Жаңару заманы қоғамға ірі өзгерістермен бірге ұлттық сананы, ұлттық қадір-қасиетті, табиғи даралық белгілерді жандандыруға жол ашты. Жалпы қоғамның рухани дамуын қолға алмай тұрып, экономикалық-материалдық саланы жолға қою мүмкін емес екені белгілі. Осы орайда ең басты көңіл аударатын мәселелердің бірі – балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру деңгейін көтеру. Ол үшін қазіргі таңдағы міндет – жаңашыл тәрбиелік мағыналы қасиеттерді әрбір өскелең оқырман бойында қалыптастыру. Елімізде білім алып жатқан әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі рухани дүниесінің байлығымен тікелей байланысты.
Кітапханашылар әрбір оқушының талабын ескеріп, жан-жақты дамуын ұйымдастырушы бірден-бір тұлға. Кітапханашы оқырманның тек оқулықты алуына көмектесіп қана қоймай, сол оқулықты насихаттау жұмысын да қоса міндетіне алады. Сонымен қатар оқырман арасында библиографиялық – ақпараттық бағытта жұмыс істей отырып, олардың оқуға қызығушылығын арттырады. Осы орайда оқу орны кітапханаларында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Кітапханашылар оқу мәдениетін ғана емес, оқырманды өзі жүрген ортаның мәдениетін, тарихын білуге ынталандыру мақсатында қала күніне орай өлең шығару, көркем шығарма жазу сайыстарын да ұйымдастырады. Мұндай жұмыстар оқырмандардың тек туған жеріне, жүрген қаласына деген сүйіспеншілігін, отансүйгіштік сезімін арттырып ғана қоймай, өзінің ой-өрісін, білімге, оқуға деген құштарлығын арттыруға сөзсіз үлкен әсер етеді. Оқырман баланы мақала, әңгіме, шығарма, өлең жаза білуге және жазған шығармасын талдауға баулиды. Сонымен қатар кітапханашының оқырманның өз бетімен шығармашылық қабілетін дамыту үшін ізденісін арттыру, осы бағытта қажетті материалдар жинағын жасақтау, жүйелі жоспар жасау, оқытудың сапалық диагностикасын қалыптастыра отыру, шығармашылық жұмыстарды жинақтау сияқты маңызды мақсат-міндеттерді қамтиды.
Кітапханада жүргізілетін тәрбиелік іс-шаралардың көбі насихат жұмысындағы өзекті мәселені анықтауға бағытталады. Мысалы, Елбасының жыл сайынғы жолдауларын таныстыру және оларды талдау жұмыстары негізінен кітапханашының ұйымдастыруымен оқу залында, мектеп кітапханаларында жүргізіледі. Оқырмандарды арнайы дайындап, алдыңғы жолдаулардағы қаралған проблемаларды соңғы жолдаумен салыстырмалы түрде талдау және сараптау жобалары өткізіледі. Алдыңғы көтерілген мәселелердің осы уақыт ішінде орындалған басымдықлықтары және жақын мерзімде орындалатындары туралы айтылып өтеді. Мұндағы кітапханашының мақсаты – өскелең ұрпақтарды жаңашыл заманның заңғар ойлы елбасы Н. Ә. Назарбаевтың сындарлы қағидасынан хабардар болып, түйсініп жүруіне ықпал ету.
Б. М. Өтебаева пікірінде: «Кітапханашы осындай іс-шаралардың негізінде ой-пікірлері ортақ топтарды қалыптастырып алады. Бұл топтың ішінен шығармашылық қабілеті бар, өнерлі, өрелі оқырмандар іріктеліп шығады. Әдетте белсенді оқырмандар тобы тұрақты түрде 10–15 болғанмен, кейін басқа оқырмандар да осы топқа қосылуға қызығушылық білдіріп, өз бойындағы қабілеттерін шыңдауға икемделе бастайды. Осы үдерістер нәтижесінде кітапханашы негізгі мақсатының орындалып, саналы да, сапалы білім алатын озық ойлы оқырманның қалыптасқанын сезінеді»[68, 27–28 б.].
Балалар кітапханалардағы мәдени – көпшілік жұмыстар түрлері жағынан да, сапасы жағынан да әр алуан. Кейбір мәдени – көпшілік шаралардың өзіне тән ерекшеліктері бар. Мұндай шараларды өткізу әдістемесі өзгелерге ұқсамайды. Кітапханада оқырмандар аудиториясының белсенділігін тудыратын кітаптарды насихаттаудың тиімді түрлері мен әдістерін ұштастыра отырып өткізген орынды. Кітапханадағы мәдени – көпшілік шараларды ұйымдастыру барысында ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, оқырмандардың білімін, қабілет-қарымын, ізденімпаздығын арттыруды басты назарға алуға тиіспіз.
Балалар кітапханаларында өткізілетін шараларды өз ерекшеліктеріне байланысты бөлуге болады: дәстүрлі және жаңа жұмыс түрі; ауызша, көрнекі және кешенді, белсенді және позитивті; сыни-аналитикалық және позитивті-көрнекі. Әр жұмыс түрінің өзінің шығу тарихы, тәжірибеде қолданылуы және әдістері бар. Осы замандық кітапханалық іс-шаралардың бірқатарына шолу жасап көрейік.
Онлайн конференция немесе веб-конференция – кітапхана жұмыстарының кең тараған түрі. Онлайн конференция оқырмандардың кең аудиториясы бар жерде өткізіледі. Мақсаты – автордың ең таңдаулы басылымдарын насихаттау, автормен кеңесе отырып, кітапқа талдау жасап, өз көзқарастарын білдіруге үйрету. Талқылау үшін оқырмандар сүйіп оқитын кітаптар таңдап алынады. Конференцияны ұйымдастыру үшін ең алдымен, жоспар жасалады.
Онлайн бенефис – кітапхананың тұрақты оқырманы, кітап оқып қана қоймай, қызықты материалдар жинайтын, барлық оқырманға үлгі боларлық тұлғаны онлайн бенефиске қатыстыруға болады.
Деректі фильм – өмірден озған ақын немесе жазушының жеке өмірі, шығармашылығы, жетістігі мен жасаған қызметі туралы оқырмандарға кеңінен насихаттайтын шараның бір түрі.
Кітап премьерасы – саяси әлеуметтік – экономикалық, мәдени салалардағы аса ауқымды проблемаларға арналған жаңа кітаптар мен елеулі көркем әдебиет шығармалары жайлы жедел ақпарат.
Онлайн кеш – әдебиетті насихаттаудың ұтымды жолы. Бұл кеш оқырмандардың өнерге деген құлшынысын оятады, әдебиетке деген талғамын қалыптастырады. Кештерді тақырыбы мен мазмұнына қарай: кездесу кеші, сұрақ-жауап кеші, кітап кеші, әдеби – музыкалық кеш тәрізді етіп топтастыра алуға болады.
Білім алмасу сабағы – әр өңірдің оқырмандары ақпараттық коммуникациялық технологиялардың көмегімен ең қызықты кітаптарын насихаттау, мазмұны мен ерекшелігі туралы ой тарқатады.
А. Аймағамбетованың айтуынша: «Кітапханаларға саяхат – оқырман немесе қашықтықтан пайдаланушы АКТ көмегімен кез келген кітапханаға саяхат жасап, кітапхананың ерекшелігі, артықшылығы, не кемшілігі туралы біліп, өзара пікір алмасады, өзара кеңеседі»[69, 73–74 б.].
Кітапханалық шаралар – үнемі өсіп, өзгеріп, жетіліп отырады. Олардың кейбіреулері, мысалы кітап көрмелері, шолулар өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Кітап көрмелері балалар кітапханаларында көп ұйымдастырылады. Қазіргі заман талаптары өмірге жұмыстың көптеген жаңа түрлерін енгізудің қажеттігін қалайды. Өткізілетін шаралардың көпшілігінде кітапханашылар оқырманның өзін қатыстыру арқылы жүргізеді. Балалар кітапханаларында өткізілетін жұмыс түрлерін дайындау және өткізудің өзіндік ерекшеліктері бар. Шараны дайындау мен өткізу үш сатыда қарастырылады, олар: дайындау, өткізу, өткізілген шараның тиімділігі және оны насихаттау болып табылады. Оларды, өз кезегінде мына сатыларға бөлуге болады:
- бірінші саты – тақырып таңдау, оқырманның таңдауы мен мақсатын айқындау;
- екінші саты – алынған тақырып бойынша материалды зерттеу;
- үшінші саты – Интернет және әртүрлі дерек көздері арқылы қажетті мәліметтерді жинақтау;
- төртінші саты – қызығушылық танытқан пайдаланушылардың, мекеме мен ұйымдардың тобын анықтау, олармен келіссөз жүргізу;
- бесінші саты – жарнамалау, жарнамалық жұмыс;
- алтыншы саты – шараны өткізудің жолдарын ойластыру,
сценарийлер жазу;
- жетінші саты – көрнекі құралдарды жинақтау (бейнематериалдар, слайдтар, т.б.);
- сегізінші саты – шараға қатысатындарды дайындау;
- тоғызыншы саты – өтетін жерді анықтау;
- оныншы саты – шараны өткізу, оны тіркеу;
- он бірінші саты – шараның тиімділігін зерттеу;
- он екінші саты – өткізілген шараны талдау, оның жетістігі мен кемшіліктерін анықтау;
- он үшінші саты - өткізілген шараны насихаттау.
Кітапханадағы өткізілетін шаралардың түрлеріне библиографиялық шолулар, әртүрлі кештер, кездесулер, кітап талдаулары, конференциялар, кітап презентациясы, пікір алмасулар, ток-шоу, брейнринг, т.б. жатқызуға болады.
Библиографиялық шолу жайлы мынадай қағида бар: «Шолу дегеніміз – белгілі бір тақырып бойынша, белгілі бір уақыт аралығында шыққан ғылыми құжаттардың мазмұны жайлы қысқа түрде берілген ғылыми шығарма». Бұл тақырып жайлы айтқанда, библиографиялық шолу дегеніміз, белгілі бір ізділікпен, белгілі бір құжаттар жайлы қысқаша шолу жасау деп түсінуіміз керек. Библиографиялық шолудың түрлері кітаптарға, басылымдарға, аудиовизуалдық құжаттарға шолу болып бөлінеді. Әр шолу түрінің өзіндік ерекшеліктері бар. Шолудың жеке түрлеріне – ақпараттық шолу, жаңа түскен кітаптарға шолу жатады. Олар әмбебап және тақырыптық болуы мүмкін. Кітапханалардың көпшілігі осындай шолудың түрлерін өткізуді әдетке айналдырған. Басылымдарға шолудың өзі екіге бөлінеді: газеттерге шолу және журналдарға шолу.
Шолудың түрі – кітап көрмесіне шолу. Бұл кітап көрмесіндегі шығармаларды насихаттау үшін жасалады. Бұл жерде, ұйымдастырылған кітап көрмесінің маңыздылығын, оның тақырыбына, оның өзектілігіне назар аударылуы керек. Сонымен бірге, белгілі бір кітаптардағы суреттерге, иллюстрацияға оқырманның назарын аударып, қызығушылықтарын тудыру қажет.
Шолудың тағы бір түрі – библиографиялық құралдарға шолу. Ол белгілі бір құралға арналуы немесе тақырыптық түрде жүргізіледі. Соңғы кезде библиографиялық шолудың жазба түрі – дайджест қолданыла бастады. Дайджестің түсінігін былай беруге болады – «Басқа басылымдардан қысқартылып және жеңілдетіп басылған мәліметтер». Библиографиялық шолулар ауызша жасалса, дайджест жазба түрдегі библиографиялық шолу. Дайджестер де әртүрлі болады, олар рефераттар, аннотациялар, түйіндеме. Олардың – «журнал-дайджест», «анықтамалық – сараптамалық журнал-дайджест», «дайджест-конспект», «дайджест-кітапхана» түрлері енгізіліп отыр. Мысалы, қандай да бір дайджесті құрастырғанда белгілі бір сала бойынша шыққан кітаптардың қысқаша шолуын жасап, дайджестегі әр құжат соңынан дерек көздері жайлы рефераттар беріліп отырады.
Библиографиялық шолудың келесі бір түрі тақырыптық шолу. Қазіргі кезде шолуларды аудиовизуалдық құралдарды (аудиожазбалар, бейнежазбалар, слайдтар, бейнефильмдер) пайдалану арқылы жүзеге асыру дәстүрге айналып келеді. Бейне мәліметтерді қолданудың үш жолы бар. Бірінші, кіріспе сөзден кейін бейнематериалдарды көрсету, екінші, шолу жасалып болғаннан кейін, үшінші ең күрделісі, шолу өткізіліп жатқан кезде қолданылып, беріп жатқан ақпаратпен бірігіп, біте қайнасып, шолудың мәнін, маңыздылығын аша түседі және тыңдарманның қызығушылығын тудырады.
Библиографиялық шолуға дайындық та кітап көрмесіне жасалатын дайындықтың кейбір элементтеріне ұқсайды. Бұл жерде де шолудың тақырыбын таңдау маңызды рөл атқарады. Шолудың мақсатына, қандай оқырман тобына арналғанына баса назар аудару керек. Бір тақырып бойынша жасалған шолу әр оқырман тобы үшін әр түрлі болады. Оқырманның жас ерекшелігі міндетті түрде ескеріледі. Тақырып таңдап алғаннан кейін, керекті кітаптарды іріктеп алынады. Ол алты не сегіз дана болуы керек. Сондықтан шолуға ең жаңа, ең маңызды жақсы кітаптар таңдап алынады. Шолу қағазға қарап жасалмайды, сол себепті шолу жасайтын кітаптармен жақсы танысу керек, беретін мәліметті жете білу қажет. Содан кейін мультимедиа материалдарын таңдау керек.
Шолу өзінің құрылымы жағынан үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – кіріспе бөлім, бұл жерде кітапханашы тақырыппен таныстырып, оның маңыздылығына, өзектілігіне баса назар аударады. Шолуды бастауға көп көңіл бөлінеді, жақсы сөз мәнерімен басталған шолу өзінің жемісін береді, бұл әрине кітапханашының біліктілігіне байланысты.
Екінші бөлім – негізгі шолу бөлімі. Таңдап алынған кітап белгілі бір жүйемен, немесе хронологияға байланысты бөлініп қойылады. Шолуға алған дерек көздері жайлы дұрыс мәлімет беру. Бұл жерде кітапханашының өзін ұстауы, сыртқы бет-бейнесі, киген киімі, тіл шеберлігі, дауыс мәнері, тақырыпты білуі – осының барлығы басты рөлді атқарады. Сонымен бірге, кітапханашының шолуды жасай білу шеберлігі, мәліметті дұрыс беруі, автор жайлы айтып, кітаптың тақырыбының ерекшелігіне, маңыздылығына оқырманның назарын аударта білуі қажет.
Үшінші бөлім – қорытындылау, бұл жерде оқырманның қызығушылығын тудырып, кітапханадағы каталогтарға, библиографиялық құралдарға, мерзімді басылымдарға жол сілтеу керек. Библиографиялық шолу – бұқаралық жұмыстың бірі ретінде жеке өткізіледі және оны өткізілген шараның соңынан да жасауға болады. Кейбір кітапханалар арнайы шолу өткізілетін орны мен өтетін күнін белгілейді. Мысалы, әр жексенбі күні, сағат 14.00–де жаңа түскен кітаптарға шолу өткізілуі мүмкін. Оқырмандар сол уақытқа үйреніп, ақпарат алғысы келсе, міндетті түрде белгіленген уақытта келіп, өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Р. Г. Исмурзинаның айтуынша: «Кітапханаларда өткізілетін шолулардың негізгі мақсаты кітап насихаттау болып табылады» [70, 29–30 б.].
Бүгінгі таңдағы балалар кітапханасы – өз заманының даму деңгейінде болып, балаларға тәрбие беруі мен оқытуына белсенді көмек көрсетуі қажет. Бұл жерде бала алғаш рет, шын мәнінде кітаппен жұмыс істей бастайды. Ұлан-байтақ кітаптар әлемінен өздеріне қажеттісін ажырата алуына көмектесу, кітапқа деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастыру, оларға кітаппен жұмыс жасай білуді үйрету – кітапханашының негізгі міндеттерінің бірі.
Қазіргі заманға лайық ұрпақ тәрбиесі, үлкен жауапкершілікті талап етсе, білім беруде де кітапхананың қосар үлесі зор болмақ. Оқырмандардың кітапқа деген күнделікті сұранысын тек кітапханашылар ғана біледі және кітапханашылар ғана зерттейді. Оқырмандарды оқуға тарту мақсатында, олардың сұранысын неғұрлым толық қанағаттандыру үшін, кітап қоры ақпараттық сұранысын қамтамасыз ететін, жас ұрпақтың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал мақсаты көзделіп, сан-салалы, жан-жақты жинақталуы тиіс. Ең әуелі кітапханаға қажетті жаңа кітаптар, қызықты ертегілер, әсіресе төменгі сынып оқушыларына арналған кітапшалар көптеп қажет етіледі.
Балалардың оқуға деген қызығушылығы қызық, көркем-суретті, түрлі-түсті кітаптардың болуына байланысты. Балаларды оқуға тарту мақсатында оларға деген жақсы қарым-қатынас, олардың психологиясын есепке алу, жеке ерекшеліктерін ескеріп кітапханаға тарту – өте қажет шарттардың бірі.
Кітапхана білім беру, тану, тәрбие орталығы екені белгілі, ал олардың кітап оқуына қызығушылығын тудыратын алуан түрлі мәдени шаралар: Балалар кітапханасында көптеген іс-шаралар: дауыстап оқу, ертеңгілік, әдеби-сазды кештер, интеллектуалды шоу ойыны, сұрақ-жауап, викториналық кештер, «1001 мақал, 101 жұмбақ» ойыны, ауызша журнал, кітап мерекесі, байқаулар, диспуттар, сайыстар, қызығушылар клубы т.б. ұйымдастырылады. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі, ұрпаққа тәлімді тәрбие үшін халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған мол тәжірибесіне сүйене отырып, өткен ғасырдағы өмір салттарының ішінен ұлттық мүддемізге, жаңа өмір талабына сай келетін асылдарын таңдап, ұлттық тәлім тәрбиеден бастау, ұлттың сана сезімнің басым болуы, оны меңгеру үшін жас ұрпаққа халықтың салт-дәстүрін, әдебиеті мен өнерін түсіндіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Балалар кітапханасында балаларды оқуға тарту мақсатында балаларға арналған жарнама жұмысы жақсы жолға қойылуы тиіс. Мысалы кез келген шара өткізілмес бұрын балаларға хабарландыру жұмысын ұйымдастыру. Мәселен «Біз шақырамыз», «Мы приглашаем...на мероприятие» атты жарнама жұмыстары, ұйымдастырушылық жұмыстары т.б.
Жас оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсету барысында да балалармен әңгіме қатынас, оларға жеке-жеке көңіл жұмыстарының окырманды кітапханаға шақыруда маңызы зор.
Мектепке дейінгі және төменгі сынып оқушыларынан жұмыс түрлері олардың сұраныстары және ой-толғамдары бойынша ұйымдастырылады. «Ертегілер елінде», «Қазақ ертегілері», «Для вас, дети», «Кел, балалар оқылық», «Кішкентай ақылдыларға», «Маленьким и умненьким», «Бәрін білгім келеді», «Хотим все знать», т.б. кітап көрмелері «Даналық шоқ жұлдызына сапар», «По дороге в созвездие мудрости», оқырмандарға арналған ертеңгіліктің, ертегілерден қойылымдар, неше түрлі ойындар, кітапханаға саяхат, балалар суреттерінің байқауы т.б. өткізіледі.
«Халықаралық балалар кітаптары» күніне арналған «Кітап сенің досың, ақылшың» атты кітаптар мерекесін атап өтуге болады. Балалармен мерекеде кітап туралы нақыл сөздер жарысы, викториналық ойындар ұйымдастырылды және олар сүйікті кітаптары туралы әңгімелеп, оқыған кітаптарын бір-біріне оқуды ұсыныс берді. Балаларды жалықтырмайтын қызықты шаралардың бірі «Оқырман бенефисі» деп айтуға болады.
Орта және жоғарғы сыныптар үшін оларды адамгершілікке, еліне, жеріне, тіліне, дәстүріне деген мақтаныш сезімге тәрбиелейтін жұмыс түрлері мен әдістері баршылық. Олар әдеби-сазды, портрет кештері, сұрақ-жауап кештері, диспуттар, интеллектуалды шоу ойындары, мақал-мәтел жарыстары және т.б. бар. Мысалы: балалар кітапханасында өткізілетін интеллектуалды шоу ойынының мақсаты балалар білімдерін жинақтап, одан әрі танымдылығын арттырады. Балалар белгіленген тақырып бойынша қызығуын арттырып, қосымша ізденеді. Ойынға қатысып өз бойын дұрыс ұстай біліп, ойын мәдениетті және дұрыс деңгейде жеткізе білуге тәрбиелейді. Мысалы: «Ұрпаққа үлгі – Жұбановтар әулеті» атты интеллектуалды шоу ойынның кезеңдері мен шарттары мынадай:
I тур: «Бәйге». Шарты: Жұбановтар әулетінің (Құдайберген, Ахмет, Ғазиза) өмір жолдары туралы және тіл тақырыбына байланысты сұрақтар (топбасы мен топ мүшелері сұрақтарға тез және дәл жауап беру).
ІІ тур: «Тіл-өнер». Шарты:
- тіл, әдебиет, өнер туралы мақал-мәтелдердің жасырылған соңғы бөлігін жалғастыру;
- Жұбановтарға арналған өлең-жырларды жатқа оқу немесе өз шығармалары бойынша ұсыну.
III тур: «Полиглот». Шарты: Берілген сөздерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде айту.
IV тур: «Ділмәр» (шешендік). Берілген 3–4 минут ішінде әр топтан бір мүше шығып, берілген сұрақ бойынша өз ойын толық қамтып, жеткізу.(сұрақ барлық топтарға арналған).
V тур: «Жорға». Шарты: Алға шыққан екі топқа әртүрлі сұрақтар қойылып (10 сұрақ) жеңімпаз топ анықталады.
Тәрбиелік мәні зор тіл мәдениетін көтеру, жаңаша өлеңдерді тудыруды, ынталандыру мақсатында талапты, талантты балаларды іздеп табу, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін, патриоттық борышын жете түсінуге шақыратын, мақсаты – тіл ұстартып, ой ұштауға жаттықтыратын, еркін ойлап, көсіліп сөйлеуге баулитын шаралар. Атап айтқанда облыстық балалар поэзиясының байқауы, жыр мүшәйралары, сайыстар, поэзия кештері, «1001 мақал, 101 жұмбақ» ойындарын атап өтуге болады. Осындай тілімізді, ұлтты мәдениет пен тарихты қадірлеуге, туған жерге деген сүйіспеншілікке баулитын шараларды көптеп айтуға болады.
Г. Жаңабенгенованың айтуынша: «Кітапханада кітаптың тұсау кесері, жаңа кітаптарға шолу, ақпарат күндерінің балаларды оқуға тарту мақсатында тәрбиелік мәні зор. Осындай мәдени шаралар негізінде балалар өз елінің тарихын, мәдениетін әдебиетін жете түсініп, өздерін қоғамдағы толымды өмірге даярлайды»[71, 180].
Қазіргі кезенде балалар ақын-жазушылары бар ма, болса қандай шығармалар жазылып жатыр және теледидар мен ақпараттың дамыған заманында сол шығармаларды қалай балаларға оқыту керек деген сұрақтар жиі қойылып, өткір мәселеге айналғанын байқауға болады. Әрине, қазақ балалар ақын-жазушыларының шығармалары қай жанрда болсын дамыған және әлемдік әдебиетпен тең түсетін туындылар да жеткілікті. Балалар әдебиетінің дамыған, нағыз гүлденген шағы – 1970–1980 жылдар десек, осы кезеңдегі балаларға арналған прозалық, поэзиялық, драмалық шығармалар бүгінгі күнгі балалардың сұранысын өтейтін, талғамдарына дәл келетін шығармалар десек артық айтқандық емес.
Балалар әдебиетінің зерттелуі де кенжелеп қалған, сондықтан да болар, қазақ балалар ақын-жазушылары шығармаларының оқырманына мезгілінде жетпеуі. Ө. Тұрманжанов, М. Әлімбай, М. Жаманбалинов, Ә. Ахметов, С. Бегалин, Қ. Мұқышев, Б. Ысқақов, Ә. Дүйсенбиев, Ж. Смақов, Ж. Кәрбозин, Қ. Мырзалиев, Ж. Қашқынов, Қ. Баянбай, Е. Елубаев, Ө. Ақыпбеков, А. Асылбеков, Б. Соқпақбаев, Н. Сералиев, М. Қаназов, М. Қабанбаев т.б ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мен оқыту үшін «Балалар кітапханасы» сериясы бойынша апта сайын, ай сайын кітап көрмесін ұйымдастырған жөн. Көрмені ұйымдастырудағы мақсат: біріншіден, балалар әдебиетінің өкілдерінің көптігіне, екіншіден, балаларға арналған шығармалардың молдығына баланың да, оның ата-анасының да, мамандардың да назарын аударту.
Балалар әдебиетін зерттеуші ғана емес, кітапханашы да, балалармен жұмыс жасайтын кез келген маман да балалар психологиясын жетік меңгеруі тиіс. Қазіргі ғасыр – психологияны меңгеру ғасыры. Әр жастағы балаланың психологиясын игеру – олармен жұмыс жасаудың үлкен бір амалы. Балаларды жас ерекшелігіне қарай бүлдіршіндер, балдырғандар, жеткіншектер, жасөспірімдер деп жіктейміз. Себебі, 1 жас пен 2 жас аралығындағылар сазға, әуенге негізделген шығармаларға әуес келсе, 2–7 жас – ойнақы, қозғалысқа толы, етістік пен еліктеу сөздерден тұратын жырларға, туындыларға бейім келеді. 10–14 жас аралығында сюжеттің құбылмалығын, ұзақтығын, ауыспалылығын, кейіпкерлердің тартысын қажет етеді. Әрине, қай шығарманы оқу оқырманның жас ерекшелігіне, талғамына, танымына байланысты. Дегенмен, 5 жастағы балаға 10 жастағы баланың оқитынын немесе 10 жастағы жеткіншекке 4 жастағы баланың шығармаларын оқыту оқырманның талғамын, қызығушылығын төмендетері анық. Шығармаларды насихаттау үшін қазіргі заман тілімен айтқанда радиода, теледидарда, интернетте жарнамалау қажет. Балаларға шығармаларды оқытудың негізгі жолы – мектеппен, балабақшамен тұрақты шығармашылық байланысты орнату. Яғни, оқырмандар конференциясы, диспут, дөңгелек үстел, түрлі сайыстар өткізу. Атап айтсақ, Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», Н.Сералиевтің «Жеңешем, жорға және мен», М. Қаназовтың «Чико – Дабылдың баласы», «Қияндағы күн нұры», М. Қабанбаевтың «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана», «Сурет салғым келмейді», Н. Ақышевтің «Қиырдан келген көгершін» т.б. әңгімелері, повестері бойынша шығармаларды талдай отырып, жұмыс жүргізу қажет. Шығарманы талдау жұмыстарын жүргізгенде мамандарымен ақылдасу керек.
Павлодар аймағы балалар әдебиетінің бір ошағы деуге болады. Балалар әдебиетінің классиктері М. Әлімбай, М. Жаманбалинов,
Қ. Ыдырысов, Е. Ерботин тәрізді ақындар шықса, қазіргі кезде балаларға арнап С. Баязитов, Ғ. Жұматов т.б. қаламгерлер өлеңдер, поэмалар, әңгімелер жазуда. Мектептерде өлкенің ақын-жазушысын насихаттайтын арнайы курстар ұйымдастырылу қажет тәрізді.
Балалар шығармаларын оқыту мен насихаттаудың келесі бір жолы – радиохабар, телехабарлар ұйымдастыру. Кезінде «Ерден атайдың ертегілері», «Кел, балалар, ойлайық» атты хабарлар болған. Міне, осы тәрізді хабарларды жаңғырту қажет.
Балалар әдебиетін оқыту мен насихаттаудың келесі бір амалы мектептерде, кітапханада «Кітап достары» т.б. үйірме жұмыстарын ұйымдастыру. Мұндай үйірме жұмыстарын жергілікті жас ақын-жазушылармен бірлесе отырып жүргізу жас буын үшін қызықты, тартымды болмақ. Үйірме жұмыстарында түрлі жарыстар, бәйгелер ұйымдастыру да қажетті. Бұл жас буынның кітап оқуға қызығушылығын туындатар еді.
Балалар әдебиетін оқыту мен насихаттаудың тағы бір жолы –мәнерлеп оқу, драмалық шығармаларды сахналау. Мектепішілік, аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейде балаларға арналған шығармаларды мәнерлеп оқу сайыстарын ұйымдастырудың маңызы бар. «М. Әлімбай оқулары», «М. Жаманбалинов оқулары», «Б. Соқпақбаев оқулары» т.б. мәнерлеп оқу сайысында прозалық, поэзиялық, драмалық шығармаларды оқыту арқылы қазіргі жарияланып жатқан шығармалармен де хабардар болар еді.
Балалар ақын-жазушыларының әрбір туындысы – балалар сахнасына сұранып, дайын тұрған еңбектер. Сондықтан кітапханада өткізілетін түрлі кештерде М. Жаманбалиновтың «Шабақ пен шортан», «Тоқылдақ пен қу терек», «Күж жалмауыз бен Білек батыр», «Дәрігер мен қорқау қасқыр», Ж. Смақовтың «Бұршақ туралы ертегі», «Кім күшті, кім мықты?», «Аю қалай адасты?», «Ұзын аяқ», Ә. Дүйсенбиевтің «Бәтеңке, шұжық, балқаймақ», Қ. Баянбайдың «Қаһарман қар», «Жалмауыз жайын», «Ұмытшақ ұлу мен қайсар құмырсқа» ертегі поэмаларының қай-қайсысы болмасын дайын тұрған сахналық қойылымдар. Бұл да балаларға шығарманы оқытудың жолы.
Балалар әдебиетін оқыту мен насихаттаудың ізгі шарасының бірі – балалар әдебиетінің басылымдарына оқушыларды жазғызу.
Қазіргі таңда газет-журнал басылымдарына ата-ананың жазылуы мүлдем жоқтың қасы деуге болады. Балалар әдебиетін оқыту мен насихаттаудың ірі жолы – «Балалар кітапханасы» сериясы бойынша акция, жәрмеңкесін ұйымдастыру. Аталмыш акция, жәрмеңке балабақшада немесе мектепте, оқу орындарында ғана емес, барлық мекемелерде өткізілуі керек. Баланы тәрбиелеуші ата-ана әрі балалық шаққа саяхат жасайды, әрі бүгінгі балалар әдебиетінің өткені мен бүгінін танып, болашақты барлайды, қалай оқытудың жолын игереді. Алайда, мұндай үлкен шаралар мемлекеттік деңгейдегі қамқорлықты талап етеді.
Балалар әдебиетін оқыту мен насихаттаудың келесі бір түрі –мектептерде, оқу орындарында әдеби, ғылыми конференциялар ұйымдастыру. Қазіргі кезеңде балаларға арналған шығармаларды талдау, талқыға салуда әдеби, ғылыми конференцияларды ұйымдастыру кенжелеп қалған. Аталмыш конференцияға балалар мен жасөспірімдер әдебиетін, психологиясын зерттеушілер, балалар ақын-жазушылары, балалар әдебиетін жариялап жүрген баспа мамандары, балалар әдебиетін безендіруші суретшілер, мультфильм, кинофильм шығарушы мамандардың тұтас қатысуымен өткізілуі керек. Сонда ғана балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің өткір проблемаларының күрмеуін шешудің жолдары анықталады. 2000–ші жылдардан бастап балалар әдебиетін зерттеу жүйелі ғылыми айналымға түсті. Балалар әдебиетін зерттеуші мамандар қалыптасты. Г. К. Қажыбаеваның сөзінде: «Ғылымдағы бұл өзгерістердің өзі балалар әдебиетін оқыту мен насихаттаудың үлкен бір көзі»[72, 20–23б.].
«Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана, әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», – деген Мұхтар Әуезов. Кітап арқылы адамзат ақыл-ойының, інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Кітап барлық білімдердің басын бір жерге тоғыстырып, кез келген сәтте көмекке келетін ерен күш, әрі білімді жетілдіріп, жан-жақты ізденіп, тіл байлығын дамытып, саналы да, білімді адам шығаруда таптырмайтын баға жетпес дүние.
Кітаппен дос бола бастау сәби шақтан басталу керек. Баланың ой-өрісін дамытудағы дамыту ойындары, табиғатпен байланыс, музыкалық білім және т. б. қатар маңызды орындардың бірі кітап оқу болып табылады. Кітап оқу баланың ой-өрісін кеңейтеді, ойлауға үйретеді, сөйлеу қабілетін, есте сақтауын, қиялын дамытады, танымдық және дамытушылық қызметін анықтайды. Кітап таңдай алудың өзі үлкен өнер. Балалар үшін барлық іс – кітаптар таңдауда, нашар таңдап алынған кітаптарды оқу бала үшін ештеңе оқымағаннан да гөрі жаман да, зиянды. Ауыз әдебиетіндегі бөбекті жұбатқанда, тұсауын кескенде, бесікке бөлеп әлдилегенде айтылатын өлең-жырлардың тәрбиелік мәні зор. Ананың ақ тілегі, сүйіспеншілігі, баласына қояр талабы мол. Бесіктен анасының әлдиін естіп ержеткен бала жетесіз болмаған. Тілі жеңіл, балалар сүйсініп тыңдайтын халық арасында айтылып жүрген өлең-жыр.
Кітапханашылар ата-аналарға бала бойына құйылатын тәрбиенің басы ана әлдиімен сіңетіндігін, мектеп табалдырығын аттамаған балалар мен қарым-қатынас жасағанда көркемдік суреттермен безендірілген кітапқа деген қызығушылығын тудыруымыз керек. Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін, балбыратып уататын тұңғыш тәтті сазы, жылауын қойғызатын ән өлеңі де, сол ғазиз ана бесікке сүйеніп отырып, еміріне айтатын бесік жыры. Кітапхана ерте жастан кітап оқуға деген қызығушылықты дамыту процесінде көмекші және бағыттауыш қызметін атқарады. Сәбилік жастан оқырманмен жұмыс – бұл оның ата-анасымен жұмыс істеу. Баланың тұлғасын қалыптастыруға көмектесу, ата-аналарды толғандыратын мәселе туралы қажетті ақпаратты табуға көмектесу кітапхананың міндеті. Кітапхананың болашақ ата-аналармен жұмысы – кітапхана қызметінің жаңа және әлі де дағдыланбаған бағыт. Аталған бағыт өзекті, қажет уақытылы.
Кітап оқуға деген қызығушылық ерте балалық жастан қаланады және осы жерде көбі ата-анаға байланысты болады. Отбасы баланың тұлғасын дамытудағы ортасы болып табылады, оқуға деген қажеттілік, қызығушылық пен сүйіспеншілік қалыптасады. Баланы уақытында оқуға үйретіп қана қоймай, оны оқуды жақсы көруге ұмтылдыра білу керек. Кітапханашылар осы маңызды мәселені шешуге тырысуы керек.
Балалар ақыны Өтебай Тұрманжановтың айтуынша: «Кітап – көп ақылдың құйылған көлі! Ол көпке таралғанда ғана көптің бойына сіңіп, игілігіне жұмсағанда ғана мүддесіне жетеді. Кітап ортақ мүсін, халық қазынасы, сарқылмас білім бұлағы. Баланың кітап әлеміне енуіне күшпен емес, ақылмен жол ашу – бәріміз үшін ортақ міндет деп ойлаймын» [73, 35–36].
Оқырмандардың қызығушылық танытып, құмартып кітап қарайтын орны – белгіленген және арнайы тақырыптар бойынша көз тартатындай көркем безендірілген, терең мазмұнды ашық көлемді кітап көрмелері.
Оқырмандардың әр минуты санаулы, ұстаздардың да, ата-аналардың да уақыты тығыз, сондықтан кітап көрмелерінен өздеріне керекті деректерді және кітап белгілерін тездетіп анықтап алуға көмегін тигізетін кітап көрмесі екенін тәжірибемізден білеміз. Қазіргі уақытта қоғамдық қатынастар, жас оқырмандардың санасы, менталитеті айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Рухани құндылықтар басқаша формаға ауысып, насихаттау жұмыстарына да өзгерістер еніп жатыр. Кейбір жас оқырмандар романтик болса, кейбіреуі тарихқа көп үңіледі, ал енді біреуі бүгінгі күннің жаңалықтарымен қанағаттанады. Кітап оқусыз, жаңалықсыз ешкімнің алға баса алмасын көзімізбен көріп отырмыз. Оқырмандардың кітапты қызығып оқитын мезгілі балалық шағы екені де белгілі.
Атақты ақын-жазушылардың шығармаларынан топтап жасалып жүрген кітап көрмелері – кітапты насихаттау жұмысының ең бір тамаша кепілі. «Салауатты өмір салты», «Денсаулық – зор байлық» айдарларымен кітап көрмелері безендіріліп, көрме жанына атақты спортшылардың жеткен жетістіктерінен көркемделген фотосуреттер іліп, бейне фильм көрсетіп, ән-күймен жандандырып, оқырмандардың көңілінен шығу күн дерегінде. Әр саладағы кітап көрмелері арқылы оқырмандардың білімін, ой-өрісін байытуға, рухын көтеріп, қиялына қанат бітіретін әдебиеттермен қауыштырып, жастарды тәрбиелеу жұмысына да елеулі үлестер қосу тікелей парыз. Н. С. Молдыбаеваның айтуынша: «Тәрбие саласын жақсарту іс-шарасына: дөңгелек үстел, сұрақ-жауап сайысы, білім сайысы, әдет-ғұрыпқа арналған сайыстар, брэйн-ринг, тарихи тартыс, әдеби сырласу кештері жатады» [74, 26–27б.].
Бүгінгі күні балалар кітапханаларында өткізілген шаралар ертеңгі таңда кез келген баланың «нағыз тұлға» болып қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Осы тұрғыда соңғы жылдары жеке тұлғаны дамытуға бағытталған жаңа технологияларды енгізу мен жеке тұлғаның шығармашылығын дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Соның бірі – балалар кітапханаларында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамыту мәселесі. Бұл – қоғамдағы сүбелі өзгерістер мен адамдар арасындағы қарым-қатынас құралдарының қарыштап дамуына байланысты жаңа адамды қалыптастыруды көздеген заман талабы.
Жеке тұлға – өзіндік құндылық. Оның шығармашылық дамуы мен қалыптасуы кітап оқу мен тәрбиелік шаралар басты мақсаты болуы керек. Қазіргі таңда жеке тұлға, дарынды шығармашылық тұлға қалыптастыру мемлекеттік істің ең маңыздысы болып отыр.
Қазіргі әлеуметтік – экономикалық жағдайда кәсіби жетістікке толық және арнайы қабілеттілік, білімділік, шығармашылық арқылы жетуге болады. Сондықтан баланың шығармашылық қабілетін шыңдау, бағыт беру, дамыту, нәтижесін бағалау арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері – шығармашылықтың нәтижесі.
Оқырмандарды шығармашылық жұмысқа баулудың маңызы зор. Жазба жұмыстары олардың танымдық белсенділіктерін, ойлау жүйесін арттыруға көмектеседі. Жазба жұмыстарынан әр баланың өзіңдік көзқарасы, эстетикалық және адамгершілік танымы, эмоциясы, пікірі, талдау, қорытындылау, салыстыра білу тәрізді жекелік қасиеттері байқалып тұруы қажет.
Оқушылардың төменгі сыныптардан бастап шағын әңгіме, өлең шумақтарын құрау, ойтолғау, салыстырмалы мінездемелер жазу, кейіпкер портреті, эссе сияқты шығармашылық жұмыс түрлеріне үйрету еркін қалам сілтеуіне жағымды әсерін тигізеді.
Оқырмандардың шығармашылықпен айналысуы үшін көркем шығарманы оқу жеткіліксіз, жазба жұмысы сапалы жазылу үшін оған дайындық ретінде алдын ала жүргізілетін арнайы жаттығулар жүйесі болуы керек. Әртүрлі жанрдағы шығармашылық жұмыстарды жазуға төселдіру, сұхбат алу, репортаж жүргізу, салыстырмалы, типтік мінездемелер үлгісін жаздыру, ойтолғау, сыртолғау тәрізді шағын шығармаларға баулу балаларды «нағыз» шығарманың авторына айналдырады. Әр бала тақырыпты таңдау, жұмысындағы негізгі ойды анықтау, жанр түрі мен стиль жөнінде өз білімін жетілдіру қажет және өз-өзін бағыттап, алға қойған мақсатына жету үшін еңбектенуі керек.
Д. Баймұқашеваның айтуынша: «Шығармашылық жұмыстардың мақсаты – логикалық ойлауды дамыту, шығармашылық қиялды, нақты нәрсені еркін, қызықты түрде беруге ұластыру, әдебиетті іштей түсіне отырып оның мәні мен құдіретті орнын өз дүниесінде көркемдеп бере алу»[75, 52–53].
Мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне үйретуде дыбыс үндестігінің маңызы зор. Оқырмандарды қазақша дұрыс сөйлеуге үйрету, оны сөйлеуде қолдану, дағдыны қалыптастыру ғылыми негізде құрылған жаттығулар жүйесіне байланысты. Тілді меңгертуде жаттығулардың атқаратын қызметі ерекше. Тілді оқытуда үйренуші қазақша тыңдай, оқи, жаза, сөйлей білуі қажет.
Әртүрлі дидактикалық ойындар өзге ұлт өкілдеріне тілді үйретуде мәселенің түйінін есте сақтауға көмектеседі, өйткені дидактикалық ойындарда оқытуға тиісті мәселенің өзегі, түйіні беріледі. Сөзбен толық түсіндірілген мәселенің дидактикалық ойындардағы түйіні әрі есту, әрі көру сезімдеріне байланысты есте нақтырақ сақталады. Ол кейін басқа бөлімдерін еске түсіруге көмектеседі. Дидактикалық ойындар нақтылықтан ой қорытындысын жасауға, дұрыс қалыптастыруға жәрдемдеседі.
Тілдік жаттығулар көп жағдайда бекітуге арналатындығын көрсетеді. Тілдік жаттығулар тілдік материалды танытуға, меңгеруге, өз ойын еркін жеткізе білуге, сөйлеу дағдысын қалыптастыруға үйретеді. Мәтін мазмұнын түсіну дағдысын мәтінді оқытып, оның мазмұнын әңгімелету, мәтін бойынша сұраққа жауап беру, сұрақ қоя білуге үйрету, мәтінді мағыналық бөлімдерге бөлу сияқты сан алуан жұмыс түрлері арқылы қалыптастыруға болады. Осыдан келіп оқырмандар өз ойын айта алатын қабілетке ие болады. Сөзді қабылдау және оны ұғыну бір-бірімен тығыз байланысты, сөзді дұрыс қабылдамай тұрып оны ұғынуға болмайды. Адамға тән сөйлеу әрекетінде екі сипат болуы шарт. Мұның біріншісі – сөйлеудің мазмұндылығы, екіншісі – оның мәнерлігі. Сөздің мәнерлігі дегеніміз – адамның сөйлеу эмоциялық қалпын білдіре алуы, яғни әрбір сөйлемді өзінің сазымен айту.
Жаттығу түрлерін қолдана отырып қосымшаларды дыбыс үңдестігіне сай сөзге дұрыс жалғау дағдысын қалыптастыру мақсатында тілдік жаттығулар жүргізіледі. Тілдік жаттығулар дыбыс үндестік тақырыбы бойынша алынған білімдерін бекітуге, оны дұрыс қолдану дағдысын қалыптастыруға арналады. Жаттығу жұмыстары жеңілден басталып, күрделене түседі. Дыбыс үндестігіне арналған жаттығулар тіл үйренушілердің сөз бен қосымшалардың дұрыс байланысуын, оны ауызша, жазбаша тілде қолдана білу дағдысын қалыптастырады. Қазақ тілін оқыту, ең алдымен, оның дыбыстық ерекшелігін білуіне байланысты.
Соңғы кездері көптеген кітапханашы шара өткізуде оқушылардың белсенділігін арттыру мақсатымен жаңа танымдық қызықты ойындар қолданып жүр. Ойындар маңызды рөл атқарады. Оқырман ойында өзін қалай ұстаса, алдағы жұмыста да солай әрекет қылады. Оқырмандарға мәдени шараларда жаңа технологиялық әдістерді қолданудың берері мол. Қызығу – танымдық іс-әрекеттің қозғаушы күші. Оқырманның қызығу жәрдемімен оқып-үйрену барысында қабілеті ашылып, дарыны ұшталады, өз күшіне, мүмкіндігіне сенімі артады, адамгершілігі қалыптасып дара тұлғалық сипаттарға ие бола бастайды. Танымдық қызығу оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде қалыптасады. Әдебиеттерде оны қалыптастырудың үш жағдайы туралы жиі айтылады.
Біріншісі – оқытудың мазмұны, мұнда оқырмандар қызықтыратын мазмұнның берілу түрі, жаңалығы, ғылым мен техниканың соңғы табыстары, таңдандыратын тарихи деректер, ғылыми білімнің іс жүзінде қолданылуы, бұрыннан білетін мағлұматтың жаңа қырының ашылуы.
Екіншісі – таным әрекетін ұйымдастыру формалары, құралдары мен әдістерін жетілдіру. Бұған жататындар: мәдени шаралардың дәстүрлі емес түрлерін өткізу, оларда қолданылатын техникалық және көрнекі құралдардың тиімділігін арттыру, танымдық ойындар ұйымдастыру, проблемалық және интегративті ұстанымдары жүзеге асыру, пәнаралық және пәнішілік байланыстарды тудыру, ғылымның өмірмен, өндіріспен, техника және экологиямен байланысын ашып көрсету, оқырмандардың өздігінен істейтін жұмыстарын және өздігінен білім алуды тиімді ұйымдастыру, шығармашылық және зерттеу жұмыстарын белсенді қалыптастыру, білім тексеру мен бағалаудың алуан түрлерін ұтымды пайдалану арқылы оқытудағы кері байланысты жетілдіру.
Үшіншісі – кітапханашы мен оқырман, оқырман мен оқырман арасындағы қарым-қатынаста сыйластық, ізеттілік орнатып, жүрек жылуының болуын қамтамасыз ету.
Қызығуды туғызу үшін ойын түрлерін пайдаланудың орны бөлек. Тиімді қолданылған ойын түрлері оқырмандардың іс-шараларды ынтамен тыңдап, меңгеруіне көмектеседі. Ойынға қойылатын әдістемелік талаптар бар: Ойынның мақсаты нақты қойылып, керекті көрнекіліктер мен материалдар дайындалып, оңтайлы жерге қойылуы керек:
- ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібі оқырмандарға түсіндіріледі;
- ойынға балалардың түгел қатысуын қамтамасыз ету керек;
- ойынның жүру барысыңда кітапханашы балалардың қатысуын қадағалаумен қатар олардың ойын үстінде шешім қабылдай білуіне жетелеуі керек.
Ойын түрлерінің материалдары іс-шараның тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса, оның танымдық, тәрбиелік маңызы да арта түседі. Танымдық іс-әрекет сипатына сәйкес ойын түрлері мына төмендегілер:
- балалардың орыңдаушылық әрекетін талап ететін ойындар;
- қайта жаңғырту іс-әрекетін орындауға бағытталған ойындар;
- қайта жасау іс-әрекетін жүзеге асыруға бағытталған ойындар;
- оқушылардың іс-әрекетін бақылауға бағытталған ойындар;
- ізденіс іс-әрекетіне бағытталған ойындар.
Құрылымы бойынша дидактикалық ойындар мынадай түрлерге жіктеледі:
- сюжеттік-рөлдік ойындар;
- жаттығу ойындары;
- драмалық ойындар;
- шығармашылық ойындар;
- әдеби-музыкалық ойындар;
- халық ойындарының жіктемесі бар;
- білім беретін ойындар;
- тәрбиелейтін ойындар;
- дамытатын ойындар;
- жеке тұлғаны әлеуметтендіретін ойындар;
- диагностикалық ойындар.
Жіктемелердің барлығының мазмұны өте қызық және өзіндік ерекшеліктерге толы. Олар дидактикалық ойындардың жалпы мақсаты мен мазмұнына сәйкестендірілген. Ойындар балалардың зейінін, ойлау, зерде үрдістерін дамытады. Өмір тәжірибесін бір жүйеге келтіруге үйретіп, жүйке жүйесін демалдырады.
Қазақ халық ойындарының жіктемесі оқырмандардың жас ерекшеліктеріне, ойын сипатына, дене қасиеттерін, қимылдық әрекеттерді дамытуға сәйкес жасалады:
1) Ойын – саяхаттар. Олар ертегілерге ұқсас. Олар фактілер немесе оқиғаларды бейнелейді, бірақ олар ерекше түрде ашып көрсетіледі, қарапайым жұмбақ арқылы қиындық – оңай жолмен; қажеттілер – қызық жолмен беріледі.
2) Ойын – тапсырмалар. Бұл ойындардың негізін заттар мен әрекет, сөзден тапсырмалар құрайды. Ойын міндеттері мен әрекеттері бір нәрсені болжауға негізделеді.
3) Ойын – болжамдар. Бұл ойындар «Не болар еді...?», «Мен не істер едім, егер...» деген сұрақтарға негізделеді. Ойынның дидактикалық мазмұны балалардың алдына проблемалық міндет пен жағдаятты қоюда ерекшеленеді. Мұндай ойындар білімді нақты жағдайда ұштастыра байланыс есептерін тағайындауды талап етеді.
4) Ойын – жұмбақтар. Жұмбақтың негізгі ерекшелігі – логикалық астарының болуында. Баланың ой әрекетін белсендіреді. Жұмбақтар салыстыру, теңеу және сипаттау арқылы ұғымның қасиеттерін ажыратуға тәрбиелейді, оқушы қиялының дамуына әсер етеді.
Ойынның бала өмірінде алатын орны айрықша. Бала кішкентай кезінен-ақ ойынға құмар болып, соның жетегінде өседі. М. Жұмабаев: «баланың ойыны туралы «Баланың қиялы әсіресе, ойында жарыққа шығады» деп ұлттық тұрмысымызға тән ойын үстіндегі бала болмысын, психологиясын суреттейді. Ойындардың баланың бойында ойлау, тапқырлық, шыдамдылық, белсенділік, ұйымдастырушылық қасиеттерін қалыптастыруға пайдасы зор. Ойын үстінде оқырман тынығады, өмір танымын кеңейтеді, бірлеседі және ұйымшылдыққа, тәртіпке үйренеді.
«Бәйге» ойыны. Оны кез келген тақырыпта өткізуге болады.
«Көкпар» ойыны. Әр топтан бір оқырман мақалдың бірінші жолын айтады да, келесі топтың бір оқырманы екінші жолын жалғастырады.
«Сөйлемдерді жалғастыр» ойыны. Қима қағазда сөйлемнің басы немесе аяғы жазылып тұрады. Бала сөйлемді аяқтауы керек.
Мысалы: Бала кітап (оқиды). Картоп, пияз (өсті). (Дәрігер) ауруды емдейді.
«Доп қағу» ойыны. Бұл ойында кімге допты лақтырса, сол қағып алып, сөз айтады. Мысалы, «Ғ» дыбысына.Үлестірмелі қағаздарды барлық оқырмандарға таратып, әр оқырман өзіндегі сөзді буынға бөліп, буын санына қарай сандықшаның біреуіне салады. Әр қатардың қағазын әртүрлі түспен белгілеп қояды.
«Хан талапай» ойыны. Асықты қолдану арқылы жүргізіледі. Бұл ойынға нөмірленген асық алынады. Нөмірге байланысты карточкалар дайындалады. Асық жерге шашылады, ал балалар талапай алады. Кім тез әрі дұрыс орындаса, сол жеңіске жетеді. Өз командасын топтың бір адамы қорғайды. Жүргізуші неғұрлым толық жауап берген команданы анықтайды.
«Білімдарлар» ойыны. Бірінші ойынның алдында «білгірлер» анықталады, олар өздеріне топ құрайды. Ойынға қатысушылар топ бойынша үстелдерде отырады. Топтардың өкілдері оларға оқылған тақырып бойынша сұрақтар қояды. Топтардың сұрақтары өз ішінде талдауы 20 секунд қана жүреді де, бір оқырман жауап береді.
«Бас қатырғылар базары» ойыны. Оқырмандар сөзжұмбақтар, сөзтізбелер, тарихи домино, хронологиялық лото, викториналар, құпия сөздер және т.с.с. құрастырады да, оларды шешеді. С. Торыбаеваның айтуынша: «Жеке де, ұжыммен де жұмыс істеуге болады. Оқырмандарға кітаптарды, картаны, көмекші және құжаттық материалдарды пайдалануға рұқсат етіледі. Жүргізуші ең белсенді, кәсіпкер, тапқырларды анықтайды»[77, 47–52].
Балалар бақшасында болған уақыттарында болашақ кітап оқушылар көптеген ертегі, әңгіме, өлеңдер тыңдайды, өздері олардың мазмұнын қайталап айтып береді. Балаларды кітапты қастерлей білуге тәрбиелеу мүлдем кішкене кезеңнен, үлкендердің балаларға арналған кітапшаны ұқыпты ұстап, алғашқы оқып беретін сәттен басталады. Үлкендердің кітапқа немқұрайлы қарауы – балалар тәрбиесіне үлкен зиян тигізетіні белгілі.
Болашақ кішкене оқушы үлкендерге барлық жағынан еліктейді. Егер тәрбиеші кітапты ашпастан бұрын қолын жуып келіп, ақырын, жиырмай ашып, кітап беттерінің бүктелген, жапырылған, шимайлап сызылған жерлерін көріп реніш білдірсе, бала да біртіндеп кітаптың жанашырына айналады.
Сәби әлі оқи білмесе де оны ересектермен ғана емес, өз бетімен де кітапты ашып көре беруге үйренеді. «Кітап – біздің досымыз» деген қағиданы балалар жасынан ұққаны жөн. Балаларға кітапты сөреден қалай алып, дұрыстап қарап көріп, қайта орнына қалай қою керектігін тәрбиеші, табанды түрде, үлкен шыдамдылықпен үйретеді.
Бір-бірлеп балалар түптеме, мұқаба, кітап беті сияқты сөздерді айтып үйренеді.
Кітапханаларда балалар бақшасының бүлдіршіндері үшін кітап бұрышы жасалады. Арнайы жасалған жеңіл де әдемі витриналарда сөрелер мен шкафтарда кітапшалар қойылады. Ол кітаптар көз тартарлықтай безендірілген және жақсы сақталған болуға тиіс.
Балалар кітапханадан кітапты өз еркімен қалағанын алып, міндетті түрде қайтадан өз орнына қоюлары керек. Ересек топтағыларда кітапты беріп және қайтарып алып, оларға жауап беріп отыратын кезекші ұйымдастыруға болады. Егер кітап жұлмаланып қалса, кіші және орта топтардың тәрбиешілері оны өздері жөндеп алулары керек. Бұл істі сәбилердің көріп отырғаны жақсы. Ересек топтың балалары өздері бірге жөндеседі. Балалар бақшасындағы кітап бұрышында мезгіл-мезгіл тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылады. Мысалы: «Астана туралы кітаптарымыз», «Жас ұландар елімізді қорғайды», «Халық ертегілері», «Табиғат туралы кітаптарымыз». Кітапшалардан басқа, мазмұны сәйкес келетін белгілі балалар суретшілерінің иллюстрациялары да қойылады. Кейде иллюстрациялар тақырыптық альбомға айналады.
Орта топтардан бастап қысқа да мазмұнды әңгімелер өткізіледі. Бұл әңгімелердің барысында балаларға қандай кітаптар ұнайтыны, ал кейінірек сол кітаптар неліктен ұнайтыны анықталады.
Балалардың кітапханада экскурсияда болып, кітап сөрелерін көргендері жақсы. Балалар қуанышы үшін бірнеше кітаптар сатып алу керек. Оқылған кітаптар туралы әңгіме өткізу – баланың кітапқа қызығушылығын арттыратын бірден-бір әдіс.
Кіші және орта топтың балалары көптеген тақпақ, ертегі, әңгіме, өлеңдерді тыңдап, кітапханашы қойған сұрақтар бойынша қайталап айтады, бірте-бірте олардан көркем шығармаларды эстетикалық жағынан қабылдай алатын қабілеттер пайда болады. Ересек топтың балалары сабақтың жаңа бір түрінде оқылған кітаптар туралы арнайы әңгіме өткізуге кіріседі.
Әңгімеден кейін тікелей естігенді қайталап айту балаларды онша қызықтырмайтыны байқалып отыр, дегенмен монологтық сөз байланыстарын дамытуға, шығарма мазмұнын ұғып, есте сақтауға жәрдемдесетіндіктен, ол барлық жастағы балаларға қажет. Көркем шығармаларды қайталап айта отырып, есте ұстау, ойлау, елестету бала тілін дамытады.
Оқыған кітаптар туралы әңгіме барысында балаларды қалай ынталандыруға болады? Ең алдымен ескеретін жайт: кеш өткізу үстінде кітапханашылар кішкене тыңдаушыларына жете көңіл бөлулері керек. Балалардың тұжырымдарына құрметпен қарау, шынайылыққа үйрету, мәнерлеп оқығанда не айтқанда балалар әлеміне еніп, өзің де бала болып сөйлеу оларды кітап, шығарма туралы әңгімеге талпындырады.
Кітапханашылар әңгімелесу барысында алғыр балаларды дұрыс қолдап, ал ұялшақ балаларды әңгімеге араласуға асықтырмай, жайымен тарта білу керек. Әдетте ұялшақ балалар басын изеуден бастап жеке сөздер айтуға, кішігірім әңгімелер айтуға бара-бара жетіледі. Әңгіменің басынан аяғына дейін балалар ынтасын, олардың нені ойлап, не туралы айтып отырғандарын қолдап отыруы керек: бірде ойда жоқта оқылған кітаптың қызғылықты бір үзіндісін, енді бірде ойланып айтуды керек ететін оқыс сұрақ қояды немесе балалар өмірлерінен бір қызғылықты мысал келтіреді.
Мектеп жасына дейінгілермен әңгіме жүргізуде ересек адам өзінің әрбір сөзін балаларды әсерлі сезімге бөлейтіндей жағдай тұрғызуы керек. Тамаша ұстаз және тәрбиеші, балалардың досы В. А. Сухомлинский бағалаған: «Сөзге және оның реңкіне, сезімталдыққа тәрбиелеу – жеке адамның жан-жақты жарасымды дамуына алдын ала жағдай жасау» [77, 226].
Мектеп жасына дейінгі балаларда көрнекі образды ойлау басым болатындықтан, әңгіме өткізгенде түрлі суреттерді, белгілі балалар суретшілерінің мұқабадағы, кітап ішіндегі иллюстрацияларын қайталап көрсетуі, еске түсіруі арқылы ойдан айтуға даярлауға болады. Оқылған кітаптардан әңгіме өткізудің нақтылы шарты – кітапханашыдан кітаппен жұмыс жасауда өзіндік тәсілдер мен формалар іздестіруді талап етеді.
«Жалын» баспасы кезінде «Кітаптан соң кітап», «Балаларға арналған кітаптар туралы кітап» деп аталатын әдемі безендірілген суретті кітапшалар, кейін «Балалар кітапханасы» сериясымен библиографиялық деректері бар, барлық қазақ балалар жазушыларының шығармашылығы топталған жинақтар шығара бастады. Бұл жинақтар мектепке дейінгі балалардың көркем шығармаға қызығушылығын арттыруға және кейін мектепте өздігінен еркін оқу қалыптастыруға көмектеседі.
Білім мен тәрбие жүйесінде қазіргі бастауыш мектеп сатысынан бастап ізгілендіру нысанасын ұстану кітапханада ұйымдастырылатын тілдік тәрбиеге байланысты. Балаға сенім артып, оның жеке басының қасиеттерін ескере отыра, қысымшылық жасамай, еркін сөйлесу кітаппен жүргізілетін жұмыстардан көрінеді. Оқылған жаңа әңгімеден кейін оның мазмұнын қайталап айтқызу, яғни әңгімелесу ұдайы жүргізілсе, балаларды жалықтырмайтын болады, мұны тәжірибеде көрсетуде. Баланың монологты сөйлеу тілін дамытуды топқа ертегі не әңгіменің ең қызықты жерлерін қайталап айтқызу: шығарма мазмұнын, есте сақтауларын бекіту үшін «Кім есіне сақтады? Кәнеки, кім айтады? Түлкі «Қасқыр мен түлкі» ертегісінде не істеуші еді? «Ауырған арыстан», «Залым түлкі», «Түлкі мен қораз» ертегілерінде ше? деп балалардан өзара сөз жарыстырып сұрау; «Мына бір ертегіде кейіпкер не деп еді? Басқаша айтса қалай болар еді?»,– деп кейіпкер сөзін қайталап айтқызу тәсілдері қолданылады да, жоғары топтарда баланың белсенді сөйлеуі, яғни әңгімелеуге төселуі жетілдіріле түседі.
Ересектер тобында «Кітап – біздің досымыз» тақырыбына әңгіме өткізуге балалар кітапханаларында жылдар бойы пайдаланып келген шығарма жинақтарын алуға болады. «Біздің кітап», «Үйіміз – ортақ, жырымыз ортақ», «Тілашар», «Асыл сөз» т.б. жинақтары. Кітаптармен арнайы өткізілетін әңгіме мақсаты – балалардың көркем шығармаға деген қызығушылықтарын арттыру, белгілі бір тақырып төңірегінде бірнеше ғасырда түрлі кітаптар шығарылатынын, кітапта жағымды қылықтар мадақталып, жағымсыз нашар қылықтар әшекереленетінін сездіру. М. К. Ахмульдинованың айтуынша: «Бала назарын сәбилік шақтан бастап кітап бұрышына аудару – кітапқа қызығушылыққа бастайтын алдыңғы соқпақ болса, сол бұрышта біртіндеп кітаптарды еркін қарым-қатынаста таныстыру өмірге ашылатын үлкен даңғыл жол, яғни өзі сүйіп тыңдайтын ертегілерінің, мәнерлеп мазмұнын қайталайтын әңгімелерінің көмегімен баланың ана тілін, ой-санасын жетілдіру» [78, 124–129 б.].
Біздің елімізде 2007 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Кітапханашылар ассоциациясы, ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен «Бір ел – бір кітап» акциясын жариялады. Акцияның мақсаты оқу мәдениетін дамыту және қолдау, тарихи, мәдени және рухани мұрамызды ұлықтау және сақтау, ана тілімізге деген қамқорлықты күшейту. Абайдың «Қара сөздері», М. Әуезовтың «Қилы заман» повесі, М. Жұмабаевтың лирикалары, Ж. Молдағалиевтың «Мен қазақпын...» поэмасы,
Ж. Аймауытовтың «Ақбілек», О. Бөкейдің шығармалары,
Ф. Оңғарсынованың лирикасы, С. Мұратбековтың «Жусан иісі», «Басыңда Үшқараның» кітаптары, І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы таңдалып алынды.
«Бір ел – бір кітап» акциясын 1998 жылы АҚШ–тың Вашингтон штатындағы Сиэтл көпшілік кітапханасы жалпы қалалық оқу мерекесінің идеясы ретінде ұсынған. 1998 жылы «Егер де бүкіл Сиэтл бір кітапты оқып шықса» ұранымен бірінші рет өткізілген акцияның мақсаты – Сиэтл халқының бірлігін нығайту және оқуды насихаттау. Акция Чикаго, Буфалло, Рочестер қалаларында да өтті. «Бір ел – бір Чикаго» бағдарламасы чикаголық муниципалитеттің белсенді қолдауымен Чикаголық көпшілік кітапхананың бастамасымен ұйымдастырылған. Оның басты мақсаты – қала тұрғындарын бір уақытта оқуға және бір кітапты отбасында және жұмыста, оқу орындарында және басқа да қоғамдық ұйымдарда ұжыммен талқылауға қызығушылығын ынталандыруға арналған. Бұл күн кітапқұмарлар клубына айналады екен. Онда бүкіл қала бір шығарманы бір уақытта оқиды екен. Мысалы, 2000 жылдың қазанында Чикагода «Чикагодағы кітап апталығы: кітап оқуға құмарлар қаласы» фестивалі өткен. 7 аптаның ішінде қаланың 10000 – даған тұрғыны американдық жазушы Харпер Лидің Пулитцеровский премиясына лайық «Убить пересмешника» романын оқып шығып, талқылаған. Қазіргі уақытта «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы әлемнің көптеген елдеріне Испания, Латын Америкасы елдері, Кореяда кең тараған.
Тәуелсіздік біздің ұрпаққа дарыған үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік, еліміз әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосылды. Н. Ш. Омарованың айтуынша: «Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да ерекше, өйткені, біздің Тәуелсіздіктің арқасында тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз, діліміз қайта оралды. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүріміз қайта жанданды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығында республика көлемінде 25 қараша мен 16 желтоқсан аралығындағы «20 жұлдызды күндер» деген ұранмен түрлі іс-шаралар өтті. Балалар кітапханаларында «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік!» тақырыбындағы тарихи-танымдық кеш, «Тәуелсіздігің тұғырлы, елің еңселі болсын, Қазақстан!» атты кешті, «1986 жылғы желтоқсан – Тәуелсіздік жаршысы» тақырыбындағы пікірсайысты, «Тәуелсіздік желтоқсанда шыңдалған» атты кешті, «Желтоқсан тәуелсіздіктің ұлы рухы» кеші т.б. өтті. «Ер намысы – ел намысы», «Тәуелсіз Қазақстан», «Қазақстан өркениетінің бесігі – тәуелсіздік», «Тәуелсіздік ұлт тірегі», «Тәуелсіздік тірегі ұлттық рух», «Қазақстанның жолы бостандық, бірлік, тұрақтылық, өркендеу» атты кітап көрмелері ұйымдастырылып, шолу жасалынды»[79, 36–37 б.]. Егемен еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Елбасының халыққа Жолдауында балаларды отансүйгіштікке, шығармашылыққа, ақыл-ойын жан-жақты дамытуға, сапалы білім алуы үшін тәрбиелей отырып, оларды қазіргі нарық қатынастарының талабына сай адам етіп шығару міндеті көзделген. Бүкіл өркениет әлемін ілгері қозғап келе жатқан, рухани қазынамызды дамытушы күштердің негізі мәдениет, білім, ғылым десек, осы үш тұғырды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші қасиетті кітап. Оқырмандардың бойына ұлттық сананы қалыптастырып, отансүйгіштік қасиеттерін дарытатын рухани орда ол – кітапхана. Рухани, мәдени, тарихи құндылықтарымызды жинақтаушы, сақтаушы және оны оқырман қауымына жеткізуші кітапхана туралы жазушы Ә. Кекілбай «Кітапхана мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты» – деп баға берген [80, 312]. Әртүрлі іс-шаралар оқырмандардың рухани жан дүниесін, ой-өрісін байытуға, жоғары эстетикалық талғамын, қоғамдық санасын қалыптастыруға септеседі, оларды қоғамның салауатты азаматы етіп тәрбиелеуде, адамгершілікке, елі мен жерін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеуде маңызы өте зор. Көпшілік іс-шаралар бір сарында емес, үнемі өсіп, өзгеріп, жетіліп отырады. Олардың тақырыптары елімізде болып жатқан түрлі тарихи, саяси оқиғаларға байланысты таңдалады. Мәдени тәрбиелік мәні бар іс-шараларды жүргізудің арқасында ғана кітапты насихаттау жұмысының жемісін көре аласың.
Балалар кітапханаларында ақпараттық технологиялар қарқынды дамып қолданысқа енгізілуіне байланысты, оқырмандар үшін ұйымдастырылатын көпшілік шараларда жаңа технологиялардың тиімді қолданылуы байқалады. Қарағанды облысы, Ж. Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында фотосуреттердің «Субьектив»: мир глазами молодых на тему: «Человек читающий» виртуалды байқауындағы ең үздік туындылар кітапхана сайтында орналасты. Оқырмандар akorda.kz және e.gov.kz ресми сайты төңірегінде виртуалды саяхатқа шықты.