ҚАЗАҚ ТАНЫМЫНДАҒЫ ТІЛДІК КОНЦЕПТІК НЕГІЗДЕР

Әр халықтың жүріп өткен тарихи жолы – ұлттық тарихын, қалыптастырған дәстүрі мен салты дүниетанымдық ерекшелігі мен дара мәдени келбетін жасайды. Ұлттық мәдениет пен ұлттық болмыс, қоғамдағы өзгерістер мен жаңалық атаулының бәрі тілде көрініс табуы заңды құбылыс. Тіл – халықтың рухани және материалдық мәдениетінің, тарихының, барлық бітім-болмысының айнасы іспетті. Сондықтан да болар, В.Гумбольдттың: “Халықтың тілі барда оның рухы бар, халықтың рухы барда оның тілі бар, ал өзіме осыларға тең келетін нәрсені елестету қиын” деп айтқаны осы ойымызды негіздей алады.

Мәдениет пен өркениеттің, тілдік құбылыстардың дамуы, тілдің қызметі мен мәні – бұлар қоғамдық тұрғыдан алғанда біркелкі болып көрінбеуі мүмкін. Тіл - өзіне ғана тән заңдылықтарға сүйене отырып, пайда болып дамитын таңбалардың жүйесі. Ұлттық мәдени ерекшелік сөз мағынасының өн бойында көрініс табады да, ол мағынаның денотаттық және сигнификаттық, коннотациялық компоненттері арқылы анықталады. Сондықтан тілдік бірліктерді жеке қалпында емес, лингвомәдени аспектіден зерттеу олардың өзара байланысын анықтауда маңызды саналуы тиіс.

Осы орайда ұлттық мүддеге негізделген таным мен түсінікті жеке тілдік құралдар арқылы да анықтауға болады. Адам өзін қоршаған ортаны бейнелейтін көптеген тәсілдерді – еңбекті, өнерді және т.б. шығармашылық түрлерін біледі. Олардың әрқайсысы шындыққа апаратын психикалық болмыстың дербес жүйесін көздейді. Дүниені бақылауға және танымның құрылысы мен үрдісін анықтауға негізделген тілдік бейненің когнитивті модельдері ғылыми бақылау жүргізуге көмектеседі. Дүниедегі заттар мен құбылыстардың жер шарын мекендейтін адамдарға ортақ болуымен қатар, әр халық сол заттар мен құбылыстарды өз мәдениетіне, танымына, болмысына қарай ыңғайлайды. Өзінің таным-түсінігінің деңгейі мен тану мүмкіндігіне сәйкес атау береді.

Атаудың танымдық-қызметтік табиғатын терең тану үшін ең алдымен, оның теориялық негізін қалаушылардың ғылыми пікірлеріне сүйенуіміз қажет. Орыстың көрнекті ғалымы А.А.Потебня еңбектерінде Ресейдегі антропологиялық тіл білімі адамның шығармашылық рухы туралы әлемдік ілімнің ең ірі бөлігі ретінде белсенді түрде концептілік негізде зерттеуді басталғаны белгілі. Осымен байланысты А.А.Потебня ойшыл-ғалым ретінде гуманитарлық лингвистиканың ресейлік бағытының негізі салушы деп саналады. Қазіргі антропологиялық теория А. Потебняның ең өзекті және конструктивті концептілік идеясының мәні ретінде адамның шығармашылық және танымдық әрекетінің ерекше формасы болып табылатын тіл туралы ойларын таниды. Сондықтан қазіргі антрополингвистиканың теориясында В. фон Гумбольдтың, А.А.Потебняның, А.Ф. Лосевтың антропологиялық концепттерінің түсіндірмелік маңызы ерекше.

А.А. Потебня негізгі базис болып табылатын адамзат сөзінің табиғи шығармашылығы туралы лингвопоэтикалық тұжырымдамасында теориялық көркемдік және ғылыми шығарманың бір ғана мақсаты адамның ішкі жан дүниесін өзгертушілік болып табылады деп көрсетеді.

А.А.Потебняның бұл тұжырымында тілге байланысты да пайымдар бар: поэтикалық шығарма саналы эстетикалық жұмыс рухының мақсаты болып табылады. Бірақ осы поэтикалық шығарма бір мезгілдегі шығармашылық жеке тұлға деп аталатын рухани феноменнің өзінше айту және өзінше тарату тәсілі болып саналады.

Қоғам мен мәдениеттің, тілдің өзара қарым-қатынасы жайлы мәселені таразылау үшін, ұғымдарда қалыптасқан мағлұматтардың көмегімен белгілі бір қоғамға тән құндылықтарды сипаттау қажет. Олар әлеуметтік-тарихи жағдайларға, қоғамдық құрылыстарға байланысты өзгерістерге ұшырап отырады.

Тілдегі негізгі атауларда дүниетанымдық ақпарттар айқын беріліп отырады. Олардың сипатын негізінен мағыналық талдау арқылы анықтауға болар еді. Әр ұлт тілінде дүние, әлем туралы түсініктерін түрлі тілдік фактілер арқылы кесіп-пішеді, қоршаған әлемнің тілдік бейнесі, негізінен алғанда, адамдар санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастықтар ұғым категорияларын жасайтын лексемалардың толығуына әсер етеді. Сол ұғым түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары тілдің негізін құраса, әлемнің ондағы құбылыстардың тілдегі бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып-білуге болады.

Қазіргі тіл біліміндегі когнитивтілік - әлем бейнесінің ұлттық негізде қабылдануы, адам ойының кешенді жүйесінің таңбалық негізде белгіленуі, ойлаудың әртүрлі спектрлік бейнесі. Когнитивтік тіл білімі когнитивтіліктің негізінде пайда болып, қазіргі антропоцентристік парадигмада көрініс табады.

Зерттеушілердің пайымдауында, әлемнің тілдік бейнесі жайлы мәселе, көбінесе, түрлі дүниетаным мәселесі ретінде қарастырылады. Бүгінгі таңда дүниенің тілдік бейнесі ұғымында екі түрлі сипат бар. Оның алғашқысында нақты тілдерге және олардың арасындағы айырмашылықтарға қатысы жоқ болса, екіншісі нақты ұлт тілдерінің қатысуымен қалыптасқан және лексикалық номинациялар жүйесі тәрізді тілдер арасындағы айырмашылықтарға бағыт-бағдар жасаушы әлемнің тілдік бейнесімен байланысты болады. Әлем бейнесінің тілдегі көрінісіндегі әмбебаптық құбылысты тереңнен талдау орынды болмақ. Түркі (қазақ) тіліндегі атау сөздерді ғылыми тұрғыдан саралағанда, жалпы ойлау жүйесінің ортақтығына байланысты, сөздердің уәжделуінің жақындығын байқауға болатындығын аңғарамыз.

Әлемнің тілдік бейнесінде болмыс құбылыстарының дәл суреттелетіні, ал дүниенің тілдік бейнесінде шындық болмыс жайлы стихиялы түрде қалыптасқан көзқарастар қарастырылатыны түсінікті. Әлемнің тілдік бейнесі екі негізгі қызмет атқарады: дүниенің ғылыми бейнесінің негізгі элементтерін білдіреді; тілдік тәсілдердің көмегімен әлемнің ғылыми бейнесін түсіндіреді.

Түрлі тілдерде дүниенің тілдік бейнесі өзгеріп отырады. Бұл тек адамға ғана қатысты экспрессия, модальдылық, эмоция және т.б. құбылыстар болып көрінгенімен, оны айнала қоршаған дүниенің әр ұлт өкілінің өзіне тән ерекшеліктерімен қабылдайтынын түсіндіруге болады.

Б.А.Серебренииков, А.А.Уфимцева, Е.С.Кубрякова т.б. ғалымдардың бір тобы әлемнің концептуальдылық бейнесін тілдік бейнеге қарағанда бай деп есептейді. Олардың ойынша, әлемнің ғылыми бейнесін құруға ойлаудың түрлі типтері, тіпті, вербальдық емес түрі де қатысады.

Әлемнің тілдік бейнесі тақырыбы Т.В.Цивьян, Е.С.Яковлевалардың еңбектерінде лингвомәдениеттанымдық сипатта танылады. Олар бұл мәселені қарастыруда тіл мен мәдениет негізіне сүйенеді.

Әлемнің ғылыми бейнесі мен тілдік бейнесі арасында айырмашылықтар ретінде В.А.Воробьев ұсынған төмендегідей тұжырым бар: когнитивтік жүйе әмбебап сипатта болады, оның көлемі мен тұтастығындағы айырмашылық түрлі ұлт өкілдерінің өркениетінің деңгейіне байланысты, ал лексикалық жүйе ұлттық сипатта болады, түрлі тілдердің лексикалық жүйелері арасындағы айырмашылық, алдымен ішкі бөліктерге бөлінуіне байланысты; функциональдық айырмашылықтарға келсек, когнитивтік жүйе тану процесі мен еңбек әрекетіне бағытталған болса, лексикалық жүйе коммуникацияға бағытталған; генетикалық тұрғыдан, когнитивтік жүйе лексикалық жүйеге қарағанда алғашқы болып табылады және табиғатынан консервативтік саналатын лексикалық жүйеге қарағанда тезірек қарқынмен жетіліп, дамып отырады; когнитивтік жүйе лексикалық жүйеге және жалпы тілдік жүйеге қарағанда толығырақ, байырақ болып көрінеді, лексикалық жүйе когнитивтік жүйенің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Осылайша когнитивтік жүйе арқылы адам дүниені танып, өз көзқарасын лексикалық жүйенің көмегімен суреттей алады. В.В.Воробьевтің пікірінше дүниенің әлдебір тұрақты ұлттық моделін айқындау үшін, ұлттық өмір элементтерінің өзара қарым-қатынасын, құрылысын білуге тырысу қажет.

В.А.Маслова шындықты танудағы тілдің рөлін тым асырып жібермеу жайлы ескертіп, әлемнің тілдік бейнесі деген ұғымды метафора деп қабылдауды ұсынады. Белгілі орыс ғалымдары В.А. Воробьев, В.А. Маслова, В.Н.Тельяның ғылыми тұжырымдарына арқау болған мәдениет пен тіл арасындағы байланыстың сыры туралы теориялар американдық ғалымдар Э.Сепир мен Уорфтың лингвистикалық ықтималдық теориясының негізін танытқан “этнос дүниетанымдағы ерекшеліктің ізі халық тілінде сақталады” деген қағидамен астасып жатқандығы белгілі. Бұл лингвомәдениеттану пәнінің этнолингвистика ғылымымен де туыстығынан туындайтын жайт. Осымен байланысты этнолингвистика мен лингвомәдениеттану пәндерінің ортақтығы және ұқсас жақтары анықталады. Бұл саладағы зерттеушілер этнолингвистика ғылымының өзіндік ерекшеліктерін де атап көрсетеді.

Когнитивтік лингвистика когнитивтік құрылымдарды қарастырумен қатар, адам санасында тілдік және тілдік емес білімдер жүйесінің құрылымын, сондай-ақ тілдік және тілдік емес ақпараттарды игеру, өндеу, қолдану тәрізді әрекеттердің жүзеге асуын қарастырады. Тілдік таңба арқылы кодқа салынған ақпараттарды ашу немесе ақпараттарды кодқа салу тәрізді әрекеттер когнитивті лингвистиканың құзырына жатады.

Тіл мен таным процестерінің арақатынасын көрсету тіл қолданысының когнитивтік жүйесіне сүйенеді. Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның арақатысы адам баласының интеллектуалды өмірінде құндылықтар қаншалықты рөл атқаратынын белгілеп береді. Тіл мен таным арақатысын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға түседі.

Әлемнің тілдік бейнесі әр ұлтта әртүрлі болуы ұлт пен ұлыстың тәжірибесі мен біліміне байланысты. Өйткені тілдік таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен тікелей байланысында емес, адамның өмірінен көрген-білгені, көңілге түйгені білімнің негізі болып табылады. Этностардың тәжірибесі әртүрлі болғандықтан, дүниенің тілдік бейнесі де, адамдар тәжірибесі де әртүрлі болуы заңды. Бұл ретте “дүниенің бейнесі”, “дүниенің тілдік бейнесі” “ұғым”, “концепт”, “сема” тәрізді ұғымдарды қолдануда қандай ғылыми тұжырымдамалар мен пайымдауларға сүйенетімізді айқындап алуымыз жөн. Өйткенді бұлардың бәрі де кейбір зерттеулерде әрқилы түсіндіріліп жүр.

Ұғымдар белгілі бір нысанның ең мәнді деген жалпылама белгілерін анықтайтын сананың нәтижесі. Ал концептіде нысанның мәнді белгілері мен аралас мәнсіз белгілері де анықталуы мүмкін.

Шынында да, айналамыздағы заттар мен құбылыстар бір-бірімен түрлі қарым-қатынаста болады. Табиғатта ештеңемен қарым-қатынасқа түспейтін зат не құбылыс жоқ деп айтуға да болады. Олардың байланысы мен қарым-қатынасы арқылы сөздердің заттар мен құбылыстарды таңбалауындағы ортақ заңдылықтарды айқындауға болар еді.

Адам танымы арқылы белгілі нысандар мен олардың белгілері, қасиеттері айқындалып, санада белгілі бір ұғымды қалыптастырады. Ұғым өзге нысандардың бейнелері арқылы нақтыланады. Санадағы бейнелер – ұғымдарды қалыптастырудың негізгі жолы. И.И. Мещанинов өзінің еңбектерінде ұғым және ұғымдық категориялар туралы мынадай жақсы ой айтады:

1) ұғымдық категориялар сөздің семантикасында және синтаксистік құрылымдарда көрінеді

2) ұғымдық категориялар синтаксистік және морфологиялық тұрғыдан берілсе, грамматикалық категорияларға айналады;

3) синтаксистік құрылымда және морфологияда көрінетін грамматикалық ұғымдардың арнайы грамматикалық тұлғалары болуы керек;

4) тілде белгілі жүйе түзуші грамматикалық тұлғалар сөйлем мүшелері мен сөз таптарын саралайтын грамматикалық ұғымдарды жасайды.

Әлем бейнесінің негізгі әмбебап категорияларының бірі кеңістік пен уақыт деп бағаланады. Бұл жөнінде орыс тіл білімінде көптеген ғалымдардың еңбектері жарық көрген. Айталық, М.А.Парнюк әлем бейнесінің негізгі әмбебап категориялары туралы және оның орны мен статусы жөнінде былай деп жазады: “…обусловлен как бы изначальной онтологической включенностью самого человека в пространственно-временные связи мира”.

Кеңістік пен уақыт категориялары негізгі іргелі категориялар болғандықтан, адамның танымдық дүниесінде кең, әрі негізгі, ауқымды орын алатыны белгілі. Сондықтан да бұл категориялар әлем тілдерінде мәдениет пен адам болмысын бағалауда маңызды рөл атқарады. Қазіргі лингвистикада «концепт» термині көптеген пікірталастың өзегіне айналғаны, осыған байланысты бірнеше ғылыми бағыттар қалыптасқаны белгілі. Соған орай «концепт» терминіне берілген анықтамалар да алуан түрлі.

Дүниенің тілдік бейнесін ұлттық мәдениет контексінде қарастырған А.Исламның пікірінше, концепт – ұлттық дүниетанымның ықшам да, терең мағыналы дүниетаным құндылықтарын айқындайтын тілде көрініс тапқан күрделі бірлік. Әр ұлттың концептілер жүйесін дүниетаным құндылықтары құрайды. Концептілер бір - бірімен тығыз байланыста болып, бір-бірінен туындап отырады. Әр қоғамның даму кезеңдерге сәйкес тіл мен мәдениет иелерінің абстрактілі концептілерді танып түсінуінде өзгерістер болғанымен, негізгі мәдени, дүниетанымдық мәні өзгеріссіз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Концепт санада танылу деңгейіне қарай бірнеше топқа бөлінеді: Олар: метафизикалық (жан, өлім), ұлттық мәдени концепт (жусан, домбыра, баспалдақ), эмоционалды концептілер (қуаныш, қайғы, бақыт).

Кез келген тілде негізгі тұғырлы концептілер бар. Бұл тұғырлы ұғымдар ұлттың дүниетанымдық бірлігін, салт-дәстүрінің терең тарихи тұтастығын, рухани және материалдық мәдениетінің ерекшелігін, тілінің өзіндік сипатын анықтайды.

Сондай-ақ, жалпы адамзаттық ұғымдарды анықтайтын тұғырлы әмбебап концептілер бар. Әмбебап концептілерге ең алдымен, жер, көк, су, от, уақыт, кеңістік, әлем т.б. сияқты жалпы ұғымдарды топтастыратын концептілер мен шындық пен жалғандық, қоғам, адам, шындық пен ақиқат, жақсылық пен жамандық, құдай, тағдыр, ғылым, өнер, бақыт, сұлулық, т.б. сияқты материалдық және рухани жалпы ұғымдарды анықтайтын концептілер жатады. Бұл концептілер іштей өздерін анықтайтын ұғымдарға, ал ұғымдар мағыналық топтарға жіктеледі.

Қазақ ұлтының таным-түсінігінің негізінде қалыптасқан концептілерге төмендегілерді жатқызуға болады: адам, атамекен, дала, жол, намыс, имандылық, қайрат, ақыл, көш, табиғат, төрт түлік, дүние-жалған, от т.б.

Концепт санада белгілі бір концептілік жүйе арқылы қалыптасады. Концепт түрлері поэтикалық мәтіндегі тілдік көрінісіне қарай фрейм – қарапайым форма, скрипт – күрделі форма, сценарий –оқиғалы форма, схема –сызбалы форма, ойсурет –бейнелі форма деп танылды.

Фрейм – бұл концептілік жүйенің құрылымдық элементтерін танытатын қарапайым формасы. Ол концептінің ең жақын схемаларынан құралады және ең жақын ассоциативтік, стреотиптік таңбалар арқылы көрініс табады.

Схема (сызба) – когнитивтік санада сыртқы сигналдар мен ішкі сезімдер көмегі арқылы жинақталған ақпараттарды бір құрылымда таныту тәсілі. Бұл жинақталған кеңістік – графикалық немесе сызықтың бейнелер түрінде көрініс беретін тұжырым.

Сценарий. Концепт қалыптастырудағы оның қарапайым танымдық элементтері фрейм болса, әрбір фрейм тармақтарының төңірегінен оқиғалар мен жағдаяттар жүйесін жинақтауға болады.

Даму мен қозғалыстан тұратын бірнеше оқиғалардың (эпизодтардың) тізбегі, уақыт пен кеңістікте таралатын кезеңдер мен оқиғалар ауысымының көріністері, аса күрделі бөлінбейтін бөлшектер.

Скрипт – концептілік құрылымның бір типі. Скрипт қалыптастыратын басты элемент фрейм. Скрипттің санадағы көрінісі – сценарий құрылымының кеңейтілген формасы. Скрипт көзбен көрген нақты тәжірибеден өткен оқиғалар арқылы, балалық шақтан келе жатқан стереотиптік ақпараттары арқылы немесе басқа адамдардың әрекеттерін мұқият есте сақтау арқылы жинақталған ақпараттардан құралады.

Ойсурет –концепт қалыптастыру операциясының ең күрделі формасы. Ойсурет суреткердің қиялдау, суреттеу, ұқсату шеберлігінен туындайды. Санадағы фантазиялау таланты басым болса, концептіні ойсурет құрылымында таныту деңгейі жоғары болады.

Гештальттер – бұл көпқұрылымды, бүтіндей функционалды саналық құрылым. Гештальт сезімдік және рационалды элементтерді топтастыратын бүтіндей бейнелердің көрінісі. Қазақ тіл білімінде ғалым Қ.Жаманбаева: «Гешальт-образ, форма»,-деп көрсетсе, ғалым Б.Хасанұлы «Гештальттар-бұлар сценарийлер, фреймдер, нобайлар, көріністер белгілерінің тіркесі»,-деп сипаттайды.

Бақылау сұрақтары:

Ұлттық мәдени ерекшелік сөз бойында қалайша анықталады?

Әлемнің тілдік бейнесінің қызметтері.

Әлемнің тілдік бейнесі тақырыбы қай ғалымдардың еңбектерінде лингвомәдениеттанымдық сипатта танылады?

Әлемнің ғылыми бейнесі мен тілдік бейнесі арасында айырмашылықтар.

Кез келген тілдегі негізгі тұғырлы концептілер.

Әмбебап концептілер.

Қазақ ұлтының таным-түсінігінің негізінде қалыптасқан концептілер.

Концепт түрлері.