ТІЛДЕГІ ТІЛДІК БІЛІК

Адамзат баласын қоршаған барша табиғат пен оның өзінің ішкі бар болмыс-бітімі тілдік таңбаларда көрініс табады. Бұл жалпы мәселе іргелі ғылымдар санатындағы философияның, тіл білімінің негізгі теориялық проблемаларының бірі.

Сөз шындық болмыстың тілдік көрінісі бола отырып, оның нақты сипатын танытады. Шындық болмыс нақты болу үшін, ол сөздің ұғымына сыйғызылуы шарт. Шындықтың тілдегі нақтылануы вербальдылық болып табылады. Вербальдылық – шындық болмыстың негізгі және басты бір көрінісі, оның өзге көріністері семиотикалық өзге таңбалармен, эстетикалық нақты таңбалармен айқындала алады (сурет, живопись, би, скульптура, сәулет өнері, т.б.)./p>

Адам баласының таным-түсінігі шындық болмысты таңбалап, сол таңбалар арқылы қарым-қатынас жасауының негізінде тереңдей түседі. Сондықтан да, қазіргі тіл білімінде антропоцентристік парадигманың ерекше бағыт-бағдар болуының өзіндік ішкі мәні бар. Тілдік жүйе мен құрылымды адамның өзінен бөліп алып қарастыру, тілдің тек құрылымдық сипатын грамматикалық деңгейде саралау толық дұрыс нәтижеге қол жеткізбейді. Яғни, адам мен тілді бір-бірінен бөліп, жекелей зерттеуге болмайды, тіл – адамның сөйлеу тілінің көрінісі, нормаланған жүйелі құрылымы болғандықтан, адамнан, адамның сезімі мен таным-түсінігінен тыс бола алмайды.

Тіл – жүйелі құрылым ғана емес, ол адамзаттық танымның жемісі де. Тіл адамзат қоғамында қалыптасқан феномендік таңбалар жүйесі. Тіл қоғамда қалыптасады, әрі сол қоғамды динамикалық қалыпқа түсіріп, оны реттеп отырады. Тіл болмаса, қоғамның дамуын, өзгеруін көзге елестетудің өзі қиын. Тіл - өнердің, тәрбиенің, мәдениеттің басы. Қазіргі ғылыми тілмен айтқанда, тіл негізгі өмірлік жағдаяттардың басында тұр. Тіл – адамның танымы мен мәдени білігі жеткен барлық білімінің сақтаушысы. Білім – адам баласының ықылым заманнан бері көзі жетіп, көкірегіне түйгені, халық арасында қалыптасып, сіңген, салт пен дәстүр ретінде қалыптасқан халықтық жад. Осы халықтық не ұлттық дәстүр мен салт сіңірген табиғаттың болмысын тану тілдік білікте сақталып, кейінгіге жетіп отырады. Тілдің ұлттың рухани қазынасын сақтаушылық қасиеті мен ұлттық мінезді қалыптастырушы маңызы да осыдан келіп шығады.

Тілдік біліктегі таным мен тағылым аса кең де кемел. Жеке сөздердің беретін терең мағыналық құрылымынан бастап, сөз тіркестері мен тұрақты тіркестердің, мақал-мәтелдер мен шешендік сөздердің, нақыл сөздер мен ақын-жазушылар шығармаларындағы терең ой мен парасат тілдік біліктен мол ақпарат беретін білімнің көзі. Тілде халықтың бүкіл ойының көрінісі, табиғат болмысының сыры туралы танымы, дүниетанымы, салты мен дәстүрі сақталады. Бұл - тілдік білік.

Тілдік білік өз бойында концептілік жүйені қалыптастырады. Тілдік білік негізінде ұлттық ұғымдар қалыптасып, халықтың жақсылық пен жамандық, ұлылық пен кішілік, адалдық пен арамдық, туғандық пен тумағандық, елге, жерге деген сезімді тәрбиелейтін киелі ұғымдар анықталады. Ол ұғымдар құрамына мағыналы таңбалар енеді. Тілдік білік – біздің санамыздағы концептілер мен концептік құрылымдар туралы мағлұматтардың негізгі бастау көзі, бұлағы. Ұғым – жеке ұлттың ерекше белгісін танытатын сапа белгісі. Ұлттық концептілер арқылы жеке ұлттың өзіндік ерекше болмысы айқындалады. Әлем болмысындағы ортақ заңдылықтар ортақ құндылықтарды туғызады. Бұл тілдік біліктегі әмбебаптық жүйені құрайды. Адамзат баласының құндылықтар туралы түсінік-пайымы ортақ концептілерді анықтайды. Солай бола тұрса да, жеке ұлттың өз болмысын, өзінің ішкі табиғатын анықтайтын да концептілер ерекше мол. Әртүрлі концептілер (бейне, бағамдау, түсінік, пайым) мен олардың білік жүйесін құрайтын (сурет, гештальт, сызба, фрейм) концептілер жиынтығы әлемді тану процесінде жасалады. Бұл концептік ұғымдар адам дүниетанымының нәтижесінде дүниеге келіп, оның тарихи тәжірибесін қорытады, бейнелейді.

Демек, тілдегі әрбір сөздің беретін ақпаратын толық түйсініп, оның терең мағыналық құрылымына, олардың концептілік жүйесі мен желісін ғылыми негіздеу қажет.

Антропоцентристік парадигма тұрғысынан адам мен мәдениеттің арақатынасында тілдік тұлға тұрады. Тілдік білік – тіл арқылы белгіленетін шындық болмыс және оның адамның түсінігіндегі бейнесі; тілдің өн бойында сақталатын ұлттық дүниетаным, білім мен білік. Тіл арқылы берілетін қарапайым ақпараттар жиынтығын анықтайтын, белгілі ұғымды таңбалаушы тұлғалардың мағынасы өзінің өн бойында тілдік білікті сақтайды. Сөйлеуші мен тыңдаушы өздері мұны сезінбей-ақ, сөйлеу барысында тарихи қалыптасқан тұлғалардың мағыналық құрылымдарын сақтай отырып, бір-бірімен тілдесіп түсініседі. Сөйлеу барысында әрбір тілдік бірліктің мағынасы мен мәніне анықтама беріліп жатпайтыны түсінікті. Сөйлеудің тарихи сорабында сөздің мағынасы, сөйлеудегі жүйе мен қисын қалыптасқан. Тіл өз бойында тілдік білікті жинақтаған. Тілдік білік сөйлеуде тіл бірліктерінің тіркесімі арқылы көрініс табады.

Тілдік білікті тіл құрылымындағы кез келген бірліктің құрылымынан тануға болар еді. Фонема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін – қай-қайсысы да тілдік біліктен тұрады. Тіпті грамматикалық тұлғалар, сөздердің орын тәртібі де тілдік біліктен хабар бере алады. Тілдік білік сөздің танымдық болмысын тануда толық анықталады. Ана тілімен сусындап өскен кез келген ұлт өкілі үшін тілдік білік ақпараты өзінен-өзі түсінікті, таныс болады. Жеке сөздің ішкі мағынасының түсінікті болуы сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы сөйлесу процесінің орындалуын қамтамасыз етеді. Кез келген сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы диалог олардың тілдік қарым-қатынасының көрінісі. Мұнда да тілдік білік қатынасады. Әлемнің тілдік бейнесі мен тілдік білік арасында, сондай-ақ тілдік білік пен тілдік тұлға арасында үлкен байланыс бар.

Тілдік тұлға тіл арқылы көрініс табатын мәдени кеңістікте өмір сүреді, қалыптасады. Қоғамда өмір сүргендіктен ол сол қоғамнан тыс бола алмайды, сондықтан тілдік тұлға өз заманының жемісі, әлеуметтік құбылыс.

Поэтикалық көркем шығарма тіліне когнитивтік талдау жасау негізінде сол ұлттың, сонымен қатар жекелеген тұлғалардың санасындағы әлем бейнесін, айнала қоршаған ортаның болмыс-бітімін тұтас тануға болады. Тілдің болмысы мен табиғатын, оның ішкі иірімдерін толыққанды тану үшін сол тілді жасайтын адаммен біртұтастықта қарау керек. Демек, жеке адамның шығармашылық санасы арқылы танылған эстетикалық форманың тілдік көрінісі күрделі біртұтас құрылым болып табылады. Дүниенің тілдік моделін бейнелейтін ақпарат жүйесінде дара тұлғаның ақиқат дүниеге қарым-қатынасы танылады. Ол – концептілер жүйесін құрайды. Сондықтан да дара тұлғаның танымын айқындау – когнитивтік лингвистиканың негізгі нысаны болып табылады.

Когнитивтік парадигмада поэтикалық мәтін – күрделі концептілік жүйеде реттелген дүние туралы ақынның индивидуалды-авторлық бейнесін танытатын тілдік фактор. Поэтикалық мәтіндегі танылған концептілер дүниені сезімдік қабылдау, қиял, фантазия шеңберінде көрініс тапқан бейнелермен объективтендіруге негізделеді. Себебі көркем мәтінде танылатын концептілер әрқашан бейнелілігімен құнды. Ал ұғынудың ең тиімді жолы - бейне арқылы таныту екені белгілі.

Қазақ тілінің тілдік әлем бейнесінің ерекше сегменттерінің бірі – махаббат концептісі. Аталған концептінің поэзия тілінде кеңінен қолданыс табуы оқырмандардың да әлемдік тілдік бейнесін құруына негіз болады.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: Махаббат – 1. Әйел мен еркектің бір-біріне деген құштарлық сезімі, сүйіспеншілік. 2. Ата-ананың балаға, адамдардың туған жерге, елге деген сүйіспеншілік ыстық ықыласы,- деп түсінік берілген.

«Махаббат» сөзі қазақ тілінде «ғашық», «сүю» сөздерімен де алмастырылып отырады. Тілімізде Отанын сүйген отқа жанбайды, суға батпайды; Елін сүйгеннің еңсесі биік; Азапсыз махаббат – арзан махаббат; Ғашықтың тілі – тілсіз тіл; Дауасыз дерт – махаббат; Ынтызарлық өлімнен де жаман; Сыйлық қымбат емес, сүю қымбат деген мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер кездеседі. Бұлардан Отанға деген махаббат, ғашықтық сезім туралы айтылғанын байқаймыз.

Осы орайда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологизмдерді қарастыра отырып, халық дүниетанымы мен ақын дүниетанымын бірлікте айқындау және ақынның тілдік бірліктер арқылы оқырманға беретін пайдалы ғибраттарын ашу арқылы фразеологизмдердің авторлық дүниені қалыптастыратын көркем сөз атрибуты екендігін көрсету негізге алынады. Мәшһүр Жүсіптің махаббат жөніндегі таным шеңбері діни ұғым түсініктерімен астасып жатыр.

Махаббат – сәулесі зор, Құдай нұры,

Көрген жан сол сәулені қалмас құры (Мәшһүр Жүсіп).

Мәшһүр Жүсіп махаббат ұғымының кең екенін аңғартады. Ол махаббат концептісін ер адам мен әйел адам арасындағы сүйіспеншілік сезім ретінде түсіндірмейді. Ақын танымындағы махаббат – Аллаһ Тағаллаға, яғни Жаратушыға сүйіспеншілігі, іңкәрлігі.

Абайдың:

Махаббатсыз – дүние бос,

Хайуанға оны қосыңдар,- деген өлеңінде де махаббаттың кең ұғым екеніне меңзейді. Себебі Абай:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті (Абай), - дей отырып, Алланы адамзатты махаббатпен жаратқаны үшін сүй деп отыр. Алланы сүю ізгілікке бастайтын жол екенін айтады.

Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінде махаббат концептісі ерекше айшықталған. Ол махаббат иесі – Алла. Ақын дүниетанымы бойынша Алла шүбәсіз, дүниедегі бардың есімі. Сондықтан да ол өлеңдерінде адамдарды Аллаға құлшылық етуге шақырады, оның қайтарымы болатынын насихаттайды.

Шын ниетпен бір Аллаға құлшылық қыл,

Түзу түс алдыңдағы жолға таман (Мәшһүр Жүсіп).

Тағат қыл бір Аллаға ақ ниетпен,

Бұл күнде түк болмайсың жүрген бетпен (Мәшһүр Жүсіп).

Ақын Аллаға деген махаббатты тек бір арнада түсініп, түсіндірумен шектелмейді. Ол ақиқат жолы, өмір ұстанымдары, өмір дәстүрлері сияқты ұғымдармен ассоциациялайды.

Болады кімге залал, кімге пайда,

Әр істің ықтияры бір құдайда (Мәшһүр Жүсіп).

Алланың құдіретіне тең келер нәрсе жоқтығын айтқанда, оған деген ғашықтық жетекші орын алғандығын төмендегі өлеңдерден байқаймыз:

Алланың өзі жалғыз, құдіреті кең (Мәшһүр Жүсіп).

Барлығы бір Алланың құдіретінде,

Ешкімге мұқтаж емес Хақ тағала (Мәшһүр Жүсіп).

Мәшһүр Жүсіп Алланың біреу екенін, оған серік қоспағанын жыр етеді:

«Бір!» -деп біл бір Алланы, екі деме!

Көп сөйлеп, күпір болып боқты жеме.

«Екеу!» -деп бір Алланы жолдан тайсаң,

Мінесің қияметте қасірет кеме (Мәшһүр Жүсіп).

Бір адам қылар қияс шариғатқа,

Құранға, қарамайды жазған хатқа.

Осындай қисық сөзден бойыңды тарт,

Алланы ұқсатпаңыз ешбір затқа (Мәшһүр Жүсіп).

Тағат қыл бір Аллаға ақ ниетпен,

Бұл күнде түк болмайсың жүрген бетпен (Мәшһүр Жүсіп).

Ақын Аллаға деген махаббатты тек бір арнада түсініп, түсіндірумен шектелмейді. Ол ақиқат жолы, өмір ұстанымдары, өмір дәстүрлері сияқты ұғымдармен ассоциациялайды.

Болады кімге залал, кімге пайда,

Әр істің ықтияры бір құдайда (Мәшһүр Жүсіп).

Алланың құдіретіне тең келер нәрсе жоқтығын айтқанда, оған деген ғашықтық жетекші орын алғандығын төмендегі өлеңдерден байқаймыз:

Аллаға зор көңіл бөлу, оған мадақ айту бұрынғы шығыс ақындарына да тән. Мысалы:

Есімің де барша есімнің әуелгісі құдіретті,

Жаралғанның әдепкісі – жасаған сен жер мен көкті (Мәшһүр Жүсіп).

Махаббат – түпсіз тұңғиық, Тәңірі ғана тірегің,

Қайырымынан қашан да үзілмесін күдерің (Мәшһүр Жүсіп).

Мәшһүр Жүсіп Алланың біреу екендігін, тек Алла өзгермейтінін, оның өте кең ұғым екенін Алла сипаттарын тарата баяндайды:

Жоқ деп біл ол Аллада ата-ана,

Және жоқ деп біліңіз қатын-бала (Мәшһүр Жүсіп).

Ақын Алланы танып білуде, Алла жолын іздеуде құлшылықтың алатын орны ерекше екеніне көп көңіл бөледі:

Бір Алла діліне алмай, фазылына алсын,

Жұмақты біз ғаріпке қылсын несіп (Мәшһүр Жүсіп).

Таршылық әрбір жерде қысылғанда,

Басқа жоқ бір Алладан паналары (Мәшһүр Жүсіп).

Айтыңыз насихат сөз қосып басын,

Шын болып бір Аллада ықыласың.

Ғазірейіл бір күн келіп жаныңды алса,

Дүниеден кетеді ғой ғаріп басың (Мәшһүр Жүсіп).

Махаббат –мәңгі таусылмайтын тақырып. Себебі, махаббат - Алланың қасиеті, сипаты ретінде шексіз, өлшеусіз шындық. Аллаға шын ықыласыңмен ғашық болсаң, оның рахматы да ұшан-теңіз екенін түсіндіреді. Адам Алланы танымақ болса, өзін де шексіз дамыту керектігін айтады. Ақын Алланы танудан адамгершілік, ізгілік сияқты қасиеттердің дамитынын айтады.

Болса да қанша күнә бойымызда,

Қайтпайды бір Алладан ықыласым (Мәшһүр Жүсіп).

Ақын хақтың жолы әділет екенін ұмытпауы және одан ауытқымауы қажет екенін бірдей ескертеді. Мәшһүр Жүсіп Алладан артық ештеңе жоқ, Алладан артық біреуді жақсы көрсең, аяғында бір жамандыққа душар болатынын айтады.

Басқаға бір Құдайдан көңіл бөлме,

Нәпсінің, шамаң келсе, тіліне ерме!

Пәледен басым аман болсын десең,

Бой салып бір нәрсені жақсы көрме!

Махаббат күннен-күнге артады екен

Оралып шырмауықтай тартады екен.

Басқаны бір Құдайдан сүйгендіктен,

Бір залал ақырында тартады екен (Мәшһүр Жүсіп).

Мәшһүр Жүсіп қолданысындағы бір Алла тұрақты тіркесін сараптай отырып, төмендегідей ойтүйін қалыптастырамыз: ақын дүниетанымы бойынша әлем мен Алла ұғымы бірлікте жүреді. Бұл екеуі бір ғана мәннің шеңберінде топтасқан дүниелер. Дүние бір қалыпта тұрмайды, ол өзгеріп отырады. Өзгермейтін – жалғыз Алла дегенді ақын философиялық тұрғыдан басып айтады. Сондықтан да Аллаға деген махаббаттың шексіз болуы заңды құбылыс. Мәшһүр Жүсіп ұғымы бойынша Алланы сүю адамның жеке басындағы асыл қасиеттерді қастерлеу, адамгершілікті негізгі қағидаға айналдыру. Алланы сүю – ізгілікке байланысты жол. Ақынның тұжырымы бойынша, махаббат – Алланың қасиеті, құдіреті, қуаты, рухы. Алланы сүю арқылы, оның сүйген құлы – Адамды сүюге шақырады, имандылықты, мейірбандылықты, биік адамгершілікті күйттейді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы өмір концептісіне келетін болсақ, оның шығармашылығының басты философиялық идеясы – адам өмірі, оның дүниемен, қоршаған ортамен тұтастығы, екі өмірге де керегі – имандылық. Дәлірек айтсақ, адам тіршілігінің шектеулі екендігі, фәнидің жалғандығы, дүниеде мәңгілік ештеңе жоқтығы. Қамшының сабындай қысқа өмірді мәнді өткізу, күліп-ойнап, дүниенің қызығын көру керектігін баяндайды. Бұл өмір – мәңгілік мекеніне қарай жолаушылап бара жатқан адам баласының бір аялдамасы ғана. Ислам діні мұсылмандардың осы сапар барысында бұл өмірге және осы өмірдің ләззаттарына алданып қалмай, ақыретке және ақыретте оңды жетістікке жетелейтін негіздерге көңіл аударуды бұйырады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Сіз бұл өмірді қалайсыз, алайда ақырет өмірі одан да жақсы, әрі мәңгі» (Ағла сүресі, 16б.) немесе «Мына өмір тек қана бір ойын мен көңіл көтеру ғана, ал ақырет болса, ол – нағыз өмір» (Анкәбут сүресі, 64б.), - делінеді.

Осы өмірдің алдамшы болмысының мәнісін жете түсінген халқымыз оны жалған дүние деп атайды.

Қазақ әдеби тілінің сөздігінде: «Жалған дүние (фольклор.) – тиянағы жоқ, өткінші ғұмыр, алдамшы, тұрақсыз өмір»-делінеді (Мәшһүр Жүсіп).

Абай:

Осы жалған дүниеден,

Шешен де өткен не бұлбұл,

Көсем де өткен не дүлдүл,

Сөз мәнісін білсеңіз,

Ақыл – мизан, өлшеу қыл (Абай).

Махамбет:

Ішелік те, киелік,

Мінелік те, түселік,

Ойналық та, күлелік,

Ойласаңдар жігіттер,

Мынау жалған дүние

Кідерден кейін қалмаған.

Балуан Шолақ:

Атандым Балуан Шолақ бала күннен,

Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген

Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,

Өтті ғой талай-талай кемеңгерден.

Шортанбай:

Жалғанда биттей пайда жоқ,

Адамның аз күн арбауы.

Жорға мініп теңселтіп,

Торғын тонын белсентіп,

Мамық төсек салдыртып,

Ыңырантып тұрғызып,

Дүрия көрпе жамылтып,

Дүниенің қалай алдауы.

Шал ақын:

Бұл дүниенің мысалы

Ұшып өткен құспен тең.

Өмірде көрген жақсылық

Ұйықтап өткен түспен тең.

Демек, сөз зергерлері халық қолданысындағы фразеологизмді қолдануда ұқсастық танытуы оның коннотациясының діни ұғымдармен байланыстылығында деп түсінеміз.

Мәшһүр Жүсіп:

Жалған дүние кеткен соң көзді жауып.

Жарық дүние – жалғанға келген шақта.

Осы жолдардағы жалған дүние, жарық дүние деген тұрақты тіркестердің діни мазмұны бар. Адамдар осы өмірге қонақ болып келетінін түсіндіреді. Ақынның шығармашылығындағы өмір концептісі «негізгі өмір ақыретке барғанда басталады» деген ойтүйінмен тұжырымдалады.

Мәшһүр Жүсіп халық ұғымындағы жалған дүние фразеологизмін кейде сұм дүние деп те қолданады. Мысалы:

Сұм дүние әуре қылған жұрттың көбін

Адамды жас күнінде алдайды екен,

Батшағар сұм дүниенің көп апаты

Біз келдік сұм дүниеге қайдан туып,

Мұздаған әлдеқашан көңіл суып.

Сұм дүние тұрақты тіркесінің эмоцианалдығы мен экспрессиясы жоғары екені байқалады. Осы өмірдің өткінші екенін, алдамшы екенін жағымсыз сипатта көрсетеді.

Дүние деп, алтын-күміс малданбайды.

Қызық деп, бұл жалғанды таңданбайды.

Дүниенің баянсызын білген ерлер

Бұлардың ешбіріне таңданбайды .

Осылайша ақын өмірде дүниеқұмарлыққа, дүниеқоңыздыққа салынбау керектігін уағыздайды. Халқымыз да дүние-мүлікті қолдың кіріне теңеп, маңызы мен мәні жоқ бос нәрсеге балаған. Дүние-мүлікті өткінші қызық деп бағалаған. Ақын халық түсінігіндегі жайттарды және құран хадисінің мазмұнын жырға қосқан. Ол хадисте: «Үш нәрсе мәйіттің артынан жүреді: бала-шағасы, дүние-мүлкі және іс-әрекеті. Екеуі кері қайтады, біреуі оның жанында қалады. Бала-шағасы мен дүние-мүлкі кері қайтып, жақсылы-жаманды іс-әрекеті ғана жанында қалады» делінген.

Адамғы керегі – дүниеге қонақ екенін сезіну, өзінің мәңгілік еместігін ұғыну, сондықтан өз ғұмырында адамдар бір-біріне жамандық келтірмейтін істер жасауға дағдылану. Бұл – әлемдік философияның мәңгілік тақырыптары, олардың шешімі өте күрделі. Ақын осы шешімді Алланың ақ жолынан іздейді.

Осы тұрғыда Шал ақын:

Жігіттер жалған дүние бізден қалар,

Бір күні ажал келіп жаныңды алар,

Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,

Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар, - десе,

Шортанбай ақын:

Дүние, малы ермеді

Өлген ердің соңына...

Жалғанда жиған нәрсенің

Пайдасы жоқ қу жанға, -дейді

Мәшһүр Жүсіп:

Баянсыз өтірікші дүние пәни,

Көп жасап, өлмей кеткен бар ма, қане, ей?!

Осылайша Мәшһүр Жүсіп өмір болмысын байыптайды. Ойшыл ақынның ұғымынша, адамның жасы да, ақылы да, өмірлік болмысының барлығы – бір Алладан.

Кімді алдап өткізбеген дүние жалған

Істейсің ойдағыны көңілге алған.

Әңгіме алдыңызда толып жатыр,

Болғанша бір жақсылық хақтан пәрмен.

Мәшһүр Жүсіптің өмір туралы түсініктері діни қағидалармен үндес. Оның айтуынша, өмір дегеніміз тіршілік, ғұмыр сүру, Алланың адамға берген сыйлығы, тартуы. Өмір – уақытша нәрсе, ол үнемі өзгерісте болады.

Дүние ойлап тұрсам түс секілді,

Бір баққа түнеп ұшқан құсша өтіп жүр.

Ақынның өмір және оның мәні туралы қысқа ғана толғанысы. Күнделікті күйбең тіршіліктің әбден әдетке айналып, көз көріп, бой үйренген нәрселерінің өзіне ой жүгіртіп, содан ғибрат алар түйін іздейді. Өмірді көрген түстей қысқалығын, баққа келіп түнеген құстың ұшып кететініндей жылдам өте шығатынын ассоциациялап, халық ұғымы мен танымына жуық суреттеп көрсетеді.

Базарға келіп едің ат терлетіп,

Бос жүрсің әр нәрсені тамаша етіп.

Сен бүйтіп далбаса боп босқа жүрсең,

Жұрт тарқап, сауда бітіп, қалар кетіп

Мәшһүр Жүсіптің базар деп отырғаны – өмір. Өмір – үлкен базар. Одан да әр адам өз керегін іздейді, халіне, қадіріне қарай өз керегін алады. Өлең мағынасыз өмірді тәрік етіп, елін, жұртын адамгершілікке, ғылымға, білімге, саналылыққа шақырудан жалықпаған ақынның философиялық толғанысын көрсетеді.

Қазақта: Өмір – үлкен мектеп; Өмір деген күрес; Өмірдің ұзағын тілеме, қызығын тіле; Рахатсыз өмірден ұйқыда көрген түс артық деген мақал-мәтелдер бар. Мәшһүр Жүсіптің өмір концептісі халық танымымен сәйкес келетінін аңғарамыз.

Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдерді талдай отырып, «махаббат», «өмір» концептілері бойынша төмендегідей гештальттарды анықтадық:

Махаббат – Құдай нұры; Алла – махаббат иесі; Аллаға деген махаббат шексіз, өлшеусіз; Алланы сүю – ізгілікке бастайтын жол.

Өмірмәңгілік мекеніне қарай жолаушылап бара жатқан адам баласының бір аялдамасы; жалған дүние; сұм дүние; дүние түс секілді; дүние баққа қонған құс секілді; өмір – базар, оған келген адамдар өзіне тиесілі нәрселерге ие болады; негізгі өмір ақыретке барғанда басталады

Фразеологизмдер қатысқан суреттеулер арқылы ой бейнелі шығады. Мәшһүр Жүсіптің тілдік тұлға ретіндегі көркем әлемін және тілдік құрылымын қарастыра отырып, оның өзіне тән даралық стилін ажыраттық. Ақынның шығармаларындағы фразеологизмдерде діни дүниетанымдық түсініктер мол қамтылған. Ақын қолданысындағы фразеологизмдерді саралай отырып, автордың поэтикалық санасының бірлігі іспетті индивидуалды-авторлық концептілері және концептілер бойында көрінетін когнитивтік құрылым –гештальттар анықталды. Мәшһүр Жүсіптің индивидуалды-авторлық концептілері мен гештальттарынан ақынның прагматикалық ерекшеліктері анықталды.

Қорыта айтқанда, поэтикалық мәтінде дүние образ арқылы жасалады. Ол дүниені танытуда оқырман ой-сезіміне сурет салу арқылы әсер етеді. Өмір құбылыстарын ойдағы, қиялдағы көркем бейнелер көмегімен таныту – поэтикалық мәтіннің өзіндік ерекшелігі деп танимыз. Поэтикалық мәтіндегі концепт ойлау мен таным және мәдени процестердің жиынтығы бола келіп, ақын ойындағы әлем бейнесінің өзіндік белгілерінің ассоциациялануының және тілдік білігінің нәтижесі болады.

Бақылау сұрақтары:

Тілдік білік деп нені түсінеміз?

Концептілік жүйе тілдік білікте қалайша анықталады?

Антропоцентристік парадигма тұрғысынан адам мен мәдениеттің арақатынасы

Дүниенің тілдік моделін бейнелейтін ақпарат жүйесі.

Көркем мәтіндегі концептілердің ерекшеліктері