XXI ғасыр – ғылым, білім және мәдениет ғасыры. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан-2030» бағдарламасында «XXI ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты салауатты да, сауатты өмірге бағыттауымыз керек» деген ғибратты сөздері – бүгінгі ұрпақ, ертеңгі ел азаматтарына білім мен тәрбие берер жандарға міндеттелген тапсырма іспетті[49, 96].
Жаңа мыңжылдықта гуманитарлық, отандық мәдениеттің рухани-өнегелік дәстүрлерінің сақталуы мен дамуына, соның ішінде, балалардың оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне қоғамның назары ауды.
Кітапханашыларды қуантатыны – балалардың оқу мәселесінің де мәдени феномен ретінде қарала бастағаны. Бұған балалар баспасөзіне ықылас білдіру қажеттілігін тәрбиелеудегі психологиялық-педагогикалық және мәтінді ұғыну мәдениетін қалыптастыру мәселелері жатады. Бұл – өскелең ұрпақтың оқуға деген ынтасын ояту және соған қалыптастыру. Сонымен қатар балаларға арналған баспа шығармаларының рыногын қалыптастыру мәселесі де ойландырады.
Бүгінгі кітап рыногында балаларға арналған кітаптар жеткілікті. Ал баланың жас және жеке ерекшелігін ескере отырып, оның әдебиет таңдауына мүмкіндік беретін бірден-бір мекеме – балалар кітапханасы.
Балалар кітапханасы – балалардың оқуға тәрбиелейтін орта. Бүгінгі балалар кітапханасы – көпқалыпты және ерекше құбылыс. Ол жайлы жинақтап айтатын болсақ, негізгі ерекешеліктермен сәйкес оның жұмысының нышаны болып ізденіс, өндіріс, жаңарту процесстері табылмақ. Бұл жерде кітапханашылар оқу жетекшілері болып келеді. Қазіргі кезде балалар кітапханасына деген көзқарас түрліше. Мектептегі оқу процесіне көмектесетін ақпараттық орта ма, әлде балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және рухани даму ортасы ма? Балалар кітапханасы – көркем шығармаларды оқу арқылы балалардың ой-өрісін жетілдіруге, сондай-ақ сауаттылықты қалыптастыруға жол ашатын мәдени мекеме. Кітапханадан балалар тіршілігіне қажетті рухани қазынаның бәрін табуға болады. Бай құралдар арсеналын, жұмыс түрлері мен тәсілдерін қолдана отырып, кітапхана баланың шығармашылығына дамуына көмектеседі. Кітапхана – әдептілік пен мәдениетті сақтайтын орын. Адамгершілік қарым-қатынас, ортақ мүлікті мәдениетті түрде пайдалана білу, басқалар алдындағы жауапкершілікті сезіну, көрген, естіген, оқыған нәрселерін де түсініп, талдап үйрену және өз пікірін дәлелдеп қорғай білу – осының бәрін балалар кітапханадан үйренуі керек. Осы жолда балаларға жан-жақты тәрбие беріп, адамгершілік, имандылық қасиеттерді бойға сіңіру, кітап оқудың маңызын көтеру міндеті арта түсуде.
Әдебиет – адам баласының өз ойын дұрыс мазмұндауына көмектесетін, әлемдік сөз өнерінің қазынасымен таныстыратын пәндердің бірі. Кішкентай оқырмандарға маңыздысы – кітапханадан кітап қарауға болатындығы. Балалар кітап сөрелеріне емін-еркін жақындап, өздеріне ұнайтын кітаптарын ала алады. Ал кітапханашыларға қажеттісі – балалардың тұтынушы не оқырман болып қалуы.
Кітапхана қабырғасында балаларды ойлауға үйретеді. Бала бос уақытта кітаппен дидарласу арқылы өзіне рақат сезім сыйлауы керек. Баламен оқу жайлы әңгімелесу, оның қызығушылығын оятып, кітаптағы кейіпкерлермен тілдесуіне жәрдемдесу керек.
Кітапханашылар психологтар секілді өздерінің оқырмандарын күн сайын бақылап отырады. Әрбір оқырман өздерінің қызығушылығына, арман-үмітіне қарай әртүрлі тұлға болып шығады. А. Ахматова өзінің «Оқырман» өлеңінде мұны дұрыс айтқан: «Әрбір оқырман жерге көмілген қазына секілді бір құпия», алғашында оны тауып, оған қарап тұрып, біздің алдымыздағы бұл байлыққа таңқаламыз. Басты орынға қызығушылықты қойып, әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, бұл байлықпен не істеуін, оны қалай көбейтуін кітапханашы шешеді. Оқырманның кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оған әрдайым қолдап отыруы керек. Сонда ғана оқырман өз бетімен ізденуге үйренеді. Кітапхана жұмысындағы дәстүрлі және дәстүрлі емес жұмыс түрлерін қолдана отырып, оқырмандарды әр алуан шараға қатысуға тарту, яғни кітапханадағы кездесулер мен мерекелік кештер тың жаңалық болуы керек. Жаңаға деген қызығушылық тұлғаны рухани жағынан жетілдіре түседі. Осыны жас оқырман ұғынуы тиіс. Оқырмандардың шығармашылық қабілетін, талантын ашу – кітапханашының маңызды міндеттерінің бірі. Балаларды шығармашылыққа баулу – олардың оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру маңызды. Баланы жүйелі оқуға үйрету басқа да ақпаратты тасушылардан да маңызды екенін ата-аналарының өздері де түсінуі керек. Бала тәрбиесі – тек жанұялық жеке іс емес, ол қоғамдық біртұтас проблемаға айналды. Оқуға деген сүйіспеншілікті міндеттей алмайсың, оны тек қызықтырып, бөлісесің. Кітапханашылар қашан да балалардың оқығанын қалайды. Балалардың оқу не оқымауы, отбасы мен өскен ортасында кітаптардың болуына да тікелей байланысты. Белгілі француз жазушысы, әрі педагог Д. Пеннак өзінің «Как роман» эссесінде мынадай кеңес берген: «Оқу қуанышын қалай қайтарамыз. Жылдардың өтуін күтіп керегі жоқ. Кешті күтіп бұрынғыдай оның бөлмесіне кіріп, кереует басып отырып бірге оқуды бастау керек. Дауыстап. Тегін оның сүйікті ертегісін оқу керек». Ата-аналар айтқандай бос уақыттың жоғы себеп емес, күні ас 15 минут не жарты сағат уақыт тауып ата-аналар балаларына дауыстап оқып беруі керек. Содан кейін оқығандарын талқылауға болады және балаларының ересегі кішісіне оқып бергені мен не оқу керек екеніне кеңес береді. Отбасылық отбасы мен кітаптың маңыздылығы жайлы А. Гайдар атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жүргізілген сауалнама негізі «Кітап – сіздің отбасыңызда» тақырыбында зерттеулер болды. Зерттеуді қорытындылай келе ата-аналардың басым бөлігінің балаларына кітап сатып алып беретінін, бірге отырып оқыған шығармаларын талқылайтынын, балаларына қандай шығарма оқуға кеңес беретіндігін, балалар үшін кітап маңызды, әрі оны сыйлыққа алғылары келетіні байқалды. Себебі, кітап рақат сезім сыйлайды. Осыны айта келе, оқуды отбасынан бастаған дұрыс екеніне көз жеткізген. Бала жүрегінде жатқаннан-ақ кітаппен бірге өсуі керек.
Кітапхана баланы біліктілікке дағдыландырады. Сонымен қатар ол қоғамдағы әлеуметтік өзгерістермен үнемі үндесіп отыруы қажет. Осылайша балалардың ақпараттық мәдениеті қалыптасып, бос уақытты тиімді пайдалануға үйренеді. Қазіргі таңда балалар кітапханалары мүмкіндігінше жаңа талаптарға, сұраныстарға сай жұмыс істеп келеді. Балалар кітапханасы барлық көлемдегі материалдар жиынтығымен қамтылуы тиіс, соның ішінде, баспа басылымдары (кітаптар, кітапшалар, мерзімді басылымдар), медиа (СD дискілер), ойыншықтар, оқу ойындары, компьютерлер, бағдарламалар. Кітапхана қорын қалыптастырғанда кітапханашылар келесі талаптарға сай материалдар жинауы керек:
- жоғары сапалы, жасына сай, нақтылығы;
- әртүрлі мәдени және парасаттық байлықтар мен ой-толғаулардың бейнеленуі;
- жергілікті мәдениеттің ерекшелігімен сәйкес болуы;
- жалпы мәдени құндылықтарға ие.
Кітапхана балалардың бір-бірімен кездесетін әрі киберкеңістікте достарымен танысуға мүмкіндік табатын көпшілік орын. Жалпы кітапхана адамдарға білім беру мүмкіндігі бар бірден-бір парасатты мәдени орын болғандықтан, ұлттық мәдениеттің мәйегін насихаттау, әрі дамыту кітапханашылардың міндеті. Балалар кітапханасы балалар мен жасөспірімдердің басын қосатын, олардың рухани байланыста болып, өзара түсіністік, дағдысын қалыптастыратын орталыққа айналуы тиіс. Балалар кітапханасы жас ұрпақтың ақпараттық мәдени және ойын-сауық саласындағы қажеттілігін қанағаттандыруы керек.
Оның жолдары:
- әртүрлі материалдар ұсыну;
- ақпараттық және анықтамалық қызметтер көрсету;
- қажетті деректерді табуға көмектесу;
- кітапхана қызметкерінің кәсіби дамуына және қорды қалыптастыру процестеріне балалар мен үлкендерді тарту;
- кітапханалық шеберлікке және ақпараттық сауатылыққа үйрету;
- оқырманның оқуға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру;
- ата-аналар мен тәрбиешілерді оқыту;
- тәрбиешілерді, мектепке дейінгі және мектеп мұғалімдерін, кітапханашыларды ақпараттандыру және оларға нұсқау беру;
- жергілікті мекемелермен және ұйымдармен қарым-қатынас жасау.
Кітапхана табалдырығынан адамның кітаппен достық жолы басталады.
Р. Сариеваның пайымдауынша: «Елімізде оқуға деген жаңа қозғалыс құлшыныс құлашын кең жайып өрістеген сайын жас буынға заман талабына сай тәрбие беру мәселесінің қажеттігі арта түседі. Өскелең ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығы мен қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру - балалар кітапханасының алдында тұрған міндет»[50, 27–29 б.].
Балалар кітапханасының қызметкерлері балалар мен жасөспірімдерге тәрбие беру ісімен шұғылданып, олардың ақыл-ойын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүргізеді, кітаппен өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады. Балалар кітапханасының кітап қоры әмбебап, балалардың белгілі бір жастағы топтарының ерекшеліктеріне қарай әр жас топтарына арналған бөлімшелері және каталогтер жүйесі бар. Мұның бәрі балалар мен жасөспірімдердің оқуына саралы түрде басшылық жасап, олардың оқушылық ынтасын дамытуға, шығармашылық белсенділікке тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Балалар кітапханасы үшін тәрбие жұмысында мектептермен, мектеп кітапханаларымен және басқа кітапханалармен, мектептен тыс мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен тұрақты өзара байланыс тән. Аймақтық балалар кітапханасы аудандық, қалалық, облыстық сол аймақтағы барлық балалар кітапханасының әдістемелік орталығы болып саналады, олар мемлекеттік балалар кітапханасының, көпшілік кітапханаларындағы балалар бөлімдерінің ұйымдастыру әдістемелік жұмыстарына басшылық жасайды, балаларға қызмет көрсететін басқа ведомстволық кітапханаларға әдістемелік көмек көрсетеді.
Кітапханадан балалар тіршілікке қажетті рухани қазынаның бәрін табу қажет. Адамгершілік қарым-қатынас, ортақ мүлікті мәдениетті түрде пайдалана білу, басқалар алдындағы жауапкершілікті сезіну, көрген, естіген, оқыған нәрселерін түсініп, талдап үйрену және өз пікірін дәлелдей, қорғай білу – осының бәрін балалар кітапханадан үйрену керек. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жүйесіндегі мемлекеттік көпшілік кітапханалары қоғамдағы мәдени, ағарту және ақпараттық инфроқұрылымының белсенді бір бөлігі ретінде еліміздің өркендеп дамуына өзіндік үлесін қосып отырған іргелі мекемелердің бірі болып саналады. Республика тұрғындарына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жүйесіндегі 4131 кітапхана қызмет көрсетеді. Соның ішінде С. Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасы, Ж. Жабаев атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы, 124 орталық балалар кітапханасы, 141 балалар кітапханасы, 10 жасөспірімдер кітапханасы балаларға қызмет көрсетеді. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты 7 мыңдай мектеп кітапханасы балаларға қызмет көрсетеді [51]. Республика бойынша балалар кітапханалары 1991 жылы 804 болса, 2000 жылдың қаңтарындағы деректер бойынша 216 ғана кітапхана қалған. Қалғаны жабылды, жекешелендірілді, қысқарды. Көптеген балалар кітапханалары ересектер кітапханаларына бірікті. Бұл нарық қыспағының аяққа оралғы болуының нәтижесі. 1999 жылы оқырмандар саны 13404 болды. Күніне кем дегенде 200–ден астам оқырман қажетті кітаптар, оқулықтар мен баспасөз материалдарын пайдаланады [51].
C. Раеваның айтуынша: «С. Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасы – еліміздегі ең ірі балалар кітапханасы. Балалар кітапханасы – мәдени-ағарту ісіне маманданған, әдістемелік – ақпараттық бағытта мектептен тыс білім мен тәрбие беретін мемлекеттік мекеме. Кітапхана орналасқан ғимарат XIX ғасырдың екінші жартысында салынған. Алғаш бұл ғимаратқа ерлер гимназиясы 1919 жылдан Верный губерниясының комсомол комитеті 1930 жылдан бастап Қазақ ССР–ның 10 жылдығы атындағы кітапхана, 1937 жылдан А. С. Пушкин атындағы кітапхана (қазіргі ұлттық кітапхана) қоныс тепкен. 1951 жылы 10 мамырда Қазақ ССР министрлігінің қаулысымен Республикалық балалар кітапханасы осы ғимаратта бой көтерді. 1996 жылдың сәуір айынан бастап, кітапханаға қазақ балалар әдебиетінің классигі С. Бегалиннің есімі берілді.
Алғаш кітапхана қызметкерлері төрт адам болса, жылдар өте бөлімдер көбейіп, қызметкерлер саны 56 адамға жетті. Кітап қорында 473,1 мың дана, соның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар 84,6 дана басылым, балалар мен жасөспірімдерге журналдар, күйтабақ, диафильм, слайд, фильм көшірмелері мен музыкалық жинақтар бар» [51, 2–4,14 б.].
Қазақстан Республикасы Конституциясының 37 – бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті», – делінген [5, 135 б.]. Тарих, өнер, әдебиет ескерткіштерін, қоғамның басқа да мәдениет байлықтарын сақтау, адамның рухани мәдениетін дамытудың, жан-жақты тәрбиелеудің басты шарттарының бірі. Кітапхана баспа шығармаларынан басқа да, ақпарат көздерінің жиынтығы. Кітапхана қорында мемлекетімізде шығатын баспа материалдарының бірнеше жылғы сандары сақталған. Мысалы: «Балдырған» 1960 жылдан, «Дружные ребята» 1957 жылдан, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») 1965 жылдан (1990 ж.), «Пионер» журналын (қазіргі «Ақ желкен») 1978 жылдан (1990 ж. ).
Кітапханада ғылыми – әдістемелік, анықтамалық-библиографиялық, қызмет көрсету, эстетика, кітаптарды топтастыру, өңдеу, кітаптарды сақтау бөлімдері жұмыс істейді. Балалар кітапханасы әдістемелік, ақпараттық орталық ретінде республика кітапханаларының жұмысына басшылық етеді. Облыс кітапханаларына арналған ақпараттық – әдістемелік, библиографиялық бағыттағы басылымдар шығарылып тұрады. С. К. Раеваның айтуынша: «Басылымдар «Этносаралық қарым-қатынастар мәдениеті», «Қазақстан таңы», «Мектеп бағдарламасына көмек», «Қазақ өнері», т.б. айдарларымен жарық көреді» [52, 99 б.].
Е. Нұрбайұлының пайымдауынша: «Кітапханаға алғаш келген оқырманға міндетті түрде кітапхана туралы, қызмет көрсететін құрылымдық бөлімдердің жұмыстары туралы, каталогпен қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде таныстырады. «Кітапты қалай жасайды?», «Жүйелі каталогпен алғашқы танысу», «Сенің газетің», «Оқу күнделігін не үшін және қалай жүргізу керек?» т.с.с. кітапхана жұмысын жан-жақты таныстыратын арнайы сабақтар өткізіп отырады. Мәдени шаралар өткізілуі, әдістемелік, ұйымдастыру жұмыстары негізгі мақсат әдебиетті насихаттау. Бұл салада «Жүзден-жүйрік», «Үш тілдің зергері», т.б. әдеби-әңгіме, ауызша журнал, әдеби-викториналық ойындар ұйымдастырылады. Осындай жұмыс түрлерін ұйымдастыруға арнайы көмекші әдістемелік нұсқау кітапшалар шығарды. Оларды республикадағы балалар кітапханаларына таратылды. Кітапшалар, брошюралар қазақша, орысша екі тілде шығарылады» [53, 8–9 б.].
Балалар кітапханасы – өскелең жас ұрпақтың бойына ізгілік пен қайырымдылық дәнін себетін қасиетті орын. Жас оқырмандар үшін танымын тереңдететін, білімін толықтыратын және бос уақытын тиімді пайдалануға даңғыл жол ашатын – балалар кітапханасы. Балалар кітапханасы аурасынан ұлттық құндылықтардың, қазақ менталитетінің лебі сезіліп тұру керек. Ұлт құндылықтарының иммунитеті – сол ұлттың ана тілі. Өз тілінде сөйлей алмаған бала болашақта өз ұлтын да сүйе алмауы мүмкін. Сондықтан әлем жаһандана бастаған заманда ұрпақ тәрбиесіне, жас балаларға баса назар аудару – әрбір ата - ананың, ұстаздың, кітапханашының міндеті. Балалар кітапханашысы білімді педагог, білікті психолог болуы керек.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар кітапханасының негізі 1961 жылы қаланды. 1976 жылы кітапханаға қазақтың педагог-ағартушысы Ы. Алтынсариннің есімі берілді. Облыстағы ақпараттық және коммуникативтік орталық болып табылатын кітапхана құрылымының өз ерекшеліктерімен қатар, бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтін 7 бөлім, 3 сектор бар. Атап айтқанда:
- кәсіби білімді жетілдіру бөлімі;
- қорды жетілдіру бөлімі;
- қорды сақтау секторы;
- дамыту және жаңа технологиялар бөлімі;
- компьютерлік бағдарламамен қамтамасыз ету және пайдалану секторы;
- интернет – класс;
- анықтамалық-ақпараттық бөлімі;
- 0–4 сынып оқырмандарына қызмет көрсету бөлімі;
- 0–4 сынып оқырмандарына арналған абонемент;
- 0–4 сынып оқырмандарына арналған оқу залы;
- 5–9 сынып оқырмандарына арналған қызмет көрсету бөлімі;
- 5–9 сынып оқырмандарына арналған абонемент;
- іскерлік оқу залы;
- өнер әдебиеттері бөлімі;
- уақытты тиімді пайдалану залы;
- көпшілік іс-шаралар секторы.
Кітапханада жыл сайын 20 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетіледі, оларға 456,5 мың данадан аса түрлі әдебиеттер мен құжаттар беріледі. Кітапхана оқырмандары – мектеп жасына дейінгілер, 1–9 сынып оқушылары және балалардың оқуына жетекшілік ететін ата-аналар, тәрбиешілер мен мұғалімдер. Кітапханадағы қызмет көрсету жүйесі пайдаланушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылған.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар кітапханасының кітап қоры – 218,4 мың дана, соның қатарында қазақ тіліндегі кітап қоры – 61,7 мың дананы құрайды. Бұлар: әлемдік озық үлгідегі балалар әдебиеті, балаларға арналған осы заманғы көркем әдебиет (отандық және шетелдік), оқу процесіне көмектесетін салалық және анықтамалық әдебиеттер, балаларға арналған мерзімді басылымдар, аудио және бейне материалдар, CD, DVD. 2000 жылы оқырмандарға ақпараттық – библиографиялық қызмет көрсету үшін жаңа технологиялармен жабдықтандырылды. 2002 жылдан бастап «РАБИС» бағдарламасы (Республикалық автоматтандырылған кітапханалық ақпараттар жүйесі) енгізіліп, сол бойынша жұмыс істейді. «РАБИС» бойынша «Каталогизатор», «Оқырмандарды тіркеу» модульдары өз дәрежесінде іске асырылды. 2005 жылы кітапхана Интернет жүйесіне қосылды. 2006 жылы кітапхананың web беті және электронды пошта құрылды [54].
Қазіргі кітапхана қызметіндегі негізгі бағыт электронды мәліметтер базасына негізделген. Кітапханадағы ЭМБ қоры 61750 библиографиялық жазылымды құрайды. Жыл көлемінде ЭМБ арқылы 5000-ға жуық оқырман сұранысы қанағаттандырылады. Кітапханалық сабақтан бөлек электронды каталогтан мәлімет іздеуге кеңес ретінде «Тақырыпқа сай бол!» оқу-тренингтері өткізіледі.
Кітапхана ұжымы келісім-шарт арқылы барлық қала мектептеріне оқу жылына арналған іс-шаралар жоспарын ұсынады. Кітапханада кездесулер, сайыс-турнирлер, тұсаукесер шаралары жиі ұйымдастырылады. Белсенді жас пайдаланушылар үшін «Өркен», «Балапан», «Жас оқырман» «Музыкальный перекресток», «Академия юного художника» клуб-үйірмелері жұмыс істейді.
Павлодар облысы бойынша балаларға 22 балалар кітапханасы, 3 балалар бөлімі қызмет көрсетеді.
Соның ішінде:
- орталық балалар кітапханалары – 8;
- ауылдық балалар кітапханалары – 4;
- қалалық балалар бөлімшелері –10;
- балалар бөлімі – 3 (С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапхананың балалар бөлімі, Ақсу қаласындағы орталық қалалық кітапхананың балалар бөлімі, Успенка орталық аудандық кітапхананың балалар бөлімі).
Балаларға қызмет көрсететін балалар кітапханаларының кітап қоры – 501,1 мың, оның ішінде қазақ тіліндегісі – 84,1мың дананы құрайды.
Балалар кітапханаларында балалар кітаптарының апталығы, балаларды қорғау күні дәстүрлі өтіп тұрады. Отбасыларымен жұмыс жүргізу балалар кітапханаларының қызметтеріндегі басым бағыттарының бірі.
С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапхананың балалар бөлімі «Семья – надежнейшее благо» бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Бағдарламаның мақсаты – қазіргі замандағы отбасыларының арасында кітапты насихаттау. Бағдарламаның аясында сайыстар, ертеңгіліктер, дәрістер өтеді.
Х. Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының сирек ғасырлық тарихы бар. Оның білім қоймасындағы 181,0 мың кітап қорынан, 7,0 мыңнан астам кино-фото құжаттардан құрылған қазыналы қор оқырмандар игілігінде. Кітапхана жылына 120,6 мың оқырманға қызмет көрсетеді, соның ішінде 9,6 мың оқырманды балалар құрайды. Кітапханада әр түрлі қоғамдық шаралар, байқаулар, танымдық сайыстар, оқырмандар конференциялары өтіп тұрады. Мысалы: «Дым білмес достарын жинайды», «Жас кітапқұмар» үйірмелері, «Ровесник» аула клубы жүйелі түрде жұмыс жасауда. Қоғаммен байланыс жасау бөлімінде «Кітап» театрының оқушы-актерлері театрландырылған көріністер қойып, ой ұштау сайыстарын, қуыршақ қойылымдарын өздері жандандырып, көптеген кітап кейіпкерлерін сахнада сомдап келеді. «Балауса» үйірмесі – әдеби монтажды кештердің белсенді мүшелері. Оқу залдарында оқырмандарға қызмет көрсету бағыты күрделірек. 1–9 сыныптарға арналған оқу залы оқушыларды кітаппен қамтамасыз етумен бірге, оқырмандарға тіл ұстарту тәрізді танымдық ойындар өткізу арқылы жаңа түсімдерді насихаттап отырады. Ересек балаларға арналған «Жас өлкетанушы» клубының құрамында қала мектептерінің балалары бар. «Балдәурен» балғындар тобы балабақша жанынан құрылды. «Батырлар жырын», «Ертегілерді», өтірік өлеңдерді дауыстап оқу үрдісі дәстүрге айналды. Көркем сөз оқу, мәнерлеп оқу секілді жыр сайыстары, ақын-жазушылардың шығармашылық шаралары, балаларды қорғау департаментімен «Салауатты өмір салты», «Бала біздің болашағымыз», «Барлық бала бақыт үшін жаралған», «Достық және бірлік» атты дөңгелек үстелдер бала тәрбиесімен айналысатын облыстық, қалалық құқықтық ұйымдардың мамандарымен бірлесе өткізіліп келеді. Өнер бөлімі мамандары ұлттық, патриоттық бағыттағы балалар шығармаларын аудио дискілерге топтастырып оқырманға ұсынады. Мектеп бағдарламасына қажетті бейнетаспаларда балаларға арналған мультфильмдер, өнер адамдары туралы мағлұматтар, берілген мерзімді басылымдар, алтын дауысты грампластинкалар топтастырылған [53].
Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы 1958 жылғы сәуір айында облыстық балалар кітапханасы болып құрылды. Кітапханадағы 6 бөлімнің 3 жас оқырмандарға қызмет көрсетеді. Олар ақпараттық – библиографиялық бөлім, кітап қорын сақтау бөлімі, кітап өңдеу бөлімі, абонемент, оқу залы, бүлдіршіндер бөлімі болып бөлінеді. «Бүлдіршіндер» бөлімі. Бұл бөлімде «оригами» тәсілі бойынша оқырмандардың өз қолымен жасалған бұйымдары қойылады. Жыл сайын кітапханаға 41,0 мыңнан аса оқырман келеді. Олар 4–16 жас аралығындағы балалар, олардың ата-аналары және балалардың оқуға деген ынтасын арттыруға мүдделі ұстаздар, тәрбиешілер, кітапхана қызметкерлері. Бүлдіршіндердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында шығарылған түрлі-түсті суретті кітаптар арнайы сөрелерге қойылған. Әрбір баланың психологиясына қарай кітапханашылар кітапты насихаттап, қызыға оқуына мүмкіндік жасауға мүдделі.
Оқу залында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық, интеллектуалдық қабілеттерін дамыту кітапханашылардың үлесінде. Сондықтан кітапхана қабырғасында балалардың оқу белсенділігін күшейту үшін түрлі ойындар, әдеби кештер ұйымдастырылады. Жасөспірімдерді кітапханаға тарту мақсатында мектептермен бірлесе отыра, шығармашылық байқаулар, мерекелік сахналық көріністер, мереке күндері, танымал ақындармен шығармашылық кездесу өткізіліп тұрады.
Ақпараттық-библиографиялық бөлім балаларға электронды каталогтан ақпараттар іздестіру бойынша кеңес бере отырып, өз бетінше жұмыс істеу үшін компьютер арқылы қалаған кітабын тауып алуына мүмкіндік туғызу мақсатында құралған. Кітапхана қызметін пайдаланушылардың инттеллектуалдық деңгейі мен сұранысы күрделі, мазмұны өзгерген. Олардың қажетті талап-тілектерін орындау, жаңа ақпарат көздерін дер кезінде ашып, оны кітапхана оқырмандарына жедел хабарлау міндеті ақпараттық-библиографиялық бөлімнің мамандары тарапынан жүзеге асырылады.
Кітапханадағы басты мақсат – электронды каталог жасау. Электронды каталог алфавиттік, жүйелі, мерзімді басылымдардан, өлкетану материалдарынан, қазақ және орыс тіліндегі каталогтар мен картотекалардан құралады. 2008 жылдан бастап электронды каталогтың деректер базасына енгізілген «Мақалалар» жазылымы – 4506, «Кітаптар» жазылымы – 1609. Балалар мен жасөспірімдердің кітап жайында кең мағлұмат алуына мүмкіндік туғызу мақсатында жаңа келіп түскен әдебиеттерге ақпараттық бюллетеньдер шығарылады және көрмелер ұйымдастырылады. ИРБИС каталогизатор кітапхананың кітап қорын толықтыру, әрі өңдеу бөлімінде қолданылады. Осы жүйе бойынша келіп түскен кітаптарға толық сипаттама жасап, электронды каталогқа енгізіп отырады.
Балалар мен жасөспірімдерді рухани байыту – кітапхананың ісі. Жаңа қоғамда білімді болумен қатар, әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, ізгілік, кішіпейілдік, қайырымдылық, батырлық, отансүйгіштік қасиеттер болуы керек. Ол үшін жас ұрпаққа тәрбие беруде ар-ұят, адалдық, рухани адамгершілік, ізгілік мәселелерін қатар қою қажет. Кітапхана оқу-ағарту бағдарламасына қосымша тәрбиелік мәні бар жұмыстар жүргізіп отырады. «Балалар мен жасөспірімдер кітабы» апталығы өтікізіледі. Жас оқырмандар мерекеге орай өткізілген «Ертегі кейіпкерлері шақырады!» апталығының ашылуына қатысып, тіл байлықтарын дамытып, сахнада өзін ұстау мәдениетін үйренсе, «Бата алғанның бағы бар» өнеге сабағында «Даланың дара ділмарлары» атты өткізілген шарада шешендік өнерді меңгереді. Бүгінгі балалардың кітап оқуға деген ынтасын оятуға күнделікті теле, аудио, видео және т.б. бағдарламалар кері әсерін тигізіп отыр. Компьютерлік ойындар, қатыгездік пен жеңіл өмірді дәріптеген бейнефильмдер балалардың көркем әдебиетпен арасын алшақтатып жіберді.
Балалар кітапханалары негізгі бағыттар мен басымдықтар бойынша жұмыс істейді:
- Қазақстан Республикасының «Қазақстан–2030» мемлекеттік ұзақ уақытты даму бағдарламасы туралы халықты ақпаратпен қамту;
- кітапхана, кітап, оқу мәртебесі, сонымен бірге тиімділікті арттыру есебінен пайдаланушылардың жалпы және ақпараттық мәдениеті деңгейін көтеріп, кітапхананың потенциалды мүмкіндігін пайдалану;
- оқитын балалардың жағымды бейнесін қалыптастырып, шығармашылық потенциалды дамыту, мәдени бос уақытты ұйымдастыру арқылы оқуға белсене тарту, отаншылдық және азаматтық жауапкершілік сезімдеріне тәрбиелеу;
- түрлі ұрпақтардың көзқарастарын біріктіретін кітапхананың мәдени – бос уақыттық шараларға қатысу арқылы шығармашылық қабілеттерді ашып және араласу дағдыларын қалыптастыра келе жергілікті әкімшілік мекемелермен, үкіметті емес ұйымдармен, ұлттық-мәдени орталықтармен, мектептермен, жасөспірім балаларға арналған баспаханамен тығыз байланыста жұмыс істеу;
- мемлекеттік тілді насихаттау мен пайдалану бойынша кітапханалар жұмысын жетілдіру;
- рухани-адамгершілік қасиеттерге бай ұрпақты тәрбиелеу үшін салауатты өмір салтын насихаттау;
- қызметтің жаңа әдістері мен түрлері негізінде балалар кітапханаларында ақпараттық қызметтерді дамыту;
- Қазақстанның мәдени мұрасының бөлігі ретінде кітапхана қорларын сақтау бойынша мақсатты жұмыстарды жүргізу.
Балалар кітапханаларында оқырмандарға сапалы қызмет көрсетуді шешу жолдары:
- кітапхананың ақпараттық – библиографиялық және электронды
пайдаланушыларының функциялық ұйымдастыру жүйесін тұрақты жолға қою;
- кітапханадағы ақпараттық және компьютерлік пайдаланушылардың білім деңгейін жоғарылату;
- интернет пайдаланушыларының санын арттыру;
- кітапхана оқырмандарына электронды қызмет көрсету жұмысын айқындай түсу;
- кітапхана қызметкерлерінің кәсіптік білім деңгейін арттыруға жағдай жасау;
- жаңа электронды қызмет арқылы жергілікті жерлердегі кітапхана ісін жетілдіру;
- кітапхананың материалдық – техникалық базасын нығайту;
- кітапханашылардың кәсіби біліктілігін жоғарылату;
- кітапхана беделін талапқа сай көтеру.
Мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арнайы орталықтар ашылып, олардың жүріп-тұруларына, кітап таңдауларына қолайлы жағдай жасалуына жол табу.