КӨРКЕМ ШЫҒАРМА ТІЛІНЕ КОГНИТИВТІК ТАЛДАУ ЖАСАУ НЕГІЗДЕРІ

Поэтикалық көркем шығарма тіліне когнитивтік талдау жасау негізінде сол ұлттың сонымен қатар жекелеген тілдік тұлғалардың санасындағы дүниенің бейнесін, айнала қоршаған ортаның болмыс-бітімін тұтастай тануға болады. Тілдің болмысы мен табиғатын, оның ішкі иірімдерін, толыққанды тану үшін сол тілді жасайтын адаммен біртұтастықта қарау керек. Аталмыш принципті басшылыққа алатын болсақ антропоөзектік бағыт когнитивтік лингвистиканы дүниеге әкеледі.

Қаламгердің тілдік тұлғасындағы таным ерекшелігін, семантикалық өрісін ұлттық санадағы шынайы, ақиқат дүниенің құндылықтарын таңбалайтын кейбір концептілерге талдау жасау арқылы когнитивтік лингвистика шеңберінде зерттей отырып, Адам мәніне бойлай аламыз. Осы бағыттағы концепт мәні қазақ тіл білімінде Н.Уәли, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Қ.Жаманбаева, А.Ислам, Г.Сағидолда, Э.Оразалиева, Б.Нұрдәулетова, Г.Снасапова, М.Күштаева, С.Жапақов, Б.Ақбердиева, Б.Тілеубердиев, Ш.Ниятова, Ш.Елемесова, Г.Имашева, Ф.Қожахметова т.б. зерттеушілер еңбектерінде әр қырынан зерттеліп келеді.

Когнитология ғалымның бастауы көне замандардан бастау алатындығы белгілі. Когнитология ғылымының басты нысаны таным мен ақыл, ой мен сана, тіл мен таным т.б. мәселелері жатады. Адамзат баласы жаралғалы бері тіл мен таным, тіл мен сана, ақыл мен ой т.б. секілді танымдық категориялар бірге жасасып келеді.

Қоғам өміріндегі өзара қарым-қатынастың ең басты құралы болып саналатын тілді әлеумет әрдайым өте жоғары бағалап, оның өзгеріс, өрістерін жіті қадағалап отырады. Тіл қоғамдық құбылыстардың бірі ретінде сол қоғам құрылысын айнаға түсіргендей өрнектейді. Яғни қоғам өмірінде болған, болып жататын құбылыстардың бәрі тілден орын тебеді де, тіл арқылы халық қазынасына айналады. Сонда тіпті кейде тілдегі кейбір сөздер арқылы ел басынан өткен кезеңдерді көзге елестете аламыз да қоғам дамуының белестері тіл дамуын сүзіп шығуға мүмкіндік береді. Сөйтіп қоғам мен тіл бірінсіз бірі күн кеше алмаса керек. Ендеше халық тарихы оның тілінде, яғни тіл фактілері арқылы біз халық тарихын тануға мүмкіндік аламыз. Тіл кез келген танымдық іс-әрекеттердің құралы болып табылады.

Адамзат баласы қоршаған ортаны ой қабілеті мен санасының қуаттылығы арқылы танып біледі. Ал тіл болса, ой қызметін бейнеге, модельге түсіреді. Адамзат баласының шындық болмысты танып-білуі барлық халыққа бірдейлігімен қатар жекелеген этносқа қатысты болғанда ерекшелене түсетін тұстары да болады. Яғни таным-түсінік тіл арқылы емес, ми қызметі негізінде жүзеге асады. Ми қызметінің нәтижесінде тілдік бірліктер обьективті дүниемен байланысқа шығады. Ми қызметі арқылы адам дүниені, қоршаған ортаны таниды. Ал осы адам танымының нәтижелері дыбыстық кешендер, яғни тілдік таңбалар негізінде тілден көрініс табады. Дыбыстардың тілде белгіленуі тілдік таңба болып табылады. Осы арқылы тілдің мазмұндық және тұрпаттық межелері айқындала түседі. Демек, тіл-ойлаудың құралы, ал ойлау, яғни таным-шындық дүниенің көркем бейнесі. Бұл ғалам бейнесінің тілден көрініс табуы, яғни ғалам туралы ақпаратты тілдік таңбалар арқылы айқындау-ғаламның тілдік бейнесі деген ұғымды тудырады.

Ғаламның тілдік бейнесінде адамның ғалам туралы түсініктері ғана емес, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, наным-сенімі сияқты ұлттық дүниетанымы да көрініс тауып отырады. Поэтикалық және қара сөзбен жазылған философиялық мазмұнға толы шығармадағы тілдік жүйенің құрылымын, ұлттық тілдің табиғатын шынайы танудың бір жолы – тілдік таңбаларды, оны құрайтын әлементтерді, олардың мазмұндық жағы мен тұлғалық жағын тілдің өз заңдылықтары негізінде қарау болса, екінші жолы-олардың тілдік емес құндылықтарымен, яғни ақиқат өмір, ойлау, танымдық тұрғыда бір-бірімен тығыз байланыста қарау болмақ. Ал бұл тұрғыдан алғанда, көркем поэтикалық және қара сөзбен жазылған шығарма, ондағы тілдік бірліктер ақиқат өмірді, яғни ойлау мен тілді ұштастыратын категория ретінде танылады.

Адамның когнитивті дүниесі оның ойлау әрекетінен көрінеді десек, сол әрекетті танытатын негізгі белгі оның тілі болып табылады. Тілді мифтік таным тұрғысынан қарастырған Б.Ақбердиева: «Тіл-тек ойды білдірудің құралы, яғни оның тікелей құрылысы емес. Тіл ең әуелі сол ойды әр ұлттың өзіндік танымына ғана тән, мыңдаған жылдар бойына дарытқан дүниетанымдық негізде қарап беруші құрал. Яғни, ғаламды тану тәсілі мен оның біртұтас танымдық моделі тілдің терең құрылымдарынан бастау алады»,-деп жазады.

Тіл - ұлттық дүниетаныммен тығыз байланысты күрделі ұғым. Қандай да болмасын этностың тек өзіне ғана тән дүниетанымдық түсініктері болады. Ұлттық дүниетаным дегеніміз - қандай да бір этностың басқаларға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі, өмір сүру дағдысы, адам және оның сол дүниедегі тіршілігіне деген көзқарасы. Когнитивті лингвистиканың дамуымен тікелей байланысты анықталып алуға тиіс бірнеше ұғымдар мен бірліктер және көптеген мәселелер бар. «Олардың негізгісі-тілдің қызметіне қатысты «ғаламның тілдік бейнесі» теориясына қатысты болып келеді (языковая картина мир). Адам дүниені жалпы адамзаттық және ұлттық қоғамдық-тарихи тәжірибе негізінде бейнеленген тіл арқылы таниды. Онда ұлттық тәжірибе тілдің ерекшелігін анықтап, соның негізінде, сол тілде сөйлеушінің санасында, соған сай өзіндік дүниенің тілдік бейнесін жасайды (Кондильяк, Гумбольдт, Сепир т.б.). Э.Сепир былай деп қорытады: «... «реальный мир» в значительной 'мере неосознанно строится на основе языковых привычек той или иной соцальной группы. ... «миры, в каторых живут различные общества-это разные мира ...».

Тіл мен таным бірлестігінің өзіндік ерекшелігін, танымдық категориялардың Шәкәрім шығармаларындағы көрінісін когнитивтік аспектіде қарастыру арқылы тың да соны мәліметтермен қарулануға болады. Ол үшін ең алдымен ақын шығармаларының ерекшелігі мен қатар өмір жолдары мен жете танысу арқылы ғана танымдық ақпараттарға қол жеткізуге болады.

Бүгінгі таңдағы лингвистика ғылымындағы тілтанымдық зерттеулер негізінде көркем поэзия мен қара сөзбен жазылған шығарманың тілдік ерекшеліктерімен қоса дүниетанымдық ерекшеліктерін де зерттеу қолға алынды. Бұл көркем поэзия мен қара сөзбен жазылған шығарма авторының тілі мен дүниетанымдық ой-пікірін, көзқарасын тұтас ұлт тілі, ұлттық ерекшелік ретінде танып білуге әкелді.

Ұлттың дүниетаным мен ақын жазушының қиял дүниесі мен таным дүниесінің диапазонын көрсете отырып, автор ұлттық дүниетанымы мен астасып жатады. Көркем шығармалардағы ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісін бірнеше жікке бөліп қарастыруға болады. Олар негізінен: ұлттық мәдениет; ұлттық өнер; діни дүниетаным мен ұлттық таным әлемі.

Ұлттық мәдениет: ұлттық салт-дәстүр мен жол-жоралғының көркем шығармадағы тілдік көрінісі болып табылады.

Ұлттық өнер: халықтың ұлттық тұрмыс-тіршілік нышандарының көркем сөзбен суреттеліп берілуі.

Діни дүниетаным мен ұлттық таным әлемі: қазақ ұлтының діни дүниетанымдық түсініктері.

Қазақ халқының ұлттық өмірі, оның бүгіні мен өткені, танымы мен діні, флора-фаунасы, мінезі мен психологиясы оның тілінде, әсіресе тұрақты сөз тіркестерінде, ауыз әдебиеті мұраларында, ән-күй өнерінде және т.б. халықтың білім жүйесінен, әдеби-жазба, этика-эстетикалық және халықтық педагогика дәстүрлерінде қалыптасқан тілдік құралдар арқылы тануға болады. Әрбір тіл шындық өмірді қабылдау мен ұйымдастырудың белгілі бір тәсілін бейнелейді, мұнда осы тілде берілетін мағыналар дүние көрінісінің біртұтас жүйесіне жинақталады.

Тіл дегеніміз - қарым-қатынас пен ойды білдірудің аса маңызды құралы ғана емес, ол сондай-ақ мәдениет білімдерін жинақтау құралы болып табылады. Күрделі таңбалық жүйе бола отырып, тіл ақпарат беру, сақтау, пайдалану және иелену құралы да бола алады. Тіл сияқты мәдениет те ақпарат беруге қабілетті таңбалық (семиотикалық) жүйе болып саналады, бірақ оның тілден айырмашылығы – ол өз бетінше ұйымдасуға қабілетті емес, өйткені мәдениет дегеніміз – ең алдымен жады, ес, күрделі семиотикалық жүйе, оның қызметі – жады, ес, ал негізгі қасиеті – жинақтау мен шексіз жалпылыққа талпыну. Өзінің шексіз бірегейлік қасиетіне талпыныста болған тұлға қарым-қатынас мәдениеттер диалогынан тыс қала алмайды. Сонықтан тіл – ұлт (ұлттық тұлға) - мәдениет» - лингвомәдениеттанымдағы орталық үштік (триада), осы ғылым саласындағы аса маңызды мәселелер түйісетін және шешілетін орталық нүкте (фокус) болып табылады.

Когнитивтік лингвистика адамның менталитетімен, білімімен байланысты болса, лингвистикалық мәдениеттану мәдениет пен тілдің арақатынасына көңіл бөледі. Лингвомәдениеттану тіл мен мәдениеттің өзара байланысын зерттейді. Оның негізі мақсаты –халықтың ойлау ерекшелігі мен оның мәдениетін тіл арқылы ашу. Тіл мен мәдениеттің ажырамас бөлігі, әрі ол лингвомәдениеттануда рухани болмыс ретінде танылады, яғни, тілде ұлттың дүниетанымы, әдет –ғұрпы, дәстүрлері, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктері – рухани өмірі көрініс табады.

Лингвомәдениеттану – ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық, этика-эстетикалық, рухани және тұрмыстық қатынастар мен олардың заңдылықтарын тілдік құалдар арқылы зерттейтін тіл білімінің бір бағыты. Осы тұрғыдан алғанда лингвомәдениеттанудың негізгі мақсаты - ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, халықтың танымдық рухани болмысын, мәдениетін таныту.

В.А.Маслова тіл мәдениетпен тығыз байланысты деп санайды: «...мәдениет тіл ішіне енеді, онда дамиды және сол тілдің мәдениетін білдіреді, халық мәдениетін танытушы ғылым саласы».

Мәдениеттің әр түрлі көріністері мен қызметін мәдениеттану зерттейтіндігі белгілі, өйткені лингвистика мен мәдениеттану ғылымдарының түйісу нүктесінен XX ғасырдың 90-шы жылдарында өз алдына жеке, жаңа бағыт пайда болды, бұл бағыт В.Н.Шаклейн, В.А.Маслова және ғалымдардың еңбектеріне байланысты лингвомәдениеттану" деген атауда иеленеді.

Білімнің жаңа бір өз алдына жеке саласы ретінде лингвомәдениеттаным ерекше міндеттерді шешіп, бірқатар мәселелерге жауап беруі тиіс, бұл мәселелерді В.А. Маслова келесі түрде атап көрсетеді:

1) мәдениет тілдік концептілердің жасалуына қалай қатысады;

2) тілдік таңба мағынасының қай бөліміне "мәдени мағыналар" ұғымы бекітшіп көрсетіледі;

3) осы мағыналар сөйлеушілер мен тыңдаушылар тарапынан таңбалана ма және олар тілдік стратегияға қалай әсер етеді;

4) шындығында тіл тасымалдаушының мәдени-тілдік хабардарлығы, компетенциясы бар ма, соның негізінде мәдени мағыналар мәтіндерде орын алып, тіл тасымалдаушылар тарапынан таныла ма;

5) бір мәдениеттің универсалияларды мәдениетті көрсетуге бағытталған мәдениет дискурстары, концептілік саласы (осы мәдениеттің негізгі концептілерінің жиынтығы) қандай, осы тілдік таңбалардың мәдени семантикасы әр түрлі екі сала болып табылатын тіл мен мәдениеттің өзара әрекеті негізінде қалай қалыптасады;

6) осы ғылымның негізгі ұғымдарын қалай жүйелеуге, яғни ұғымдық аппаратты қалай құруға болады.

Концептілік талдау арқылы нақты бір социумның лингвомәдениеттанымдық жүйесінде жинақталған дүниенің ұлттық сипат, ұлттық ерекшелік иеленген бейнесімен «жүздесуге» мүмкіндік аламыз. «Ұлттық өзіндік бейне» дейтін себебіміз әрбір этнос өзін қоршаған әлемді тек «өз көзімен» көріп, өзінің түсінігіне жақын мазмұнмен толтырады. Дүниені бағалаудығы өз ұлттық ерекшелігін белгілейді.

Тілдік семаның тілдік бірліктер арқылы берілетін рухани және материалдық құндылықтары тілдің барлық деңгейлерінде көрінеді. А.Әмірбекова: «Сөздің сөздіктегі мағынасы концепт тудыра алады ма, жоқ па, ол контекстен немесе жалпы жағдаятынан байқалады. Концепт тудыратын сөздер жеке тұлғаның ой-өрісін айқындай алатын болуы керек. Көркем мәтіндегі концептіні айқындау үшін концептуалдық талдау жүргізу керек. Ол үшін, біріншіден, мәтіндегі тірек сөздердің (көп қайталанатын сөздер) тізбегін қалыптастыру керек. Екіншіден, олардың концептілік кеңістікті бейнелеу дәрежесін анықтау керек (бейне, символ, метафора, аллегория). Үшіншіден, осы кеңістіктің базалық концептілерін анықтау керек» дейді.

Концептуалдық талдау мақсаты – концептінің ақпараттық, мәдени, бейнелі маңыздылығын айқындау және оның концептосферасындағы (концептілік орта) бейнеленуін, яғни концептінің ментальді өрісін құрайтын компоненттердің суреттелуін анықтау. Концептуалдық талдау – бұл концепт пен репрезентацияның (ішкі танымның) және олардың мазмұнының көріну тәсілі. Бірақ әзірге тіл білімінде бұл талдауға толық дәрежеде түсініп берілген емес.

Ғалым Б.Е.Хұсайынов: «Концептуалдық талдау барысында нені ескеру қажет? Алдымен концептінің көп компонентті екенін және білім өрісін, түсінік, ұғым, ассоциациясын, олардың ядролары мен периферияларын ескеру қажет. Мәтіннің концептуалдық кеңістігі концептінің ортақ қасиеттерінің топтасуы, бірігуі, бір-біріне тартылуы дәрежесінде ортақ семантикалық өріс құруынан көрінеді»,-дейді.

Р.М.Фрумкина концептуалды талдаудың 4 түрлі типін көрсетеді. Концепт талдау субьектісі ретінде түсіндіріледі:

1. Талдауға алынған материалға әр түрлі шығармадан контекст алынады. Мағынаны түсіндіруде автордың жеке тәжірибесі сол мәдениетті тасымалдаушы, философиялық дәстүрді тасымалдаушы ретінде таратылады.

2. Нысана ретінде пропозицияның модальды шылау, кванторлар предикатты лексиканың кейбір типтері алынады. Лингвистика дәстүріне сай тәсілдер қолданылады, мағына интерпретациясы негізгі назарға алынады.

3. Кез-келген кең контекссіз лексика алынады. Зерттеудің интроспекция тәсілі талдауға қолданылады, формаландырылған семантикалық метатілдегі концептерді түсіндіру жазбасы нәтиже болады.

4. Бағыты жөнінен айырмашылығы бар және мәдени, философиялық, не әлеуметтік жоспардағы жұмысты біріктіреді.

Бақылау сұрақтары

Концепті құрылымы және оны сипаттау әдістемесі.

Семантикалық талдау және концептуалдық талдау.

Білім және білімді таныту формалары: схема, фрейм немесе сценарий, сурет немесе ойлау бейнесі, скрипт.

Концептуалдау үдерісі.

Концептуалды талдау типтері.