3 Балалар кітапханаларында оқырмандарға қызмет көрсетудегі қарым-қатынас аспектілері

3.2 Балалар кітапханаларында бағдарламалар мен жобаларды іске асыру


Балалар кітапханалары ақпараттық қоғамды дамытуда бірқатар қызмет бағыттарын іске асыруда, интеллектуалды және рухани қажетіліктерді қанағаттандыру, мәдени мұраны насихаттау және жеке ақпараттық мәдениетті қалыптастыру ерекше орын алады. Қызметтегі басымдық бағыттар жобалар мен бағдарламаларды іске асыру барысында айқындалады.

Республика кітапханаларында инновациялық жобалар мен бағдарламалар іске асырылып келеді:

- Халықаралық жобалар: «Шекарадағы кездесулер» Ресей – Қазақстандық мега жоба;

- Мемлекеттік жобалар: «Мәдени мұра» бағдарламасы, «Электронды үкімет» бағдарламасы;

- Республикалық жобалар: «Модельді ауыл кітапханалары», «Оқитын Қазақстан» жобасы, «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Мұхтар Әуезовті оқимыз» халықаралық акциясы;

- Әлеуметтік жобалар: «Кітапхана – мүгедек балаларға» (Батыс Қазақстан облысы), «Жанашыр» жобасы, «Әділет» құқықтық ақпарат орталықтары (Павлодар облысы);

- Облыстық жобалар: «Павлодар-Ертіс өңірі» электронды кітапханасы, «Сарыарқа» электронды кітапхана жобасы.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010–2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қолдау мен жүзеге асыру, республика кітапханаларының ақпараттық ресурстарын толықтыру мақсатында Қазакстан Республикасы Ұлттық кітапханасы «Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2012–2014 жылдарға арналған жалпыұлттық бағдарламасын ақпараттық – кітапханалық қызметпен қамтамасыз ету» республикалық бағдарламасының Жобасы дайындалды. Аталған Жобаның жүзеге асырылуы республика бойынша қазіргі заманға сай тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті, кітапханалық индустрия құруға және кітап қорын ғылым, техника, экономика және мәдениет саласындағы жоғары технологиялық ғылыми ақпаратты қамтитын әдебиеттерді орталықтандырылған тұрғыда сатып алуға колжеткізуге мүмкіндік береді. Облыстық әмбебап ғылыми кітапханалары жанынан заманауи техника құралдарымен, ресурстармен жабдықталған кітапханалық қызмет көрсету орталықтары міндеттерін атқаратын мобильді жылжымалы ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету кешенін ұйымдастырып, республика кітапханаларының жұмысын Тәуелсіз Еліміздің жан-жақты өсіп-өркендеу жолына бағыттауға мүмкіндік беретін болады. Кітапханалардың ғылыми-ақпараттық, танымдық қорлары уақыт ағымын заман талабымен ұштастырып, еліміздің экономикасының, мәдениетінің дамуына ежелден қомақты үлес қосып келе жатқанын ескерсек, лайықты сапада толықтырылған кітапхана қорларының ақпараттық-танымдық әлеуетінің артары сөзсіз. Облыстық кітапханалардың директорлары мен өкілдерінен қолдау тапқан Жоба ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениет департаментіне жолданып, мақұлданды.

«Шекарадағы кездесулер» Ресей – Қазақстандық бірлескен жобасы Ресей мен Қазақстан кітапханаларының мегажобасы. Қазақстан және Ресей кітапханалары қорларының бірыңғай электронды ресурс қазақстандық-ресейлік электронды кітапхана қалыптастыра отырып, Интернет технологиялардың көмегімен ақпаратқа еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету. Жобаны іске асыру барысында шекаралас елдердің тарихи тамырластықтары мен рухани қарым-катынасын, ұлтаралық келісім мен ынтымақтастығын бекемдей отырып, екі ел арасындағы ықпалдастықты дамытуға бағытталған. Жоба шеңберінде Ресей және Қазақстан кітапханаларының жұмыстары жалғасуда.

«Оқитын Қазақстан» жобасы кітап пен кітап оқудың қоғамдық мәртебесіне қолдау көрсетуде, оқу мәдениетін арттыруда Қазақстан Республикасының кітапханаларында оқу орталықтары ашылып, кітапхананы пайдалану мен кітап оқуға құштарлықты арттыру мақсатында іс-шаралар үздіксіз өткізіліп келеді. Қоғамның дамуы, адамзаттың өсіп-өркендеуі кітаппен тығыз байланыста болса, оқырмандарды кітап оқуға баулу ең өзекті мәселелердің бірі екені анық. ЮНЕСКО–ның шешімімен 23 сәуір Бүкіләлемдік Кітап және авторлық құқық күні деп жарияланған. Кітап мерекесі аясында кітапханаларда кітап фестивалі болады.

Павлодар облысының аймақтық деңгейдегі корпоративтік жобасының бірі – «Павлодар – Ертіс өңірінің жиынтық өлкетану электронды каталогы». Оның негізін облыстық кітапхананың каталогы құрайды. Корпоративтік жобаны жасауға Павлодар облысының аймағындағы кітапханалар: облыстық кітапхана, орталық аудаңдық кітапханалар, орталық қалалық кітапханалар, орталық балалар кітапханалары қатысты. Бұл жиынтық каталог бірегей Павлодар аймағының библиографиялық деректер базасы. «Павлодар – Ертіс өңірінің жиынтық өлкетану электронды каталогы» арқылы оқырмандар өлкетану ақпараттарына оңай қолжеткізеді.

Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мәдени-рухани орталық ретіндегі өз мүмкіндіктерін кеңейту бағытында, кітап оқу мәдениетін қайта жаңғырту және бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жұмыстар жүргізіп келеді. Өзара әріптестік орнатқан облыстық кітапхана мен «Халыққа қызмет көрсету орталығы» жоба аясында орталыққа келген әрбір азамат кітапхана қызметін еркін пайдаланады және «е.gov.kz» – Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметі порталы арқылы өздеріне қажетті анықтамаларды виртуалды онлайн тәртібінде алуға болады.

С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы Онлайн – орталық құрып, аудандық, қалалық, балалар кітапханаларымен байланыс орнатылды. Қоғамның әртүрлі топтарының жаңа технологияларын меңгеріп қана қоймай, олардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, интерактивті мультимедиялық – технологиялық жүйелер арқылы шаралар ұйымдастыру, ақпараттық кеңістікті кеңейтіп, кітапхананың мүмкіндіктерін арттыру мақсатында құрылған жоба өз нәтижесін беруде.

Республика кітапханаларында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген кітаптарды насихаттаудың сан түрлі жолдары қолданылды. Олар: окырмандар конференциясы, кітап көрмелері, тұсаукесерлер, шолулар, кеңестер т.б. шаралар. Балалар кітапханалары «Мәдени мұра – халық игілігі», «Ата мұрасы асыл қазынамыз», «Ата мұрам – асыл қазынам», «Мәдениет – ұлттың парасаты», «Тілім менің – мәңгілік тақырыбым», «Ескерткіштер – мемлекет байлығы», «Бабалар сөзі – ақылдың көзі», «Мәдени мұра – ғасырлар үні», «Мәдени мұра – ұлттық қазынасы» тақырыптарында көлемді кітап көрмелерін ұйымдастырып, «Мәдени мұра – достық кепілі», «Мәдени мұра – рухани келбетіміз», «Мәдени мұра және қазақ ақындары», «Тарихыңды таны жас ұрпақ» танымдық сағаттар, «Мәдениетті дамыту – ел болашағы», «Мәдени мұра – мәңгілік мирас» және т.б. тақырыптарда танымдық кештер, зерделі кеңестер, дөңгелек үстелдер өткізген [55, 77 б.].

Елімізде үлкен қолдауға ие болған Елбасының әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне арналған «Жалпы ортақ Еңбек қоғамына қарай – 20 қадам» бағдарламалық мақаласын оқып таныстық. Онда еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткен экономикалық өсімінің және әл-ауқатының жемістерін тиімді пайдалануға бағытталған 20 нақты тапсырма берілген. Мемлекет басшысының төртінші бағыты – мәдениет және ақпарат саласы үшін өте маңызды құжат. Онда Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасының қорын кеңейту. Г. Ілиясованың ойынша: «Мәдениет саласындағы жұмыс жаңа сипатқа ие болуы тиіс. Өйткені мәдениет қазіргі замандағы адамды қалыптастыруға және дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғыртудың елеулі жиынтығы болып табылады» [56, 38–41б.].

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай – 20 қадам» атты бағдарламасын оқырмандар арасында насихаттау барысында барлық кітапханаларда «Ел игілігіне бағытталған игі істер», «Қазақстанның экономикалық өрлеу жолы», «Дамудың басты бағыты» атты кітап көрмелері, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Бағдарламалық құжатта ұлттық электронды кітапхананың қорын кеңейтуді қамтамасыз ететін тапсырма берілді.

Осыған сәйкес мемлекеттік тапсырыс бойынша шығатын кітаптардың электронды нұсқасы болады. Қазіргі кезде елімізде кітапханалар РАБИС бағдарламасымен жұмыс жасайды. Қазіргі заманғы кітапханалық жүйеге қойылатын барлық халықаралық талаптарға жауап беретін кітапханалардың автоматтандыру жүйесі. Интернет, электронды пошта, компьютерлендіру және кітапханалық- библиографиялық үдірістерін автоматтандыру, жаңа технологияларды ендіру сияқты жаңа заман талаптарынсыз кітапхананың толыққанды және нәтижелі жұмысын елестету мүмкін емес. Балалар кітапханалары да РАБИС (республикалық автоматтандырылған кітапханалық – ақпараттық жүйе) бағдарламасымен жұмыс атқарылуда. Оқырманға қызмет көрсетудегі балалар кітапханаларының басты мақсаты – жаңашыл үрдістерді жұмыс барысына енгізу, озық іс-тәжірибелерді зерттеу және қолдану. Оған әсер еткен мотивтер: заман талабының өзгеруі, ақпарат бұрқасынан әркім өзіне керекті, өзекті мәселесін таңдап-талғап ала білуі. Қазіргі мол ақпараттар заманында әрбір адам өзіне қажетті мазмұн мен мәліметті таңдап, талғай білуге дағдылануы керек. Әрбір адам болашақта кездесетін қиындық пен кедергілерді еңсеруге, кездескен проблемаларды шешуге байыпты, батыл шешімдер қабылдауға әзір болғаны жөн. Кез келген маман ұтымды әдістерді пайдалану арқылы өзінің білімге деген ынтасын ұштайды, таным көкжиегі кеңейеді. Бірте-бірте кәсіби шеберлігін шыңдау арқылы белсенді, ізденімпаз тұлғаға айналады. Осы сұрақтар мен проблемалардың бәріне жауапты «Оқу және жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасынан табуға болады. Сыни тұрғыдан ойлау – сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл озық педагогикалық технология қазір әлемнің 52 мемлекетінде жүзеге асуда. Қазақстанның да 14 облысында нәтижелі түрде тәжірибеге енгізілуде. Дәстүрлі жұмысына өзгеріс енгізуге әрбір кітапханашы өздері ұмтылуға тиіс. Әртүрлі, көптеген баспалардан, интернет-сайттардан ақпараттар тізбегін аламыз. Сол ақпараттарды тәжірибеде қолдана білу – кәсібін сүйген маманның ісі. Жоба негізінде ұстаздар қауымына арналса да кітаппен жұмыс барысында «Оқу Күндері», көркем әдебиет оқуға баулу, мәтінмен жұмыс барысында кітапханашылар мен ұстаздар мүдделес. Жобаның мақсаты – балалардың оқуға деген ынтасын, құштарлығын қалыптастыру. Ал бұл – бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі. Балаларға арнап жазатын жазушылар аз десек те қолда бар кітап қорын оқуға тарту жұмыстары қиыншылық тудырып жататыны рас. Г. Т. Абылғазинованың пайымдауынша: «Қазіргі XXI ғасыр компьютер мен техниканың дамыған заманында мәселелердің бірі:

- балалардың көркем әдебиетке қызығушылықтарының жоқтығы;

- көркем әдебиетті қойғанда қазақ тіліндегі кітаптар, газет-журналдарды оқымайтындығы;

- соған байланысты сөйлеу мәдениетінің төмендігі.

Бұл проблемалардың шешіміне оқырманмен жұмысты дұрыс жолға қоя білген кітапханашы ғана жетеді. Жобамен жұмыс істейтін кітапханашылардың алдындағы адамға деген қарым-қатынас. Балаларды сайыстырмай, бірлестіре отырып топпен жұмыс істеуге баулу стратегиялары, сол арқылы көздеген мақсатқа қатысушылардың көмегімен жету, жұмыс үстіндегі еркіндік, тек сөйлеушіні тыңдауға ғана емес, ойлауға жетелеу, өз ойын жеткізуге баулу т.б. [57, 36–37б.].

Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі

14 кешенді мақсатты бағдарламамен жұмыс істейді, атап айтсақ, П. Васильев атындағы орталық қалалық кітапханада «XXI ғасыр жастары», «Кездесу», № 3 көпшілік кітапханада «Туған жер – алтын бесік», № 4 көпшілік кітапханада «Кітапхана – отбасылық оқу», № 8 көпшілік кітапханада «Болашақ бүгіннен басталады», № 10 КК «Родник земли родной» т.б. «Тепло казахстанской земли», «Мастерство» мақсатты бағдарламасымен ұлттық әдебиеттер кітапханасы қызмет көрсетуде. «Тепло казахстанской земли» мақсатты бағдарламасының мақсаты: Қазақстанда тұратын әр ұлт өкілдерінің тарихымен, мәдениетімен танысып ұлтаралық қатынасты нығайтып, саяси және діни қақтығыстарға жол бермеу. 2011 жылдан бастап Кенжекөл көпшілік кітапханасының ұжымы «Моё село – судьба моя» мақсатты бағдарламасымен Павлодар қаласының ОКЖ–сі ауыл тұрғындарының бос уақытында, оларға ұлттық дәстүрді, салтты насихаттап, қазақ және басқа да тілдерді меңгеріп, ауыл оқырмандарын, өлке және елдің тарихын құрметтеуге тәрбиелейтіні сөзсіз.