Метафора – тұжырымдау мен танудың бір үлгісі. Ол – жаңа ұғымдарды жасай отырып, жаңа білімнің қалыптасуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Метафора тілде ерекше танымдық қасиеті бар құбылыс. Метафора құбылысының құпиясы ерте заманнан-ақ көптеген ірі ойшыл-ғалымдардың назарын өзіне аударып келеді. Аристотель, Цицерон, Квинтилиан, Дж. Вико сияқты ежелгі дәуір ой-алыптарының метафора туралы айтқан пікірлері мен көзқарастары, әлемдік, орыс, қазақ тіл біліміндегі осы мәселеге арналған ірі-ірі зерттеу тарихынан дүние жүзі ғалымдарының метафора жайлы айтқан ой-пікірлері, қарама-қайшылықты, қызғылықты, алуан түрлі екендігін көруге болады.
Қазақ тіл білімінде метафора троптың бір түрі ретінде сөз болып, оның көркемдік, бейнелілік қызметі ғана талданып келеді. Метафораның болмысы оның тілдегі қызметі мен маңызы, пайда болу механизмдері, түрлері мен ерекшеліктері т.б. метафораға қатысты маңызды мәселелер осы күнге дейін бір жақты зерттелуде.
Соңғы уақытта ғалымдар метафораны ойлаудың негіздерін түсінудің, жан-жақты бейне жасаудың кілті ретінде тани бастады.
Метафора –үздіксіз дамудың тілдік көрсеткіші. Метафора тілдің барлық қатпарында көрініс алған, тілдің күрделі табиғатын, сөз құпиясын, сөз мағынасының жасалуын терең түсінуге жол ашатын таңғажайып феномен.
Тіл мен ойлау бір-бірімен тығыз байланысты. Ойлау тіл арқылы жүзеге асады, ойлауға тіл арқылы ғана талдау жасалады. Тіл – ойлауды, сананы қалыптастыратын, оны материалдандырып, жарыққа шығаратын, адамның ойлау дүниесінің жетістіктерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу құралы. Тіл мен ойлаудың және болмыстың арасындағы күрделі қарым –қатынасты көрсететін метафора –тіліміздегі ерекше көп қырлы танымдық құбылыстардың бірі. Ол тілдің пайда болу, қалыптасуымен бірге өмір сүріп келеді.
Метафора тек ауыспалы мағына ғана емес, ол – өз бойына көптеген қасиеттермен қызметтерді сыйғыза білген күрделі үдеріс. Метафора – сөздердің ауысуы мен өзгеруі ғана емес, ойдың бір-бірімен қарым–қатынасының нәтижесі.
Концептуалдық метафора термині шетел ғалымдары еңбектерінде, орыс тілшілері Е.О.Опарина, В.Н.Телия, Н.А.Арутюнова зерттеулерінде танымдық, жаңа ұғым жасау мағыналарында қолданылады.
Орыс тіліндегі метафоралардың концептуалдық қызметін арнайы зерттеген ғалым Е.О.Опарина еңбегінде концептуалдық метафораның жасалуына, танымдық қырларына, оның мағыналық ерекшеліктері, түрлері мен тілдегі қызметтеріне, ғылым тіліндегі концептуалдық қызметіне тоқталады.
Концептуалдық метафора –адам танымында анология, ассоциация сияқты ойлау үдерісі заңдылықтарының нәтижесінде туындаған деректі, дерексіз ұғымдардың атауы, жаңа лексикалық мағына.
Концептуалдық метафора заттық дүниені белгілеу құралы ғана емес,ол сонымен қатар абстрактілі болмыстарды табу, оларға сай келетін немесе тілдік ұғымдарды қалыптастыру болып табылады. Мысалы: «Ислам-халықтық мәдениеттің тірегі, оның рухани қазығы».
Концептуалдық метафора дегеніміз-адам танымында аналогия,ассоциация сияқты ойлау үдерісі заңдылықтарының нәтижиесінде туындаған деректі, дерексіз ұғымдарға тілдің сөздік қорында бар сөздер арқылы атау беріліп, жаңа лексикалық мағына қалыптастыратын тілдік құбылыс.
Метафоралардың тілдегі қызметі, оның когнитивтік үлгілерді түзеудегі маңызы, ғылым тілінің қалыптастыруындағы қазақ тіл білімінде зерттелу үстінде. Метафора дәстүрлі зерттелуде көбінесе тілді көркемдеуші құрал ретінде танылады. Ол көркем әдебиет пен шешендік өнердің адресатқа әсер ету қызметі тұрғысынан қарастырылып келді. Оның тілдік сипатына соңғы уақыттарда ғана көңіл бөліне бастады. Бұл ретте, ең алдымен метафораның адамның ойлау үрдістерімен байланыстылығы және тілдегі әлем туралы білімнің бейнелену заңдылықтарына қатысы ескеріле бастады. Оның тек қана көркемдеуші құрал емес, сонымен қатар тілдің лексикалық, сөзжасамдық сұранысын өтеуші құрал екендігі анықталды. Тілдің күнделікті қатысымдық қызметінде кеңінен қолданылатын метафора шынайы өмірдегі нысандарды атауда тиімді тәсіл болып табылады. Адам күнделікті тілдік қолданыста өзінің бай тәжірибесі арқылы жинақтаған білім қорын кеңінен пайдаланады. Заттар мен құбылыстар ұқсастығы арқылы метафора жинақталған білім қорын белгілі бір мақсатта аталым қажеттілігіне сай қолдануға көмектеседі.
Батыс ғалымдары Дж.Лакофф және М.Джонсон метафораның күнделікті өмірдегі, ойлаудағы, тілдегі маңызына кеңінен тоқталады. Бұл ғалымдар өз зерттеулерінде метафораны когнитивтік феномен ретінде бағалайды, яғни адам өзіне етене таныс, нақты заттар арқылы дерексіз ұғымдарды ойлап шығарады және оларға атау береді деген пікірді қуаттайды. Дж.Лакофф, М.Джонсон адам ойлау қабілетінің тілге қатысты басты 4 ерекшелігін көрсетеді:
1) адам ойлауында және танымдық жүйенің құрылуында адамның сыртқы әлемді танудағы физикалық және әлеуметтік тәжірибесі басты рөл атқарады. Осы ретте «тәжірибені» кең көлемде, яғни тарихи, әлеуметтік, лингвистикалық параметрлерді және перцептуалды (қимыл-әрекет, қозғалыс) әрекетерді есепке ала отырып, түсіну қажет;
2) ойлауда бейнелер арқылы метафора мен метонимия күнделікті тәжірибелік дәлелі жоқ ұғымдарды таңбалайды;
3) ойлау гештальттік ( құрылымдық) сипатқа ие;
4) ойлау экологиялы, яғни қоршаған ортаны қабылдаудағы тәжірибе мен абстрактілі ұғымдар өзара байланысып жатады.
Адамның бай тәжірибесінің тілдік бірліктерді жасауда маңызы зор, өйткені белгілі бір нысанның таңбасының астарында сол нысан туралы білім қоры да жинақталады. Білім қоры құрылымдық сипатта адам санасында сақталады.
Әлемдік лингвистердің зерттеулеріне жүгінсек, метафора адамның өзін қоршаған шынайы болмыс нысандарын тануда, оларға атау беруде ең басты тәсілдердің бірі болып қарастырылады. Сондықтан да когнитивистикамен айналысушы ғалымдар бұл құбылысты айналып кете алмаған. Заттар мен құбылыстар байланысының адам танымындағы көріністері сөз семантикасын, тілді танымдық тұрғыда дамытып отыратынын зерттеушілер басты назарға алады.
Метафоралану ұқсату заңдылығына негізделінеді және де осы ретте, адамның егер бұл зат басқа затқа ұқсас болса, қалай танылар деген бақылауы нәтижесінде жүзеге асырылады. Яғни метафоралар әлемді адамның өз бағалауы, нысандарды салыстыруы, ұқсатуы арқылы пайда болады. Шынайы болмыс заттары мен құбылыстарын өз білім қоры мен түсінігі арқылы өлшеп, тану адам санасының антропоөлшемдігінің бір көрінісі. Сондықтан да, тілдік метафоралар антропоөлшемділігімен ерекшелінеді.
Тілдегі бар атауларды пайдалана отырып, солардың мағыналары негізінде жаңа атауларды жасау метафоралану арқылы жүзеге асырылады. Белгілі атаулардың беретін мағыналары жеке бір ассоциациялы кешен құрайды, сол қасиеттердің атау берер нысанға қандай да бір қатысына байланысты үрдіске белсене қатысады. Ғалымдар метафоралануда тек нысанға ғана атау берілмейді, сонымен қатар жаңа ұғымдардың да қалыптасатыны туралы айтады.
Тілдегі нысандар атауларының жасалуында метафоралану ойлаумен тығыз байланысты болғандықтан, оны дәлме-дәл суреттеу өте қиын. Өйкені метафоралануға қажет белгілер үнемі шындық болмыстың нысандарының көзге көрінер қасиеттеріне негізделмейді. Кей жағдайда бұл қасиеттердің ұқсастығы түйсікпен танылатын нәзік байланыстарға негізделуі мүмкін. Метафоралардың осындай ерекшеліктері олардың табиғатын ашуда әртүрлі әдістерді қолдануға әкелді. А.Ричардс, М.Блэк интерактивті әдісі туралы айтқан едік. В.Г.Гак бұл әдісті өзінше өрбітеді. Метафоралану үрдісінің үлгісі нысандар мен олардың арасындағы өзара қатынастан тұратынын, субъект нысандардың белгілері, ассоциациялық кешені арасындағы байланысты орнататынын айтады.
Әлем (зат, құбылыс, дерек, қасиет) туралы қалыптасушы ой метафораға негіз болады. Әлем туралы қалыптасқан, тілде таңбаланған ұғым метафора жасауда қолданылады. Әлем туралы ойымызды қалыптастыруда тура мағынадағы сөздердің ассоциациялық кешенін құрайтын энциклопедиялық, ұлттық-мәдени, адамның жеке білімдерін пайдалану метафора арқылы жүзеге асырылады. Демек, адамның жаңа нысан туралы ойы, білімі, қалыптасушы ұғымына тілдегі таңбалар беретін түсінік, білім көмекке келеді екен. Яғни жаңа ұғым ескі, танымал, белгілі ұғым, нысан, құбылыс, сипат т.б. негізінде қалыптасады. Білім – адамның қажетіне байланысты қолданылатын ақпараттардың ұйымдасқан жиынтығы. Метафора арқылы ескі білім толығып, дамып жаңа белгілерді иеленеді. Метафора әлемі – бейнелі ойлау әлем. Бұл тілдік таңбалардың мағынасының дамуына, оларды ауыспалы мағынада қолдануға әкеледі.
Зеттеулерде метафоралану көбінесе танымдық үрдіс ретінде қарастырылады. Метафоралану танымдық үрдіс ретінде белгілі кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. В.Н.Телия оны былай суреттейді:
1) гетерогенді (әртүрлі) ұғымдардың арасындағы ұқсастықты белгілеу;
2) фокустандыру, яғни ассоциациялар мен белгілерді таңдау;
3) сүзгілеу (фильтрация), жаңа ұғымдардың ассоциацияларын «тура мағынамен» сәйкестендірілуі және жаңа ұғымдардың тілде қалыптасуы.
Ұқсастыққа негізделген осы құбылыс адамның нысандар туралы жинақталған білім қорын өз мақсатында пайдалануда жүзеге асырылады. Қоршаған әлемді тануда ұқсастық белгіленеді, соған сәйкес қажетті ассоциациялар таңдалынады және оның дұрыстығы ой сүзгісінен өткізіледі. Аталым жасауда метафора тәсіл және сол тәсілдің нәтижесі, жемісі де.
Тіл біліміндегі метафораның зерттелуінде бірнеше бағыт бар. Олар:
Метафораның тілдік құбылыс ретіндегі зерттелуіне тоқталған шолуды қорытындылар болсақ, төмендегідей ойтүйіндеулеріне келеміз. Сонымен, метафора - тілдегі әмбебап құбылыстардың бірі. Тілдік жүйеде белсенді метафора аталымдардың жасалуында да белсенді қызмет атқарады. Ол тілдің аталымдық-когнитивтік сұранысын өтеуші тәсілі болып табылады.
Аталым жасауда метафора белсенді, өйткені жаңа атаулар тілдегі дайын таңбалардың ассоциациялары арқылы жасалады. Метафораларға адамның ұқсата білу және ассоциациялы ойлай білу қабілеті себепші болады.
Метафора - когнитивтік феномен, яғни адамның әлемді тануда жаңа ұғымдардың қалыптасуына, сонысымен жалпы әлем туралы білімді толықтыруға, дамытуға жағдай жасаушы тілдік құбылыс.
Метафоралы аталымдар - жасалуы нысандар арасындағы қандай да бір белгілеріне байланысты ұқсастық негізінде мағыналық ауысулар арқылы туындаған бірліктер. Сөзқосым бірліктерінің жасалуында метафора бір нысанның белгілерін өзге бір нысанмен салыстыру барысында немесе олардың арасындағы таза ұқсастыққа және де метафоралы тіркестер мағынасымен қатысады.
Адам ойлау қабілетінде метафоралану, яғни әр заттың сипатын өзге затпен салыстыру, сол арқылы жаңа ұғымның қалыптасуы ойлаудың негізгі үрдісі болып табылады. Сондықтан адам ойының бейнелі көрінісі ретінде атаулар, оның ішінде көптеген сөзқосым атауларының да метафоралы ойлаудың жемісі ретінде қабылдануы орынды.
Метафоралардың жасалуында адамның сезім мүшелерінің қызметі де маңызды рөл атқарады. Көру, сезу, есту, иіскеу, ұстау т.б. арқылы адам қоршаған әлемді таниды. Сол қызметтердің нәтижесінде нысандар арасындағы ассоциациялық байланыстар да анықталады. Осы байланыстар метафораларға әкеледі.
Метафора өзге тәсілдер сияқты тілдің дамуына қызмет етеді. Тілдің эволюциясы адамның танымдық тұрғыда дамуы, яғни қоршаған әлем туралы білім қорының толығуымен астасып жатады. Сондықтан да, тіл мен ойлаудың дамуы бірінсіз бірінің іске аспайтыны және олардың жалпы адамзат дамуымен астасып жататыны белгілі. Тіл бірліктерін осы бағытта қарастыру олардың мағынасын құраушы бірліктермен байланысын және сол байланыстардың сипатын ашуда маңызды болып табылады. Адам ойлау әрекетінің ерекше көрінісі ретінде метафоралар табиғатын дәл осы бағытта зерделенуі қажет екені туралы көптеген ғалымдар пікірі бір жерден шығады. Когнитивтік көзқарас шеңберінде метафоралану әрекеті адамның білім қорына жасаған операциялары деп түсіндіріледі. А.Ричардс, М.Блэк тұжырымдамаларынан басталған идеялар метафораның жасалуын екі нысан арасындағы байланыс арқылы тануға талпыныс жасайды. Сол тұжырымдарда адамның білім қоры құрылымдық үлгі ретінде қарастырылады. М.Минский, Ч.Филлмор, А.Н.Баранов басқа да ғалымдар ұсынған фреймдер мен сценарийлер туралы ойлар метафоралардың жасалуын түсінуге баспалдақ болды. Фрейм сөзі құрылым деген мағынаны білдіреді. Адам өзіне жаңа жағдайды тану барысында немесе таныс нәрсеге жаңаша қарауда өз санасындағы дайын құрылымды таңдайды. Біз фреймдер деп аталған бұл құрылымның кейбір бөлшектерін өзгерту арқылы адам құбылыстар мен процестерді түсіндіре алады.
Танымдық жүйеде шынайы болмыс туралы жинақталған білім белгілі бір жүйемен, сатылы түрде құрылым жасап сақталады. Адамның қажетіне қарай пайдаланар ақпарат сол құрылымды еске түсіру арқылы сана қалтарысынан алынады. Метафорада жинақталған білім арасында ауысу жүргізілетіндіктен ұқсату әрекетіне қатынасып тұрған нысандарды фрейм деп қарастырамыз. Фреймді олардың санадағы беретін ақпараттар жиынтығы ретінде тануымыз керек. Метафоралы аталымдарда нысандар ұқсастығы екі фрейм арасында ақпарат алмасуына әкеледі.
Шындық болмыстағы заттар мен құбылыстардың атаулары тілдік таңбалар арқылы белгіленеді. Әр таңба астарында нысандардың беретін білім қоры ақпараттары сақталады. Сондықтан да таңбалар сананы нысандар арқылы еске түсіретін жағдаяттарға бағыттайды. Тілдік бірліктер шындық болмыстың заттары мен құбылыстарының тілдік таңбасы болғандықтан олар стандартты ситуацияларды, яғни нысандарды, олардың беретін барлық ақпаратын еске түсіреді.
Сөз мағынасының ауысуы метафораның, яғни ұқсастық шегінің жойылуына әкеледі. Ауыспалы мағыналардың туындауын түсіну үшін метафора табиғатын жақсы түсінуіміз керек. Бұл фреймдер арқылы жүзеге асырылады.
Жаңа нысандарға атау беруде адам өзінің санасындағы нақты бейнелердің қасиеттерін, белгілерін еске түсіре бастайды. Нақты заттар немесе құбылыстардың анықтамасы, сол заттың тәжірибе арқылы танылған ақпараттарынан, энциклопедиялық білімінен тұрады. Метафорада бұл ұқсастық арқылы танылып, ақпараттар алмасуы жүргізіледі. Аталымдардың жасалуын когнитивтік тұрғыда қарастыруда фреймдік құрылымдарды қолдану, нысандар туралы ақпараттар алмасуын түсіндіруші тиімді әдіс болып табылады.
Әлем туралы білім қорын фреймдік құрылымдар арқылы суреттеу метафоралардың жасалуын, бір категориядағы білімнің өзге бір категорияға ауысуын көрсетуде қолданылады. Когнитивистикада фреймдер - ақпарат алмасуды түсіндіруші шартты құрылымдар. Ол адамның санасының құрылымдық жүйесіне негізделе отырып жасалады. Яғни әр нысанның беретін білім қоры адам жадында белгілі бір құрылым түзе отырып сақталуы басты назарға ілігеді.
Фрейм - стереотипті ситуацияларды елестетуге арналған құрылым. Әр фрейм арқылы әртүрлі ақпарат асоциацияланады. Фреймдер ақпараттар жинақталған ұяшықтардан құрылады. Олар белгілі тәртіппен сатылы орналасады. Жоғарғы сатыдағы ұяшық ақпараттары адамның көру, есту, сезу мүшелері арқылы оңай қабылданады. Бұл нысандардың сыртқы пішіні, түрі, көлемі, дәмі сияқты ақпараттар болуы мүмкін. Ортаңғы ұяшықтарда қажеттілікке қарай таңдалатын ақпараттар сақталады. Ал төменгі сатыда қабылдауда бірден көріне қоймайтын нысандар туралы энциклопедиялық біліммен байланысты ақпараттар жинақталады. Әр фрейм көлемді де, күрделі құрылым болып табылады. Лингвистикада фрейм тілдегі әртүрлі стереотипті жағдай туралы білімнің берілуін түсіндіруде қолданылады. Сонымен қатар, әр тілдік таңбаның белгілі бір нысан туралы білім қорын беруіне байланысты оларды фрейм ретінде қарастыруымызға негіз болады. Фрейм тілі метафоралану процесін суреттеуде лингвистикалық, экстралингвистикалық мәліметтерді бөле жара қарастырмауымен тиімді. Когнитивтік тұрғыда метафора екі фрейм арасында жүргізілетін шартты әрекет ретінде танылады. Бірінші негіз-фрейм, метафоралануда ұғымға негіз болушы бейнеге (сигнификативті дискрипторына), екінші мақсат-фрейм таңбаланар нысанға (денотативті дискриптор) сәйкес келеді. Негіз-фрейм метафоралық үлгіге қажет таңбаны ұсынады. Таңба ұқсастық нәтижесінде мақсат-фреймге ауысады. Бұл ауысуға себеп болатын ұқсату. Ол адамның санасындағы нысандар бейнесін елестету, еске түсіру арқылы жүзеге асады.
Когнитивтік тұрғыда метафора адамның білім қорына жасаған операциялары деп те қарастырылады. Бұл құбылыста тіл қолданушы өзіне бұрыннан таныс белгілі түсініктердің жаңа қырын ашады. Оны басқаша шеңберде көреді. Когнитивтік феномен ретінде ол біздің әлем туралы білімімізді, көзқарасымызды кеңейтеді. Тілде бұл дайын таңбалардың мағыналық дамуына әкеледі.
Тілдің дәстүрлі теориясында метафора ойдың емес, тілдің ғана құбылысы деп танылып келді. Когнитивистер алғашқылар қатарында метафораның әлемдік бейнені танудағы, оның концептуалды сипатын айқындаудағы қызметін сұрыптаған ғалымдар қатарында М.Реддидің есімін атаған орынды деп есептейді. Аталмыш зерттеуден бастап метафораның зерттелу аясы кеңейіп, адамның ұқсату әрекеті тек салыстыру мақсатында ғана емес, әсер ету, шынайы болмысты өзгеше қабылдау бағытында да ұғынылды деп көрсетіледі. Осы орайда, бүгінгі күні метафора танымдық құрылғы ретінде ғана емес, абстрактылы ұғымдарды нақтылауға көмектесетін құрал есебінде қарастырылып, қоршаған әлемді танудың, ол туралы тұжырымдаудың нақты көрінісі, амал-тәсілі тұрғысынан сипатталып отыр. Сондықтан тілшілер когнитивтік метафораның шығу тегін адамдардың әр түрлі тұлғалар мен объектілер арасындағы ұқсастықтарды құрастыра білу қабілетінен өрбітеді. Бұл ұғым бір объктінің екінші объект арқылы сипатталуымен ерекшеленетіндіктен, ғалымдар оны жекеленген құбылыстар табиғатынан гөрі күрделі ой кеңістігіне сәйкестендіре зерделейді, олар танымдық үдерісте орын алатын ой-қорытындылар метафора арқылы бір-бірімен байланысқа түсе келе, нақты және абстрактылы бірліктердің үйлесу заңдылықтарын саралауға септігін тигізеді деп пайымдайды. Демек, ойлау жүйесіне құрылған метафораның танымдық қызметін өзектеумен қатар, қазіргі тіл ғылымында оны «абстрактылы тұжырымдарды саналы түрде қабылдаудың тәсілі, абстрактылы ойлауға мүмкіндік беретін механизм ретінде» қарастыру керектігіне өзгеше мән берілуде.
Метафораның мынадай түрлері белгілі:
- онтологиялық метафора – эмоцияны, оқиғаларды, әрекеттер тізбегін белгілі бір зат немесе субстанция ретінде қарастырудың амалы. Когнитивті терминдер сөздігінде оған «абстрактылы ұғымдардың кеңістіктегі шекарасын анықтау» деген анықтама берілген;
- бағдарлы метафора – бір-біріне қатысты дәрежеде ғана айқындалатын әрі кеңістіктегі бағдарға негізделген тұжырымдар жүйесі, мұнда «жоғары-төмен, іші-сырты, терең-таяз, орталық-шеткі» секілді қарсылықты ұғымдар қолданылады.
Айталық, жақсы атаулының барлығы жоғары деңгейдегі көрсеткішті құрайды – денсаулық, бақыт, сана; ал оның қарсы мағыналары төменгі деңгеймен өлшенеді – ауру, бақытсыздық, жамандық т.б.;
концептуалдық метафора – ерекше хабарлы құрылымды құрайтын, білім туралы мәлімет беруге, оның жадыдағы көрінісін сұрыптауға мүмкіндік беретін амалдардың бірі.
Аталған метафоралардың әрқайсысы образ нысанын құрайтын ұғымдар мен олардың ара-қатынасындағы ұқсастықтарға не болмаса баламаларға негізделе жасалатындықтан, когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігінде оның қосымша тағы төрт түрі аталады. Олар:
- құрылымдық метафора;
- «хабарды жеткізу құралы» ретіндегі метафора;
- «контейнерлік» метафора;
- құрылымды метафора.
Ғалымдар келтірілген метафоралардың ішінде кеңінен қолданылып жүрген түріне концептуалды метафораны жатқызады. Олар әр түрлі екі саланың, яғни нақты және дерексіз ұғымдардың байланысына негізделген, сезім арқылы қалыптасатын тәжірибеден дерексіз құбылыстарға бағытталған бұл процесті адамның ментальды жүйесіндегі өзгешелігі арқылы әрі сол ойдың ұсынылу үлгісіндегі әркелкі сипаты негізінде дәйектеп түсіндіреді. Нәтижесінде бір тұжырым арқылы бір-бірінен ерекшеленетін алуан түрлі мағынадағы метафоралар жасалуы мүмкін.
Метафоралар әлем туралы тұжырымдауға көмектесе отырып, әр түрлі құбылыстар мен заттар арасындағы ұқсастықтарды дәйектеуге, соның негізінде жиналған білім мен тәжірибені бір саладан екінші салаға ауыстыра қолдана білуге мүмкіндік береді, сондықтан оның табиғатын ғалымдар «когнитивтік санадағы логикалық операциялардың динамикалық көрінісі, ой тудыру моделі» деген анықтама негізінде түсіндіре талдады. Метафоралы қолданыс сөздер мен мағыналардың таңданарлық тіркесін құраумен бірге, хабар берудің де, мәлімет жеткізудің де ерекше тәсілі бола алады, сондықтан когнитивистер оны адамға тән ұғымдық жүйенің маңызды бөлігі, ойлау әрекетінің ажырамас көрсеткіші және лексикалық қорды толықтыру амалы деп айқындайды. Метафоралану процесі адамның бойындағы образды ойлауға, оның шығармашылық қабілетіне тікелей қатысты болғандықтан, адам бейтаныс әлемді қабылдап қана қоймайды, сонымен қатар нақты және дерексіз объектілер арасындағы ортақтық белгілерді есепке ала отырып, әр алуан сезім мүшелері арқылы заттарды танып айқындау мүмкіндігіне де ие болады. Осы аталған ұғымдар тіл мен танымның өзара тығыз байланысқан табиғатын сипаттайды.
Бақылау сұрақтары: