарымен, 7 өлең аралас өлшеммен жазылған.
Б. Кенжебаевтың анықтауынша, Сұлтанмахмұт Абайдан барлығы 12 сөз тіркесін алған. Орыс әдебиетінен 7 сөз тіркесін өзінше пайдаланған.
Сұлтанмахмұт ақын шығармашылығында көптеген орыс, орыс тілі арқылы енген өзге тілдер мағынасындағы сөздер қолданысы көп табылады. Бұл ақынның білімділігін білдіреді. Соның бірі – Папа сөзі. «Адасқан өмір» поэмасында:
Жоқ құлдық, жоқ төрелік, жоқ күштемек
Тағы да көпті істеуге күндер өтпек,
Папа мен ферғауыннан қадір кетпек,
Өзі үшін тап өзінен басқа құдай,
Жоғына әр адамның көзі жетпек»,-
деп әлемдік саясаттан хабары бар жаңашыл ақынның сөз өрнегін құруда осы сөзді пайдаланғанын айтуға болады.
Сұлтанмахмұт 1918 жылы жазған «Таныстыру» поэмасында да орыс сөздерін қолданған, солардың бірі депутат, дума, диплом:
Алпыста қазақ тілінен тыңдау беріп,
Сайлауға кірмек ойы «диплом» алып.
Думадан бір орындық жылытпақшы,
Сайланып бір депутат болып барып».
Сұлтанмахмұт кейіпкері Дүрманов сөзі етіп берген осы тұста:
Есіл дәурен баянсыз қайда кетті,
Шен алып, лық байыған арқаланып.
Әкесі қайыр тілеп жүріп өлді,
Байлықпен жәрдем етер кімді танып»,–
деп депутаттыққа үміткердің шын жайынан хабар береді. Аталған тұстардан Сұлтанмахмұттың ішкі жан-дүниесі ашылады.
Сұлтанмахмұттың «Социализм» мақаласында: «Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып бақытты болуына себеп болатын Европадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын, бірі – дене азығы, бірі – ар азығы. Дене азығы дегеніміз – осы күнгі адам баласының жеңіл күн көруіне себеп болып жүрген саймандар білімі; мысалы: пароход, от арба, телеграмма, телефон, ұшатын аэроплан, көліксіз электрик яки пар қуатымен жұмыс атқаратын машина. Дене дегеніміз бұлар болса, ар азығы дегеніміз – әділдік».
Шыңғыстаудағы алғашқы мектеп ғимараты 1905 жылы салынған. Онда С. Торайғыров ұстаздық еткен. 1914-15 жылдары Семей қаласына келіп, онда болыс Әбдікерім Ережеповпен
танысады да, екі кластық орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып бала оқыту үшін Шыңғыстауға барған. Ондағы мектеп жергілікті әкімшілікке аудармашылар мен кеңсе хатшыларын дайындайтын. Сұлтанмахмұт заман талабына сай А. Е. Алектровтың «Русско-казахская азбука», «Казахская хрестоматия» атты жаңа оқулықтарын пайдалана отырып, сабақ жүргізген. Шыңғыстауда жүріп ақын, Комаров Михаил Григорьевич деген орыс тілі мұғалімінен білімін жетілдірген. Жергілікті елдің жастарымен тез тіл табысады, сонда жүріп алғашқы махаббаты Бағила Әбдікерімқызына жолығады. Екі жастың сезімін білген болыс он сегіз жасар қызын қақаған аязда жылдамдатып айттырған жері Шу аймағына ұзатып жібереді. Ақын көктемде ол елден кетіп, Зайсандағы досы Мәулет Шамсутдиновке барады. Шыңғыстау халқының жүрегінде жас мұғалімнің есімі мәңгі сақталады, өлеңдерін тыңдап сыйлас болған Қанапия
Мусин, Бағиламен арадағы хаттарды жеткізіп берген Нұрмаш Байырова және барлығы да өз ауылдарында ұстаздық еткен ақынды мақтан тұтқан. Сәтсіз аяқталған махаббаты, әйел теңсіздігі ақынның Зайсанда жазылған «Кім жазықты» поэмасына арқау болған. Шыңғыстау жерінде жүргенінде «Кедей» поэмасын жазған.
Жоғарыда айтқанымыздай өз туындыларында орыс тілін қолданған ақынның өмірде орыс тілін үйрену мектебі, тіл үйрену негізі осындай тамаша шығармашылық шабытымен тұспа-тұс келген.
Сондай-ақ, суреткердің бейнелеу құралдары сан-салалы. Онда эпитет, теңеу, кейіптеу, символдың озық үлгілері бар. Сұлтанмахмұт лирикасындағы түр-түс, бояу-реңк символикасына да мән берген дұрыс. Өйткені, ақында үнемі поэтикалық контраста келетін ақ,
қара түстері шығарманың мұраттық-әсемдік рухын түсінуде біраз қызмет атқарады.
Ақын поэтикасындағы қара бояу – ескілікті, надандықты, зұлымдықты аңғартса, ақ бояу – жақсылық, әдемілік, адамгершілікке меңзейді. Мысалы:
Қараңғы қазақ, көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам!
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда кім болам?!
Мұнда Сұлтанмахмұт қара халық басындағы ауыр халді – яғни отаршылдықты езгілікті, оқу-ғылымнан артта қалғандығын бейнелеп жеткізуді мұрат еткен. Қасиетті, құдыретті күн
символы (ақ түс) ақынның ағартушылық идеясынан туындаған. Кейде реңк-түстің нақты көрінбеуі де мүмкін. Мысалы:
Түнге тартып, халықты адастырады,
Алдында жан тұрса да шыққан күндей.
Поэзиялық шығарманың, жалпы қай шығарманың болсын (мысалы, М. Жұмабаевтың көркем прозасы) көріктене, ажарлана түсуінде дыбыс қайталаудың маңызы бар. Өлеңдегі дыбыс қатары мен қайталауы суреттелетін пейзаждың, кейіпкер портретінің, тағы басқаның келісті ырғақ қана емес, сол бейнелемек бейненің көркемдік көрсеткіші болып табылатын
тұстарды көптеп байқауға болады. Үнді-әуезді дыбыс ақынның кейіпкерін де, автор ретінде өзін де ерекше есте сақтауға мәжбүр етуге ықпал жасайды.
Торайғыровтың құдыреттілігі сонда, ол поэзиядағы сыртқы ұйқаспен қатар ішкі мәнділікке де қатты назар аударған. Торайғыров лирикасындағы дыбыстардың үйлесіміне, үнділігіне құлақ түру –бейне ашудағы жемісті, маңызды тәсілдің бірі дейміз.
1918 жылы жазылған «Неге жасаймын?» деген туындысында ақынның ұстанған мұраттық-әсемдік бағыты түйінделген:
Сусыз, шетсіз шөлдерден,
Тұманды, түпсіз көлдерден,
Адамдық көші өткенше!
Қасқыр мен қой дос болып,
Достықсыз өмір бос болып,
Шын өмірге жеткенше!
Іштен өсіп адамдық,
Сырттан тіліп жамандық,
Тазартып әбден кеткенше:
Талай шаштар ағарар,
Талай тәнді жер алар,
Талай буын қуарар,
Талай өмір суалар
Зерттеу еңбектерде бастапқы он үш тармақ – бір шумақ екені талданып, сәтімен көрсетілген. Оның шешендік, толғау үлгілерінің жаңарған түріне, тіпті дәстүрге жаңалық енгізгенін тағы атап өтуіміз керек.
Бұл аманат өлең, арман өлеңді – ақынның халқы алдындағы азаматтық борышын бар жауапкершілікпен сезінуі, саналы қоғамдық, қаламгерлік қызметінің шамшырағы десек де болады:
Жасамаймын: «Еңбектің,
Жемісін көзбен көрем» деп.
Жасаймын: «Бір қолғабыс
Кейінгіге берем»– деп
Өз өлеңдерінен өзге, Сұлтанмахмұттың ақындық бейнесін Жүсіпбек Аймауытовтың әдеби кейіпкерімен де сомдап, ашуға болады:
Шернияздың шері бар,
Шерлі қылған елі бар,
Көзінде қанды селі бар,
Аузында зарлы селі бар,
Ел ниязы – Шернияз,–
деген эпиграфпен ашылатын «Шернияз» пьесасы Сұлтанмахмұт рухына арнаған («Шернияз» – Жүсіпбек Аймауытовтың бес бөлімді өлеңмен жазылған пьесасы. 1926 жылы Қазақстан оқу комиссариаты бәйге жариялағанда екінші орынға ие болған. Семей қаласында жеке кітап ретінде басылып шыққан. Кітаптың үшінші бетінде автор арнауы жазылған: «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда кім болам!»– деп өрттей заулап келе жатқанда ажал оғына тап болып, арманына жете алмай, жастай кеткен Арқаның арқар жанды, асқар жүректі, аяулы ақыны Сұлтанмахмұт
Торайғырұлының аруағына арнаймын. Жүсіпбек»).
Ескере кететін бір жайт мынадай, ғалым А. Еспембетов зерттеу еңбектерін дайындау уақытында мұрағатпен жұмыс барысында Қайым Мұхамедханұлының мұраларының ішінен: «Жаңа батыр» – «Шернияз» (1926) пьесасының алғашқы нұсқасы»,– деген ұстазының шағын ескертпесін оқып, бұдан: «Жаңа батырдың» қолжазбасын іздей түсуіміз керек, өйткені пьесаның екі нұсқасын салыстыру көптеген мәселелердің басын ашуға жөн сілтері сөзсіз»,– деген ой түйіп, жаңа ізденістердің бастамасына түрткі болған.
Сонымен қатар реалистік сурет, тарихи нақты оқиғаларды негізге алған «Қартқожа» романындағы кесек бітімді Торайғыров ақын бейнесі әрлі де нәрлі қалпында көрініс береді. Ол былай деп жазады: «... Сол жылы Сұлтанмахмұт деген жас ақын Семейден ауырып, еліне
келген. Қартқожа Махмұтты білетін. Ол ақ жүрек, кедейшіл, жалынды жас ақын болатын. Елдегі байлардың, жуан атаның нашарға істеген қиянатын, зорлығын газетке жазып, күштілермен ұстасып жүретін. Сұлтанмахмұт жуандардан қорықпайтын, бетің-жүзің бар демей, көңілдегісін айтып салатын. Семейдегі жастар Сұлтанмахмұтты қолдайтын, үлкендері адамгершілігін, турашылдығын, тазалығын, ақындығын бағалап, сыйлайтын. Сұлтанмахмұт елге келгеннен бері көңілін сұрап, көріп, әңгімелесіп қайтуға Қартқожа құмар болса да ел жанымен қайғы болып, күн туған соң, Қартқожаның да мұршасы келмеген. Семей хабарын анық біліп тұрған кісі Сұлтанмахмұт. Газет алып тұрады, жолдастары хат жазып тұрады. Қартқожа ай-жай болған соң, әдейі іздеп Торайғыр аулына келеді.
Махмұт үйде екен. Қартқожаның келгеніне қуанып қалады. Бірақ жүдеу екен, жөтелі жиі
ұстап, көп сөйлесе зорланып қалады екен. Қартқожаның қолын ұстасымен:
– Е, қарт-екем! Күнің туды, балшабек табарыштарды көрдік,–деді күліп.
– Қайдан көрдіңіз?
– Керекуге барып келіп отырмын.
– Қашан, жаным?
– Кеше, кешке келдім.
– Салт бардыңыз ба?
– Салт. Бірақ суық өтіп, меңдеп қалдым. Оқа емес, жолдастарды бір көру парыз еді,– деп жөтелі ұстады.
– Немене? Қалай көрінеді?
– Жақсы. Аса оқымыстысы алдымен келе қоя ма? Жеңіл қолдау біріне жолығып, екі сағат сөйлестім... – деп тағы жөтеліп қалды.
Жөтелі басылған соң, тасымалдап тағы сөйледі:
– Бұлардың ұстанған жолы, идеясы жақсы ғой, кедейге пайдалы. Түбінде қазақ ел болатын болса, балшабектердің арқасында болады. Тірі болсаң көрерсің. Мен көрмеймін ғой...
– Heгe? Олай демеңіз?
– Қызық заман ғой? He керек... Әттең 10-15 жыл өмірім болар ма еді? ..
Махмұттың көңілі бұзылайын деді. Қартқожа басқа сөзге жұбатқысы келеді.
– Семей не болып жатыр екен?
– «Алашорда» қашыпты. Жастар жұмысқа кірісіпті. Бірсыпырасы камунес болыпты.
Газет шығарыпты. Көрген жоқсың ба?
– Жоқ.
Жастығының астынан бір шумақ газеттерді алып жатыр.
– Жастар байғұс та бірдеңеге жарар білем: газеттері жаман емес.
Ел жұмысы иесіз қалмағаны жақсы болады...– деп газетті Қартқожаға ұсынды. Көп сөйлей алмады, жөтелі тағы қысты.
Қартқожа «Қазақ тілі» газетінің бір-екі нөмірін қарап, көңілі дауалап, Махмұтпен қош айтысты».
Ғалым Кенжебаев Бейсенбай пікірінше Сұлтанмахмұттың ақындық стилінің өзіне тән кейбір өзгешеліктері мынадай:
Ақын өлеңдерінің тақырыптары сұраулы болады. Сұлтанмахмұт сұрау қоя отырып, оған жауап іздетеді, нақты жауап беруге ұмтылған. Сондықтан ондай өлеңдерінің қатары диалог, кеңес түрінде берілген. Сонымен қатар Сұлтанмахмұт өлеңдері тұспал, ишара, мысал түріндегі әдеби тәсілді аңдатады, оны шеберлікпен меңгерген деуге болады.
Сұлтанмахмұттың ақындығын зерттеуші ғалымдардың бірі оның шығармаларына әдебиеттік талдау жасарда мұраттық, көркемдік қасиетін әділ ашып, мұралық құнын дәл бағаламағаны болған. Дәлелдеп айтсақ, өз еңбегінде Дүйсенбаев 1913 жылы жазылған Сұлтанмахмұттың «Шығамын тірі болсам адам болып» деген өлеңін сөз етеді. Өлеңнің:
Мен балаң жарық күннен сәуле қуған,
Алуға күнді барып белін буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толған айдай балқып туған,–
«Келтірілген төрт тармақта жас ақынның уәдесі, серті қайтсе де жұлдыз емес, ай боламын десе, осы ойының сырын ақын ашып айтпайды. Сондықтан өлеңнің идеялық мазмұны жалпылама жатыр. Ол кім үшін және не үшін жұлдыз емес, ай болғалы жүр? Түпкі мақсат, яки идеал қандай».
Дүйсенбаев сол сияқты Сұлтанмахмұттың «А, дүние» (1917) атты өлеңіне мін тағады: «Адам өміріне торыға қарап, пессимистік сарында қорытыңды жасайды... Бұл өлеңде іштей
қайшылық бар»,–дейді.
Кезінде бұл пікірдің қателігін ғалым Б. Кенжебаев нақты дәлелмен талдап берген болатын. Алғашқы өлеңде ақын ата-анама, ел- жұртыма ай болам, халыққа күн әкелем, ай болып қызмет көрсетем деп ашық та, әсем айтып отыр.
А, дүние, берсе қанат тәңірі маған!
Ерік алып, ұшып кетсем көкке таман.
Жер, күннің аймағынан үстін шығып,
Әлемге көз жіберсем сол арадан,–
деп, орынды, жарасты қиялданады. Көкте тұрып, жердің-өмірдің мінін ашады, ондағы әділетсіздікті, зорлық-зомбылықты көреді. Өлеңде іштей де, сырттай да қайшылық жоқ»,– деп бұрыс пікірді дұрыстайды.
«Сұлтанмахмұт шығармаларының қаһармандары өз өзгешеліктерімен дараланған. Алдымен олар лирикалық тұлғалар болып, ақынның өз тағдырымен тығыз үндесіп жатады. Осы лиризм «Жарқынбайдағы» Мұқаннан, «Қамар сұлудағы» Ахметтен бастап, «Адасқан өмірдегі» бала, жігіт, кедей, кәрі, өлікпен, «Кедейдегі» кедеймен, «Айтыстағы» дала ақыны Сұлтанмахмұттың өзімен тағдырлас, тілектес екендігі күмән келтірмейді»,– дейді профессор Ермек Өтебайұлы. Сұлтанмахмұт – өміршіл, өр мінезді ақын. Көп шығармалары ұрпақ үшін өсиет, аманат сияқты болып келеді.
Мәлике Мұхтарқызы – Сұлтанмахмұттың атастырған қызы. Болашақ жары Мәликеге:
Жар қимақ пен жан қимақ – бәрі бірдей,
Қидым, қидым! Амал жоқ қимағанмен,–
деген өлең сөз қалдырған. Сұлтанмахмұт айлы кештерде Шідертінің жағасында серуен жасағанды ұнатқан. Оны білетіндердің естелігінде «ұйқысынан оянған сұңқардай бойын түзеп, көзін жайнатып, ойынан тез айығып, сергитін» деп сипаттаған. Сол Шідертінің жағасында бір түні кейіпсіз, реніш, қайғылы халде болады. Ол жайт Мәликеге байланысты болған. Көп ашылып сөйлемей, туысы Шәйбайдың: «– Саған бүгін не ой түсті? Ауырамысың, неге
ренжідің?– дегеніне: «Сен білмейсің, жан қимақ пен жар қимақ бірдей-ау өзі»,– деп тағы үндемеді. Біраздан кейін: «Мақал деген көптің ұнатқан сөзі. Халық айтса қалт айтпайды. Бұл бір өзгермейтін шындық-ау өзі. Көз – көңіл айнасы дейді, жан мен жүректің айнасы деп неге айтпады екен?– деп тағы ойға кетті.
Мен –деді, бұл дертімнен жазылмайтыныма көзім жетеді, ақыры мені алады ғой. Бұл туралы көп брошюралар оқыдым. Аяғы ажалмен тынатын көрінеді. Сондықтан бүгіннен бастап Мәликені алмасқа бел байладым. Бекіндім,– деді де:
– Сен Мәликенің көзіне бір қарап көрші? Көзі қандай ашық, қандай терең сырлы, күлкісі қандай таза, жаны қандай таза– деп, Мәликенің әр түрлі өзгеше жайын айтып мақтай түсті.
– Бір жақсы адамға кездесіп, бақытты жасаған күнін көрсем, жаным жай табар еді. Неге
көрдім, неге сүйдім, неге күйдім, неге қидым! Амал не қимағанмен, менен не бақыт табады. Маған тиіп, менен айрылып қалса, оның жаны мәңгі қасіретте қалмай ма. Онда Мәликелік заты жоғалады ғой. Қой, ол бақытты болсын!– деп өз шешімін бекіткен. Осыдан байқағаныңыздай, Сұлтанмахмұт өмірдегі жар мәселесіне, әйел тағдырына өте мұқият қарағанын және оның шығарма кейіпкерлерінен де анық көрінетіні даусыз деп айтуға болады. Мұндай кейіпкерлердің бойынан да автор қасиет-мінезінің кейіпкеріне ауысып тұтасқандықты тануға болады.
«Әйел» атты 16 жолы сақталып (зерттеушілер пікірінше аяқталмай қалған өлең) келген өлеңі
1912 жылы жазылған. Шәймерден қолжазбасы мен ақын кітаптарының (1950, 1957, 1987, 1993) нұсқалары арқылы салыстырылып жарияланған. Кейінгі басылымдарға сол нұсқабойынша беріліп отырған.
Өлеңнің негізгі тақырыбы – әйел теңсіздігі. Қазақтың қыз баланы әлпештеген салтына сүйіспеншілігін танытып, оны бұрмалаушылар шариғаттың дұрыс қағидасын (куәлердің көзінше қыз келісімі болмайынша неке қиылмауы) өз пайымдарынша надандықпен пайдаланып жүргеніне мән берген. Бұны:
Әке берсе, еркі жоқ бармауға да,
Хақы жоқ теңін ердей таңдауға да.
Шариғат та, заңдағы ерлер үшін,
Әйел жынысын кемітіп, қорлау ғана,-
деп далалық әлеуметтік келеңсіздік көрінісі ретінде көрсетеді. Сондықтан да Сұлтанмахмұт барлық қасіреттен құтылудың жолы – надандықтан құтылу деп тұжырымдаған. Осы ой басқа да шығармаларында көрініс тапқан. Реалист ақынның XX ғасыр басында дүниеге әкелген жаңа жанр, өлеңмен жазылған «Қамар сұлу» романында, «Кім жазықты» поэмасында көтерілген әлеуметтік мәселе «Әйел» өлеңінің бүтіндей жетекші идеясына айналған:
Мал да бір, әйел де бір несі артық,
Көнеді нелер қайғы, сорлауға да»,–
деп өмірдегі қиянатты көркем өрнекте кесіп айтқан. Бірақ ақын біреуді кінәлауды мақсат
етпеген, керісінше адасқанға жол сілтеп, жаңылғанға жөн айтқан. Надандықтың ең бір ұрымтал тұсын аңдатқан: ештеңені білмеу, сезбеу емес, ең қиыны үйреншіктіліктен құтылу деп түсінген. Әлем әдебиетіндегі «Фауст», «Тәңір тәлкегі» шығармаларымен қатар қойып салыстырғанда сюжеттік зерделік құрылымдар пайдаланылмай, керісінше қазақ ақыны Сұлтанмахмұт ешқандай қосалқы тәсілдерге жүгінбей (дайын фабула, танымал мифологем), оның орнына реализм әдісімен дәл тізіп, дәл сипаттап, Ә. Кекілбаевтің пікірінше: «қарапайым тәсіл арқылы түрлендірген амал секілді әлемдік болмыстың жан-жақты панорамасын жасаған»,– деген тұжырым қалыптасқан. Сұлтанмахмұтта әйел бейнесінің зерделі философиялық кескіндемесі түзілген.
Арманына жетеріне көңілі сенген:
Күн туар бұл теңсіздік болмауға да,
Әйел түспес айла мен торлауға да.
Ер, әйелдің салмағы бірдей болып,
Күн жетер оларды да қолдауға да»,–
деген тұстан ақынның болашақты көре білген, оптимистік көзқарасы анық байқалады. Қысқа өлең тақырыбы аяқталмай, сақталып жетпей қалған көлеміне қарамай, көркемдік мазмұн жағынан салмақты ойды қозғаған.
1915 жылы «Айқап» журналында №5, 75 бетінде басылған «Елден, Өскемен уезінен» мақаласында Сұлтанмахмұт Семейде кездесіп, бала оқытуға келісіп Қатонқарағай жағына әкеткен Әбдікәрім Ережепұлы аулының салт-дәстүрі әңгімеленеді. Автор Өскемен уезінде қыз ұзату, жесір дауы туралы ескі әдет-ғұрыптан басқа заң шығару үшін болған жиналысты хабарлаған, онда әйел мәселесін көтергендігін жазған. Мұнда ашық пікірлі Ғабділкәрім, Ғабдылразақ хажы, Мұса, Хұсайын, Есмұқан, Қамбар туралы атап айтылған. Олардың жесірге кеңшілік беру және жесір дауын болдырмау туралы кеңес нақты үш шешімі берілген: жастай атастырылмайтыны, жастардың өзара ризалығы болмай құдалық болмайтыны, қалың мал болмауы, орнына жасау құнына қарай қазына беретіні айтылған. Он алты адам бұл шешімнің орындалуын қадағалайтыны атап жазылған.
ТАПСЫРМА
Оқыңыз: Әдебиетті дамытудың жаңа міндеттері.
Ағартушылық бағыттағы әдеби-эстетикалық ой-пікірлердің ұлт-азаттық идеяларға ұласуы.
М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиевтердің қазақ әдебиетінің тарихын зерттеудегі
концепциялары. Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу және Б.Кенжебаевтың ғылыми ұстанымдары.Замана шындығының реалистік суреттелуі және қаламгер позициясы. Көркем шығармашылыққа қойылатын негізгі талаптар және саясат пен поэтика мәселелері.
Әдеби шығармашылық және ғылым. Өнердің жұмбақ табиғаты. Шығармашылық психологиясындағы ироциональдық факторлар, оның шығармашылықтағы рөлі және оны бейнелеудің кілттері (код).
Әдебиет және ұлттық дүниетаным. Ұлттық дүниетаным негіздері – оны түсінудің, талдаудың, қолданудың қажеттілігі, түрлі әдіс-тәсілдері.
Мәдениет және әдебиет. Мәдени дамудың әдеби дамуға түрлі ықпалы. Әдебиеттің мәдениетке ықпалы.
Талдаңыз: оқығаннан түйгеніңізден тарау бойынша өз білігіңізді байқатыңыз