Әрбір тілдің сөз байлығы мен көркемдік қуатын сол тілдегі көріктеу амалдары және сөздік қордың деңгейімен ғана өлшеу жеткіліксіз. Сонымен қатар, тілдің байлығы ұлттың тілдік тұлғасының танымдық-концептуалды деңгейімен де өлшенеді. Ол үшін сол ұлттың концептуалды әлемі және содан өрістейтін концептуалды кеңістігіне тұтастай барлау жасалуы керек.
Қазақ тіліндегі «Күлкі» концептісіне тоқталар болсақ, ұлттық таным бойынша екі жақты сипат алатыны анықталды. Жалпы, күлкі – психикалық күй. Адамның шаттық, қуаныш күйіне байланысты шығатын үн, дыбыс; эмоциялық сезімін көрсететін қимыл (жымию, езу тарту, дыбыс шығару және т.б.). Мысалы: Естісем күлкі, назыңды Аспаным сергіп қалатын. Әкелші менің жазымды, Әкелші менің жазымды, Әкелші аққу қанатын (Н.Шакенов, Айгүл.). Күлу – адамдар қатынысының маңызды бөлшегі. Мысалы езудегі жымиюдың өзі адамның өзіне сенімділігі, еркіндігі, достығы, мейрімділігі, ләззаты, қуанышы, келісімі, тіпті бақытын білдіреді. Ал күлкі иесінің жанына - тыныштық, жылу, деніне - саулық сыйлайды. Күлу мен жымиюдың – ашық, кең, әдемі, сыңғырлаған, әуезді және тағы басқа түрі болады.
Дана Абайдың төртінші қарасөзінде - «Үнемі уайым-қайғыға жан шыдай ала ма екен? Үнемі күлмей жүре аламыз ба, үнемі күлмей жүруге жөн шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін...» (Абай) деп күлкінің маңызын атап өткен.
Психологияда күлкісіне қарап, адамның мінезін, ішкі жан-дүниесін шамалауға болады екен. Айғайлап күлетін адамдар көбіне ашық мінезді, дені сау, көпшіл болып келеді. Дыбыс шығармай, ақырын күлетін адамдардың мінезі тұйық болады. Адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай алатын мінезі жұмсақ, көнбіс адамдар да осылай күледі. Қысқа күлу күштің, ақылдың, құпиялықтың белгісі. Мұндай адамдар үлкен қиындықтарды оңай жеңе алады екен. Үзіп-үзіп күлу. Көбіне жүйке жүйесі сыр берген күйгелек адамдар осылай күледі. Қиялға берілгіш, арманшыл жандар күлгенде қолын бет-жүзінің кез келген жеріне апарады екен. Ал қолыңызды иегіңіздің астына апарсаңыз, бойыңызда әлі балалықтың ұшқыны бар адамсыз. Аузыңызды жауып күлсеңіз, өз-өзіңізге сенімсіз, жұмбақ, жалғыздықты сүйетін адам болғаныңыз. Егер күлердің алдында, басыңызды әнтек еңкейтсеңіз, адамдарды ренжітіп алудан қорқатын, кез келген ортаға тез бейімделетін адамсыз. Күлгенде, мұрныңызды тыржитасыз ба? Ендеше, бәрінің сіздің қалауыңыздай болғанын ұнататын өзімшіл, кірпияз адамсыз деген сөз. Ал қабағыңызды қозғалтып күлсеңіз, өз-өзіңізге сенімді, зерек жансыз. Көзді сығырайтып күлу жұмысбасты, жинақы, сенімді адамға тән күлкі. Күлкінің төресі – кез келген күйзелісті, жүйкедегі жүкті жеңіп шығатын шынайы күлкі.
Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде Күлкі бақты; Күлкі күйледі; Күлкіге салынды; Күлкі болды; Күлкіге қалды; Күлкі етті (қылды); Күлкіге айналдырды; Күлкінің ерні кезерді сияқты тұрақты тіркестер бар және де «ақтай күлкі», «бос күлкіге салынды», «күлім қақты», «қыран-топан күлді», «шат күлкі» сияқты тіркестер де тізімделген.
Досқа күлкі, дұшпанға таба болды – абыройынан айырылды, ұятқа қалды, масқара болды. –Досқа күлкі, дұшпанға таба болып жүрме. Тілімді алсаң, барма ауылыңа. Қал осында, – деп, әкесі иығынан кері тартады (Ө.Қанахин, Жер бас.).
Күлкі бақты [күйледі] – тамашаға салынды, сауық- сайран құрды, қызық қуды, ойын күлкінің соңына түсті. Жастықта бір күлгенің бір қаралық, Күлкі баққан бір көрер бейшаралық . Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса, еңбекпен мал табалық (Абай). Той болса, тон киелік, жүр баралық, Бірімізді біріміз аударалық. Ат арықтар, тон тозар қадір кетер, Күлкіні онша күйлеп, шуламалық (Абай).
Күлкіге айналдыру. Қиын жағдайда еңсесін түсірмей, өз-өзін, жұртты жігерлендіру үшін қиналса да, күлкі тудыратындай әзіл-қалжың айтып т.б. көңілді таныту. Қиын, қысталаң жайды күлкіге айналдыру – қазақ халқының, әсіресе, Шаншардың ежелгі мінезі (М. Әуезов).
Күлкіге кенелтті. а) Әбден күлдірді, көңілдендірді. Бәрімізді күлкіге кенелтті. ә) жағымсыз контекст. Әбден мазақ қылды, масқаралады. Ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі – Түркістанды Мекке десек, шетелдіктер шек келтіреді екен. Түптеп келгенде, « тәуелсіз мемлекетіміз тарихын жаңадан тасқа басқанда мифтер мен аңыздарға ғана арқа сүйеуде» – дегенді Гончаров мырза анықтап айтқан. Оның ойынша, жазған тарихымыз көршілерімізді күлкіге кенелтіп тұр («Жас Алаш»).
Күлкіге салынды. Қызық қуды, ойын-күлкінің соңына түсті. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісіні не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек (Абай).
Күлкіге шаптырды. Келекеге айналдырды, мазақ қылды. Алдаберген сопы өзінің сауалын балықшы жігіттің қиқарланып, күлкіге шаптырып отырғанын ұнатпады (Ә. Нүрпейісов).
Күлкі етті [қылды] а) ойынға, қалжың мен әзілге айналдырды. Сары қымыз сапырылды, қызды думан, жұлдызша көздер жайнап, көздер жайнап жүз құбылған. Жарасып әзілдері жүз құрбылардың, Бір –бірін жөніменен күлкі қылған (Ш.Смаханұлы).
Күлкі қысты. Күлкі кернеді, күлкіге булықты. Әлжан күлкі қысып, қорадағы қатты көкке құлай кетті (Ғ.Мұстафин).
Күлкімен табалады. Ел алдында келекелеп, мазақ қылды, масқарасын шығарды. Түлкі келіп ұраны жағалады, Мазақ қылыпарсылдап абалады. Мықтысың ғой, секіріп шығарсың деп, күлкіменен қасқырды табалады (Ш.Құдайбердиев).
Күлкісі көмір болды. Ойы іске аспады, жоққа шықты. Абырой бергенде, кейбіреулердің «Осы қыз қой бағып не жапрытар дейсің» – деген күңкіл сөздерінің күлі көкке ұшты, күлкілер көмір болды (М. Әуезов).
Қыран [қыран-топан] күлкі. Уда-ду, жаппай күлкі. Байсейіт бұл келеке-мазақ өлеңді айтқанда, күлмей, төсін керіп, қоқырайып әртісше айтады. Біз қыран күлкі боламыз (С.Сейфуллин, Тар жол.).
Өз күлкісіне өзі қарық болды. Өзінен-өзі мәз болды, масайрайды. Қу өмір жолдас болмас әлі-ақ өтер, Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер (Абай).
Түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмеді. Тыным таппады, күндіз-түні күнкөріс қамымен шапқылады; мазасы болмады. Қанағат қылмағанның – қарны аш, Түнде ұйқы көрмедік, күндіз күлкі (Ақмолла ақын//Күндер мен түндер).
Аталмыш тіркестерден де біз күлкінің екі түрлі сипатта болатынын ажырата аламыз. Бірі – жағымды болса, екіншісі – жағымсыз сипаттар.
Астарына үңілген жанға, сөздің мәнісін білетін адамға арналған терең тағылымды мақал-мәтелдерде «Күлкі» төмендегідей көрініс табады:
Күлкі – ашылған гүл,
Көңіл – шашылған нұр.
Көбікті қарда түлкі ойнар,
Көңілді көзде күлкі ойнар.
Күлегештің көңілі азбас,
Күтіншектің өзі азбас.
Дос жылатып айтар,
Дұшпан күлдіріп айтар.
Күлме досыңа, келер басыңа (Мақал).
Белгілі әдебиетші ғалым Қуандық Пазылұлы Мәшһүр-Жүсіп «Абай жолы» романынан күлкінің түр-түрін теріп, жазушының шеберлігін айқындата түскен болатын. Мәселен, ақсия күлу, сыңғырлап күлу, сылдырлаған күлкі, сылқ-сылқ күлу, лекіте күлу, тарқылдап күлу, кеңкілдеп күлу және ыржаңдау, жырқылдау, жыртақтау, ыржақтау, езу тарту, келмеңдеу, осқырына күлу, жылмия күлу, дар-дар күлу, мырсылдау, шиқ-шиқ күлу т.б. арқылы суреткер күлкінің түрлерін ғана емес, сол мінез-құлықтың бір ұшқыны арқылы кейіпкердің шыққан тегіне, тәрбиесіне, ортасына, жас мөлшеріне, ой өрісіне байланысты «өзіндік» күлкі болатынына меңзеген (Қ.Мәшһүр-Жүсіп).
Ненің арзан, ненің қымбат, яғни ненің құнды екендігін дана Абай «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңінде тамаша көрсетіп берген:
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат (Абай),- деп шын көңілмен күлудің мәнісін айтып өтеді.
Дәстүрлі дүниетанымдағы күлкіге қатысты түсініктер жалпыадамзаттық ақылдың қазынасынан да алыс кетпейді. Осы орайда батыстың ойшылдарына да құлақ түруге болады:
Күлкі – күн: ол адам жүзінен қысты қуады (В. Гюго).
Адамдардың мінезі олардың нені күлкілі санайтындарынан бәрінен гөрі жақсы көрінеді (И. Гете).
Кей адам күлкісімен әбден сыр алдырып қояды, сіз табан астында оның бүкіл қатпар-қалтарыстарын біліп аласыз. Тіпті даусыз ақылды күлкі де кейде жиіркенішті болады. Күлкі ең алдымен шынайылықты талап етеді (Ф. М. Достоевский).
Ойшылдардың осы ойларынан да күлкінің екі сипатта екенін, яғни дүниетанымдық тұрғыдан үндес екенімізді аңғарамыз.
Өмірде сәтті, бақытты адамдарды да әдемі күлкісіз елестете алмайсыз. Дегенмен, күлкінің де шегін ұмытпаған абзал. Орынсыз және шамадан тыс күлкінің ұяты мен зияны да мол. Қазақта мөлдір күлкі, теңгедей сыңғырлаған күміс күлкі бар. Ол сұлуларымызды одан да ажарландыра түседі. Ал халқымыздың «қыздың күлгені-өлгені, жымиғаны-күлгені» дегені қыз баласының ибасы мен ізетін көрсетеді.
Абайдың қарасөзінде: «... әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі - өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.» Сонымен қатар «Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!» дегені де бар (Абай).
Осы айтылғандарды саралай-сараптай келгенде, күлкі – ашу-ызаның көрінісі екеніне де көз жеткіземіз.
Қазақтың ұлттық танымында күлкіні арсыз нәрселердің де қатарына жатқызады:
М.Мақатаевтың «Ақылыңа айырбаста күлкіңді» өлеңіне назар аударып көрелік:
Ақылыңа айырбаста күлкіңді,
Қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?!
Бейқам күліп өспеген соң өз басым,
Бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі...
Ойсыз тапқан зиян жетер түбіңе,
Айтқан сөзің таразысы ақылдың.
Отыз тісті қарауыл қыл тіліңе,
Қалжың сөздің алды - күлкі, арты - мұң.
Есті сөзден естіледі ең ізгі үн,
Кім білмейді күлкі сөздің арзанын.
Тереңіне сүңгіп ілім - теңіздің,
Теріп алғын баға жетпес маржанын (М.Мақатаев).
Өлеңнің күшті позициясы – оның атауы. Өлеңдегі өзекті сөздер мен сөз тіркестері: Ақылыңа айырбаста күлкіңді, бейқам күліп, бос күлкі, қалжың сөздің алды - күлкі, арты – мұң, күлкі сөздің арзаны. Қасиетті кітаптарда былай делінеді: «Бұл дүниенің тіршілігі – әп-сәтте өте шығатын ойын-күлкі, сауық-сайран ғана. Ақырет тұрағы болса, міне, сол (нағыз) мәңгілік өмір. Егер олар (ақыретті ұмытып, дүние салынғанда) соны білсе ғой» (Құран-кәрім, «Ан кәбут» сүресі, 64-аят). «Нағыз байлық – дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес. Нағыз байлық – жан сарайының байлығы» (хадис, Бұхари, риқақ 15).
М.Мақатаев өлең жолдарының Қасиетті Құран сөздерімен үндесіп жатқанын, жалпы қазақи таныммен үндесетінін байқаймыз. Расымен де, болмыстың мәнін түсінбеген адамда уайым-қайғы бола қоймайды. Ондай адамдар өмірін бос күлкі, ойын-сауықпен ішіп-жегеніне мәз болып өткізеді. Күлкіқұмар жан адал әрекеттен аулақ жүреді.
Əрине, мəдениетті, рухани көріністерді бейнелейтін тіл, өнер, дін жəне т.б. негізінде құрылатын семиотикалық жүйе. Бірақ қазақ мəдениетінде рухани мəдениеттің таңбалық негізі, рəміздік жүйедегі ұлттың психологиясы, сакрализациясы негізінен тіл арқылы сипатталады. Сондықтан рухани мəдениеттің коммуникативтік, мұрагерлік табиғатына сəйкес оның ашық жүйе ретінде сақталуы, кейінгі ұрпаққа жетуі, жаңғыруы, танымы, игерілуі, жетілуінің тіл арқылы іске асатынын қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағыттағы зерттеулерінде қарастырылып жатқаны да сол себептен.
Бақылау сұрақтары: