Тәуелсіз еліміздің жаңа даму сатысында стратегиялық бағыт-бағдардан бастау алған білімді, ізденімпаз оқырмандарымыздың рухани талабын қанағаттандыруда «Бар білімнің қайнар көзі – кітапхана» деген Елбасының сөзін басшылыққа ала отырып, балалар кітапханаларында сапалы кітапханалық қызмет көрсету, білім салалары бойынша әдебиеттерді насихаттау, заман талабына сай ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану арқылы оқырмандар сұранысын қанағаттандыру бағытында жұмыс атқаруда. Павлодар облысы бойынша 22 балалар кітапханалары бар.
Қазіргі ақпарат қоғамындағы балалар кітапханаларының көрсететін басты қызметтерінің бірі ақпарат кеңістігіне жол ашу, білімді қалыптастыру, ақпараттық ресурстарды нақты бағыттар бойынша белсенді және жүйелі жүргізу болып табылады. Балалар кітапханалары мектептермен, балабақша орындарымен, клубтармен тығыз байланыс жасайды. С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық біріктірілген әмбебап ғылыми кітапханасының балалар бөлімі мектеп кітапханаларымен, мұғалімдермен, сыныптан тыс жұмыстар бойынша меңгерушілермен, балалар оқуын басқарушыларымен, «Рауан» жасөспірім орталығымен, «Самал» сауықтыру орталығымен, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен тығыз жұмыс жасайды.
Кітапханалар қызметінің басты бағыттары: өлкетану, отансүйгіштікке тәрбиелеу, құқықтық тәрбие, салауатты өмір салтын насихаттау, оқу процесіне көмектесу, экология. Кітапханаларда барлық бағыттарға сәйкес бағдарламалар жасалған. Железинка орталық балалар кітапханасында «Правовая студия», Қашыр орталық балалар кітапханасында «Кітапхана және отбасылық оқу», Павлодар қалалық А. Гайдар атындағы орталық балалар кітапханасы «Кітапхана. Кітап. Отбасы», «Салауатты өмір салты», Екібастұз орталық балалар кітапханасы «Судьба Земли в твоих руках» бағдарламаларымен жұмыс жасайды. Бағдарламаның аясында жас оқырмандарды Қазақстан тарихымен, мәдениетімен таныстыратын іс-шаралар өткізіледі. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты әдеби кеш, «Қазақстан туған жерім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Балалар кітапханаларында автоматтандырылған және кешенді жүйеге қосылып қызмет көрсету жүйесі қолға алынып, ақпараттық технологияларды енгізу және дамыту жұмыстары өз жалғасын табуда. Павлодар облысы бойынша балалар кітапханаларында кітапханалық қызмет түрін жүйелі түрде автоматтандырып және «РАБИС» бағдарламасы іске қосылды. Үш модульмен РАБИС бағдарламасы алынды: әкімшілік басқару, каталогизатор, тапсырыстарды іздеу. Кітапханаларда келесі процестер автоматтандырылды: электронды каталогтарды жүргізу, әдебиеттің техникалық өңделуі, әдебиеттердің ұсыныс тізімдерін дайындау және басып шығару. Бүгінгі күні кітапхананың басты қызметінің бірі электронды кітап қоры және электронды мәліметтер базасын жинақтау. Оқырман сұранысын тез қанағаттандыруда, кітапханашылар жұмысын тиімді ету, әрі тездетуде бұл бағдарламаның бір уақытта бірнеше параметр бойынша терең іздестіру жұмыстарын жүргізіп, тақырып бойынша кітаптарды таңдауына, іріктеуіне, кітап көрмелерін ұйымдастыруда, көпшілік жұмыстарын әзірлеу барысында көмегі зор және ақпараттық, тақырыптық тізімдерді, жаңа әдебиеттер тізімін санаулы уақытта шығарып алуға мүмкіндік береді.
Толассыз тасқындаған ақпараттар ағынына ілесе отырып, балалар кітапханалары да жұмыстың дәстүрлі түрінен жаңашылдыққа ұмтылу арқылы ақпарат көшінен қалмай келеді. Балалар кітапханалары компьютермен қамтылған, телефон орнатылған. Оқырмандар үшін Интернет қызметін пайдалану мүмкіндігі жолға қойылған.
Кітапханашыларды компьютермен, «РАБИС» бағдарламасымен жұмыс істеуге үйрету бағытында «Оқимыз. Көреміз. Тыңдаймыз», «Кітапханашылардың кәсіби және техникалық білімін жетілдіру» т.б. тақырыптарда шеберлік сыныптар, іс-тәжірибеден өткізу жұмыстары жүргізілді. Кітапханашы «РАБИС» бағдарламасы арқылы мәліметтердің электронды базасын жасақтау бағытында жұмыс істеуіне қосымша көмек беру мақсатында «РАБИС» бағдарламасын үйренейік» «мәліметтер іздеу», «кілт қоя білу нәтижесі» т.б әдістемелік кеңестер көмек берілді. Кітапханаларда виртуалды көрме, слайд, ұйымдастыру жұмыстары да қолға алынып, күнделікті жүргізіліп тұрады. Балалар кітапханаларында оқырмандармен қарым-қатынас жасаудағы жұмыс ерекшеліктерінің бірі қызығушылық клубының жұмыс істеуі болып табылады.
Жаңа технологияларды игеру процессінің белсенділігі арқасында балалар кітапханаларының арасында модельді балалар кітапханалары оқырмандарға қызмет көрсетуде. Модельді кітапхана – тұрғындарға кітапханалық қызмет көрсетуді жоғары сатыға көтеретін жаңа кітапхананың стандарты. Оның басты міндеттері: компьютерлік технологияларды енгізудің арқасында электронды ақпараттар қорын қалыптастыру; кітапханалық қорларды дамыту; материалдық – техникалық базаны нығайту болып табылады. Үлгілі қалыпқа сай кітапхананы жабдықтау, кітапхана ісін автоматтандыру, компьютерлеумен тікелей байланысты. Заман ағымына сай жаңалыққа ұмтылу – кітапханалардың басты мақсаты. Р. С. Мұсағалиеваның айтуынша: «Балалар кітапханаларының бет-бедерін жаңарту, оның функциялары мен қызмет түрлерін кеңейту, тұрғындардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру – кітапханаларға жаңа технология енгізумен қатар жүргізілуі тиіс [81, 40–42 б.].
Кітапхана ақпарат сақтаушы, адамдардың біліктілігін, білімділігін арттырушы мекеме болып табылады. Бүгінгі таңда ақпараттандырылған қоғам тәрбиелеуде үлкен рөл атқаруда.
Ақпараттық технологияларды пайдалана отырып балалар кітапханалары оқырмандардың білімі мен ақпараттандырылуын қамтамасыз етуде. Кітапханалар оқушыларға, ұстаздарға, ата- аналарға қажетті мәліметтерді ұсынып, қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Кітапханалар жұмысында ақпараттық қорды, мерзімді басылымдар мен мультимедия қорын, заман талабына сай заманауи технологияны қолданып, ғаламтордан алынатын мәліметтерді оқырмандарға ұсынып келеді. Ғаламтор арқылы сайттардан «Страны мира», «Қазақша үйренейік» ақпараттық мәліметтерді алып оқырмандарға ұсынады. Мультимедия қорындағы «Тренажер вождения», «Украшение своими руками», «Все о самолетах», «Профессор Хэггинс» и «Астрономия» атты CD дискілер оқырмандар сұранысына ие. Өлкетану тақырыбы, өлке тарихы, өлкенің экономикалық – әлеуметтік дамуы жайындағы құжаттар жоғары сұраныспен пайдаланылады.
Оқырмандар компьютерлік сауаттылықтарын жетілдіріп, Интернетті тиімді пайдаланады. «Білгенге маржанда» бірқатар сайттар жайында оқырмандарға мәліметтер беріліп, жаднамалар таратылып, практикалық жұмыстар жасалады. Оқырмандармен «Ғаламтор дегеніміз не?» викторинасы өтіп, электронды шолу жүргізілді, оқырмандар сайттарға кіріп, тіркеліп, мәлімет алуды үйренеді. Кітапханалар «Электронды үкімет» сайтын насихаттап, ақпараттық қоғамды толық қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосуда.
С. Е. Абикееваның сөзінде: «Жаңа ақпараттық технологияларды тиімді қолданады. Жазғы сауықтыру лагеріндегі балалармен Павлодарға саяхатқа шығып, саяхатты бейнежазбаға жазып, «Мәлімет беру сағатында» оқырмандар назарына ұсынды. Оқырмандардың экологиялық сауаттылығын арттыруда «Аялдама ауыл айнасы» атты акциядағы «Ауыл экологиясы бізді ойландырады» атты дөңгелек үстелде балаларға «Таза экология – дені сау ұрпақ» атты слайд көрсетіледі. Интернеттегі «Экология – Уикипедия. Қазақша ашық энциклопедия» сайттарынан экологиялық ақпараттар алып, қазақша рефераттарды оқушыларға ұсынады» [82, 24–25 б.].
Кітапхананы, кітапхана қызметін жарнамалау бағытында дәстүрлі қызмет түрлерімен қатар, жаңашылдық үрдістерін енгізе отырып жұмыс істеу – заман талабы. Әдебиеттердің ұсыныс тізімдерін, сол мекеме туралы немесе мекеме қызметкерлері туралы мерзімді басылым бетінде жарияланған мақалалар тізімін, «Әдебиет әлемі» атты жаңа келіп түскен кітаптардың тізімін жасау арқылы мекемелерге тарату, хат алмасып тұру жұмыстары жолға қойылды. Жаднамалар, ұсыныс тізімдері, виртуалды кітап көрмелерінің жобасы т.б. электронды пошта арқылы таратылып отырады. Кітапханаларда жарнамаға көп көңіл бөледі. Олар: түрлі безендірілген көрмелер, тақырыптық сөрелер, қабырға газеттері, іс-шаралар туралы хабарламалар афишасы. Оқырмандар мен ақпараттық жұмыста экскурсия көп рөл атқарады. Экскурсияда балалар кітапханамен, кітап қоры мен, кітапхана жанының құрылған клубтармен және үйірмелермен танысады. Облыстың балалар кітапханалары балалар мен жасөспірімдер кітаптарының Апталығын өткізуді дәстүрге айналдырған. Балалар жыл сайын мерекенің өтуін күтеді және оған белсенді қатысады. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың балалар бөлімінде «Мен оқимын! Біз оқимыз! Барлығымыз оқимыз!» балалар кітаптарының апталығы, «Кітап хандығына саяхат» атты әдеби-шығармашылық ойындар өтті. Қала мектептерінің оқушылары кітап хандығының қалаларына тоқтап ертегі кейіпкерлерімен кездесіп тұрады, «Кітап нені жақсы көреді?» ойынын ойнайды, жұмбақтар шешіп, кітаптарды жөндеуден өткізеді.
Отбасылармен жұмыс жүргізу балалар кітапханалары қызметінің басым бағыттарының бірі. Сондықтан да кітапхана жұмысының бір бағыты – ата-аналармен жұмыс жасау, өз балалары үшін оқу жетекшілері болуға үйрету. Ертіс балалар кітапханасында ата-аналарға және №3 мектеп оқушыларына «Мой род – моя крепость» атты сайыс бағдарламасын өткізеді. «Загляни в семейный альбом» атты байқау әсерлі өтті, балалар «Семейная реликвия» атты көрмені ұйымдастыруға көмектеседі. Көрмеде кітаптан басқа да, байқауға қатысушылардың отбасылық мұрағатындағы ескі икона, қобдиша, суреттер қойылды. Ақтоғай орталық балалар кітапханасында «Кітапқұмар отбасы» атты отбасылық мерекесі өтті. Шараның мақсаты: оқу, оқу мәдениетін насихаттау. Отбасылық оқуды қолдау мақсатында облыстың балалар кітапханаларында «Читающая семейка» (Успенка ОБК), «Библиосемейка» (Қашыр ОБК), «Отбасы кафесі» (Екібастұз қ. ОБК) клубтары жұмыс істейді. Облыстық балалар кітапханалары бұқаралық ақпараттар құралдарының мүмкіншіліктерін пайдаланады. Балалар кітапханаларының қызметі, жаңа кітаптар, маңызды оқиғалар жайында аудандық және облыстық газеттер мақаланы жарыққа шығарады. Облыстық кітапхананың балалар бөлімі «Домовенок», «Балдырған» және «Айналайын», «Звезда Прииртышья» және «Сарыарқа самалы» облыстық газеттерінің балаларға арналған беттерімен тығыз жұмыс жасайды. Осы жобаның аясында қызықты кештер, байқаулар, викториналар, ойындар, «Прошлись по улице Улыбок, свернули на Частушечный», «Кітапхана апталығы», «Читающий город детства» басылымдары және т.б. іс-шаралар өтеді.
Павлодар қаласының балалар кітапханалары «Қазақстан – Павлодар», «Ирбис» жергілікті телеарналарымен тығыз байланыс орнатқан. Балалар кітапханалары радиоэфир мүмкіндіктерін пайдаланып, әдебиеттерге шолу жасайды, кітапханалық іс-шаралар туралы ақпараттар береді.
Облыстың балалар кітапханаларында «Біз сенің балаларыңбыз - Қазақстан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» атты республикалық акция аясында үлкен жұмыстар атқарылады. Акцияны ұйымдастырудың идеясы кездейсоқ емес. Республикада, сондай-ақ бүкіл әлемде оқу мәселесі, әсіресе балалардың оқуы күрделі мәселе болып отыр. Баланың нағыз азамат болып ер жетуіне балалар әдебиеті мен балалар кітаптарының алар орны зор. Павлодар қаласы А. Гайдар атындағы орталық балалар кітапханаларында «Қазақстан жазушылары – балаларға» атты мерекесі балалар авторының кітаптарына арналды.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы балалар кітапханаларында іске асырылып келеді, ұлттық сана-сезім нығайтуға және түсінуге терең ықпал жасайды. Облыстың балалар кітапханаларында бұл бағдарламаны жүзеге асыру бойынша мақсатты және жемісті жұмыс атқарылуда. «Мәдени мұра» көрмесі жұмыс істейді, ол әдебиеттер түскенде жаңарып тұрады, оқырмандар белсенді пайдаланады. Облыстың балалар кітапханаларында «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан кітаптарды насихаттаудың іс-шаралар жоспары жасалды. Баянауыл орталық балалар кітапханасында бағдарлама бойынша түскен кітаптарды көрсететін, «Бабалардан жеткен дауыс» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады. Көрме оқырман балалар арасында үлкен сұранысқа ие, реферат жазуға, әдебиет тарих сабақтарына дайындалуға қолданады. Павлодар қаласының ауылдық балалар кітапханаларында «Мәдени мұра аясында» кеші өтеді. Барлық балалар кітапханаларында «Мәдени мұра – мәңгі мирас» атты кітаптар топтамасының тұсау кесері болды.
Павлодар облысының балалар кітапханаларында түрлі мәдени шаралар өтеді, олар: әдеби кештер, поэзиялық кештер, оқырман конференциялары, әдеби-музыкалық кештер т.б. Облыстың балалар кітапханалары балалар ақын-жазушылары Б. Соқпақбаев, М. Жаманбалинов, С. Баязитов, П. Васильевтің және т.б. өмірі мен шығармашылығына арналған көптеген іс-шараларды өткізеді. Лебяжі орталық балалар кітапханаларында Б. Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған «Балалық шаққа саяхат» атты әдеби кеш өтті. Іс-шараға орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Ертіс балалар кітапханаларында балалар жазушысы, журналист және өлкетанушы, жерлес ақын М. Жаманбалиновке арналған поэзия кеші ұйымдастырылды. Шарада автордың шығармалары бойынша балалардың сурет көрмесі ұйымдастырылды. Балалар кітапханасының қызметкерлері PowerPoint бағдарламасы арқылы «Ақын шабытының қайнар көзі» атты презентациясын ұйымдастырды. Облыстың балалар кітапханалары жасөспірімдерді құқықты мәдениет пен сауаттылыққа тәрбиелеуге және оны қалыптастыруға әсер етеді. Құқық бойынша әдебиеттерді насихаттауда мерзімді басылымдар материалдарын, әлеуметтік-құқықтық, көркем әдебиеттер қолданылады. Железинка орталық балалар кітапханаларында «Жасөспірім және заң» құқықтық студиясы жұмыс істейді. Мақсаты: балалар мен жасөспірімдердің құқықтық дамуын арттыру. Құқық студиясында құқық сақтау органдары, юстиция, военкомат, мектеп басқармалары және басқа мекеме орындары көмек көрсетеді. И. В. Коровайко және Б. К. Жұмабекованың «Кішкентайдың құқығы» кітабына презентация жасалды. Ертіс балалар кітапханасында «Трибуна юриста» атты ақпараттық құқықтық орталық құрылған, мақсаты: балалардың азаматтық борышын сезіндіру, заңгерлік сауатты болуға үйрету. Орталық аясында кәмелет жасқа толмаған балалармен жұмыс істейтін инспектормен «ҚР–дағы балалар құқықтары туралы» кеш ұйымдастырылды, «Сен және заң» атты кітап көрмесін ұсынды.
Облыстың балалар кітапханаларын дамыту мен жай-күйі аудандық маслихаттарда, әкімшіліктерде қаралады. Ертіс ауданында балалар құқығы бойынша комиссияның отырысында жазғы демалыс кезеңінде балалар кітапханасының жұмысы тыңдалды. Облыстық балалар кітапханасы оқырмандарға табиғи – ғылыми әдебиеттер қорын аша отырып ұстанымдық міндеттерді шешуге өз үлесін қосады: елдегі экологиялық оқиғаларды сақтау және жақсарту. Екібастұз қаласы орталық балалар кітапханасында «Экос» клубы және «Судьба Земли в твоих руках» атты кешенді бағдарламасы жұмыс істейді. «Дружба» және «Өркен» клубтарында «А, давайте скажем дружно: «Экологию знать нужно» атты экологиялық шара өткізілді, балалар географиялық викторинаға, «Птицы, звери, рыбы» деп аталатын ойынға қатысты. «Қазақстан туған өлкем, табиғатың қандай көркем» атты экологиялық сабақ ұйымдастырылды.
Қоршаған адамдар мен жеке басының денсаулығына жауапкершілік қатынасының қалыптасуы жеке адамға туылғаннан бүкіл өмір бойы берілген адамгершілік тәрбиенің маңызды бөлігі болып саналады. Жас оқырмандардың мұны түсініп, күнделікті өмірлеріне салауатты өмір салтының теориялық дағдыларын енгізу міндеттерін балалар кітапханалары тақырыптық шаралар өткізу арқылы іске асырады. Лебяжі орталық балалар кітапханасында «Дені саудың – жаны сау» атты ертеңгіліктер өткізді, «Ауырмайтын жол таңда» атты көрме ұйымдастырды. Баянауыл ауданы Майқайың балалар кітапханасында «Нашақорлықтың және зиянды заттарды қолданудың алдын-алу» атты әңгіме-кеңес, «Нашақорлық – жас суретшілер көзімен» атты дөңгелек үстел т.б. өткізілді.
Облыстық балалар кітапханасындағы қызығушылық клубтары кітапхана мен оқырман арасындағы тиімді қызметтің бірі кітапхананың достарын өзінің жанына жинап, кітап мәдениетін белсенді насихаттап, бос уақыттарын мазмұнды ұйымдастырады. Клубтар қызметінің бағыттары әртүрлі: рухани қарым-қатынас, әдеби мұраларды зерттеу, ұлттық дәстүр және мәдениетті бағдарлау, өлкеміздің экологиялары және т.б. Клубтар аясында көрмелердің тұсау кесерлері, көркем сурет көрмелері, байқаулар, әдеби саяхаттар, викториналар, кештер, кездесу кештері өткізіледі.
Кітапханалар мен жас оқырмандар арасында шығармашылық байланысты қалыптастыруға балалар бірлестігі, қызығушылыққа байланысты клубтар: «Веселые почемучки» (Калиновка ауылдық кітапханасы Қашыр ОКЖ), «Родничок» (Михайловка балалар кітапханасы Железинка ОКЖ), «Молодые хозяева земли» (Северный ауылдық кітапханасы Ертіс ОКЖ), «Непоседы» (Башмачинский ауылдық кітапхана Железинка ОКЖ), «Мудрая сова» (Екібастұз қалалық №3 балалар кітапханасы), «Мұрагер» (Қызылжар үлгілік ауыл кітапханасы Ақсу қалалық ОКЖ), «Шаңырақ» (Бозшакөл ауылдық кітапхана Екібастұз ОКЖ) маңызды рөл атқарады. Бұл бірлестіктердің мақсаты – тұлғаны рухани дамыту, кітапханаға оқырмандарды тарту.
Сөйтіп, балалар кітапханасы жұмысының негізгі бағыты – балаларды кітапқа, кітап оқудың қажеттілігін, мәдениетке тарту, оқу мәдениетін қалыптастыру. Оқушыларды Қазақстан туралы, тарихын, мәдениетін, салауатты өмір салтын насихаттауға, эстетикалық құндылықтарды сіңіруге, отансүйгіштік сезімге баулуға, адамгершілік тәрбиеге бағыттайтын мақсатты бағдарламалар іске асырылады. Кітапханаларда мемлекеттік тілді үйренуге көмектесетін «Ана тілім – айбыным», «Говорим на казахском языке», «Ана тілім – дана тілім», «Ана тілдің қадірі», «Ең бірінші байлығым – тілім менің», «Ана тілім – ажарым, асыл мұрам», «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тіл қазына», «Қазақ тілін үйренеміз», «Тіл халықтың байлығы» атты көптеген іс-шаралар өткізілді.
Осыған орай қазіргі уақытта тұрғылықты халық кітапхана қызметінің мүмкіндіктерін біліп, оны дұрыс пайдалана білгені маңызды. Сондықтан оқырмандардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру – кітапханалардың ақпараттық – технологиялық қызмет көрсету жүйесінің жақсы жолға қойылуы арқылы жүзеге асары сөзсіз. Сонда ғана кітапханалар білім мен ақпараттың нағыз ордасы болып саналады.